Діңді – дінге таңылған терроризм атауынан қорғайық!
(Елбасымен еліміздегі Исламның жайы туралы еркін әңгіме)
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Құрметті Елбасы! Сіздің бақытыңыз, Алла Тағалам - егемендік алған еліміздің билігін өзгеге емес өзіңізге аманаттады. Дінде - аманаттың салмағы өте ауыр. Бере білген Аллам өз кезегінде жауапкершілігін сұрай да біледі. Осы билікті Алланың дінінен бөлмей елде игілікке жарату өзіңіздің құзырыңызда. Қазір халықты «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруға шақырып жатырсыз. Бастамаңызға Алла жар болсын!
Сіз осыдан он бес жыл бұрын; «...Исламдық қауып қатер» -деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның, үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп қатер туралы емес, Исламның өзін нақты қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді...» («Сындарлы он жыл», 2003 ж.) деп айттыңыз. Алла аузыңызға салған осы сөзді мен бүгін кешегі «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тауып жатқан мақалаңыздағы «ұлттың рухани коды» туралы әңгімеңізден кейін қайта жалау етіп желбіретіп көтергенді мақұл көріп отырмын. Өйткені, дін - ұлттан да, тілден де бұрын, Адам Ата келмей тұрғанда, өмірге келетін әр адамды тәрбиелейтін құрал ретінде Жаратушы тарапынан әзірленген нақыл-қуат.
Діни тарих - патшаның патшалығы дінді ұстануда ғана қадірлі болғандығын айтады. Осы орайда елімізде өмірге келген «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі» тікелей Өз бастамаңызбен ғана құрылғанын білгеннен соң айтамын. Бұл миинистрліктің ашылуын қаншама уақыт күттік. Осы мәселені көтеріп Республикалық қоғамдық саяси апталық «Қазақстан» (№4, 29.01. 2004 ж.) газетінде жарияланған «Дін Үкіметке керек болмаса да халыққа қажет! Республика Президенті Н. Назарбаев мырзаға Ашық Хат»- деген мақалама Президент апаратынан Конфессияаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Р. Жошыбаев мырзаның; «Біздің еліміз Конституция бойынша зайырлы мемлекет болғандықтан Дін министрлігі біздің Үкіметімізде болуға тисті емес»- деген сол жылғы жауап хаты әлі күнге менде сақтаулы тұр. Қазір сол «болмайды»- деген құрылым болып, құрылмайды деген министрлік құрылып отыр ғой…
Бірақ, осы құрылым біз күткендей дінді құрметтеп жұмыс жасайтын министрлік пе, әлде дінге қарсы жұмыс істейтін министрлік пе, соған менің көзім жетпей отыр. Таяуда ғана қабылдауыңызда болған министр Н.Ермекбаев мырза өзіңізден шыға БАҚ-қа берген сұбхаттарында; «Діни экстремизм мен терорризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» әзірленіп жатқанын айтып, жар құлағы жастыққа тимеуде. Министрдің бұлай көсілуі – менімше дінге жасалған орынсыз қиянат! Осыдан кейін Алматыда Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының ролі деген республикалық конференция өтіп онда діни экстремизм мен терорризмге иммунитет қалыптастыру ұранын көтерсе, біраз таяз ғалымдарымыз «елімізде діни терорризм мен экстремизм эпидемиясы етек жайып барады»- деп жұртты үрейлендіріп бағуда. Одан да сорақысы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы «…Жолдауда жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақстатында діни экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және оларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты білімді, білікті және мемлекет мүдделерін қорғай алатын имамдар корпусын (Діндарлар діннің мүддесін қорғайтын имамдар туралы айтуы керек емес пе?. Б.А.) жетілдіру қажет деп санаймыз»- деп үндеу тастады. («Е.Қ.» мен «Айғақ» газетерінен.Сәуір айы. Б.А.).