Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 8750 1 пікір 4 Мамыр, 2017 сағат 07:03

Оралман және виза

(ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі Консулдық қызметінің жетекшісі Марғулан Күзембаев туралы бір ауыз сөз)

 Елбасымыздың шеттегі қазақтарға жасаған тағы бір ең зор қамқорлығы – Қазақстан Республикасына келу визасын беру тәртібіндегі жеңілдігі!

Сол виза кезегінің азабын бір кісідей тартқан қазақтар болса, ол – Қытайда тұратын қандастарымыз. Ел тәуелсіздігін жаңадан алған жылдары келушілердің қатары бүгінгіден көп болмаса, аз емес еді. Бірақ, ешкімнің виза кезегін күтіп қалдым деп байбалам салғанын естімеппіз.

1998 жылы қыркүйек айында барып, мен визаға құжат тапсырғанда Үрімжідегі Консулдықтың  жетекшісі Бағдат Сейтбатталов деген жігіт болатын. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық!» демекші, қолтаңбасын қойып, тұңғыш виза берген, Атажұртқа алып ұшқан жүрекке одан әрмен қуаныш сыйлаған сол жайсаң ағаны мен әлі күнге дейін уақ-уақ есіме алып жүремін.

Ал, виза алудың ең бір тоқырауға ұшырап, былыққан кезі – 2011 жыл. Көп-көрім бір жылға көп мәртелі тәртіппен беріліп келе жатқан визаны үш айға үш мәртелі етіп шолтитқан сол кездегі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев деген мырза! Бұл салаға Ерлан Ыдырысов министр болып келген соң барып Қытайдағы қазақтардың көзі қайта ашылды.

Үрімжідегі Консулдықта сол Ерлан Әбілфайызұлы кезінде басшылық қызмет атқарып, Қ.Саудабаевтан қалған былықты ретке келтіріп, көштің көрігін қыздырған екі жігітке – Қайыржан Сәрсебаев пен Ерлан Ибирагимовке қанша мәрте алғыс айтсақ, көптік етпейді. Онда қазір жетекшілік етіп отырған бауырымыздың аты-жөні Күзембаев Марғұлан Файзуллаұлы екен. Бұл кісі туралы сәл кейінірек...

Күзембаев Марғұлан Файзуллаұлы

Атажұртқа аттың басын бұрғысы келетін қандастарымыздың көптігінің сыртында, ТМД-ның ең дамыған мемлекеттерінің қатарындағы Ұлы Дала Еліне іскерлік, саяхат, сауда-саттық сынды толып жатқан себеппен өзге ұлт өкілдерінің де ағылып жатқанын, оларға виза рәсімдейтін Консулдық қызметкерлерінің санының тым шекті екенін ескерсек, әрине, виза кезегінің ұзаққа созылыңқырауы қалыпты құбылыс. Қалай дегенмен де сол қиыншылықтан құтылудың жолын біз де іздескен болдық. Ұлтының қамын ойлаған, мемлекетінің мүддесін бірінші орынға қойған азаматтар үшін мұндай қысылтаяң жағдайда бір қойдан екі төстік алу онша қиынға түспейді екен. 2015 жылы ҚР Парламентінде «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобсы талқыланған кезде, «Қазақстанға білім алу мақсатында келетін жастар үшін Консулдықтар кезексіз виза берсе!» деген бір ауыз өтінішімізді сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жерге тастамай, Қытайдан келетін қандастарымызға бір жолда үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібін енгізді де тастады. Бұл тәртіп 2017 жылдың 1 қаңтарынан бері атқарылып жатыр. Біздің білуімізше, тек екіші мәрте виза рәсімдеген кезден бастап үш жылға көп мәрте виза беріледі. Мұны – бір деңіз!

Ал, 2015 жылы 24 қарашада Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқан енген «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 7-бабына «Қазақстан Республикасында тұрақты тұру визасымен уақытша болатын не Қазақстан Республикасымен кірудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ өздеріне берілген ВИЗАНЫҢ САНАТЫНА ҚАРАМАСТАН, ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА РҰҚСАТ АЛУ ҮШІН ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНА ӨТІНІШ БЕРЕДІ» деген жаңа толықтыру қосылды.

Демек, шеттегі қандастарымыз туристік (саяхат) визасымен келсе де, тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат ала алады. Саяхат визасының мерзімі үш ай. Астана мен Алматыдан бастап, барлық облыс орталықтарында орналасқан туристік (саяхат) фирмаларымен келісіп, шақырту алдырып, келе берулеріңізге әбден болды. Бірақ, ақшасын, келген соң тіркеуге тұруға «қолдаухатты» тегін беретін етіп келісіп алғандарыңыз жөн. Демек, қандастарымыз осы мүмкіндікті толық пайдаланса, виза кезегі едәуір жеңілдер еді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үрімжідегі Консулдық қызметін осы күндері басқарып отырған Марғұлан Күзембаев мырза да сол Бағдат Сейтбатталов бастаған,  Қайыржан Сәрсебаев пен Ерлан Ибирагимов жалғастырған сара жолды одан ары даңғырата түсуге барын салып жатыпты.

