Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкеткісі келген әйелдер
«Еркек тоқты – құрбандық»...
Өткен ғасырдың басындағы жаппай қуғын-сүргін жылдары қазақ дүниетанымындағы осы сөздің мағынасы кәдімгідей өзгерді. Қазақ аналары, әйелі, баласы да қан сасыған саясаттың құрбанына оп-оңай айналғанын осы күні бәріміз де білдік қой. ҰҚК мұрағаты қызметкерімен әңгіме барысында бала-шағасы аштан өлмеуі үшін егіс даласынан бір уыс бидай алып, сонысы «әшкере болып», «Кеңес өкіметі экономикасына залал келтірген зиянкес» ретінде айдалып, қамалған қаншама аналар, әйелдер тағдырының обалы жүйенің мойнында кеткенін айттық. Одан өзге, «Халық жауларының» жары, баласы болғаны үшін Сібірдің суығына денесін тоңдырып, Қарағанды даласындағы лагерде азап шеккендер саны қаншама? 1921-54 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан аса адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген деген дерек бар. Қазақстандағы НКВД қызметі 183 ұйымды «әшкерелеп», жалпы саны 3720 «тыңшыларды» тапқан...
Біздің әңгімеміз, сол аласапыран уақыттың құрбаны болған, ең ауыр жаза – ату жазасы үкім етілген әйел адамдар туралы.
Иә, «Еркек тоқты – құрбандық» дүниетанымы өзгерген уақытта, әйел заты да, «халық жауы» деп танылып, өзгелерді уламау үшін «ату жазасына» кесіліпті.
Сонымен, мәліметтердің ұзын ырғасын білу үшін «Сталиндік қуғын-сүргін заманында үштіктің үкімімен ату жазасына кесілген қазақ әйелдерінің дерегін сұрап» ҰҚК-ге хат жөнелттік. Бізге келген жауап хатта «1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жалпы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-шы бабына сәйкес, Ш.Шонанова, Т.Сүлейменова, М.Таңатоваларды айыптау бойынша қылмыстық істермен (процессуалды емес құжаттармен) Департаменттің (Алматы қаласындағы) қабылдау бөлмесінде таныса алатынымыз» жөнінде хабарлама алдық...
Төре тұқымы
«Хан баласының мойнында қазақтың өтелмеген қақысы бар еді, соны ақтауға тырысам, қазаққа қайтсем де қызмет қылам» деген Әлихан Бөкейхан мұратын сұлтан тұқымы, текті төре қызы Шахзада Шонанова өмірінің темірқазығы қылуға ұмтылғандай болып көрінеді бізге.
ҰҚК мұрағатындағы № 06007 іс Шонанова Шахзадаға арналған. Шахзада Шонанова – өткен ғасыр басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған еді. Оның Алаш мұрасына, қазақ халқына сіңірген, сіңіргісі келген көп еңбегін түгелдей санамалап жатпай-ақ, бір-ақ ауыз мысал келтірсек те жеткілікті ғой деп ойлаймыз. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде «Бақытсыз Жамалды» бірінші рет Шахзада Шонанованың аузынан естігенін айтады. Тағдырдың жазуымен екі рет тұрмыс құрған Шахзаданың алғашқы жары Телжан Шонанов Алаш ісі бойынша айыпталып, ол да «Халық жауы» есебінде ату жазасына кесілген болатын. Шонанова 1937 жылға дейін Алматы қаласында, Красина көшесі, № 51 үйде тұрған. Дәл осы үйден тұтқынға алынған. 1903 жылы 5-ші сәуірде Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Сырым ауданында дүниеге келген Шахзада Аронқызының «тұтқын анкетасында» әкесі – бай-жартылай феодал деп көрсетілген. Қаратаев Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне (1920), кейіннен Алматы медицина институтына (1931) түскен Шахзада «тап жауының қызы» деген айып тағылып, екеуінде де оқудан шығарған. 1922-26 ж. Оралда губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет істейді. 1928 ж. Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болды. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады. 1936 ж. қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмайды. 1937 жылы осы факультеттің 3-курс студенті Шахзада тұтқындалады (Деректер Мұхит Мерәлі атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейінен алынды). Тағылған айып: «1926 жылдан буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығындағы қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған. 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген... Жасаған қылмыстарына кінәлі деп табылған Шонанова Шахзада ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіліп, оның иелігіндегі дүние-мүлкі түгелдей тәркіленсін». (ҰҚК мұрағаты, № 06007 іс, 1938 жылдың 9 наурызындағы жабық сот отырысының Үкімі. Төраға – А.Д.Горячев, мүшелері Г.А.Алексеев, А.И.Микляев. Хатшы – 3 дәрежелі әскери заңгер Н.И.Шапошников).