Ау, осылайша ұрандатып жатқандар айтып жатқан дуалы сөздеріне өздері неге зерделеп мән бермейді? Сөз – дұға, Алланың қазынасы. Сөйлем - Алланың адамдарға ойын жеткізуге берген мүмкіндігі. Неге олар; «ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНЕН ҚОРҒАНАЙЫҚ»- ДЕГЕН СӨЗДІ, «АЛДЫМЕН ДІҢДІ – ДІНГЕ ЖАПСЫРЫЛҒАН ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ АТАУЫНАН ҚОРҒАЙЫҚ!»- деген сөзге алмастырып, жандары шырылдап, дәстүрлі дінімізге өздерінің құрметі мен жанашырлығын көрсетпейді. Мына бағдарлама мен бастамалар сөз төркінін түсінген адамға - дін атын бүркемелеп дін дұшпандарының сойылын соғу, Ислам атын жамылған содырларды қорғау болып тұрған жоқ па ?! Бұл «белсенділер» дін емес, діннің атын жамылғандардың салып жатқан ылаңын неге өз атымен айтпайды? Мен көргенімді көрген қалпында осылай жұмсартып айтсам да, осы уақытқа дейін жалғыз әрпі өзгермеген Құранда; «Олардың ішінде Кітапты білмейтін надандары да бар. Олар тек қана басшылардың айтқанын істеп, бос қиялмен күпірлікте ғана жүреді»-деп қатаңырақ айтқан. («Бақара», 78 аят). Бұны айтып отырғаным дін туралы заң қабылдауда дінді құрметтейтін Үкімет асықпай сабырмен тон пішуі керек. Асығыс заң қабылданып кетсе оның зардабы болады, қайта жөндеу көп уақыт алады. Осындай асығыстықтан кезінде Ата заңымызға еніп кеткен Кеңес Үкіметі кезінде атеист-коммунистердің санаға мықтап сіңіріп тастаған “Дін мемлекеттен бөлек!”- деген жалған ұраны ширек ғасырдан бері Ата заңымыздан алынбаған ақтаңдақ болып тұр. Дінді жоққа шығарып, осы ұранды шегелеп көтерген сол ұлы державаның өзі Жаратушының қарғысына ұшырап қалай жер бетінен жойылып кеткенін көріп отырған жоқпыз ба? Бірақ солардың ұшқары ұраны жәдігер болып біздің заңда қалып қойды. Дінге орынсыз тиісіп наласына ұшырамайық!
Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Өмірден өткен ата баба аруақтарымыздың тіршілігінде тілеген дұғаларына орай, оқ шығармай-ақ қол жеткізген ел егемендігі де Жаратушының берген сыйы екенін неге естен шығарамыз. Еліміз егемендігін алғанда атом қаруы әлеуеті жөнінен әлемдегі алғашқы төрт мемлекеттің бірі, ал мұсылман елдері арасында осы жойқын қаруға иелік еткен тұңғыш мемлекет болды. Алланың сыйымен қолға берілген сол бар қарудан Сіздің басшылығыңызбен жалпақ әлемде алғаш бас тартқан да біздің ел емес пе?!
Конституция – әр мемлекеттің айнасы, болмыс тынысы. Ол заңды оқыған әр адам сол құжаттан өз ұлтының бұрқыраған қаны, таза болмысы мен тыныс тіршілігін көре білуі керек. Қазақ - қай уақытта діннен қол үзіп еді? Сол халықтың діні неге мемлекеттен бөлінеді? Қабылданатын әр заң – бұлжымай орындалатын құжат. Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда мемлекет өзі шығарған заңға өзі қайшы келмей діннің ішкі жұмысына түбегейлі араласпауы керек. Дін – Алла Тағаламның адам баласын жаратпай тұрып оны тәрбиелеу үшін алдын ала дайындаған құдіреті, ол үшін кітап дайындаған. Қазір жер әлемдегі барлық мемлекеттердің тәрбие жөніндегі бағдарламасының түп атасы осы – Құдірет, Құран. Біз ұстанар құндылықтың ең төресі – дін, басқа құндылықтар еш уақытта одан жоғары төрге оза алмайды. Экстремизм мен терроризм – адамның тірлігі, жексұрындығы! Неге осы жиіркенішті екі сөз - біздің елімізде болмысы таза мүбарак дінге үнемі жапсырылып айтылады? Бұған кім тоқтау айтады? Қазір елде «діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» - деген сұрақ ашық тұр. Өйткені, Ислам туралы әңгіме айтсаң, белгілі ғалым Д. Қамзабекұлы айтпақшы «...саған 37-ші жылдың авторлығын бере салуы да кәдік»- деген үрей әркімнің басында бар. Осы үрей халықтың да, оның ішінде діндарлардың да қанына әбден сіңіп қалған. Сонда имани тәрбие жолының шырағы елдегі Исламды кім қорғайды? Ислам - ата бабадан біте қайнасып келе жатқан дәстүрлі дініміз емес пе? Біз Исламға жала жауып қорлау арқылы емес – оны мемлекеттік тұрғыдан заңмен қолдау арқылы ғана алға қойған мақсатқа жете аламыз.
