Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4938 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 09:29

Қазақ телеарналарына қашан ес кірер екен

Телеарнаның құдіретін 20-ғасырдың басында-ақ біліп, айтқан адам көп. Бұл құралдың адам санасын қалай өзгертетініне бүгінгі күні мысал келтіріп жатудың өзі артық, рәсуә сөз. «Үш қиян» газеті қазақ көрерменіне ұсынылып жатқан кейбір кинолар туралы жазып, талай талқыға себеп болғаны рас. Жауыр болған тақырыпты қайта аршу үшін емес, бұл жолы кеңірек, телеарнадағы қазақ бейнесі деген мәселеге сөз қозғағанды жөн көрдік. Себебі, «бүгінгі қазақ телеарнасында кешегі қаһарман, дана, ЕР қазақты бүгінгі оның ұрпағымен байланыстыра алмай отыр, сондықтан қазіргі отандық телеарна жасаған жобалар: хабар болсын, кино болсын, көрермен қазақтың көңілінен шықпайды. Жасандылық көп!» деген пікір бар. Сосын, бұл жәшіктің ішінде қазақ жақсы көретін кейіпкер, оған тән мінез, ерлік, даналық, тәуекелшілдік жоқ! Ұрпағымыз басқа ұлттың кейіпкерлеріне қарап өздерін кәріс, түрік, неміс, орыс қаһарманы сезініп кетті, қыздарымыз кімге еліктерін білмей жүр деген алаңды ой көптің көкейінде жүргені анық. Олай болса, тәуелсіз Қазақстандағы отандық телеарналарымыз ұрпағы еліктейтіндей қазақ қаһарманын неге сомдай алмай жатыр? Неге? Кім не дейді? Осы сала төңірегінде жүрген біраз адамды әңгімеге тартып көрдік. Оқып көріңіз.

 

Әкім ТАРАЗИ, жазушы:

Телеарнаның құдіретін 20-ғасырдың басында-ақ біліп, айтқан адам көп. Бұл құралдың адам санасын қалай өзгертетініне бүгінгі күні мысал келтіріп жатудың өзі артық, рәсуә сөз. «Үш қиян» газеті қазақ көрерменіне ұсынылып жатқан кейбір кинолар туралы жазып, талай талқыға себеп болғаны рас. Жауыр болған тақырыпты қайта аршу үшін емес, бұл жолы кеңірек, телеарнадағы қазақ бейнесі деген мәселеге сөз қозғағанды жөн көрдік. Себебі, «бүгінгі қазақ телеарнасында кешегі қаһарман, дана, ЕР қазақты бүгінгі оның ұрпағымен байланыстыра алмай отыр, сондықтан қазіргі отандық телеарна жасаған жобалар: хабар болсын, кино болсын, көрермен қазақтың көңілінен шықпайды. Жасандылық көп!» деген пікір бар. Сосын, бұл жәшіктің ішінде қазақ жақсы көретін кейіпкер, оған тән мінез, ерлік, даналық, тәуекелшілдік жоқ! Ұрпағымыз басқа ұлттың кейіпкерлеріне қарап өздерін кәріс, түрік, неміс, орыс қаһарманы сезініп кетті, қыздарымыз кімге еліктерін білмей жүр деген алаңды ой көптің көкейінде жүргені анық. Олай болса, тәуелсіз Қазақстандағы отандық телеарналарымыз ұрпағы еліктейтіндей қазақ қаһарманын неге сомдай алмай жатыр? Неге? Кім не дейді? Осы сала төңірегінде жүрген біраз адамды әңгімеге тартып көрдік. Оқып көріңіз.

 

Әкім ТАРАЗИ, жазушы:

«Папа, қазақты неге қорлайды?»

