Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 34732 3774 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 11:15

Қытайдан "Димашизмнің" қаупі төніп тұр

Жалпы, біз өте осал ұлтқа айналыппыз. Күпінбейтін жерде күпініп, мақтанбайтын жерде мақтанып, әйтеуір бар даңғойлығымызды әлемге әйгілегенде алдыға жан салмайтын болдық. Өз ішіміздегі мықтыны Қытай келіп бастан таяқпен ұрып тұрып мойындатпаса, мойындамайтын тоңмойын, қай әннің есті, қай әннің есер екенін тыңдай алмайтын бітеу-керең, ненің игі, ненің жаман екенін көрмейтін көрсоқыр ел секілді күйге түсіппіз.

Әрине, ұлтты кінәлау оңай. Бірақ, Димаш қазір Қытай сахнасына шықпаған жағдайда не болар еді? Қайрат Нұртастың өлермен даусына ырғала билеп, Төреғалидың "жасанды қылығын" бір көруді арман етіп, аузымыздан суымыз құрып отыра берер едік. Баян тәтем не шоу жасар екен деп, екі құлағымызды "қайшылап" жаңалық күтумен сарылар едік.

Қытай "Ей, қазақ! Сенің талантың мына - Димаш" деп біздің көзімізді ашты. Димашты қазақ сахнасында Димаш ете алмағанымыз үшін намыстан жарылуға тиіс қазақ "Димаш Қытайды, қала берді әлемді мойындатты" деп күпінгені бейшаралығымыздың белгісі.

Неге шын талант әлемді өзіне қаратпай, біз оның қарым-қабілетін бағаламаймыз? Неге Димашты Қытайсыз-ақ бүгінгіндей бүкіл қазақ (қазақ танығанды әлем таныса жарасымды емес пе?) танитын дәрежеге жеткізе алмадық? Неге әнші-құшнаштар қаптаған телеарналардан Димаштың әндері берілмей келді? Қайрат пен Төреғали деп жыртылған қазақ 365 күннің бір күнінде неге Димаштың бір әнін тыңдамады? Осындай талантты әншінің осыған дейін ел ішінде бір хит әнінің болмауы ненің белгісі?

Бұл да меніңше - бейшаралық. Өз жақсымызды танымай, танитын өре, білім, танымның болмауы қуанатын жағдай емес. Димаштың Қытай арқылы әлемге жол тартуы белгілі дәрежеде біздің көрші елдердің мәднеитінің де (геосаясат пен геоэкономика жайын қоя тұралық) ықпалында отырғанымыздың белгісі.

Біз орыс деген қожайынға жалынып, соның тіліне әдебиетімізді аударып, мәдениетімізді орыстың сахнасына шығару арқылы әлемге қол созушы едік. Енді Қытай бүкіл әдебиетімізді ханзу тіліне аударып, мәдениетімізді әлемге танытып, ғаламды бізге сыйламақ. Ғалам бізді мойындар-ау, сол мойындатудың жолында қазақтың елінен, қазақтың жерінен айрылып қалу қаупі артарын неге ойламаймыз?

Димаш - талант. Сол талант Қытай сахнасына шықпағанша, біз ханзуларды бақа-шаян жеп, өз былығына өзі батып жатқан ұлт деп танитынбыз. Бір Димаш ол елдің өнерді қалай бағалайтынын санамызға сіңіріп жіберді. Енді қазақтан екінші Димаш шықты деген сөз - біз Қытайдың бүкіл эстрадасынан, әншілерінен хабардар боламыз деген сөз. Одан хабардар болдық деген сөз, өзбектің әнін тыңдағандай ханзу әнін тыңдау басталады. Ханзудың әні сананы жаулады деген сөз - оларды іргедегі орыстай бауыр санай бастаймыз дегенге саяды. Бауыр санадық деген сөз, мемлекеттілігіңе қатер төнеді. Осы қазаққа қажет пе?

Димашты туған - қазақ, танытқан - ханзу. Енді бұл ел біздің таланттарымызды "аулау" саясатын бастайды. Қармаққа кім түсетінін тағы да білмей, сан соғарымыз анық. Әрине, артықтау әңгіме айтып отырған болармын! Бірақ, бір шындықты мойындау керек.

Қытай қазаққа мәдени экспанциясын бастады. Оған төтеп беру үшін не істемек керек? Бұл енді мәңгілік сұраққа айналады.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

3774 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052