Құрметті Елбасы, мұндай тәсілді әлемдегі Ислам дұшпандары өз қылмыстарын бүркемелеу үшін ойлап тауып отырғандығын Сіз бұдан он бес жыл бұрын өзіңіз жоғарыдағы аталынған мақалаңызда көрегендікпен көтердіңіз. Сонда дін атын ластаушылардың мына жиіркенішті тірлігіне не жорық? Дін министрлігінде дінге жанашыр бауырларымыз қызмет жасаса Құрандағы «Алла - өз дінін өзі қорғайды!» -деген сүренің мәнін ұғынып, тып-тыныш тұрған дін атын ластаудан қорқуы керек. Бәлкім, «Құдайдан қорықпағаннан қорық»- деген нақыл осындайдан айтылған сөз шығар.
Құран – Аллаһтың сөзі, онда жалғандық жоқ. Ислам діні - о бастан лаңкестікке, соғысқа қарсы. Құрандағы мына дерек не айтады? «Бәдір» соғысынан бастап пайғамбар қатысқан жиырма жылдағы соғыста өлген адамдар санын сол жиырма жылға бөлетін болсақ, «Ислам тарихы» аталған әр соғыста үш-ақ адамнан өлгенін есептеп шығаруға болады екен. Аллаһтың көмегімен сол тарихи соғыстарының өзінде адамдар өте аз өлген. Ал одан соңғы бүгінге дейінгі есепсіз қан төгілген соғыстарда ше? Онда адамдарды кім өлтіріп жатыр - адамдар бірін-бірі не үшін қырып жатыр?
Осыны көре-біле тұра кәпірлер; «Ислам қылышын сүйретіп келгенде ең көп адам өлтірген дін»- деп айыптаумен келеді. Осыған Құранды қолына ұстап, халықаралық мінберден тоқтау айтатын әлемдік деңгейдегі тұлға адам, патша, соны тыңдайтын қазір құлақ болмай тұр. Бәлкім, осыны бүгінгі таңда ел аралық ара ағайындықта абырой биігінен көрініп жүрген, ертелі кеш Сіз айтарсыз түбі... Ислам - тек нәпсіні тию үшін келген дін. Ислам – соғыс қаруы емес, имани рухани адамға қажет қуат. Бұл дін адамды емес нәпсіні қылышпен шауып тастайтын қуат. Ислам қылышы - Аллаһқа ашықтан ашық қарсы шыққандардың ғана басын шабады. Исламның түпкі мағанасы – мейірім, бақ, дәулет. Аллаһтың жанында болу, Жаннатқа жету.
Демек, мына біз сөз етіп отырған көрініс – еліміздегі дәстүрлі Ислам дінінің қазіргі дертті жағдайын көрсетеді. Діннің нағыз тұлға иесі болмағандықтан дінсіздер білгендерін істеп бағуда. Үкімет терроризм мен экстремизм турал заң қабылдаса қысылмай дін атын елге дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды. Осыны өнеге тұтқан судьяларымыз елдегі дін атын жамылып сотталғандар ісін қарағанда, дінге қатысы жоқ содырларға «діндар-тероррист, діндар- экстремист» - деп үкімдер шығаруда. Оларды неге өз атымен «Дін атын жамылғандар»- деп соттамайды? Содырлардың сол солақай сойқан тіршілігіне діннің не қатысы бар, дін - соттан да бұрын соларды иманды жолға салатын рухани тәбие жолы емес пе. Елде бұлай бейпіл ауыз әңгіменің айтылуы Ислам абройын қорғай алмай отырған іни басқармасы жұмысының дәрменсіздігі. Осыдан келіп дін жұмысы туралы діндарлар емес, дінді ұстанбайтын, діннің не екенін білмейтін Д. Исабеков сияқты жазушылар сіздің алдыңызға жеткенде қасындағы екі жазушы сияқты нақты ұсыныс айтудың орнына, дін жұмысының дәрменсіздігін шағым етер дәрежеге жеттік. Қалың бұхара алдына шығып отырғанда дін туралы әңгімені сол діннің басшылары айтқаны мақұл, тіпті үкімет адамдарының да дін туралы дін басшыларынан бұрын көсемсуі елдегі діннің беделін түсіреді.
Әрине, дінді - дінсіздер емес, діңгегінде діні бар Алланың Құранымен жүргендер қорғайды. Ал мына жағдай еліміздегі Исламды қорғайтын сондай жандардың дәл қазіргі таңда тапшылығын көрсетіп отыр. Діні әлсіз елдің жастарға берер тәрбиесі де әлсіз. Елімізде имани тәрбие жұмыстары барынша босаңсып кетті. Оның зардабын көріп отырсақ та үн қатпай көз жұмып қарайтын мейірімсіздік дәрежеге жеттік. Мен осы орайда күні бүгінге дейін қазақы шаһар саналып келген екі қаламызда демографиялық дерт қалай өріс алып отырғандығын сізге ашқым келеді. Алдымен рухани астана санап жүрген Түркістан жайлы.