- Әсіресе, соңғы 10 жыл ішінде телеарна қазақтың, байырғы өзің айтпақшы, ер қазақтың, өр қазақтың образын ұсақтатып жіберді. Қазір олардың көрсетіп жүргені көше сыпырып, базарды жағалаған әлдекімдер. Оны қазақ деп айтудың өзі ұят. Алматыдағы бір телеарнада 3-4 жыл бойы ала қапшық арқалаған мыж-мыж, ұсқынсыз қазақты көрсетіп қойды. «Қазіргі қазақты көрсеттім», - дейді жүргізушісі. «Сен соны көрсетем деп, қазағыңды масқара қылып, әбден қорладың», - дедім!

«Астана - менің махаббатым» деген 12-сериялы кино шығып жатыр. Соның премьерасына қатыстық. Екі-үш сериясын көріп, жерге қарадым. Қасымда ұлым Алпамыс бар еді. Шыққасын: «Папа, неге сонша қазақты қорлайды?», - дейді. Неге? - дедім. «Қараңызшы, ана түрік қызы теледидардан Президенттің сөйлеген сөзін тыңдап отыр, фойенің арғы жағынан бір жігіт шыға келеді, соған тұра жүгіріп, президент сөйлеп жатқан теледидарды өшіріп тастайды!». Бұл баланың байқағаны. Өмірде мұндай болатын шығар. Асығыс кезде теледидарды өшіріп кетіп қаласың ғой. Ал, мұны сен миллиондаған адамның алдына көркемфильм деп көрсетіп отырған жоқсың ба? Фильмнің идеясы бойынша, Астананың, Президенттің керемет беделін жасау емес пе?! Оны өшіріп тастап, пысқырып та қарамай, көрінген жігітке тұра жүгіреді. Қатты ыза болып шықтым.

Кейін 10 шақты сериясын көрсетті теледидардан. Оператор керемет түсірген. Астанаға ғашықтықты көрсетіп, қаланы әдемі суреттейді. Ал, сол әдемі қалада кімдер өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз? Ұры-қары, жеңілтек әйел, зинақор еркек, биллиард соңында жүрген жігіттер, қарақшылар. Ішінде жөнді бір әртіс те жоқ! Басынан аяғына дейін боянып алған қыздарды бас кейіпкер қылып түсіріпті. Олардың белі жіңішке, аяғы ұзын болса болды ма? Өнер деген әртістің ұлттық кейпіне қарайды. Қазақтың қарапайым қызы бар емес пе?

«Махаббат машақатында» (Ирония любви) қазақ қызы орыстың жігітіне кетіп қалады. Мұның ар жағындағы арам ой - қазақтың отбасын бұзу. Бір сұхбатында режиссер біздің ондай ойымыз жоқ еді депті. Ойы болмаса, неге қазақ пен қазақтың арасындағы махаббатты сомдамайды?
Мұның бірден-бір себебі, біздің кейбір телеарналар сатылған. Олардың қожалары Қазақстаннан тыс жерде отыр. Қазақ халқын ыдырату саясатын ұстанып отырған адамдар. Қазақтың образын жасамауға жұмыс жасайды. Мен мұны өткенде үлкен жиналыста айттым.
«Қазақстан» телеарнасының орны бөлек.

 

