«Мына орыс апай қашан жаурар екен?»
Тараздан шыққан «Спринтер-Мерседес» Алматыға зулап келе жатыр. Ақыртөбеге жақындағанда шопырдың қасында отырған жас жігіт терезені сәл ашып, темекі тұтатты. Енді құшырланып шеге бергенде ортаң белде отырған жалғыз орыс әйел «Не курите» деп баж ете қалды. Ана байғұс жалма-жан темекісін әйнектен лақтырып жіберіп, бұға қалды.
Қордайдан өткеннен кейін магнитофондағы музыкадан маза қашты. Даусы құлақ жарады. Және шетелдің мәнсіз музыкасы. Тыңдап отырып шаршайсың. «Жайырақ қойса қайтеді екен» деп қалды арттағы қазақ апай... Бірақ, даусын шығарып айтуға батпады. Сәлден кейін орыс апай айтты айқайлап... Музыканың үні өшті.
Кештетіп Алматыға жақындасақ, жаңбыр жауып тұр. Таразда күн ыстық болатын. Салонның іші суи бастады. Оның елең қылған шопыр жоқ. Терезесін ашып қойып, машинаны барынша зуылдатып келеді. Ашық терезеден салқын самал ұрып тұр. Мен ғана емес, бәрінің тоңып отырғаны анық. Бірақ, айқайлап айтайын десең, ыңғайсыз сияқты. Біртүрлі ұят. Басқа біреу айтар ма екен деп жан-жағыңа қарап қоясың...
Сөйтсем арт жақта отырған бір жігіт «Мына орыс апай қашан жаурар екен?» деп күліп қояды.
Шынында осындай көпшілік ортада бізге қарағанда орыс-кәрістерің өздерін өте еркін сезінеді ғой. Біздікі бір ұяңдық па, ибалық па, ынжықтық па, әйтеуір бірнәрсе.
Оралхан Дәуіт
Facebook-тегі парақшасынан