Халық - жастар есебінен өседі. Соңғы он- он бес жыл көлемінде бұл қаламыз жергілікті жастар есебінен өсуде елге үлгі өнеге болудың орнына түрмеге тоғытылған жастарының көптігімен көзге түсті. Ойланғанға - шаш ағартатын дерек! Қала базарларында, сауда орталықтарында, көше-көшелерде болымсыз тірлік жасап, алып сатарлар мен саудагерлерге «криша» болғанды «дәреже» көрген ақыл тоқтатпаған, имани тәрбиесі жұтаң жастар өздерімен өздері төбелесіп, қырқысып жастық өмірлерінің тамырларына балта шауып келгенін ешкім сөз еткісі келмейді. Осы мәселенің алдын алумен айналысуға тиісті дін қызметкерлері, ойланып өрелі тірлік жасай алмай отырса, заң қызметкерлері қылмысты дер кезінде ашып, жастарды түрмеге тоғытқандарына мәз. Осыдан келіп қаладағы осы жастағы жастар есебінен өсуге тиісті қазақ жастары жанұялары бастарына өздері тілеп алған тауқыметпен көбеймек түгілі ала дорбаларын арқалап бордай тозып кеткен. Осы қасіреттен – өмірге келуге тиісті қаншама сәби дүниеге келмей, қаншама жас ұрпақсыз қалып отыр, демографиялық дертке ұшырап отыр! Дәл осындай жағдайды қазақтың бұрынғы тарихи астанасының бірі атанған шалғайдағы Созақ елді мекені де киген. Өткен жылы осында «Қарабура әулиеге» ас беру рәсіміне қатыстық. Бір шеті сонау қырғыз бен татарстаннан арнайы шақыртумен белгілі қоғам қайраткерлер келіп қатысқан осы асқа Түркістан мен Жаңақорғаннан арнайы ансамбльдер шақырылып өнер көрсеткенімен, түні бойы соңғы жылдары саны жағынан өсіп кеткен өзбек ағайындар өз әуендерімен жергілікті жердегі өз басымдықтарын танытты. Ескі қазақы Созақ шаһары өз өксігін бізге сол көрініспен жеткізіп тұрды. Осы демографиялық дертті тұрғылықты әр қазақ көріп отыр. Көре тұра бастарына үйірілген осы дертті неге көтермейді. Бұл пікір - қазақ коды туралы айтылған Сіздің сөзіңізден кейін – қаны бар қазаққа ой салар...
Қазақ халқы қашанда өз елінің басын біріктірген Абылай ханымен мақтанады. Сол Абылай кезекті жорығында Ташкентті алғалы сарбаздарын Самарқан маңына тоқайластырып, «бүгін, ертең шабуылға шығамыз»- деп отырғанда жанында жүрген Бұхар жырауға ғайыптан аян жетіпті. Аянда жер әлемдегі өлі-тірі аруақтар; «Абылайдың жаназасына бара жатырмыз»- деп ағылып өтіп жатқан көрінеді. Жаратушыдан бір хабар жеткенін сезген Бұхар жырау қасында тұрған Абылайға сол аянды жеткізе алмай қиналғанда, өзі де аян алудан кенде болмаған хан Абылай, ақсарыбас құрбандық шалып, сол асқа Ташкенттің үрейде отырған ақсақалдарын шақырып; «мен қаланы шаппаймын, өздеріңді дұғаларыңды алғалы жинадым, бұл сапардан құр қол қайтпау үшін, «өлім барда қаза бар», ертеңіме қажет басыма қояр «Самарқанның көк тасы» табылса ала кеткім келіп отыр»- деп іздеттіріп, сол маңнан көмескі жазуы бар, бүгінде Түркістанда тұрған үлкен көк тасты таптыртып, еншілеп алып қайтып бара жатқан жолында Арыстың маңында, сарттардың арасында өмірден өткен ғой. Сол Абылай бақилық болар алдында - Жаратушыдан Тәуке ханға сый болған пір Мүсірәліден кейін Алламен тілдесе білетін қазаққа қажетті ілім иесі пір таба алмағандығын армандап айтып кеткен көрінеді. Алла – діннің иесі болса, пір – дін қожасы. Сол уақыттан бері біздің қазақ пірге жарымаған күйі келеді. Пір – діннің қорғаны, бірақ Алла емес. Пір - Алланың қалауымен, патшаның, елдің дінге деген адал ниетіне орай ғайыптың қолдауымен болатын жан.