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы, журналистер елді елең еткізетін «өткір» жаңалықтарға әуес. Сосын, қазіргі киноның образы мен жаңалықтардағы образдың аражігін ажырата алмай қалған жағдай бар. Киноны да елең еткізетін жаңалық етіп көрсеткісі келеді. Ал, қазіргі жұртты не елеңдетуі, не қызықтыруы мүмкін? Бүгінгі күннің бейнесі деп, қоғамдағы былықты кино қылып түсірсек, көрерменнің қатарын көбейтеміз, пайда көреміз деп ойлайды. Бұл жердегі мақсат, - тек пайда! Жылтырақ кино жастарды елеңдетуі мүмкін. Оның түпкі мағынасы, ұлттық сана-сезімі арқылы жастарды тәрбиелеуді ешкім ойлап жатқан жоқ. Бізде киногерлер тарихи тақырыптарға бара алмайды, барғысы да келмейді. Жұртқа ой салып, сезімін оятатын, намысын түртетін дүниеге басын қатырғысы келмейді. Неге? Өйткені оның қайтарымы тез емес.«Біржан салды» көрдік, бірақ Біржанды әйел құмар қылып жіберді деген ел арасында пікір бар. «Мұстафа Шоқай» да осындай сынға қалды. Абылай ханымызды да жетістіре алмадық.Кезінде телеарнаның бірінде жұмыс жасап жүргенде қарапайым қазақтың бір отбасы арқылы қазақтың тірлігін, бүгінгі бейнесін көрсеткіміз келген фильм түсірдік. Жарты сағаттық қана осы «Бір бала» деген фильмді ел қабылдады. Ол жерде қазақы отбасының жағдайы бар еді.
Мәселен, өзім қатысқан «Қазақтың жаны» хабары арқылы Абайдың қара сөздері, Бердібек, Төлен ағаларымыздың шағын әңгімелері арқылы бүгінгі қазақтың көзғарасын, болмысын ашуға тырыстық.Бүгінгі не көріп отырмыз? Бағдарламалардың аты қазақша демесең, барлығы Ресейлік, шетел хабарларының көшірмесі.

Кезінде мені «Екі жұлдызға» шақырды. Мен мұндай хабарға бармайтынымды айттым.

Қазір сандық телеарналарға көшу үшін көп қаражат бөлінейін деп отыр. Егер сандық жүйеге өтетін болсақ, тек мемлекеттік емес, барлық арналар сандық жүйені тегін пайдаланады деген әңгіме көтерілді. Олар неге пайдалану керек? Қазақтың бейнесін жасамайтын, қазақтың намысын ойламайтын, мәдениетімізді дәріптемейтін, өнерімізді насихаттамайтын басқа тәуелсіз телеарналар неге қазынаның есебінен біздің қоғамға қарсы жұмыс істейтін хабарларды насихаттауы керек? Өздерінің телеарналары арқылы Ресейдің жаңалығын, киносын береді. Біз сол үшін оларға мемлекеттің қазынасынан ақша беруіміз керек пе?Бізде намыс жоқ!

 

.

Cергей Әзімов, кинорежиссер:

 

 

 

- Өмірде ең қиыны - жалғыздық. Қазақта ондай ешқашан болмайтын шығар деп ойлайтынмын. Қазір сол бізге келді. Қазір қазақ қалалық. Ауылда жұмыс жоқ дейді. Сол қазақ жалғыз отырып шәй ішеді, өзін ғана ойлайтын, өзінен аспайтын деңгейге құлдырады. Біз сол тақырыпты кино қылып түсірдік. Соңғы түсірген фильмім - «Кешіккен махаббат», оған Жерар Депардье қатысқаны белгілі. Жақында маған Франциядан хат келді. Хатты Жерардың атынан көмекшісі, орысша білетін Арно Фрели жазған. Соны сөзбе-сөз оқып берейін:

«Жерар Депардье приятно тронут фильмом «Поздняя любовь».

Жерар просил меня передать Вам, что он советует всем казахским кинематографистам, работникам «Казахфильма», сконцентрироваться в работе над национальными сюжетами и развивать их. И что только с такими темами, подчеркивающими народный характер, казахский кинематограф может выйти на национальный и международный рынок. Он думает, что бросаться сегодня производить фильмы «по-американски» - это ошибка, которую совершают уже зачастую русские. В доказательство тому - русские фильмы так и не могут выйти на мировой рынок.

В то время, как иранские, бельгийские или индийские фильмы с ярким национальным стилем смогли утвердиться в мире кино. Именно поэтому он с радостью участвовал в вашем фильме.

...Теперь Вам решать и действовать!» (Хат қысқартылды, - ред.)

