Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3090 0 пікір 28 Қазан, 2010 сағат 19:35

Зарқын Тайшыбай . «ЖАМАНШҰБАР» СӘБИТІН САҒЫНАДЫ

«...Менің әке-шешемнің бейіті жатқан өлкеге тұрғын елдің қойған аты  - Жаманшұбар», деп бастайды да, Сәбең бұл атаудың тарихын түсіндіреді: «Жаман» деген сөз түсінікті. Ал, «Шұбар» деп біздің елде жазық далаға бытырай өскен жас ағаштарды айтады». Түсінікті болса да, қалайша жаман деп аталуын жазушы былай пайымдаған: «Көшпелі ауылдардың әдеті - жаз жайлаған жерлерін, күз ел көшкен соң, немесе көктемде - ел келер алдында өртейді». Себебі,ескі шөпті өртесе: біріншіден, малға тиетін індеттің тұқымы өртеледі, екіншіден, өртеңге жас шөп шығады. Сөйтсе, бір жылы осылай қолдан қойылған өрт жайылып кетіп, маңайдағы «жердің барлық өсімдігін, қыстауды, үй мүліктерін тып-типыл қылып күйдіріп кетеді. Көп мал науыт болады. Адам да күйеді». Осы қырсықтың салдарынан қазақтар сол жылы жаманшылық көріп, қыстан әрең шығыпты. Міне, бір ғана уақиғаның тарихтағы ізі өшпей мәңгілікке «Жаманшұбар» деген жер атын иемденген. Тіпті кейде ауызекі «Күйген ауыл» деп те аталған елді мекен - осы.

«...Менің әке-шешемнің бейіті жатқан өлкеге тұрғын елдің қойған аты  - Жаманшұбар», деп бастайды да, Сәбең бұл атаудың тарихын түсіндіреді: «Жаман» деген сөз түсінікті. Ал, «Шұбар» деп біздің елде жазық далаға бытырай өскен жас ағаштарды айтады». Түсінікті болса да, қалайша жаман деп аталуын жазушы былай пайымдаған: «Көшпелі ауылдардың әдеті - жаз жайлаған жерлерін, күз ел көшкен соң, немесе көктемде - ел келер алдында өртейді». Себебі,ескі шөпті өртесе: біріншіден, малға тиетін індеттің тұқымы өртеледі, екіншіден, өртеңге жас шөп шығады. Сөйтсе, бір жылы осылай қолдан қойылған өрт жайылып кетіп, маңайдағы «жердің барлық өсімдігін, қыстауды, үй мүліктерін тып-типыл қылып күйдіріп кетеді. Көп мал науыт болады. Адам да күйеді». Осы қырсықтың салдарынан қазақтар сол жылы жаманшылық көріп, қыстан әрең шығыпты. Міне, бір ғана уақиғаның тарихтағы ізі өшпей мәңгілікке «Жаманшұбар» деген жер атын иемденген. Тіпті кейде ауызекі «Күйген ауыл» деп те аталған елді мекен - осы.

Автордың туған жері туралы жазбаларда Пресногорьков деген аудан аты, Қарақамыс - ауыл советтің атауы, Шоқ тоғай - Қарағаш аталады. Туған ауылының жайлауының шекарасы былай көрсетілген: батысы - Обаған өзені, күнгейі - Есіл өзеніне, шығысы - Майбалық көліне, теріскейі - Пресногорьков станциясына тіреледі. Бұл жайлаудағы төрт көлдің атауы: Жаркөл, Алыпқаш, Батпақкөл, Дос көлі. Жаз шыға жазушының ауылы Жансүгір, Жарылғас, Болат, Байтубай - төрт ауыл болып жайлауға шығады. Бұл топонимдер түгел кісі аттарына қойылған. Әлбетте, кісі аты жер атауына ие болуы кездейсоқ, немесе тез болатын құбылыс емес. Ол үшін бұл жерлерді жоғарыда аты аталған ауыл ағалары бірнеше жыл қатарынан және тұрақты түрде қоныс қылуға тиіс. Осылайша, былайғы жұрттың көзі үйреніп, сол жерлерден жыл сайын осы адамдарды кездестіргендіктен, санаға сіңіп, тарихқа айнала бастаса керек.

Жаманшұбар отырықшылыққа қолайсыздау болып, кеңес үкіметі тұсында бұл ауылдың, қазіргіше айтқанда, «келешегі жоқ» деп саналған да тұрғындар Қарағашқа көшіріледі. Көшті дегеніміз айту бізге ғана жеңіл, ал автордың жазуы бойынша: «Жаманшұбарда туып өскендер, құтты болған жерінен жылап айырылды. Менің де көзімнен жас шықты». Бұл - 1928 жыл болса, он жылдан кейін туған жеріне қайта келе жатқан жазушы, сағыныштың бесігінде тербеліп, балалық шағында есінде қалған жер-су аттарын іштей қайталап отырады.