Құрметті Елбасы, Сіз де сол Абылай хан сияқты осы дінімізге лайықты пірді іздеп, оны тапсаңыз қазағыңызға жасаған сауапты тірлігіңіз болар еді. Дін түзелмей – ел қуатты болмайды. Дін күшті болса – жұрт оны мойынсынады. Қазір біздің сүйенетін, айтатын дұғамыз тек Аллаһтың сөзі болуы керек. Құранда; «Тәңірім арқылы білім алыңдар»- деп айтқан. Қазір Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатыр. Дінде – қарсылыспайды, дінде - қоштайды, қол ұстасады, бірігеді. Өзіңіз жақсы білесіз, қазір әлем тізгінін қолдарына ұстап отырған ұлы мемлекеттер өз саясаттарын іске асыруда Итальямен санаспайды, бірақ сол елдің шағын пұшпағына орналасқан Ватикан-шаһары мемлекетімен, оның жетекшісі Рим Папасымен еріксіз санасады. Папаның өзі өзін әлемдік дін қайраткері, нақтылап айтқанда Рим Епископы, Ғайсаның жердегі ізбасары, Апостолдар Князінің мұрагері, Әлем Шіркеуінің Жоғары Бас Пірі, Батыс Патриархы, Италия Примасы, Рим Провинциясының Архиепископы және Метрополиті, содан соң барып Ватикан Шаһары-мемлекетінің басшы қайраткері есептейді. Қазір осы Ватикансыз бірде-бір ғаламдық саясат түйіні тарқатылмайды, ол биліктің барлық тармақтарының тәңірісі. Ол – Алламен тілдесетін ілімгер адам. Біздің елге де осындай қуатты діни тұлға керек. Ол үшін ең алдымен Республика Мұсылмандар діни басқармасы өз діни атауымен Республикалық Ислам ұйымы болып қайта құрылып атына сай жұмыс жасамаса, ертеңіміз өте қиын жағдайларға тап болуы мүмкін. Елдегі дін дертін, (Діндегі емес, себебі Алланың Исламын еш уақытта дерт шалмайды. Б.А.) Исламды - мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы ғана сауықтандыруға болады.
Дін – сенім. Мына жаһандану атты әлемдік ұлы нөпірде, қазақтың жер бетінде қазақ болып қалуы, атадан қалған осы дәстүрлі дініміз Исламның ұлтымыздың қанына қаншалықты сіңуіне байланысты. Елдің ел болып іргесін сөкпеуі – өткен тарихымыз көрсеткендей, елдің тұтас алғандағы сенімінде. Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін!!! Дінсіз ел, дінсіз отбасы, дінсіз адам баласы да жоқ. Діни сенімінен айырылған ел, дінін мансұқтаған ел, ел болып жер бетінде мәңгілік тұра алмайды. Қаншалықты ұлы күш болғанымен кешегі Кеңес империясы сияқты жойылып кетеді. Құран – дінінен айырылған елдің осылай жер бетінен жойылып кетіп отырғанын әр пайғамбардың өмірі арқылы бізге жеткізген.
Әрине, дәл қазір бас жарып, көз шығарып жатқан ештеңе жоқ сияқты, бірақ ертеңі жұмбақ болып тұрған бұл жойқын селге ар ождан тұрғысынан қарау - өз туған жерімізде, елімізде тұрған біздің ұлттық құқығымыз. Қазір Парламентте дінге байланысты мәжіліс депутаты М. Әшімбаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанында министрдің өзі жетекшілік ететін комиссия жұмыс жасайды. Осы екі комиссия құрамына енген нағыз дін жанашырын, не Құрани ілім иелері байқалмайды. Бәрі Үкімет тапсырмасын орындаушылар мен солар алдын-ала дайындаған жобаны бас шұлғып мақұлдаушылар ғана. Менің жеке пікірім – қолтығына Құран қыстырып, тілінің ұшымен ғана дін деп айтқан жандар діңгегінде діні жоқ болса еш уақытта діннің нағыз жанашыры бола алмайды. Осы тұрғыдан таразылар болсақ комиссия құрамына діни басқарма тарапынан еніп отырғандар өз жеке пікірі, терең діни ілімі жоқ таяз қабілеттілер. Ал дін теологтарының көпшілігі қажетті діни ілім алмаған, дінді әлі өздері ұстанбаған атеистер. Олардың көбі ғылыми атақтарын да дінді жоққа шығарудан қорғағандар. Барлығының айтар әңгімелері «діни тероризм мен діни экстремизм». Бұл сөз – дін исі мұрнына бармайтын, ұстазсыз, ғаламтордан тәрбиесіз білім алған өресіз ғалымдар пікір болып саналады. Осы мәселені көтерген менің бір-екі мақалама байланысты келген жауапта Дін комитетінің қазіргі төрағасы Ғ.