Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақиқатқа қиянат 7496 36 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 16:20

19-дың хаты: тірілмейтін «скелеттерді» жылтыңдата бермейік!

Соңғы күндері бірқатар ақпарат құралдары "Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз" деген осыдан 3-4 жыл бұрынғы ашық хатты жариялаған болатын. Тіпті, кейбір азаматтар Abai.kz ақпараттық порталының архивінде тұрған сол хаттың сілтемесін әлеуметтік желілерде таратып, елдің көңіл-күйін осы мәселеге бұруға тырысып бағуда. Бұл өз кезегінде "Abai.kz порталының көзқарасы латын әліпбиіне қарсы" деген түсінікті де туғызып отырғанға ұқсайды. Біз қай тараптың да пікірін жариялайтынымызды, ал шындығына келгенде латын әлібиіне көшуді портал болып ашылғалы бері қолдап келе жатқанымызды ескертеміз.

Осы орайда Abai.kz " ақпараттық порталы 2013 жылғы аталмыш хатқа қол қойды деген азаматтардың бір-екеуінен пікір алып, оқырман назарына ұсынып отыр.

Аманхан Әлім, «Ақиқат» журналының бас редакторы:

«Латын әрпіне қарсымыз» деген хатқа қол қойған емеспін

– Латын әрпіне көшуді ең алғашқылардың бірі болып қолдаған адамның бірі – менмін. Бұл әліпбиге бұдан да ертерек көшіп алуымыз керек еді. Сәл кеш қалдық. Бірақ, әлі де кеш емес деп ойлаймын. Бала кезде әжем осы әріпті қолданатын. Әжемнің жазғандарын еш қиналмай оқи беретінмін.

Меніңше әліпбиді өзгертудің экономикалық қиындығына қарамау керек. Өйткені, бұл әліпби ғылымның, технологияның, медицинаның тілі. Кеңестік кезеңде әліпбиді 2-3 рет ауыстырып, елімізде түрлі саясат жүргізілді. Ал, армияндар мен грузиндер өздерінің төл тыныс таңбаларын ауыстырмай, стилистикасын сақтап қалды. Қазір кейбір қазақтар орыс тілінде акцентсіз сөйлейтінімізді айтып мақтанып жатады. Бұл – білімділіктің көрсеткіші емес. Керісінше, біздің төл сөйлеу стиліміз біршама өзгеріске түсті. Енді латынға көшсек, сол олқылықтың орнын толтырар едік.

Әрине, қиындықсыз үлкен шаруалар бітпейді.  Кезінде астананы солтүстікке көшірерде талай адам қарсы болды. Солардың бәрі Астананың төрінен үй алды. Көшу керек, солтүстікті қазақыландыру керек дегендердің көбі ескерусіз қалды. Сондықтан, қарсылар уақыт өте келе бұл саясаттың дұрыстығына көз жеткізетін болады.

Ал, енді сіз айтып отырған 2013 жылғы «Латын әрпіне қарсымыз» деген хатқа қол қойған емеспін. «Аманхан қарсы болмас» деп сыртымыздан қол қоя салған шығар.

Марат Тоқашбаев, "Президент және Халық" газетінің бас редакторы: 

Президенттің латын әлібиіне қатысты бастамасына тосқауыл қойылмауы керек

Соңғы күндері ақпарат құралдары шкафтан бұдан төрт жыл бұрынғы сүйегі саудыраған «склетті» шығарып алыпты. 2013 жылы жарияланған «Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз!» деген Ашық хат қайта басылған. Қол қойған адамдар саны – 19. Бәрі кеше өзіміз құрметтейтін ағаларымыз бен замандастарымыз. Әлеуметтік желі арқылы дереу жариялап Ашық хат ұйымдастырылса, оған қазір жүз мыңдаған адам қол қояры анық.

Осы жарияланым екі ұдай күйде қалдырды. Алғашқысы тікелей Латын әліпбиіне көшу туралы. 1940 жылы қазақ халқымен санаспастан Мәскеудің ұйғарымымен Қазақстан бір сәтте Кіріл (кириллица) әлфәбитіне көшірілгені рас. Ол кезде республиканың басшысы Николай Александрович Скворцов деген орыс болатын. Әрі Мәскеудің қаулысында «Орыс сөздерінің түбірі өзгертілмей жазылсын» деген қағидасымен ұлттық тіл заңдылықтары тас-талқан етілген. Бұл Қызыл империяның отаршылдық саясатының санамызға таңба басуға тырысқан әрекеті еді. Одан бері де 77 жыл өтіпті. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл!

Кеше бізді зорлап кіргізген «қорадан» енді шығуымыз керек пе, жоқ па, ағайын? Әрине, керек! Қазақстанда отарсыздандыру саясаты жүргізілуі керек пе осы? Әрине, керек! Отарсыздандыру дегеніміз үлкен кешенді шаралар. Отарсыздандырудың басы – орыстық кіріл әліппесінен құтылу. Ол бізге не береді?

Ол басқасын қойғанда орысқұлдық саясаттан арылуымызға, орыстық психологиядан ажырауымызға, орыстанып кеткен қандастарымыздың тайраңдауына тосқауыл қоюға, тәуелсіздігімізді нығайтуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақтық дыбыс, әріп заңдылықтарының үндестік заңымен сәйкестеніп қалпына келтірілуіне мүмкіндік береді.

Латын әліпбиі ресми енгізілген соң Парламент заңдарды орыс тіліне жалтақтамай латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде әзірлеп, қабылдайтын болады! Мемлекеттік тіл латын әліпбиі негізінде өмірдің барлық саласында басымдыққа ие бола бастайды.

Осындай жағдайда қазақ баспасөзінің 19-дың хатын қайта басуы түсініксіз. Латын әліпбиіне көшу – отарсыздану талабы! Заман өзгерген сайын адамның көзқарастары мен ұстанымдары да өзгеріп жатады. Сол 19-дың бәрі бүгін Қазақстанның отарсыздануына қарсы деп ойламаймын. Қазақ халқы отаршылдықтың сарқыншақтарын жою үшін 19-дың Кеңсайға қоныс аударуын күтіп отырмайды. Әрі мұны бүгінде тек билік қана емес, кейбіреулерін есептемегенде олардың өздері де түсінетін болды деп ойлаймын!

Қазір Президентке қазақ халқының алдындағы имиджі өте-мөте қымбат. Рухани жаңғырумен жалғастырып бастама көтерген өзі. Латын әліпбиіне көшу-көшпеу мәселесін тікелей өзі шешеді. Егер бұл үрдіске тағы тосқауыл қойылар болса, онда сенімнен де, абыройдан да мүлде ажырайды. Елбасыға мұның қажеті жоқ.

Сондықтан енді тірілмейтін «скелеттерді» жылтыңдата бермейік!

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050