Сәбит Мұқанов Жаманшұбар жайлауына Қостанай облысы жағынан Анновка деген орыс ауылы арқылы келеді, екі ара бір көш жер шамасында. «Жолда «Бұзаукөмген» деп аталатын шілік бар, одан әрі «Итқырылған» шілігі «Айман» аталатын, суы көктемде ғана болатын, жазда кеуіп қалатын көлдің тақыры, одан әрі «Шайтанқашқан» шілігі, одан әрі «Құлыншақ», одан әрі Жаманшұбар даласының әр жеріне шоқтала өскен ағаш...». Манағы «Шұбар» деген анықтауышты қайта еске салған Сәбең осылайша туған жерінің әрбір бедеріне дейін де сүйіспеншілікпен тәптіштеп кестелейді. Ата-бабасының жер бетіне жазып кеткен шежіре-тарихын адал ұл айнытпай оқиды, оқиды да тебірене отырып, есейген шағында қағазға түсіреді. «Шайтанқашқан» деп жағымсыздау естілетін топонимді де түсіндіре кетуді парыз санайды.

Итаяқ есімді бір туыс атасының әңгімесі есіне түседі: «Бір жақтан салт келе жатсам, шілік ішінде маңыраған лақтың дауысы естіледі. Барсам, алдыңғы аяғынан ақсаған текешік. Аттан түстім де, көтеріп алып, алдыма өңгердім. Бір кезде текешігім маған: «Итеке, насыбайыңыз бар ма?» дейді. Шошып кетіп, жерге тастап жіберіп едім, басы адам, бөксесі текешік болып шыға келді. Ол маған қарап күлді де, «теке-теке, бақ-бақ» деп ұмтыла берді. Сайтан екенін сонда ғана білдім. Мен иманымды үйіріп тұра қаштым! Ол менен қашып шілікке тығылды...

... Содан бастап, - дейді Сәбең,- шілік «Шайтанқашқан» аталады да «ішінде шайтан бар» деп , маңайы жайлаған ауылдар малдарын ол тұсқа жібермейді».

«Шошқалы» деп аталатын үлкен қопалы көлдің аты, қалың қамысты мекендеген қабанға байланысты аталған. Жаманшұбар жайлауынан ел кеткен соң, «қазір онда киік те, елік те, бұғы да, құлан да бар, қопалы көлдерде қырдың шошқалары қаптап кеткен... Бұрынғылардың айтуынша, қыр шошқасы бар жерде жолбарыс болатын сияқты ғой, ... Жолбарыс көрдік дегендер де бар», деген дерек келтіреді. Жазушының өзі сол маңда көлігінің алдын кес-кестеп киік өткенін, біраз қуып көріп, жете алмағанын, өкінішпен емес, қызық оқиға ретінде еске алған. Осы төңіректен қыр шошқасының іздерін көрген. Жаманшұбардың ескі жұртына келген жазушы, орны ғана қалған ауылдың «томпайған жұрттарын жаяу санап келе жатып...», өз әкесінің қорасының орнын табады. Бір сәт баяғы балғын балалық шағы көз алдынан өте берген жазушы, өз өскен мекеніне деген сәбилік махаббатын: «...бейшара әке-шешемнің еңбектері соңғы рет жұмсалған бұл төмпе, маған олардың өздері салған ескерткіші сияқты көрініп еді де, балалық шағында да, бертінде де қасына барып тұратын едім», деген кіршіксіз сезімін береді.

Сәбең араға он бес жыл салып, 1952 жылдың жазында қайта айналып соққанда, жасы елуден асып кетсе де, туған жерге деген махаббатының одан әрі лапылдап, қызуы күшейе түскенін тебірене сездіреді. Оқиық: «... Жаманшұбар әлі де құлазып тұр. Өткен жылы өрт жүріп, оның әр жеріне шоқтала өскен ағаштарын тағы да арса ғып, күйдіріп кеткен. Ал, өртеңге шыққан қалың шөптің биіктігі белуардан...»