Шойкин мырза; «…комиссия құрамында ҚМДБ атынан жан жақты білімді, терең діни білімі бар, дін жолында елімізге танымалы азамат, діни басқарма төрағасының орынбасары, найб муфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінгің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы қатысуда…» деп көрсетіпті. Алланың қалауына ілігіп, аяқ астында діни ілімі артып кетсе мен ештеңе айта алмаймын, бірақ менің білетінім кезінде осы азамат өтпелі кезең аласапырандығын пайдаланып, Республика Әділет министрлігіне 11.02.1997 жылы ғана тіркеліп, заңды мемлекеттік тіркеу туралы 2193-1900 ДБ номерлі куәлік алған ҚР Ислам Университетінен «1994 жылы Ислам хатибі мамандығы бойынша бітірді»- деген жалған диплом алып, сол дипломмен Алматыдағы Абай атындағы университеттің заң факултетіне 3 курстан қаржы төлемей сырттан оқитын студент болып тіркеліп, оны екі жылда «қызыл дипломмен» тамамдап тастағаны заңмен қудаланып, соңы бармақ басты көз қыстылықпен, сол кезде «әупірім тәңіріммен» басылған болатын. Сол Серік болса… Қазір, бетін аулақ етсін, мешіттен жаназаны бөлсе, жер-жердегі имамдар Алланың мешітін тастап, жаназа маңына ойысып кетіп қалатындар қатарын көбейтуде. Мұны айтып отырғаным «осылардан арылу керек» -деу емес, осы имамдарды қайта рухани жаңғыртудан өткізіп, ұлттық санасын күшейтіп, сол қуат күшпен жат жұрттық түрлі діни ағым жетегінде кеткендерді дәстүрлі қазақи өз Исламымызға оралтуға күш салуды айту.
Біздегі дін кадрлары Араб елдерінде оқып келгендер мен Алматыдағы Египет-Қазақ уиверситетін бітіргендер арабтық дәстүр салтты, Түркияда бітіргендер түріктік діни дәстүр салтты үйреніп келгендер. Бұған парсы мен татарстанда оқып келгендерді де қосуға болады. Олар сол елде өзі оқып біліп келгендерін қазақ жадына сіңіргісі келеді. Бүгінгі елімізде қалыптасып отырған діни ағымдардың түп негізі ең алдымен имамдарымыздың алдымен өз елімізде өз дәстүрімізбен тәрбие алмай осы бөтен елде діни білім алуында жатыр. Бұл орайда өзіміздің қанымызға сіңген дәстүрлі қазақы Исламымыз өзін-өзі көрсетіп жатса құба құп. Менің осы; «өзіміздің дәстүрлі қазақы Ислам дініміз» деген сөзіме үрке қараушы діндарлар табылуы мүмкін. Үркетін дәнеңе жоқ, Құранның өзінде; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13) - деп ескерткен. Демек, Жаратушымыз бізді ұлт етіп жаратқан екен, әр ұлттың өзіндік ұлттық дәстүрі болатындығын ешбір діндар жоққа шығара алмайды. Олай болса ол ұлттың дінін, дербестігі мен бірлігін сақтау және қорғау әрбір мемлекеттің, ұлт азаматы мен дін иелерінің абыройлы борышы. Сырт елден білім алып келіп, дінге тұлға болғысы келіп жүрген кейбір дін дүмшелері «Ислам діні ұлтқа түспеген, жалпы әлем жұртшылығына түскен» - деп дінді ұлттан қашқақтатқысы келеді. Бұл - түбірімен дұрыс емес пікір. Алдымен ұлтыңды сүй. Дін деген Алланың өзі ұлтқа бөлген соң, ұлттан бөлінбейтін - сенім. Ұлы - сенім! Мұндай сенімі болмаса ел бірлігі, ұлт бірлігі туралы, оның іргесінің мықтылығы туралы әңгіме де айтуға еш негіз болмайды. Біз қазақпыз, қазақ болып қаламыз, бізге басқа еш бір ағым емес, бүгінге дейін ата бабаларымыз ұстанып келген Йәссауий ілімін ұстанған қазақы Ислам керек. Осыны оқытып үйрететін ұстаздар қауымы елде әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Соның көрінісі дінді біледі деген имамдарымыздың өзі ары кеткенде Құранды жатқа оқитын қарилық дәрежеден аспайтындар.
