Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2895 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 11:01

АСТАНАДА ЕЛБАСЫ 72 ЖАҢА ЖОБАНЫҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Оның бірін Атырауда, облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ таныстырды. Мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетін Астана күніне орай республикада жаңа жобалардың тұсаулары кесілуі игі дәстүрге айналды. Сөйтіп, озат техника мен озық технологияны басшылыққа алған тың кәсіпорындар қатарға қосылып, отандық маркамен өнімдер өндірілуде. Бұл әлемде қаншама қаржылық дағдарыс орын алып, азуы алты қарыс мемлекеттердің өздері тығырыққа тіреліп жатқанда Қазақстанның қалыпты даму үстінде екендігін көрсетеді. Міне, осы жолы да елімізде 72 жаңа жоба мәреге жетіп, олар тікелей эфир арқылы Елбасына баян етілді.

Оның бірін Атырауда, облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ таныстырды. Мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетін Астана күніне орай республикада жаңа жобалардың тұсаулары кесілуі игі дәстүрге айналды. Сөйтіп, озат техника мен озық технологияны басшылыққа алған тың кәсіпорындар қатарға қосылып, отандық маркамен өнімдер өндірілуде. Бұл әлемде қаншама қаржылық дағдарыс орын алып, азуы алты қарыс мемлекеттердің өздері тығырыққа тіреліп жатқанда Қазақстанның қалыпты даму үстінде екендігін көрсетеді. Міне, осы жолы да елімізде 72 жаңа жоба мәреге жетіп, олар тікелей эфир арқылы Елбасына баян етілді.

Жаңа оқу орны - жастардың арманы
Мемлекет өміріндегі ерекше де ерен жаңалық - әрине, Астанада Нұрсұлтан Назарбаев атындағы жаңа университеттің ашылуы. Бұған дейін есімін Астанаға да, өзге қалаларға да, көшелер мен елді мекендерге де беруге қарсылық білдіріп келген Елбасы енді өз атымен оқу орындарын атауға келісім беріп отыр. Бұл - мемлекет басшысының білім беру саласына жасап отырған нақты қолдауының бір көрінісі. Оның үстіне, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің айтуынша, Елбасының есімі республикадағы ең үздік білім ошақтарына берілмекші. Бұл талантты жастарды осындай оқу орындарына тартып, олардың әлемдік талаптарға жауап беретін жан-жақты әрі терең білім алуына септігін тигізеді. Әрі талантты жастарымызды шет елдерге оқытып, қыруар қаржы шығындағанша, енді оларға өзімізде де солардан еш кем емес жеткілікті тәлім мен тағылым беруге мүмкіндік тумақшы.
Ал, білім министрі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, еліміздің тұңғыш Президенті Назарбаев атындағы университет атақты Кембридж және Гарвард оқу орындарынан кем болмайды. Аумағы жүз шаршы метрден аса көлемге орналасқан университет 25 мың студентке арналған. Бұл оқу орнын тұтас өркениетті қалашық десе де болғандай. Оның үстіне, тек қазақстандық қана емес, сонымен қатар шетелдік жастарды да қабылдауға бірден бетбұрыс жасалмақшы. Ал, оларды осы университетте дәріс беретін әлемдік аты бар оқытушылардың есімі өзіне тартпақшы.
Әрі министрдің айтуынша, университет қазіргі заманғы ғылыми инфрақұрылыммен және зерттеу орталықтарымен де қамтамасыз етілген.
Жалпы, жаңа университеттің ауқымды жоспарлары туралы жақында ғылым мен технология саласында мемлекеттік-жекелік әріптестік тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» кезінде «Астананың жаңа университеті» акционерлік қоғамының президенті Аслан Саринжипов кеңінен әңгімелеген.
Оның айтуынша, жаңа оқу орны алдымыздағы қыркүйекте алғашқы студенттерді қабылдайды. Мұнда оқу ағылшын тілінде жүреді. Қазірдің өзінде Назарбаев атындағы осы оқу орны және әлемнің ең үздік отыз университетінің қатарына кіретін тоғыз шетелдік университетпен ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Егер бұрын елімізде талантты жастарды шет елдерде оқыту тәжірибесі басым болып келсе, енді олар өзімізде де жеткілікті білім ала алады. Сөйтіп, мемлекет қазақстандық студенттердің шет елдерде оқуына және тұруына жұмсалатын қыруар қаражатты үнемдемек. Мәселен, студенттердің Астанада оқуы және тұруы олардың «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алуынан үш-төрт есе арзанға түседі. Аслан Саринжиповтың айтуынша, астаналық оқу орнында британиялық озық бағдарлама қолданылмақшы және бастапқыда 90 пайызы шетелдік профессорлардан құрылған тамаша оқытушылар құрамы дәріс бермекші.
Ақырында, осы оқу орнын тәмамдаған жастарға әлемнің озық университеттеріндегідей сертификат тапсырылады. Яғни, Қазақстанда да шет елдердегідей білім алуға толық мүмкіндік тумақ. Сөйтіп, Аслан Саринжиповтың айтуынша, университет таяудағы 50 жылда халықаралық деңгейдегі ұлттық жоғары оқу орны мәртебесіне көтерілмек.
Әзірге алдын ала белгілі болып отырғанындай, университетте ақпараттық-коммуникациялық, ғарыштық және нанотехнологиялар, компьютерлік инжиниринг мамандықтары оқытылмақ.
Ал, жақында Парламент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Университет, Қор және Интеллектуалдық мектеп туралы заң жобаларын талқыламақ.
Рас, қолдағы мәліметтерге қарағанда, Елбасы атындағы университетте оқу арзанға түспейді. Мұндағы бір жылдық оқу ақысы 19 мың доллар. Әйтсе де, әлемдегі ең озық оқу орындарындағы баға да бірінде сәл төмен болса, екіншісінде біраз жоғары екендігін естен шығармалық. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, бастапқы кезде университетте негізінен шетелдік профессорлар дәріс бермек.
Оның үстіне, мемлекет тарапынан оқу гранттары да бар. Мәселен, қазір еліміз білікті дәрігерлер мен мұғалімдерге мұқтаж. Бүгінде 20 мыңға жуық қазақстандық студенттер Қытай, Ресей, Түркия, т.б. мемлекеттердің жоғары оқу орындарында дәріс алуда. Демек, қыруар қаражат сыртқа кетіп жатыр. Ал, осы қомақты қаржыға өзімізде де толыққанды білім алуға мүмкіндік туса, жастарымыздың сыртқа шұбырып несі бар? Демек, әлемдік талаптарға жауап беретін жаңа оқу орны әрбір қазақстандық жастың айшықты арманына айналмақ.

