Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6331 0 пікір 31 Қазан, 2010 сағат 21:16

Ерлан ЖҮНІС. Қазақ эстрадасына жаңа тақырып қажет

Жас орындаушылар қандай тақырыптарда ән салып жүр? Патриоттық, діни, махаббат, тұрмыстық. Дені махаббат тақырыбындағы әндерді орындайды. Жастыққа тән көңіл күй. Және жас тыңдармандар тарапынан осы тақырыпқа сұраныс та жоқ емес. Екі ортада көпір орнаған, сезімнің көпірі.

Жас орындаушылар қандай тақырыптарда ән салып жүр? Патриоттық, діни, махаббат, тұрмыстық. Дені махаббат тақырыбындағы әндерді орындайды. Жастыққа тән көңіл күй. Және жас тыңдармандар тарапынан осы тақырыпқа сұраныс та жоқ емес. Екі ортада көпір орнаған, сезімнің көпірі.

Жас орындаушылар махаббат мәселесіндегі айналдырған саусақпен санарлық сюжеттерді қайталап отырады. Ақиқаттың біреу, ал оны танудың жолдары әртүрлі болатыны секілді, махаббат та бір құбылыс, сүюдің, оны жырлаудың формалары да сан алуан. Баянсыз махаббат тарихы, сүйген жанға сезімін жеткізе алмау, сүйген адамын жоғалтып алу, ол жанның өзгені сүюі, бірін-бірі түсіне алмау, көңілін қалдырып қою, іздеу, бірақ таба алмау, бір көргеннен ұнатып қалу, өзге жаннан қызғану. Осылай өрістей береді. Ал бізді ойландырғаны басқа. Неге жас орындаушылар жолы болмаған сезімнің баянын айтуға әуес? Әрине, ол мәтінді жазушы автордың сезім мәселесіндегі жеке тәжірбиесінің жемісі. Көңіл күйі. Оның үстіне, әуеннің табиғаты соны сұрауы мүмкін. Бірақ жас әншіде таңдау құқығы бар ғой. Ол өзінде таңдау еркі бола тұра, сәтсіз сезімнің тарихын таңдап отырады. Бұл - өте жіңішке мәселе. Жаңа замандық көзқарастар тудырған қазіргі сезімнің тұрақсыздығы мен көшпелілігі ең бір құпия әлем - махаббат әлеміне де дендеп кірді. Әнді адам баласы иә көңілі шалқығанда, иә мұңға батқан шағында тыңдайтыны анық. Қазіргі жас орындаушылар, негізінен, сол мұңға батқан жүрекке қызмет етуге ұмтылады. Алайда көңілін көтеруге емес, одан сайын мұңайтуға бейім. Біздің табиғатымызда өзгенің уайым-қайғысын аса жоғары сезінушілік бар. Ұлттық сезімталдылық жақсы дамыған. Ђзгенің мұңынан өз мұңыңды тану бар. Жас орындаушылар қазіргі тілмен айтқанда, «хит» ән жасағысы келеді. Бір қызығы, сол «хит» болатын әндердің көбі махаббат трагедиясы. Мұны көпшілігі меңгерген. Аяушылық сезімін тудыратын әндерді тыңдарман ерекше қабылдайтынын ұғыну - сол сезімді тудыру арқылы танымалдылыққа алып келетін жол екенін меңгеру бар. Осы элегия көрер көзге байқала бермегенімен, жастардың психологиясын, махаббат жайлы түсінігін, сезінуі мен түйсінуін қалыптастырып отыр. Былайша айтқанда, ішкі еліктеуге мәжбүр етеді. Сезім мәселесінде ол ән сюжетіндегі трагизмді, мұң тарихын қайталауға бейімделе бастайды. Яғни ол сезіну қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынастың кульминациясы, классикалық үлгісі ретінде көрінеді. Жасырын емес, бұрын да, қазір де әр буын психологиясы өз кезеңдеріндегі әндер арқылы қалыптасып отырады. Мәселен, 30-40, 50-60, 70-80 жылдардағы бүгінгі тілдегі «ретро» әндер тұтас бір ұрпақты рухани қамтамасыз ете алды. Құрама Штаттардағы Майкл Джексон мен Ресейдегі Алла Пугачева, айтқан ауыз жазықты, «ұрпақтың рухани ұстазы» дәрежесіне дейін көтерілді. Оларды сүйді, құрметтеді, солар үшін жан беруге даяр тұрды. Қазақ эстрадасы Шәмші Қалдаяқовтың дәуірінде қалай өзгергенін білеміз. Оның әндері мен әнге жазылған сөздердің эстетикалық мәні, әдемілігі моральдық ұстанымдарға айналып кетті. Қызды сүюдің, махаббатты сезінудің сипаты ізгіленді, кемелденді. Міне, әннің қоғамдық қабылдаудағы орнын осылардан аңғаруға болады. Бүгін екі адамның бірі сазгер, бірі мәтін жазушы болғандықтан эстетикалық түйсінуіміздің жапа шегіп жатқанын жасыра алмаймыз. Ал оны саралап, сұрыптайтын көркемдік кеңес бар. Бірақ бәрінде емес. «Байдың мысығы да қоян алады» дегендей, ақша сөйлеген жерде көркемдік туралы, талғам мен таным жайлы әңгіме қозғаудың өзі күлкілі. Ән өнеріндегі барлық мәселені жиып, жылы жауып қоя салалық. Көнейік, көтерейік. Ал «зарланған» мазмұнды қайтеміз? Сезімдегі сергектік қайда? Біздің табиғатымыздағы сол бір аяушылық сезімі «жыламсыраған» әндерді тудыруға себепкер. Қат-қабат, кейде адамның өзіне бағынбайтын күрделі сезімдердің әлемі - «интимді әлем» заманауи «китчпен» бетпе-бет келген кезде, соншалықты арзандап кететіні жаныңды ауыртады. Үлкен қалалар көз жасыңа сенбейді, алайда көз жасыңды да сатуға болады. Поэзиядағы мұң, уайым - әдеби құбылыс, ал бүгінгі ән мәтіндеріндегі қайғылану - тыңдарман сезімімен ойнау, әлеуметтік утопия. Бұл неден туындайды? Саздың және мәтіннің орындаушы даусының диапазонына және моральдық-адамгершілік келбетіне қарай жазылмаудан. Авторлық әндердің аз болуынан. Сондықтан жас орындаушылар қолына түскен, өзі сәтті деп есептеген әндерді алып, орындауға мәжбүр. Кейінгі екі-үш жыл тек экономикалық қана емес, рухани тоқырау да болды. Қазақ эстрадасы ғана емес, арысы әлемде, берісі көрші Ресейде жаңа - жасампаз әндердің тумағандығын байқап отырмыз. Ескі әндерді өңдеу бар. Бұл нені көрсетеді? Бұл адамдардың қабылдауы, сезінуі мен түйсінуінің жаңа деңгейге ауысқанын білдірсе керек. Ән - сезімнің тарихы, жеке адамның дүниесінің жалпыұлттық кейіпке енуі. Халықты сендіре алу және орындап тұрған нәрсеңе өзің сену. Қазақ эстрадасына тақырыптың, тақырыпқа барудың жаңашылдығы қажет. Мұңайған жүректі жылату ең оңай тәсіл, ал жұбату - таза өнердің ісі.

 

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036