«Отан, ел»- деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Құран сүрелеріндегі аяттар да – болған, болып жатқан және ақыр заманға дейін алдағы болатын оқиғалар негізінде тізілген тарих және бағыт беретін сабақ. Біздің еліміздің де ғасырлар бойы қалыптасқан өз тарихы бар. Сол тарих та - дәстүріміз бен салтымызға сай ұстанған заңымыздың болғанын мақұлдайды. Сол заңның қай-қайсысын зерделеп қарасақ та еліміз еш уақытта өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, Ислам мемлекеті болып құрылған кездері Ата жұртымыз әлемде барынша гүлденіп шарықтаған дәуірді басынан кешкен. Ал мемлекет – өз дінін әлсіздендіріп, оны басқаруға алауыздық енген кезде – күйреген. Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мемлекетінің тарихы.
Құрметті Елбасы, Сіз діннің құдіретін, қадірі мен қасиетін құрметтейтін жансыз. Оны тікелей өзіңіздің ұйымдастыруыңызбен Астанада Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің басын қосып, жүйелі түрде өткізіп жүрген сьездермен толық мойындаттыңыз да. Әлем дін басшыларымен Сіз өткізген әр құрылтай барысында мемлекетті діннен қашқақтауға болмайтындығын, қайта дінмен жақындаса отырып, елдің ертеңіне сенімін арттыруға болатындығына өзіңіздің де, Үкімет пен Өкіметтің де, әлем мемлекеттері мен қайраткерлерінің де көзін жеткізіп отырсыз. Бұл не деген сөз – Сіздің әлем дінімен біте қайнасып жұмыс істеп отырғандығыңыз. Бұған қосарымыз, бірнеше рет Алланың бұйыртуымен екі патшаның бірінің қолы жете бермес бақ, Мәдинедегі пайғабарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сүйегі жатқан жерге кіріп, зиярат жасап қайттыңыз. Еліңізге, халқыңызға имандылық тіледіңіз. Мен ойлаймын, Алла тағалам, ешкімнің араласуынсыз егемендігін өзі сыйға тартқан елдің Елбасы болған соң, өзінің сол мейірім кеңшілігімен Сізге, соңғы пайғамбарымызбен шүйіншіленген Исламға жанашырлық етсін деп ишара да жасаған болар... «Шіркін, осы белсенділігіңізді өзіміздің ішкі дінімізге де жанашырлықпен көрсете білсеңіз қандай жарасымды болар еді»- деген тағы тілек бар. Осы орайда кешегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесу өткізуіңіз өте құптарлық тірлік болды. Бірақ сіздің жасаған осы мүмкінедігіңізді сол дін басшылары дұрыс пайдаланып, елдегі діннің жайын қалай жақсартуды сізге жеткізе алды ма, әлде форумдағы айтқан дәрмесіздіктерімен шектелді ме, оны мен білмеймін. Өйткені, біздің қазіргі кейбір қайраткер діндарларымыз негізінен бес уақыт намаз оқумен шектеліп қалғандар, олар намазға дейінгі көзге көрінбейтін Құдайға ниетпен жасалатын, алып отырған дәреттің қасиетін де діндар ретінде толық білмейтіндер, мықты дегендері бар жоғы Құранды жатқа білетін қарилар. Құранды қарилықпен жаттау діни ғұламалықты танытпайды. Ахиретте Құран жарысы болмайды, сұрау - шын ниетімен Құранда айтылған парызды орындаудан, имандылықтан болады. Сондықтан шын дін ғұламасының болмысы басқа болады, олардың аузында Алланың өзі сөйлейді.
Ислам – болмысында мемлекетті қолдайтын дін. Ол Үкіметке, яғни билік жүргізушіге қарсы шығуды құптамайды. Ел бірлігін сақтай отырып, бейбіт жолмен дамуды көздейді. Билік басында отырғанды ол Алланың бұйрығымен болған іс деп мақұлдайды. Құрани Кәрім де; “Аллаға, оның Пайғамбарларына және оның жердегі билеушілеріне бас иіңдер”-деп қуаттау білдіріп, сенім бар жерде ғана мемлекеттің қуатты болатындығын ұғындырып қойған. Қазіргі айтылып жүрген Ұлттық идеяның өзі – халықтың өзі жайлы ойлауы емес, Құдайдың халық жайлы ойлауы. Осының бәрін сақтайтын ұлттық тәртіп. Ұлттық тәртіп ми мен тілге бағышталған болмаса, Алла айтқан дініге бағышталған болмаса, ол ұлт құриды. Алла оны көктен құртады. Жоқ қылады. Өшіреді.