Үштіктің үкімі сол күні орындалған. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, сталиндік репрессия жылдарында ату жазасына кесілген қазақ қыздарының бірі Шахзада Аронқызының ісіне көз жүгіртіп отырып, оның сауатты болғанына көзіміз анық жетті. Тіпті, «Тұтқынның қолы» деген жерде де «Шонанова» деген маржандай тізілген жазу тұр. 1958 жылы «қылмыс құрамының жоқтығына» байланысты ақталған. Өкінішке қарай, жазықсыз құрбан қазақ әйелдерінің қай жерге жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз. Алаш істеріне қатысты «Халық жауы» деген айып тағылған Телжан Шонанұлы 1938 жылы 27 ақпанда ату жазасына кесілсе, араға небәрі 10 күн салып, 9 наурыз күні әйгілі Қаратаевтардың тегі, Шахзада Шонанова атылып кете барады...
Жиырма жылдан кейінгі жоқтау
1957-1958 жылдары Сталиндік жаппай қуғын-сүргін құрбандары шетінен ақтала бастады. 1937 жылы ату жазасына кесілген Мәжен, Торғай Сүлейменовтердің «өкімет пен партия алдында еш кінәсі жоқтығы» айтылған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының ақтау қағазы марқұмның отбасына жөнелтіледі. Мәжен мен Торғайдан қалған перзенттері – немерелерін бауырына басып, аузымен тістеп өсірген осы үйдің кейуанасы ақтау қағазын қолына ұстап, көзінен жас парлап, дауыс сала зар еңіреген екен. Жиырма жыл бойы іште булыққан зар әйтеуір сыртқа бір ақтарылар, боздақтарды жоқтар күн туғанына да шүкіршілік еткен шығар, бәлкім. Жиырма жыл өткен соң. Алайда Сүлейменовтерге жиырма жыл бойы «Халық жауының» тұқымы деген таңба не көрсетпеді десеңші?..
...О заманда бұ заман үйіне келген қонағына дастархан жайып, асын ұсынған қазақ баласы айыпты болды дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз, біздің келесі кейіпкеріміздің үстінен қозғалған іс тікелей осыған байланысты.
Торғай Сүлейменова 1937 жылдың наурыз айында, оның Құдай қосқан қосағы Мәжен Сүлейменов 1937 жылдың сәуір айында тұтқындалған. Айыптары: 1936 жылы Қарағанды өз алдына жеке облыс болып құрылғанда, облыстық атқару комитетінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков Сүлейменовтердің үйінде қонақта болады. Міне, осы Абдолла Асылбеков «Халық жауы» атанып қамалғанда, ауылдың кейбір жалақорлары «ерлі-зайыпты Сүлейменовтер «Халық жауының» сыбайластары, соның астыртын ұйымында болған» деп НКВД-ға арыз түсіріпті. Ерлі-зайыптыларды бірінен соң бірін тұтқындап, Қарағандыға алып кетеді. Соңыра Торғайдың әкесі Қиқымды «молдасың» деп қамап қояды.
Торғай Сүлейменованы тұтқынға алғанда соңында шырылдап үш бірдей баласы қалады. Оның алты жастағы тұңғышы, Сайдалы Сүлейменов кейін бұл оқиғаны былай еске алады:
«1937 жылы, шамасы наурыз айының ортасы болса керек. Түн жарымында біздің үйдің есігін әлдекімдер сартылдата қақты. Әкемнің есікті ашуы мұң екен өңкей қара киім киген, бір топ адам үйге сау етіп кірді. Олар бірден шешеме дүрсе қоя беріп, ақыра сөйлеп, бол-болдың астына алды. Өздері үйдің ішін тінтіп, астаң-кестеңін шығарды. Біз қарындасым екеуіміз әжеміздің қолтығына тығылып, торға түскен еліктің лағындай қалтырап отырмыз. Әжем дауыс салып, жылаумен болды. Әкем мен шешемнің қандай күйде болғаны есімде қалмапты. Тек қара киім киген қорқынышты адамдар сүйреп бара жатқанда, шешем ұмтылып келіп Еркін екеуімізді кезек-кезек құшып, «Құлындарым-ай, не күйге түстік! Құлындарым-ай!» деп айқайлай жылағаны әлі күнге көз алдымда қалыпты» («Жаңа жол», 1993, 25 қыркүйек).