Ұлттық тақырып, проблемалар бастан асады. Әлемде ұлт ретінде жойылған жоқпыз. Біздің ұлттық дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, отбасымыз не болып жатыр, не өзгеріс, қиыншылық бар? Жастар үлкендерді құрметтей ме? Осындай тақырыптарды жасауымыз керек. Ұлттық проблемаларды шешу жолдарын көрсетуміз керек! Ондай кино болса, ұлттық мінез, оның болмыс бейнесі анық көрініп тұрар-еді.

Мен басқаны айтып қайтем, өзім осындай екі тақырыпты жасадым деп айта аламын. Біріншісі, «Рай для мамы», екіншісі - «Кешіккен махаббат».

Жақында Маңғыстауда Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдық тойына қатыстым. Олардың ерлігі туралы міндетті түрде кино түсіруіміз керек. Себебі, бұл 19-ғасырдың соңғы көтерілісі. Ар-намыс, рух, ерлік, өрлік те табылады осы көтерілістен. Азғантай ғана халық бес жыл бойы империямен соғысты. Патша әскерінің бала-шағаны аяусыз қырған қатігездігі тағы бар. Осының бәрін суреттей алсақ, керемет кино шығады!

Жақында, сіздердің басылым көтерген Қазақ қызының ағасы жоқ па? («Үш қиян», №16 (474) 06.05.2010) деген мақаланы оқыдым. Рас, онда айтылған мәселелерді жасыра алмаймыз. Қазақ қызын, ұлын қорламауымыз керек. Керісінше, қазақтың қызы мен ұлы үлгі алатын кейіпкерлерге айналуы керек.
Біз үлгілі кейіпкер жасауымыз керек!

 

Әшірбек СЫҒАЙ,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі театр сыншысы:

 

- Қазіргі біздің телеарналар ақпараттық рөл атқарып отыр. Олардың образ жасап отыруға уақыты да жоқ.

Мәселен, өзім өнер зерттеушісі болғасын, өнер шеберлерінің, сахна майталмандарының аты атаусыз кетіп бара жатқанын ойлаймын. Мысалы, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Нұрмұхан Жантөрин, Райымбек Сейітметов, Таңат Жайлыбеков, Сейфолла Телғараев, Қармысов, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпованың өмірі неге қызықты емес?! Жарты сағат, 40 минаттай берсе, жұрт оны қызықтар еді. Оны байыптап, сараптап бере алса, тартымды болады.

Қазір қазақы образ жасап жүрген ешкім жоқ. Исатай, Махамбет түгіл бүгінде арамызда жүрген тәуір қыздар мен жігіттердің болмысын жасауға болмай ма? Сол образды жасауға талпынып жүргенді көріп тұрғаным жоқ. Сосын біреумен - Түкиямен, Ресеймен бірігіп түсіреміз деп қазақтың үні естілмей қалды.

Қаржыдан қысыла ма, әлде қазақ талантсыз ба? Бұл - елді ескермеу, намысын аяққа таптау.

Абайдың өзі дұрыс түсірілді ме, айтшы? Бүкіл елге тараған роман-эпопея 8-10 серия болып бізге неге оралмайды? Әнуар Әлімжановтың очерктері, сапарлары туралы әңгімелерінен, я болмаса, «Ұстаздың оралуы» деп, әл-Фараби турасында телефильмдер жасаса ғой, қандай керемет болар еді?! Жастар ата-бабасының ғұмырын, өскен ортасын, өткен кезеңнің табиғатын түйсініп, сезініп, еліктер еді ғой. Қазір бас-аяғы жоқ дүниелерді жасап, сынға қалып жатыр. Қоғам да у-шу. Тіпті, депутаттар араласып жатыр. Сондықтан елді ойлау керек. Қазір мен содан қорқамын. Халыққа рух беріп, рухани қанағаттандыру керек.