«Тағы да ескі жұртқа бардым... Тағы да, әке-шешемнің жерге айналып бара жатқан зиратының қасында біраз тұрдым... Маған олардың және оларды айнала жатқан өзге туыстардың аруақтары: «Мұншама кең, мұншама құнарлы өлке неге пайдаға аспай жатыр?...Қашанға шейін жатады ол бұл қалпында?» деп сұрау бергендей болды. Азабы ауыр болғанымен, балалық шағымды өткізген, әке-шешемнің, туысқандарымның қабірі орнаған Жаманшұбардың ширек ғсырдан артық адам көрмей, құлазып бос жатқан көңілімді жүдетті... ».

Үлкен жүрек осылай тебіренеді. Туған жерін Мысыр шаһарындай көретін әрбір қазақ баласының өзіне ғана тән ыстық махаббатының нәзік сезім пернелеріне қонақтаған көңіл-күйінен хабар береді.

Сәбит Мұқанов өзінің туған жеріне төртінші рет 1954 жылы оралды. Бұл жолы облыс орталығына ұшақпен келеді. Әке-шеше қорымы жатқан ата қонысты аңсайды. Мемлекет қызметімен, іс-сапар тапсырмасымен жолы түскен жазушы, барлық жұмысты жинап қойып, адымен ауылына асығады. Бұл кезде заман өзгерген. Тың көтеру науқаны басталып, жер-су аты жаңадан құрылған, құрылып жатқан совхоздардың атауының астында қалған. Бірақ, Сәбиттей арысы тұрғанда Жаманшұбар өзгермеуге тиіс еді, заман өзгертіп-ақ жіберген екен. «Петропавлға келе сұрастырсам, Жаманшұбар жерінің қай совхозға қарауын білетін адам жоқ екен. Оларды кіналауға да болмайды, - георафиялық картада ондай ат жоқ. Бірақ, мен Жаманшұбардың жолын ешкім айтпай-ақ табам», деп алады да бастаушы алмай-ақ жүріп кетпек болады.

Алайда, білетіндер Жаманшұбарға бару үшін одан бергі Пресновка арқылы 210 шақырым бір жол,  Есілді жағалап отырып Марьевка арқылы екі жүз шақырым екінші жол салынғанын айтады. Бірақ, жұрттың жетегіне еріп кете берсе, Сәбит Мұқанов бола ма, туған елінің әрбір төмпешігі мен шұқанақ-жырасына дейін жатқа білетін жазушының өзі білетін, жаңылмай баратын жолы бөлек. Және тас жолмен жылдамдатпай-ақ, сағынышын басып, көкірек кере тыныстап, қазақ даласының өгей ұлдары түсіне бермейтін көркем келбетін тағы тамашалап құмарынан шыққысы  келген болуы керек, өзі ежелден жаңылмайтын жол сорабын қағазға былайша түсірген:

«Бұл екі жолмен де менің жүргім келмейді, өйткені олар Жаманшұбарға мені тым алыс орғытып апарады.Үшінші білетінім, ауыл арасының жолы. Ерте кезде, ұсақ ауылдарды аралап қиқаң-сиқаңы көп болатын бұл жолмен бертінде жүріп көрсем, ... былай баратын: Петропавл, Архангельск, Бүгілім (Боголюбовка), Талапкер, Жекекөл, Орталық, Жекекөл (Благовещенка), Майбалық. Одан әрі жайлау - Жаманшұбар».

Сәбеңнің осы жолмен 1930 жылы да өткенін есімізге алайық: «Әркімнің өз туған жері ыстық» деді. Ол рас. Бірақ туған жер болғандығынан ғана емес, мен туған өлкенің көктем айларында көз тіккен адамның делебесін қоздырарлық аса бір көркемдіктер, дем тартқанда жанды рахаттандыратын аса ләззатты лептері болады..», деп алады да, тамсана отырып тебіренеді, бояу-теңеуді аямай-ақ, төгіп-төгіп түрлендіреді, сөзден кесте тоқып, оны оқалайды, жібекке күміс қосып өргендей, көркемдеп, мөлдіретеді-ай келіп! Тағы да жүріп өткен жолын таңбалап береді, біз ұмытып кетпесін дегендей. «Маршрутым: Бескөл(Бишкуль емес!- З.Т.),Надеженка, Боголюбов,Өрнек, Алтай-Мұрат, Қоржынкөл, Жекекөл, Майбалық, өз ауылым».

Міне, бүгінгі замандастарымыз көңіл аударып, «Сәбит жолы» деп арнайы атап, таңбалап, туристік маршрут жасайтын тарихи сапар жолы - осы. Өзге емес, Сәбеңнің өзі аңсап, зор құрметпен артына аманат ретінде жазып, таңбалап кеткен сорапты ұмытуға бола ма? Жол бойы тұнып тұрған шежіре, әр ауылы, шоқ-шоқ ағаштары мен күміс теңгедей дөңгеленген көлдері, теріскейді ежелден мекендеген халықтардың әрілі-берілі тарихынан сыр шертеді. Мұны ескермеуге, ұмытуға болмайды.