Торғай Қиқымқызы Сүлейменова 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келген. «Тұтқын анкетасында» «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» екені көрсетілген (ҰҚК мұрағаты, № 0867 іс). Тағылған ресми айып: «Әлсеневтің контрреволюциялық ұлттық ұйымына 1935 жылдың қазан айында кіріп, Әлсеневтің бұйрығымен колхоздарда төңкерісшіл кадрларды дайындап, контрреволюциялық, ұлтшыл ұйымға Шахман ауылдық кеңесінің төрағасы, партия мүшесі Сүлейменов Мәженді тартқан. Колхоздың жұмыс күшін әлсірету мақсатында «Исаев» колхозының төрағасы қызметін атқарған Сүлейменова колхоздан 1404 рубль жымқырған, стахановшылардың қозғалысына кедергі келтірген, «Исаев» колхозында мал басын кемітіп, 45%-ға қысқартқан...». 1937 жылғы 11-ші тамызда Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің (Төраға – жолдас Адамович, мүшелері – Пинхасик, Макатов, Шанкин. Хатшы – Иваненко) үкімімен ату жазасына кесілген. Үкім 15-ші тамызда орындалған. «Өте құпия» деп белгі соққан қағазда үштіктің сот отырысындағы үкіміне қатысты 11 адамды (тізімі толық берілген) атқаны туралы акт толтырылған.
Торғай Сүлейменова «Әлсеневтің ұлтшылдық бағытағы контрреволюциялық ұйымына мүше болғанына» байланысты айыпталғанын айттық. Әлсенев Рақымжан деген кім еді? Ату жазасына кесілген және бір топ болып атылған боздақтардың тізімін бастап тұрған Рақымжан Әлсенов «1896 жылы туған, бай тұқымы. Ұлтшыл ұйым құрып, Кеңестер одағын қиратқысы келген, Қазақ КСР-ін КСРО-дан бөліп әкетуді көздеген...».
Атылған 11 адамның ішінде Торғайдың жары Мәжен, әкесі Қиқым да бар.
КСРО-ны Қазақстаннан бөліп әкетпек түгілі, елдің о шеті мен бұ шетін аралай алмаған, Қазақстанның бір түкпірінде колхоз шаруашылығы үшін қыста сауыққа тоңып, жазда аптап ыстықта жүріп еңбектенген, Кеңес өкіметінің бұйрығын адал орындауға тырысқан, шала сауатты қазақ әйелі Торғай осылай атылып кете барады. Әлдеқалай көтеріліс-төңкерісте емес, озбырлықпен, қиянатпен, жаламен, кәдімгідей заңдық негізде үкім шығарып, үйінің шаңырағын ортасына түсіріп, бала-шағасын шырылдатып жетім қалдырып, қазақ әйелін ата салудың обалы кімнің мойнында?
...1989 жылдың 29 қазанында «Индустриальная Караганда» газетінің № 274 санында «КПСС қатарына қайта алынғандар» деген мақала басылады. Ол мақалада «Қарағанды обкомының партиялық комиссиясы шешімімен Шахаман ауылдық кеңесінің төрағасы Сүлейменов Мәжен, Шахаман колхозының төрайымы Сүлейменова Торғай КПСС қатарына өлгеннен соң қайта алынды» деп жазылған. Әрине, КПСС қатарына қайта алыну жүзін бақиға баяғыда бұрған қос боздаққа қаншалықты керек болды – бір Құдайға аян, әйтеуір жаны жаралы бала-шағасының, сол заманның илеуіне көндіккен замандастарының көңіліне бір сәтке медет болған шығар.
1993 жылы 6-шы шілдеде Киевка кенті тұрғындары жиналысының хаттамасы және халық депутаттары Кеңесінің «Көше аттарын өзгерту туралы» №32 қаулысы негіздерінде аудан әкімінің шешімімен осы кенттегі Киевская көшесі Мәжен және Торғай Сүлейменовтер көшесі болып өзгертілді. Бірінші Мамыр ауылдық кеңсесінің қабырғасына «Торғай Қиқымқызы мен Мәжен Сүлейменұлына артта қалған ұрпақтарынан мәңгілік ескерткіш» тақтасы ілінді...