Тың жобалар тұтас елге қызмет етеді
Одан әрі тікелей желі арқылы әр аумақ Елбасына өздерінде қатарға қосылып отырған жаңа жобалар туралы баяндады.
Мәселен, Семейде кернеулік және бақылау кабельдерін шығаратын зауыттың тұсаукесері болды. Оны іске қосар алдында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Елбасына өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы туралы есеп берді. Ал, осы жоба аясында қосымша 50 жұмыс орны ашылмақ. Жалпы, семейлік жаңа кәсіпорынның өнімдеріне республиканың өзінде-ақ сұраныс болуы әбден ықтимал. Мәселен, жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асырып, күрделі жөндеу шараларын кең көлемде жүргізіп жатқан атыраулық энергетиктер осы кәсіпорынның өнімдеріне тапсырыс берулеріне әбден болады.
Қарағандыда Елбасы қатысуымен болат панельді радиоторларды шығаратын жаңа кәсіпорын қатарға қосылды. Өңірде индустрияландыру картасына енген он жоба бар екен. Қазір солардың төртеуі бітіпті. Ал, пайдалануға берілген «ҚазТерм» компаниясының жаңа зауыты, облыс әкімі Серік АХМЕТОВТІҢ айтуынша, жүйе қалыптастырушы кәсіпорын саналады. Сол арқылы тағы да 50 шақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Ал, қарағандылық жылыту радиоторларын Атырауға тұрғын үй құрылыстарына пайдалануға да әбден болады.
Ал, Жамбыл облысында Мыңарал цемент зауытында жаңа өндірістік желі іске қосылды. Оның барысында облыс әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ бұдан екі жыл бұрын Елбасы Францияға барғанында сондағы «Vicat Group» құрылыс компаниясын елімізге шақырғанын атап өтті. Осы екіжақты тиімді келісім нәтижесінде мұнда цемент зауытының құрылысы басталған болатын. Енді Мыңарал цементі Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің сондай-ақ Балқаш электр стансасының құрылысына қажет. Оның өнімін құрылыс қарқыны төмендемеген Атырау аумағы да пайдалануы әбден мүмкін.
Елбасы осындай және өзге де жобалардың тұтас республика экономикасын одан әрі дамытуға оң әсер ететіндігін ерекше атап өтті. Қазақстан қазір сыртқы тәуелділіктен құтылып, өзін барлық қажеттілікпен қамтамасыз ете алатын қуатты мемлекет қатарына енуде. Елімізде жыл санап жаңа индустриялық жобалар қатарға қосылуда.