Менің қолымда қазір «Ілім әліпесі» мен кезінде Мауераннахр жерінде мемлекеттің күш қуаты мен тұрақтылығын сақтау үшін; «Ережелер мен заңдарды Исламға негіздедім, өзім де қатаң ұстандым»- деп өсиет қалдырған жиһангер қолбасшы Әмір Темірге рухы қонған Йассауийдің жер асты өмірінде Алламен сөйлескен «Сары кітабы» бар. Жеті деңгейден тұратын «Ілім әліппесі» - ілім тікелей Құдайдан келетінін, оны Алла Тағала өзі таңдаған адамына беретінін, Алла адаммен сөйлесетінін, Құран – Құдайдың бар екенін сездіретін тірі кітап екендігін, құдірет екендігін, діннің қарапайымдылығын, Исламды ұстану керектігін, оның адам бойында барлығын, адамдар Тәңірден сұрап алып қана бақытты болатындығын, ұлт мәселесін дұрыс қабылдап, дін мәселесін дұрыс ұстанбағандар адами қасиеттен кетендігің түсіндірсе, «Сары кітаптағы» әулиенің Жаратушымен болған әңгімесінде келешек Исламның қайта көктейтін топырағы, түлейтін мекені қасиетті Түркістан екендігі, бұл жер болашақта діннің гүлденген ошағы болатындығын, Тәңірім солай тағайындағанын, «Йассы» сөзінің өзі «ыңғайланған, даярланған, бұйыртылған, қасиетті» - деген мағананы білдіретінін немесе дінді тұтынуда ыңғайластырылған «Дайын ыдыс»- десе болатынын, бұл жерге Әулие тас лақтырса да өсетін жер екендігін айтыпты.
«...Бұл жердің ерекшелігі – басқа жерде отырып адам дінді қабыл ала алмауы да мүмкін. Алғанымен, ұққанымен, мойындамауы мүмкін. Мойындағанымен іске асыра алмауы мүмкін. Ал бұл жер ерекше іске асып, ерекше қабыл алуға о бастан бейімделген жер. Осындай дайындалған асыл жерде тұрып, «дінді түсінбедім, қабылдай алмадым, біздікі дұрыс емес, әркім өзінше өмір сүріп жатыр» -деген сөздерді Түркістанда мүлде айтуға болмайды. Тіпті, бұл жердің абақтысында да мұндай ұшқары сөзді айтуға болмайды. Негізі бұл жерге қандай ағаш ексең де қасиеті күшті, нұры биік, жолы ашық болып өседі. Осы қасиетті жерде дүниеге келетін адам дін ұстанатын болса оның ерекшелігі болады. Бірақ сол жерде жүріп дінді бұзғандар түбі бақытты болмайды. Түркістан рухтың көкке ұшуына ыңғайлы жер. Қайта тазаланып, қайта қонуға ыңғайлы жер де осы. Алла Тағала топырағын өзі мадақтап, сол топырақтан біткен адамдардың сүйегі де, ішкен асы да, мадақтауға келіп тұрғаннан кейін «діннің гүлденетін ошағы» деген шығар. Рух аруаққа сөйлейді. Рух аруақ болып келе де алады. Рухың сөйлемесе сен кімсің? Келер ұрпақ осыны ұғынсын»- деп аманаттап кетіпті. Осы аманатты кім қалай қабылдайды?
Сондықтан, Сізді еліміздегі өзіңіз негізін қалған мемлекеттік құрылымының ішкі діни жұмысына жанашырлық танытады деген оймен осы хатты өз атыңызға жазып отырмын. Құранда; «Алла Тағала қалаған адам баласымен көкейіне салу түрінде немесе перде артынан сөйлеседі; не бір елші жіберіп Өз қалауымен қалағанын уахи етеді. Күдіксіз Ол өте жоғары, хикмет Иесі.» («Шура», 51 аят) -деп ескерткен. Дінге тіл тигізіп, дінімізді күстаналауға ешкімнің қақысы жоқ. Алланың дінімен ойнау ешкімге, еш елге абырой әпермейді. Артық-әбес сөзім кетсе кеңшілікпен қарарсыз. Сіз – тақта, мен – «таста» отырмын, тақтың сұлуы Жаннатта. Алла имани көзқарасыңызды ашсын. Дәстүрлі Исламымызды Тәңірім қолдасын. Алланың әмірінсіз ештеңе де жазылмайды, сондықтан Тіңірдің әмірімен жазылып отырған бұл хат ел игілігіне жарар – қазына, өзім үшін Алламның дидарына қауышу үшін жазылған дәнекер дүние болуын тілеймін.
Сәлеммен, Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, ілімгер
Abai.kz