Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 8956 11 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 10:49

Көше тазалау ұстаздың тікелей «педагогикалық қызметі» ме?

Былтыр республика көлеміндегі  мұғалімдердің қолдауымен Республикалық салалық кәсіподақ төрайымы  Амантаева Майра Тұрғанқызына  қайта-қайта хат жазып жүріп, мұғалім құқын қорғай алмаған Қарасай ауданының кәсіподақ төрағасы  Е.Қойшыбаевты 7 ай күресіп орнынан алғызған болатынбыз.  Осы жылдың 1-наурызында Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылдық округінің әкімі Байбосынова Сара Кузорқызы әкімдік жұмысын тастап, бірауыздан Қарасай ауданының кәсіподағының  төрағасы болып сайланып,  жұмсақ креслоға жайғасты.

Жаңа кәсіподақ төрағасы сайланғалы бері Қарасай ауданында мұғалім құқын таптау тыйылар дегенбіз. Бірақ, олай болар түрі байқалмайды. Қазірдің өзінде ұстаздың құқығын таптайтын талай мәселелер болып та үлгерді.

25-наурыз күні Қарасай ауданының барлық мектептерінің мұғалімдері жаппай «сенбілік» атауын жамылып, орталық көшелерді тазалауға шықты. Сол күні бұл оқиғаны Facebook әлеуметтік желісіне жариялау, әкімдерге қоңырау шалу арқылы мұғалімдерді сенбілік алаңынан босаттық. Бұл  республикалық  «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының мүшелерінің тікелей еңбегімен  және бізді қолдаған халық пен журналистердің  арқасында жасалды. Сол күні кәсіподақ басшысы қайда болды?  Қоқыс терген мұғалімдерді көрмеді ме, әлде көрсе де көрмегендей болып кете берді ме? Осыған орай сұрақ қойып Қарасай аудандық кәсіподақ төрағасы  Байбосынова  Сара Кузорқызына хат жолдаған болатынбыз. Келген жауап мынау:

Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау  тәртібі   заңына сәйкес  (8 тарау 2 бап)

Сіздің бірінші хатыңыз лауазымды тұлғалардан ақпарат білуді талап етті. Сондықтан  жауабын бүгін жіберіп отырмыз. 25.03.2017 жылы  сенбілік аудан басшысының бұйрығымен өткізілді. Сенбілік – ерікті қоғамдық  шара. Еліміздің әрбір азаматы қыстан кейін ауласын, өзі жұмыс істейтін мекеме ауласын, тиісті үлескілерін тазалайды. Аудан басшысы жұмыс көлемі мен күнін белгілейді.       

Аудандық  бөлім бөлімінің басшысы Г.Т.Такимовамен сұхбаттасу барысында анықталғандай ешбір мектепте сабақ тоқтатылып, оқу процесіне зия келтірілген жоқ. Сенбілікке сабағы жоқ мұғалімдер шықты.

Аудандық білім бөлімімен Қарасай аудандық кәсіподақ ұйымы арасындағы Келісімде көрсетілгендей, мұғалімдерді олардың тікелей педагогикалық қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға жіберуге тыйым салынатындығымен  келісемін.   Қарасай аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде аудан ұстаздарының заңсыз ауыр жұмысқа жегілмеуін  бақылауда ұстаймын.

Құрметпен кәсіподақ төрайымы Байбосынова С.К

Не қолы жоқ, не мөрі жоқ аспаннан түскендей жауап хат электронды почтаға  келді. Хаттың басында әкімді, сенбілікті қолдап, аяғында «мұғалімдерді ауыр жұмысқа жегілуден қорғаймын» дегені қай сасқаны?. Орталық көшелердің қоқысын жинау ауыр жұмыс емес пе?

Тағы бір сөзінде «мұғалімдерді олардың тікелей педагогикалық қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға жіберуге тыйым салынатындығымен  келісемін» дейді. Сонда мұғалімдердің көше сыпыруы тікелей педагогикалық қызметке қатысты болғаны ма?   Сара ханымға  кәсіподақ төрағасының жарғысы мен өзінің тікелей айлық жалақысын төлеп отырған мұғалімдерге қатысты заңдарды дұрыстап оқып алуға кеңес берер едім.

Республика көлеміндегі ұстаздар болып 7 ай күрескендегі шындығымыз бен әділдігіміз Сара Кузорқызына кресло  сыйлау үшін бе?  Өкінішті!

Осының бәріне жол беріп отырған  облыстық кәсіподақ төрағасы А.Омашевты орнынан алмай ештеңе дұрысталмайтын сияқты.

Әлия Бастайқызы

Abai.kz

 

 

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052