Атырауда жасалған шприц шетелге де шығарылады
Телекөпір кезінде Елбасына Атырауда жаңадан пайдалануға берілген шприц зауыты таныстырылды. Бұл туралы мемлекет басшысына облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ баяндады.
-Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, - деді аумақ басшысы, - Сізді және барша қазақстандықтарды келе жатқан Астана күнімен құттықтаймын. Бүгін Сіздің қатысуыңызбен өңірді индустрияландыру шеңберінде жүзеге асатын қазіргі заманғы шприцтер зауытын іске қосамыз. Қуаты 250 млн. даналық бұл зауыт Қазақстанның шприцтерге деген қажеттілігін толықтай жабуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зауыттың қуаттылығын одан әрі арттырып, құрылған Кедендік одақ шеңберінде бұл өніммен міндетті түрде Ресей нарығына да шығамыз.
Себебі, көршілес облыстарда мұндай зауыт жоқ. Бүгін индустрияландыру картасы шеңберінде бұдан басқа тағы да үш жоба іске қосылады. Олар:
-жеңіл құрылыс панельдерін шығаратын зауыт;
-құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт;
-Қазақстан мен Орта Азия бойынша тұңғыш рет газтурбиналық қондырғыларды жөндеу жобасы.
Ал, жылдың соңына дейін тағы да үш жоба жүзеге асырылады.

Қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы!
Атырау облысының алдына қойған міндеттеріңіз толығымен орындалуда. Бұл үшін қажетті мүмкіндік толық, ең бастысы - Сіздің қолдауыңыз бар.
Содан соң осы жобаны жүзеге асырушы «Брандо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Айбар НАУРЫЗҒАЛИЕВ жаңа кәсіпорын жөнінде айтты.
-Сізге еліміздің бас ордасы - Астана қаласының туған күні мерекесінде сөз бергеніңіз үшін ұжым атынан рахмет, - деді ол, - біз бүкіл Қазақстанды қамтамасыз ететін жаңа шприцтер зауытын салып отырмыз. Бұған 80 пайыз өз қаражатымызды төлеп, қалғанын қаржы институттарынан алдық. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған осы үлкен жобаны бітірдік. Жас мамандарымыз сол елде толықтай даярлықтан өтіп, тәжірибе алмасып қайтты.
Бүгінгі күні елімізде Қытай мен Түркиядан келіп жатқан осындай шприцтер бағасы 12 теңгеден 15 теңгеге дейін болса, біз өнімімізді одан екі жарым есе төмен, яғни 5-6 теңгеден сатқалы тұрмыз.
«Қазақстанда жасалған» Брандо Атырау маркасының танымал және әйгілі болуына біздің ұжым бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдіремін. Шағын бизнеске қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге үлкен рахмет.
Елбасы мұнайлы мекенде пайдалануға берілген жаңа жобаға қанағаттанғандық білдіріп, былай деді: Атырау облысы мен қаласы қалыпты дамып келеді. Мұнда тек қана мұнай мен газға қатысты емес, сонымен қатар өзге де индустриялық жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі - осы шприцтер шығаратын зауыт. Қазақстанда медициналық құрал-жабдықтар шығаратын кәсіпорындар жоққа тән. Соның ішінде хирургиялық аспаптар қажет. Міне, мені мұнайлы өлкеде бұрын-соңды болмаған жобаның қолға алынғаны қуантып отыр. Бұл өнім Кедендік одақ күшіне енгенде де керек. Өйткені, оны Ресей мен Беларуссияға да шығаруға болады. Атырауда бұдан басқа да жобалардың жүзеге асырылып жатқанын білемін. Жуырда Республика Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысында жұмыс сапарымен болып, атқарылған игілікті істерді маған баяндады. Осы жұмыстарды жалғастыра беру керек.
...Міне, Елбасымен болған дәстүрлі телекөпір кезінде тұтас ел экономикасына оң әсер ететін осындай және өзге де жобалар қатарға қосылды. Әйтсе де, республиканың, соның ішінде біздің облыстың, мүмкіндік шегі бұл емес. Демек, алда әлі талай еңбек жеңістері болмақ.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578