Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Бетбұрыс 6305 6 пікір 24 Мамыр, 2017 сағат 15:03

Президент болғың келе ме? Партбилетің қалтаңда болсын!

Енді Қазақстан Президенттігіне үміткерлер өздерін-өздері ұсына алмайды. Мәжіліс дауыс берген "Қазақстандағы конституциялық заңдарға өзгертулер енгізу" туралы заң жобасында бұл жайт анық жазылған.

Соның ішінде, "Сайлау" туралы конституциялық заңға да өзгертулер енгізілген. Сөйтіп, ендігі жерде президенттік сайлауға кандидаттар өздерін-өздері ұсына алмайтын болды.

Сайлау процессіне енгізілген бұл өзгеріс қаншалықты тиімді? Бұл талап халықаралық талаптарға сай ма? Халықаралық қоғамдық ұйымдар бұған не дейді? Бұл елдегі адам құқығын бұзбай ма? Біз сарапшылардың пікірін білуді жөн көрдік.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты, коммунист:

-Дәл осы норманы білімі таяз, білігі жоқ кейбірлеулер өздерін-өздері жарнамалау үшін және басқа да мақсаттарға пайдаланып келді. Сондықтан, ендігі жерде президенттікке үміткерлерді саяси партиялар немесе республикалық қоғамдық ұйымдар ғана ұсыну керек деген мәселемен толық келісеміз. 

Мәжілістегі ең егде депутат Владислав бабай Косаревтің айтуынша, жаңа ережелер саяси процесс мәдениетін өсіріп қана қоймай, елдегі саяси партиялардың қайта тіріліп,жұмысының жандануына сеп болатын көрінеді.

 

Ермұрат Бапи, журналист:

-Бұл талапты Қазақстандағы адам құқығын ашықтан-ашық аяққа таптау, бұзу деп түсінемін. Кез-келген Қазақстан азаматы сайлауға қатысып, үміткер болуға құқылы. Бұл жәйт Конституцияда да анық көрсетілген. Аталған Заң жобасы Ата Заңға қарсы жасалған қылмыспен тең, керек десеңіз.

Ал енді конституцияны ары-бері өзгертіп, оған реконструкция жасай беру кімге тиімді? Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме...

Әміржан Қосанов, саясаткер:

-Бүгін президенттікке үміткерлерге айтарлықтай тосқауыл қоятын заң қаралды. Соның ішінде, бес жыл мемлекеттік қызметте болмағандар сайлауға түсе алмайды екен. Меніңше, билік осындай заңнамалық өзгерістер арқылы өзінің президент сайлауы қарсаңындағы үрейі мен қорқынышын ап-анық танытып отыр.

Конституция бойынша, кез келген Қазақстан азаматы Президент бола алады! 

Екінші жағынан, Президенттікке тек партия ғана ұсына алса, келесі үміткерлер Перуашев, Косарев, Тұяқбай (не басқа біреу, мәселен, Баталова) болады деген сөз. Мәселе - "Нұротаннан" кім болады?" -  дегенге де тіреліп тұр. Нағыз тартыс сол жақта болатыны сөзсіз.!

P.S. Естеріңізге сала кетейік, осы уақытқа дейін елімізде болған Президент сайлауы науқанына көріпкелдер мен балгерлер де өздерінің кандидатурасын қатарынан бірнеше рет ұсынған еді. 

Әзірлеген Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063