Жетісулық ақын-жазушылардың шығармалары жарияланған 39 кітаптың тұсауы кесілді
Жетісулық ақын-жазушылардың 2017 жылдың I тоқсанында Алматы облысы әкімінің қолдауымен шыққан кітаптарының тұсаукесері Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өтті. Оқырмандарға түрлі мазмұндағы 39 кітап таныстырылды. Олардың арасында позиялық, прозалық, ғылыми және публицистикалық кітаптар бар.
«Жырға тұнған мекенім - Жетісуым» атты тұсаукесер шарасын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жүргізді.
- Мәдениет пен әдебиетке қамқорлық жасау мақсатында Мемлекет басшысы осыдан 14 жыл бұрын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы бағдарлама аясында 2006 жылдан бері Жетісу қаламгерлерінің кітаптарын шығару дәстүрге айналып келеді. Жыл сайын оқырманға жол тартқан жаңа жинақтар өңірдің руханиятына үлкен үлес болып қосылып, жас ұрпақтың танымын кеңейтуге ықпал етіп келеді, - деді Жақсылық Омар.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары облыс кітапханаларына енгізіліп жатқан «Электронды мемлекеттік кітапхана қоры» жобасы шеңберінде шығарылған кітаптардың сандық таспаға енгізу жүріп жатқанын және басқа да атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Мұнан соң «Сезім сыры» кітабының авторы Хасен Көптілеуов ақ батасын беріп, Қазақстанның халық әртісі, актер Нұржұман Ықтымбаевпен бірге кітаптардың лентасын қиды.
Тұсауы кесілген кітап авторлары өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Олардың қатарында Қазақстан Сурет академиясының президенті Аманқос Ақанаев, «Картиналар топтамасы» фотоальбомының авторы Марат Нүсіпов, «Жеңіс - Победа» кітабының авторы Виктор Никитин, «Айқабақ» кітабының авторы Әміре Әрін, сол сияқты «Тау мен өзен баяны», «Жетісуға құйылған жылғалар» атты жинақ кітаптарының құрастырушылары Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосын және басқалары бар. Сөз сөйлегендер Алматы облысында әдебиеттің дамуына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, кітап шығаруға көрсетілген қолдаулар үшін ризашылықтарын білдірді.
Арайлым Мелдешова
Аbai.kz