Түркілердің ру-тайпалық қатынастары
(Х-ХІІІ ғасырлар)
Көне түркілердің дәстүрлі тарихы, өкінішке орай, жазбаша тарихи деректерге аса мұқтаж. Мұның өзі зерттеушілерді жаңа жолдар мен әдістер іздестіруге әрқашан ұмтылдырып келді. Тарихи тәжірибе мұндай маңызды істе ежелгі рулар мен тайпалардың қарым-қатынастарын көрсететін белгілердің аса маңыздылығын байқатады. Оның үстіне осы мәселеге ден қойған Н.Аристов ру-тайпалық қатынастарға негізделген қоғамдағы халықтар үшін руға бөлінудің өте маңыздылығы туралы былай деді. «...рулық бөліністер мен ру атаулары, олардың таңбалары мен ұрандары, халық дәстүрі мен аңыздары жазба әдебиеті дамымаған көшпелілерде жоғары тұрды, солар арқылы олар өздерінің тарихын сақтады» [1]. Сол себепті де біздер таңбалар мен ұрандарды ру-тайпалардың ежелгі тарихын зерттеуде негізгі деректер қатарына жатқызамыз.
(Х-ХІІІ ғасырлар)
Көне түркілердің дәстүрлі тарихы, өкінішке орай, жазбаша тарихи деректерге аса мұқтаж. Мұның өзі зерттеушілерді жаңа жолдар мен әдістер іздестіруге әрқашан ұмтылдырып келді. Тарихи тәжірибе мұндай маңызды істе ежелгі рулар мен тайпалардың қарым-қатынастарын көрсететін белгілердің аса маңыздылығын байқатады. Оның үстіне осы мәселеге ден қойған Н.Аристов ру-тайпалық қатынастарға негізделген қоғамдағы халықтар үшін руға бөлінудің өте маңыздылығы туралы былай деді. «...рулық бөліністер мен ру атаулары, олардың таңбалары мен ұрандары, халық дәстүрі мен аңыздары жазба әдебиеті дамымаған көшпелілерде жоғары тұрды, солар арқылы олар өздерінің тарихын сақтады» [1]. Сол себепті де біздер таңбалар мен ұрандарды ру-тайпалардың ежелгі тарихын зерттеуде негізгі деректер қатарына жатқызамыз.
Десек те бұл мәселе тарих жұмбағын түгелдей шешіп бере алмайды. Рулық бөліністің қалай жүргендігін көрсететін жан-жақты деректердің болмауы мен рулар арасында күрделі араласулардың болуы мәселені қиындата түседі. Бұл мәселеде демографиялық фактор басты рөл атқарады. Өйткені халықтың табиғи өсімі жаңа рулық бөлімшелерді дүниеге келтіреді. Рулық бөліністі туғызатын келесі бір дүние - экономикалық және саяси факторлар. Ру-тайпаларда адам санының өсуі экономикалық қажеттіліктерді туғызады. Ол алдыменен көшпелі тайпалар арасында жайылымдар үшін күрестерді туғызады, әлсіз рулар жерлерінен айырылады немесе күшті руларға тәуелді болады. Сондықтан да ру мүшелері ру санының өсуіне аса мүдделі.
Ал мұның өзі сөз жоқ жаңа рулық бірлестіктердің құрылуларына алып келеді. Жаңа рулардың пайда болуының саяси алғышарттарына рулар арасында билік үшін күрестердің болуы, жау шапқыншылықтары кезінде рулардың бірігуі, жаңа тайпалық одақтың құрылуы жатады. Мұндай кездерде шығу тегі жағынан бір-бірінен алыс рулар бір одаққа бірігіп кетеді. Бір тайпаның ішінде әр түрлі рулардың болуын осымен түсіндіруге болады.