Кедей теңдігі
Сәтиев Зайтты айыптау жөніндегі тергеу ісінде (ҰҚК мұрағаты, № 0638 іс) Таңатова Мәмилә есімді әйел аты ұшырасады. 1937 жылдың 29 тамызында сұраққа алынған. Латын қаріпімен, қазақша алынған сұрақ-жауаптан байқағанымыз: «Мәмилә Таңатова 1907 жылы, Қарағанды облысы, Қу ауданы, № 2 ауылда дүниеге келген. Кедей шаруа отбасынан шыққан, колхозда жұмыс істеген, революцияға дейін әкесінің тәрбиесінде болған, шала сауатты. Отбасы құрамы деген жерге «өзінен басқа жан жоқ» деп көрсетілген. Бірақ одан кейінгі құжаттарда күйеуі бар екені айтылады. Революцияға дейін сотталмаған, төңкерістен кейін «өзінің айтуынша сотталмаған» деп жазылған. Марапатталмаған, банда қатарында болмаған, контрреволюциялық ұйымдар мен төңкерістерге қатыспаған.
Кеңес өкіметі үшін мұндай өмірбаянның мінсіз саналғаны өтірік емес. Ендеше, Мәмилә ату жазасына кесілетіндей, неден «кінәлі» болуы мүмкін? Бұл жағы бізге де жұмбақ. Ал айыпталған Сәтиев Зайыт – ВКП (б) қатарынан шығарылған, бай баласы.
Қарағанды облыстық УНКВД үштігінің отырысында (8 қараша, 1937) жыл 39 адам ату жазасына кесіледі. Айып: «1935 жылы Қу ауданында Шамсутдинов құрған диверсанттық-зиянкестік, ұлтшылдық бағыттағы ұйымға мүше болған, ауданда колхоздың қирап-бүлінуіне, колхоз малының жаппай қырылуына қатысты диверсантты-зиянкестік жұмыстар жүргізген. Сталиндік конституцияны жалақорлықпен түсіндірген, Кеңес өкіметіне қатысты еңбеккерлердің толқуын ұйымдастырған, Қазақстанды КСРО-дан аластатқысы келген...».
Әрине, айыптылардың барлығы «кінәсін мойынына алған». Мәмилә да. Сөйтіп, «Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып кеткісі келген» қарапайым колхозшы – Мәмилә 38 боздақпен бірге, 39-шы болып, әйел адам екеніне қарамай, бұрын ешқандай қылмыстық ұйымда болмағаны, кедей отбасынан шыққаны елеп-ескерілмей, ату жазасына кесіледі. Бір таңқаларлығы, акт жасалып, 39 адамды ату жазасына кескенмен, 18 қараша, 1937 жылы атылды деген протоколда Таңатова Мәмиләның аты-жөні жоқ. Қызыл террор құрбандарының азалы кітабында ату жазасына кесілгендердің тізімінде Мәмилә Таңатованың есімі жазулы.
1957 жылы «қылмыс құрамы анықталмағандықтан» ақталған.
Ақтық сөз
Г.Панфилов түсірген «Бастау» атты фильмде француздардың отқа өртелген қайсар қызы Жанна Д,Арк өлер алдында: «қорқып тұрмын» дейтіні бар еді ғой. 30 (М.Таңатова), 33 (Торғай Сүлейменова), 35 (Шахзада Шонанова) жыл ғана ғұмыр кешкен қазақ қыздары, аналары суық қарудың ұңғысы өздеріне бағытталғанын сезген сәтте, талқаны таусылғанын ұққан кезде ойына нені алды екен? Аяулы жары, аялы бала-шағасы көз алдына келген болар? Өмірін бір сәтте аласапыранға айналдырған қандықол саясатты қарғады ма екен? Аспанға қарап, мұң-зарын еліне жеткізер алты қазды іздеген шығар бәлкім?
Оны біз білмейміз. Торғай Сүлейменова мен Мәмилә Таңатоваларды ең болмаса суретке тартып алуды артық санаған жүйенің «үздік» қызметкерлері нәзік жанды тіршілік иесін «қылмысты» деп тауып, «тас қопарып, тау теседі» деп ойласа керек, үш қазақ қызына да «КСРО-ны ыдыратады» деп «кіна артыпты»...
P.S.
Бұл материалды дайындауда арнайы құжаттармен, материалдармен таныстырып, құжаттардың фотокөшірмесін алуда көмек қолын созғаны үшін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментіне, Мұхит Мерәлі атындағы Қаратөбе аудандық тарихи-өлкетану музейіне, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы қызметкерлеріне алғыс айтамыз.
Қарагөз Сімәділ
"Eларна" сайты