Әндіжанда балмұздақтан жаппай улану оқиғасынан соң үш кәсіпкер ұсталды
Өзбекстанның Әндіжан облысы Шахрихан ауданында балмұздақтан жаппай улану оқиғасынан соң үш кәсіпкер қамауға алынды. Жергілікті билік балмұздақ сататын барлық дүкенді жабуға мәжбүр болды.
Шахрихан ауданында балмұздақтан уланған 200-ден астам адам ауруханаға түскен. Дереккөз мәліметі бойынша, аймақта 1,5 мыңға жуық адам уланып қалған.
Дәрігерлердің айтуларынша, Шахрихан ауданында санитарлық-эпидемиологиялық станция қызметкерлері балмұздақ шығаратын кәсіпорындарды уақытылы тексермеуінің салдарынан адамдар жаппай уланған. Оның үстіне, төтенше жағдай тіркелген күні аудандық ауруханада кезекші дәрігер болмай шыққан.
"Шахриханда балмұздақ шығаратын кәсіпорындарды жылына бір мәрте тексеру керек. Кәсіпорындар тексерудің қашан болатынын жақсы біледі", - деді шахрихандық дәрігер.
Әндіжан облыстық құқыққорғау органының мәліметі бойынша, уланып қалған тұрғындар балмұздақты аудан орталығындағы "Макс" кафесінен алғандарын айтқан.
Абай-ақпарат