Бұл істе көрнекті тарихи тұлғалар да өзіндік рөл атқарады. Сондықтан да бір-бірінен алыс бірнеше рулардың бір тұлғаның қол астына өз еріктерімен қосылуы нәтижесінде де жаңа ру бірлестіктерінің құрылуын байқауға болады. Жаңадан құрылған бірлестіктің жетекшілігіне тарихи тұлға рубасы болып сайланып, сол ру шежіресінің басында тұрады. Жекелеген адамдардан бастап, көптеген шаңырақтардың өзге бір руларға барып қосылуының басты себептеріне талас-тартыстар, келіспеушіліктер және т.б. жатқызылады.
Мұның нақты дәлелі - осы мәселелер бойынша терең зерттеулер жүргізген Н.Аристовтың еңбегі. Автордың пікірлері қазақтың Кіші жүз тайпаларында Ұлы Жүз бірлестігіндегі рулар таңбасының болуы себептерін ашуға көмек бере алады.
Бұл мәселені жан-жақты зерттеген ол кезінде былай деп жазған еді: «қоғамның негізін құраған қоғамдық топтарда, руларда табиғи жолмен адам санының өсуі мен оның үнемі жалғасып отыруы нәтижесінде олар міндетті түрде бөліктерге бөлінуі тиіс болды, ол бөліктер де кейіннен осындай жолмен бөлшектенеді. Осымен бірге жаңа рулар мен бірлестіктердің пайда болуына табиғи өсім факторынан кем соқпайтын экономикалық және саяси факторлар әсер етеді. Мал санының көбеюі барысында жайылымдар тапшылығы, сол жайылымдар үшін күрестері, осы және басқа да себептерге байланысты туындайтын ішкі таластар мен тартыстар; соғыстар мен сыртқы жаулардың шапқыншылықтары рулар мен олардың бөлімдерінің бірігуіне әсер етеді. Ал ол өз кезегінде жаңа рулық бірлестік немесе одақтың құрылуына әкеледі. Аласапырандар мен алмағайып кезеңдер салдарынан туындаған оқиғалар да белгілі бір күшті, әрі тәжірибелі көсем басты рөл атқарады да, оның төңірегіне өз туыстары ғана емес, сонымен бірге алыс рулар да топтасады. Осылайша, қандастық-туыстық негіздегі рулық бөлімдермен бірге рулық одақтар пайда болады да, олар халық санасында қандас туыстар түрінде бейнеленеді. Ал олардың құрамындағы әр түрлі рулар мен өзге рулардың шығу тегі ұмытылады. Мыңдаған жылдар бойы түркі көшпелілерінің өмір сүруі кезеңінде жаңа рулық бірлестіктер мен топтардың құрылуы мен жоғалу процессі үздіксіз жүріп отырғандықтан, қырғыз-қазақтардың әр түрлі рулар мен тайпалардан құралған рулар одағының қосындысы болып саналады. Оларда рулар арасындағы қандас туыстық пен қатынастар өз күштерін жойған. Іс жүзіне келгенде көшпелі түркілердің рулары мен олардың бөлімшелері бір-бірімен белгілі бір дәрежеде кейде жалған, кейде нағыз қандас-туыстық қатынастарын сақтап қалған. Бұл әрине, әлі күнге дейін көшпелілерде сақталып қалған рулық тұрмыстың қатты әсерінен болып отыр. Осы рулық тұрмыс рулар арасындағы генеологиялық, қандастық-туыстық қарым-қатынас түр көрсетеді. Екі-үш ұрпақ ауысқаннан кейін көшпелі түркілер тарихи оқиғалар туралы тарихи есте қалғандар мен рулық одақтардың құрылуы, олардың өзгеруі немесе ыдырауы туралы ұмытып, өздерінің рулары мен олардың бөлімшелерінің шығуын тек табиғи жолмен адамдардың көбеюі нәтижесінде болған деп есептейді» [2].