Құдайға шүкір, техниканың қарыштап дамыған мына заманында біздің қазақ та ғаламтордың құлағында ойнайтын халге жетті. Марғұлан Файзуллаұлы цифрлы технологияның осы мүмкіндікті пайдаланып, бұрынғы «kezek.ogd» сайтына жаңа «WeCHat» әлеуметтік желісін қосып,  қол телефон арқылы кезекке тұру тәртібін енгізіпті. Енді Төлқұжатың қолыңа тиіп, Қазақстаныңа келгің келсе, автобуста отырып та, қойдың шетінде жантайып жатып та визаның кезегіне тұра бересің. Өшіретің келгенде Үрімжіге шауып барып, аласың да қайтасың... Қандай рахат! Сөйтіп, «Ертең егер алмасам кезегімді, Теуіп-теуіп шығарам тезегіңді!» деп тепсінетін жұрттың қарасы өше бастапты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабылеттілік» тақырыбындағы Қазақстан халқына жолдауындағы «Мемлекеттік жұмыстар мейілінше оңайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек» -деген ұлағатты сөздерінің, айтып-айтпай, шетелдегі қандастарымыз үшін бірден игілікке айналғаны – жүрегіңді қуанышқа, көңіліңді шаттыққа толтырады екен. Ұлы Дала ұлының алыстағы ағайындарының атажұртына оралуына оңтайлы орай жарата білген осынау еңбегіне рахметтен басқа не айтамыз! Аман болыңыз, өркеніңіз өссін, Марғұлан Файзуллаұлы!

 

Қазақстанның халықарадағы беделі мен достық қарым-қатынастың сапасы осы елшілер мен елшілік қызметкерлеріне байланысты. Әрбір дипломат Қ.Саудабаевтан өзге біз атын атап отырған азаматтардай алыста жүрген ағайынның Алатау мен Арқаға ат басын бұруына септігін тизізіп жатса, бұл – нағыз отаншылдық пен ұлтын сүюдің белгісі болмақ.

Қысқасы, Марғұлан Күзембаев бауырымыз туралы арғы беттен келген ағайындар бізге жылы лебіздерін, алқау-мақтауларын айтып, жүрегімізді жылытуда. Соның бір куәсі, манағы «WeCHat» әлеуметтік желісі арқылы ғаламторда кезіп жүріп, менің қолыма түскен Қадылбек Мүтәшұлы деген азаматтың жүрек тебіренісінен туған мына бір өлең болса керек.

 

 

«КЕЗЕК» САЙТЫНА АЛҒЫС

 

«Ұлытау» текшесінің ұларымын,

Алашым, тұнық қанды ұлдарыңмын.

«Кезек» сайты, кезегім қолға тиді,

Күлермін де қуаныштан мен жылармын.

 

Жүр едік кезек тимей ғаріптанып,

Ала алмай кезек номер арып-талып.

Делдалдар бақай-қулық басқаннан соң,

Орта жолда өксідік тағы қалып.

 

Ал, міне, тоқсан күнім тосын келді,

Бұрайын Алатауға көшімді енді.

Жігі-жапар қып келімді қинап еді,

Рахмет, кезегіміз шешілді енді.

 

Атажұртты көруге халқым құмар,

Екі елдің бұл достығы мәңгі болар.

Қазағым, қандастарым, қарға тамыр,

Бел шешіп берекеге бәрің орал!

 

Алдың?

Рас па??

Ала алдың ба???

Атажұртқа жиырма жылда бара алдың ба?!

Ұлы Отным халықараға үндеу салып,

Ұлы бақыт жаратты қазағыма!!

 

Рахмет, жол берген Жұңхуамызға!

Ал, кәне, сапар тартпай жатамыз ба?!

Сайрандап, туысшылап жүру керек,

Құран оқып ата мен бабамызға!

 

Екі елдің достық күші мығымдалды,

Мұны елдің жөн болады ұғынғаны.

Көп елде дәл осындай қолайлық жоқ,

Қоялық орынсыздан жұлынғанды.

 

«Кезек» сайты, сапалы кезекшілер,

«Визалық орында» еңбегі ерексіздер!

Кешіріңдер, көңілге ауыр алмай,

Боқтауға да, даттауға көніңіздер!!

 

Дұғай сәлем қарапайым халқымыздан,

Көгімізде тұрса екен шалқып ізгі ән!!

Рахмет Қазақстан Отаныма,

Нұрсұлтан Елбасыма жалпымыздан!!!

 

Ақын,

«Нұр Отан» партиясы

Республикалық қабылдау

бөлімесінің кеңесшісі

Ауыт МҰҚИБЕК

 

23.05.2017

Астана

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1117