Бауырымның өміріне араша түскен абзал дәрігер
Өткен жылдың тамыз айы отбасымызды үлкен сергелдеңге салған болатын. Бір отбасында әжем, екінші топтағы мүгедек ағам, әкем, анам, мен және қарындасым бар. Өзім ата-анамның жеті жыл күттірген тұңғыш перзентімін. Менен кейін егіз қарындасым болуы керек еді, Абай айтқандай тағдырға тәбділ бар ма? Олар тумай жатып шетінеген. Кейіннен анам маған тәп-тәтті Үкілім атты бауыр сыйлады. Сол қарындасым былтырғы жылдың тамызында сырқаттанып төсек тартып жатып қалған болатын.
Қай жері ауырғаны белгісіз, тіпті ағзалары да ешбір белгі бермеді. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін жұмбақ болған дерті біздерді мазасыздандыра бастады. Жергілікті дәрігерлерге көрсетуге апарып едім, суықтаған, бүйрегі ауырады деп, «оксамп» және «фитолизин» деген дәрі-дәрмектерді жазып қайтарды. Алайда Үкілім осы дәрілерді қабылдаса да ешбір нәтиже бермеді. Қайта құсты, үлкен дәреті су болып өтті. Анам медбике болғанымен еш сыбыр бермеген дерттен үрейлене бастады. Өңі қуарып, дене қызуы түспей қойды. Қарындасым тәуір бола ма деген сандырақпен жақын жердегі базарға барып көкөніс пен жеміс-жидектер әкеліп үйге енді бас сұға бергенім сол еді, моншаның алдында құп-қу болып үлкен дәретте отырған қарындасымды көріп, қолымдағыны тастай сала қора жаққа барып еңкілдеп жыладым, анам әжеме қарап: «тазаланып жатыр ма, ажалына келген ауру ма» – деген сөзді аңдамай құлағым шалып қалып еді, бүкіл дүние төбеме құлағандай теңселе кеттім. Сол күні қалалық №1 балалар ауруханасына жедел жәрдеммен барып түстік. Соқырішегі жарылған екен. Таңға жуық ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша ішектерін түгел алып, жуып қайта салған. Біраз уақыт жүріп жарылып кеткеннен бе, ішектері жабысып қалыпты. Арада үш күн өткеннен кейін дене қызуы көтеріліп, түні бойы мазасызданып, Үкілімнің жаны тыныш таппады. Әжем пісіріп берген тауық етінен жасалған сорпаны аурухананың хирургия бөліміне алып кіргенімде анамның өңі боп-боз болып кеткенін байқадым. Кенет қарындасым жылай бастады. Ішкенін ішкендей құсып, халі нашарлап дене қызуы түспей қойды. Мен бұрын соңды көрмеген дүниелерді дәл осы уақытта бастан кешірдім. Қарындасымның әкеме қарап:
– Папа: «Мені өлтіре салыңызшы» - деген сөзін естігенде көкірегім қарс айырылды. Анама қарап:
– Мама: Жанып қиналып кетті, өлгім келеді, өлгім деп зар илегенде жаным алқымыма тақалды. Ажалды қайта-қайта аузына алған бауырымның жүзіне қарауға менің шыдамым жетпей бөлмесінен шығып кеттіп. Жаным қиналып барады деген сөзінен кейін анамның «шыбын жаныңнан айналдым, ботақаным» деп жастықтың бетіне құлағанда бөлмесіне қайта кірдім. Мұндайды бұрын-соңды кім көрген? Сырқаты жанына батып, дәрменінен айырылып бара жатқан бауырымның бөлмесіне кенет көзілдірік таққан көк түсті формасымен бір дәрігер кіріп келді. Тынышы кетіп, мазасы қашып жатқан Үкілімнің ішін ұстап көргеннен кейін, манағы дәрігер әкемді өзінің кабинетіне ерте кетті. Әкемнің артынан кіріп бармақ ниетпен кабинетке жақындай бергенімде әкем ебілде-дебіл болып жылап шықты. Не болды көке десем: Дәрігер шұғыл ота жасау керектігін айтты деді де, бет орамалымен бетін басып әкем жылай кетті. Қарындасымның қасына барып, жүзіне назар салдым, көтереме екінші отаны көтермей ме деген ішкі оймен күресе бастадым. Алла сездірдіме, білмеймін. Маған операция жасайды, білем, менен жасырмай-ақ қойыңдар демесі бар ма? Жоқ, жасамайды дегенім сол еді.
– Мен екіншісін көтермеймін деп, қайтадан айғайлап жылады. О, Алла басымызға қандай сынақ бердің? – деп үнсіз егіле кеттім. Медбикелер бөлмеге келіп отаға дайындамақ болды. Мұрнына жіп тығып тамағынан өткізіп, жіп арқылы құстырды. Үкілім құсып жатып қолын қайт-қайта ербеңдетті. Сөйтсек жағдайын жазып білдіргісі келген екен. Жағдайым жақсы, уайымдамаңдар, шөлдедім, мына жіптен гөрі ауызбен құсқаным жақсы екен ғой деп шатпақтап жазып жатты. Ал мен ішімдегі ажал деген күдікпен күресумен болдым. Кенет дәрігер мен оташылар кіріп қарындасымды алып кетпек болды. Есіктен шығып бара жатқанда бармақ саусағын жоғары қаратып, «бәрі жақсы болады» деген ишара білдіріп кеткенде көз жасымды тыя алмадым. Ота жасайтын манағы көк түсті киімдегі ағаны сұрастырсақ бас дәрігердің орынбасары Сарыбай Сұлтанғали Маутайұлы атты абзал дәрігер екен. Ота бір жарым сағатқа созылды. Отадан кейін Үкілімді жан сақтау бөліміне алып кетті, бір тәуліктен кейін бөлмеге ауыстырды. Отадан кейінгі жағдайы Аллаға шүкір жақсарды. Сұлтанғали ағаның қол жеңіл болды. Жаратушының аманаты болған жалғыз бауырымның өміріне араша түсті. Қолынан келген жақсылығын аяған жоқ. Мен де отбасым да ағаға қарыздармыз. Ақ халатты абзал жан деген осы аға болар деп сүйсіндім. Сұлтанғали ағаны дұғамнан тастаған емеспін. Жаратқан ол кісіге разы болсын. Алла берген білімі Сұлтанғали ағаның дәрежесін көтеріп, мерейін арттыра берсін. Раббымыз бұл дүниеде ешкімнің басын дауға, көңілін сергелдеңге салмасын. Әмин!
Әзімхан ИСАБЕК
Abai.kz