«Балапан» телеарнасы ашылды, басында қуандық. Енді, өзің тыңдап көрші! Образ түгілі, дұрыс сөйлей алмай отырмыз. Сөзін естісең, күлесің. Осылай екен деп, бала ертең солай сөйлеп шығады. Көркемдік, рухани жағына мән беру керек. Үкіметке кінә жоқ, телеарна ашып берді. Тіл үйренетіндей, мінез үйренетіндей тәуір фильм, хабарлар жасап көрсетуге болады ғой енді.

Мәскеу білгенін істейді, біздікі көргенін істейді. «Екі жұлдыз» соның мысалы. Жүргізушісі ғажап, керемет шықты деп мақтайды. Жақсы деп айта алмаймын. Тәрбиелі, дайындалған, сүзгіден, талқыдан өткен хабарлар емес, қалай болса, солай. Мәскеулік мырзалар мен ханымдардың «үлгісін» алып, біздің, қазақстандық ханымдар мен мырзалар күлкіге қалды.
Күлкіге қалдық!

 

.

Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы:

 

 

- Қазақ телевидениесінің мәселелерін көтерген кезде біз бүгін ғаламдық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп отырғандығымызды ескеруіміз керек.
Бүгін жаһандану үрдістеріне байланысты әрбір адамның санасына мыңдаған ақпараттық ағымдар әсер етеді. Сонымен бірге біз осы ақпараттық өнімдерді тұтынушы халықпыз. Ал, ол өнімдер біздің жеткіншек ұрпақтың санасына кері әсерін тигізіп жатқандығы барлығымызға белгілі.
Сондықтан осындау интеллектуалдық қоқысқа жауап бере білу қажет. Біз теледидардың негізгі функциясы тәрбиелеу екендігін ұмытып бара жатқан тәріздіміз. Өйткені қандай жаңа фильмді көрсең қазақ қызының бойына біздің ұлтқа жат қасиеттерді жапсырып, қыздарды салдақы етіп көрсетіп қояды. Ата-анаға деген құрмет мүлдем далада қалған. Ал осы өнімнің барлығы мемлекеттің қалтасынан шығып жатыр ғой.
Қазір жағдай өзгеріп, біраз бетбұрыс болып жатқан тәрізді. Балаларға арналған арна ашылды. Енді негізгі міндет осы каналды ұлттық құндылықтарға тәрбиелейтін өнімдермен толықтыру. Бұл жерде міндетті түрде қазақи мәдениеттің белгісі болуы қажет.
Тарихи персонаждарға келетін болсақ, биыл қазақтың ғұлама ғалымы, XIX ғасырда дүниежүзінің атақты ғалымдарымен тең түскен атақты Шоқан Уәлихановқа туғанына 175 жылды. Осы датаға арналып, бірде-бір фильм немесе деректі фильм де түсірілген жоқ.
Бұл - үлкен өкініш.

 

.

Болат ЖЕТЕКБАЙ,
«
Қазақфильм» киностудиясындағы көркемдік кеңес және сценарлық-редакциялық алқаның редакторы, ақын:

 

.

- Қазір қазақ мәдениеті иесіз, мақсат-мүддесіз, бей-берекет жағдайда замананың күйлеткен ағымына түсіп бара жатқанға ұқсайды. Бір сөзбен айтқанда, біз мәдени хаостамыз, космос әлі жасалған жоқ.
Баланың қолына ұстара ұстатуға болмайды. Өзіне де, басқаға да қауіпті. Киноны да кім көрінгеннің қолжаулығы қылуға болмайтын еді... Өкінішке қарай, бұл өнер қазір көркемдік, идеялық тұрғыда жалаңаш, қорғансыз, аңғал-саңғал албардың күйінде тұр. Мемлекеттің ақшасына ойына келгенді түсіру белең алды да «кино әлемін» игеріп алғандар мемлекеттің өзіне бой бермей кеткеніне куә болып отырмыз.
Қазақы ділді қалың елдің де мүддесі бар!


Сұхбатты жүргізген
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

«Үш қиян» газеті.  Түпнұсқадағы тақырып: «Қазақ телеарналарында қазақтың бейнесі неге «жоқ»?

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562