Түркілердің тілдік ерекшеліктерін белсенді зерттеген В.Радлов та көшпелі қоғамдарда бұрынғы рулардың бөлінуі процесінде жаңа рулардың пайда болуы жөнінде жазған болатын. Ғалым көшпелілердегі қоғамдық топтардың өмір сүру әрекеті мен жаңа рулардың құрылуын түсіндіру жолы өте қызықты. Оның көрсетуі бойынша көшпелі қоғамның өмір сүру әрекетінің негізін оған енетін «элементтердің қозғалмалылығы» құрайды. Осы қозғалмалылық көшпелілердің «өмірлік қажеттілігі» болып саналады. «Еркін көшпелілерде ұсақ рулардың үнемі ауысуы бүкіл халықтың өмір сүргіштігін қамтамасыз етіп отырады. Тайпалар мен рулар өз құрамындағы қозғалмалы бөліктердің нәтижесінде өзгеріске ұшырап отырады. Сол себепті де олар бір-бірімен қақтығысқа түседі. Үздіксіз болатын ұсақ ұрыстар мен қақтығыстар, жалпы жағдайға онша кері әсер тигізбейді, өйткені бір рудың бөлімшесі рудың ыдырауы кезінде басқа бір күшті руға барып қосылады да, жаңа бірлестіке бұрынғыдай қорған табады» [3]. Осындай өзара ішкі күрестер кезінде бір ру күшейіп, оның басшысы бүкіл тайпаны басқарады. Қарапайым көшпелінің өмірі оны соғысқа дайын болуға бейімдейді. Әскери жорықтарға қатысқан кедей көшпелілер соғыс жеңіспен аяқталған кезде өздерінің тұрмыстарын жақсартады. Ал жеңілгендер жеңгендерге қосылуға мәжбүр болады. Жеңіске жеткен рудың адамдары өз руының күшейгенін қалап, ру-басының билігін күшейтіп, оған қолдау көрсетеді, оның билігі арқылы өз руының ықпалын сақтауға тырысады. Осындай жолмен бір рулар күшейіп, басқа бір жаңа рулар құрылады, үлкен территориялар мен халықтарды қамтыған күшті көшпелі мемлекеттік құрылымдар пайда болады. Бірақ та бірлестіктің пайда болуына негіз болған ру кенеттен әлсіреген жағдайда, «тайпалық одақ ыдырып, бірнеше бөліктерге бөлініп кетеді, немесе бір-бірімен үздіксіз күресуші ұсақ руларға айналады. Не болмаса жаңа жетекшінің соңына еріп, жаңа мемлекеттік құрылымды қалыптастырады.
Аз уақыт ішінде бұрынғы басшының есімі тұрғындар есінен ұмыттырылып, оның орнын жаңа құрылымға негіз болған рудың немесе бұрынғы ыдыраған мемлекеттің орнында құрылған жаңа мемлекеттің атауы басады» [4]. Мұндай жағдайда, В.Радловтың көрсетуі бойынша «әртекті элементтердің бірігу» процесі жүреді.
Мұндағы маңызды әңгіме әр түрлі этникалық элементтердің бірігуі туралы болып отыр. Біз оған бір халықтың ішіндегі әр түрлі рулардың бір тайпаға бірігуі, бір рудың өз таңбасы мен ұранын сақтай отыра, басқа бір рудың құрамына өтуі жөніндегі ойларымызды қосамыз. Мысалы, осындай жолмен кейбір Кіші жүз тайпаларында Ұлы жүз руларының таңбалары мен ұрандарының болуы еріксіз назар аудартады. Мұның бәрін «көшпелілер мемлекетіндегі қоғамдық қатнастардың қозғалмалылығы салдары-нан» дейміз.
