Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 8225 6 пікір 22 Мамыр, 2017 сағат 09:57

Шапанның қадірі кетіп барады

Қазір қазақтың қай тойына, қай қуанышына бара қалсаң, көретінің,  жабыла шапан жабу жарысы дер едім.

Біз «келмеске кетті деп жүрген» Совет империясы кезіндегі жақын досымның қазақ шапанының тағдыры жайында айтқан мына бір сөзі есімде қалыпты:

- Білесің бе, Жұмаш, бүгінде Алматыда 20-дан астам шапан бар екен. Әлгі 20 шапан жыл бойы қала қадірлілерінің қуанышын айналып жүретін көрінеді. Бір жолы туған күніме кигізген шапанға байқатпай белгі соғып, басқа бір қуаныш иесіне сыйлағаным бар. Арада бір жыл өткенде менің тағы бір қуанышыма әлгі өзім белгі соққан шапанымның қайтып келгені бар, - деп айтқаны еді...

Рас, Кеңес дәуірінде шапан аз болды. Оған қолы жеткендер ғана ие болатын. Бүгіндері шапан тігушілер көбейіп, шапан сапасы жақсарғаны тағы бар. Бірақ, шапан жабу жарысы өршімесе, басылған емес.

Менің білуімше, қазақ шапанды өзінің аса сыйлы әрі қадірлі туған құдасының ғана иығына жапқан. Ал, қазір ше, 40, 50, 60, 70, т.б. жасқа келгендерге шапан жабу бұлжымайтын заңға айналып бара жатқандай әсер етеді.

Қайталап айтамын, қазақ шапанды өзінің туған құдасының ғана иығына жапқан. Ал, қазір қазақ шапанын, қазақты қойып, барша мұсылмандарға да, барша кәпірлерге де, ағылшындарға да, қытайларға да, негрлерге де жаба беретін болған.  Меніңше бұны қазақ шапанын қорлау, мазақ ету деп ұғу керек.

Тіпті, басқаларды айтпағанның өзінде, қазақ шапанын кез келген жастағыларға да жаба беретін болыппыз.  Біз бұл дарақылықпен қазақ шапанының қадірін арттырып емес , керісінше кері кетіріп отырмыз.

Қазақ шапанды аса әспеттеп, құрмет тұтқан!

Қасиетті қазақ шапанын, дінімізді, тілімізді, ұлттық дәстүрімізді білмейтін, білгісі де келмейтін, менсінбейтін кім көрінген қайдағы бір кірмелердің иығына  жауып, не барқадам таппақпыз?

Ол шапан жапқан қонағың, қазақ шапанының қадірін біле ме екен әуелі?

Қорыта айтқанда, қазақ шапанының қадірін кетірмейік, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» (Абай) - деп ойымды түйіндегім келеді.

Менің жоғарыдағы айтқандарыма, өзіндік пікірме – қарсы дау айтатын немесе тағы да қосып тереңнен ой қозғайтын азаматтар табылып жатса, олардың айтқан уәжіне құлақ асуға әзірмін?

Жұмаш Көкбөрі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2059