Сол тарихтың сырын Сәбең өзі ашып  отырады. Оқып көрейік:

«Жаңашұбар Докучаев атындағы совхоздың қарамағында екен... Жолда «Жамбыл» және «Украина» аталатын екі совхоздың жерінен өту керек. Олардың жерлері де маған таныс: «Жамбыл» совхозы бұрынғы Жамбыл колхозының негізінде «Жарқын», «Суаткөл», «Есперлі» ауылдарынан құрылған».

Сәбең Иван Шухов деген жерлес жазушының осы маңда туып-өссе де, Жамбыл совхозы туралы сол жылы жарияланған очеркінде бірде-бір қазақтың атын атамағанына реніш те білдірген. «Украина» орнаған жерде бұрын «Уақ-шоға» деп аталатын көп ұсақ ауылдар отыратын еді... [Орталығы] бұрын Шәліңке аталатын қыстаудың орнына салыныпты, ол - бізге белгілі ақын Баймағамбет Ізтөлин туып-өскен жер»

Докучаев совкозының қалай құрылғанын Сәбең, өзінің шежірешілігіне басып ежелгі қазақ тұрмысымен қабыстыра баяндап кетеді: «Бұл маңайда,  бұрын үш ауылдың қыстауы болушы еді, Жаманшұбар, Батпақкөл және Өтей-Дәуіш. Жаманшұбарда көл жоқ, суды құдықтан ішетін, бірақ құдық суы тапшы болып, кейбір қыста малдары да, жандары да қарды еріткен сумен күн көретін. Батпақкөлді қыстаған Мәмек пен Аңдамасқа көлдің суы кейде жетіп, кей жылда тапшы болып, сондықтан, олар да қар ерітіп күн көретін. Ал, Өтей-Дәуіштің құдығы сулы болатын», деп келеді де, совхозға мекен іздегендер бұрғы салса, мұндағы судың негізі қар суы екенін және тереңдегі мол судың ащы екенін біледі. Сөйтіп, жаңа совхоздың орталығы Батпақкөлге орнаған. Өйткені мұнда 22 метрден мол тұщы су шыққан.

Сезімтал жазушы тың игеру деген дақпыртпен маң даланы орынсыз талқандап жыртып тастағанына сол кезде-ақ наразы болған, әрине ашық айта алмайды, саясатқа қарсы шыға алмайды, құдай берген дарын қуатымен тұспалдап, көркемдеп, санасы бардың есіне салады. «Қаптаған тракторлар келіп, жерді түгел жыртуға айналған соң, аң атаулының бәрі бұл маңайдан қашты. Солармен қасқырлар да кетті... Жаманшұбар жеріндегі ешбір апанға биыл күшіктемеген». Туған өлкенің қасқырына дейін қамқор болып, табиғат ананың тәніне жазылмас жара түскенін, тұтастығының бүліне бастағанына ашынған жазушының адал ойы мына жолдарға тұна қалғанын сауатты жан түсінеді:

«...Біз жайлауды (тағы да Жаманшұбар жайлауы. - З.Т.) аралаған шақта, айдың қараңғы кезі еді. Көтерілген тыңдардың ұшы-қиырына көз жетпейтін теңізін, жолға арналып қалдырылған белдеулерді бойлап, түнде аралап келе жатсақ, кең жайлаудың өнбойы, әр жерде тұтаса қимылдаған тракторлар мен машиналардың, түннің тонын тіле, ұзара ілгері көсілген жарықтары, әлдеқайдан қиғаштала келген сондай жарықтармен құшақтаса айқасып, ен даланың қараңғы бейнесін жарқыратады да жібереді!».

Біреулер, «Қоян, түлкі, қасқыр сияқты бірен-саран кездескен аңдар, сондай түнде, есінен айырылғандай, жақындап кеп, атып алғанша мелшиіп қарайды да тұрады» деседі...Қарамағанда қайтсін!  Бір ғана жарық көрсе, одан қашар еді... Қазіргі көріп тұрғаны айнала жарық! ...Сонша көп жарықтың құшағында қалған аң, қашқанда қайда барады!...

Советтік техниканың қамауында қалған қасқырлар, маған мылқау табиғаттың бейнесі сияқтанып кетеді». Осыдан елу-алпыс жыл бұрын-ақ,  сұңғыла жазушының зерделеп болжап, көзімізге көрсетіп кеткен жомарт табиғаттың «бейнесін» ғана көріп отырғанымыз да қазіргі шындық. Осы күні экология, табиғаттың бастапқы қайталанбас көркі мен қасиетін сақтау деп жүрген насихатымызды осындай жан тебірентерлік қуатпен жеткізе білсек-ші. Сол тың көтерудің ұлы дүрбелеңі кезінде, партия саясатының дұрыс-бұрыстығына көзі жетпесе де, мақұлдауға мәжбүр болған жазушы, әлденеден секем алып, тағы да ата-бабаның қорымын көріп қайтқысы келеді. Жанына жаңа совхоздың бригадирін ала барады. Бұл жерлердің ендігі қожасы сол, не істеймін десе де өзі біледі. Әйтеуір жолың болғыр, бригадир Иванченко зиратты аман қалдырып,  айнала жыртып тастаған екен. Көңілі орнына түскен Сәбең, оған шын жүректен алғыс айтады. Сөйтеді де, сол жеде естіп-білген мына бір ащы шындықты қағазға түсіруді де ұмытпайды.

«Заң бойынша, - дейді Иванченко, - жиырма жылдан бері кісі көмілмеген зираттың үстін жыртуға болады екен. Мен оны істеген жоқпын. Қай елдікі екенін білмегенмен, зират атаулыны мен өзім қадірлеймін, өйткені, мұнда жатқан адамдар да, әрқайсымыздың туысымыздай, өз туыстарына қадірлі адамдар ғой; ендеше, біз де оларды қадірлеуіміз керек». Тың көтеру кезінде қазақтың кең даласындағы ата-баба бейіттерінің талайы талқандалып, орнымен құрып кеткенін мәлім.Шикі шымынан шошқа қора салғандар, обал-сауапты білмеген. Шіркін, сонда мына Иванченко сияқты адамгершілігін жоғалтпаған тыңгерлер көбірек болғанда .. деп, бүгінгі біз де марқұм Сәбеңмен жарыса рахмет айтқымыз келеді. Осы оқиғаға байланысты өз заманымыздағы қайраткер жазушы Сәбеңнің мемлекеттік қат-қабат қауырт жұмыстардың арасында тағы да уақыт тауып, Жаманшұбардағы қара бейітке барғандағы толғанысын оқып көрейік:

«Бұл арада ел тұрған кезде, әлі келген адамдар, қайтыс болған жақындарының қабіріне ағаштан қиған қорған жасатқан еді, оның алдына тас орнатып, бетіне өлген адамның кім екенін жаздырған еді. Ал, менің әке-шешем, бала шағымда өлгендіктен, менен басқа ұл болмағандықтан,қыздардың бәрі күйеуге беріліп кеткендіктен, қабырларының үстіне топырақтан басқа еш белгі қойылмаған еді... Әркімге әке-шеше қымбат. Менің әке-шешем өзіме қымбат. Сондықта, мен Жаманшұбардан бала шағымда кеткенмен, жолым түсіп бара қалсам, әке-шешемнің қатар томпайған қабырларына соқпай кетпейтін ем. Жаманшұбардағы ауылдар бұл арадан көшерде, «егер тағы келе қалсам, адасармын деген оймен, әке-шешенің қабырын мен ұмытпастай ғып белгілеген ем...»

Ақжүрек, адал перзенттің сыры да осы, шыны да осы деп білеміз. Бұл жазбаларға сөз қосу қиын. Сол зиратта, аруақтар басына келіп дұға бағыштайтын сүйікті Сәбитін сағынғалы қашан...

...Алматыдан Сәбит Мұқанов келе жатыр. Астанадан шығыпты, асығыс. «Қалай аттап өте алар  екенсің!» дегендей, жолда мұнартып Көкшетаудың тоғай жамылған сансыз таулары тұр, көздің жасындай мөлдіреген сулары ирең қағып шалқар көлдері жатыр... Оларда біздің қызыметіміз де көп... Бірақ туған, көркемдік жағынан оларға таласа алмағанмен, ыстықтық жағынан әлдеқайда артық сияқты... Ол анаң сияқты сенің.Ажары қандай болса да, туған анадан ыстық не бар адамға!...» Ұлы Азамат асығып келеді. Қызылжардан Жаманшұбарға тікелей тартады. Өз жолымен, «Сәбит жолымен»...

Сәбит Мұқановтың қазақ тарихына да, әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымына салған жолы ұрпақтар санасында жаңғырып, жарқырап жатыр.

 

Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406