Кейбір ру-тайпаларда ұрандардың шығуы, сондай-ақ ру тайпалардың жаңа атауының пайда болуы көп жағдайда ру билерінің есімдерімен байланысты болып келеді. Оларға В.Радлов мынадай анықтама береді: «... бұрынғы қуатты тайпадан шыққандығымен, байлығымен, әділеттілігімен, дер-бес қасиетімен ерекшеленіп, билік олардың қолына шоғырланады, ең бастысы қажетті кезінде жедел көмекке келе алатын руластары болады» [5]. Осындай қажетті жағдайлардың бәрі болғанда қазақ қауымы бір билеушіге бағынады, пікірі мен шешімін қолдап отырады. Яғни, рулық қатынастар үстем болған көшпелі қоғамда биліктің заңдық сипаты емес, жеке тұлғалық сипаты басымырақ болады. Егер де рубасының беделі қоғам алдында жоғары болса, онда сол рудың да беделі тұлғаның беделіне сай жоғары болады. Осы руды паналап, жекелеген отбасылар, ауылдар келіп қосылып отырады. Сөйтіп «...бидің жеке басының ықпалымен алғашқыдағы жаңа әлсіз бөлімшелер бірте-бірте күшті, ықпалды қауымдарға айналады. Жаңа қауым үшін бидің есімі тайпа атауына айналады, тіпті ол есім би қайтыс болғаннан кейін де өз маңызын жоймайды» [6].
Тағы бір маңызды нәрсе, әр рудың өз ішінде негізгі бөлігі немесе өзегі болады. Оның негізін ата-бабалары атақты болған отбасылар құрайды. Бұл отбасыларында билік қолы болмауы мүмкін, бірақ олар қоғамда өте жоғары беделде болады. Көшпелі қоғамда қалыптасқан осындай қатынастар туралы «... тайпалар тарихы, тайпалық одақтар мен жеке тайпалардың, олардың тармақтарының пайда болуы-жалпы көшпелілердің өміріндегі қозғалмалы механизм секілді, жалпы кестедегі жекелеген элементтердің байланысы секілді боп көрінеді. Осы туралы белгілі түріктанушы В.Радлов былай деп жазады: «Белгілі бір сандағы тайпалық бөлімдер ежелден бері тайпаларды қалыптастырады. Олар бұрынғы кездердегі соғыстар кезінде басқа бір жақтан көшіп келу арқылы, құрылады» [7]. Автор өз ойын одан әрі жалғастырып, Даланың Ресейге қосылуына байланысты қазақтарда жаңа рулардың қалыптасу процесі үзілді, көшпелі қоғамның қозғалмалылық сипаты бұзылды, ал ол өз кезегінде көшпелілердің кедейленуі мен жұтаңдануына әкеліп соқтырады деген пікірлер айтады.
Ортағасырлардағы М.Қашқари жасаған түркі халықтары таңбаларының салыстырмалы кестесіне [8] сүйенген белгілі орыс ғалымы Д.Н.Соколовтың «көне түріктердің, ортағасырлық көшпелілердің және қазіргі Орта Азиядағы түркі халақтарының таңбаларында сабақтастық пен генетикалық байланыс болды» деген пікіріне қосыламыз. Мұны түркітілдес халықтардағы немесе қазақтың үш жүзіндегі рулық таңбаларды өзара салыстыру арқылы айқындай түсуге әбден болады.Белгілі филолог С.Аманжолов қазақ руларының таңбаларын салыстыра келе, әр жүздегі руларда ұқсас таңбалардың болғандығы жөнінде қорытындыға келеді. Ол Н.Аристовтың пікіріне қосымша мынадай түсініктеме береді: «Күшті, көп санды, бірлігі мол тайпа ең шұрайлы жайылымдарды иелене алады, өзінің құрамындағы руларды сыртқы жаулардан қорғай біледі, мемлекет пен тайпа ішіндегі істерде өздерінің рубасыларына күшті саяси ықпал бере алды және де мемлекет пен тайпа пайдасына келіп түсетін ложалар мен салықтардың көп бөлігін қамтамасыз етті. Дегенмен де тайпаның көп санды болуы оны құтты қылғанымен де, жайылымды пайдаланудағы шаруашылық жағдайлар мен өзге де себептер тайпаның ұзақ уақыттар бойы тұтастығын сақтап тұрғызбады. Соған байланысты ерте ме, әлде кеш пе бұл жағдайлар тайпаның ұсақ бөліктерге бөлінуіне әкеліп соқтырады. Осындай жағдайда әр тайпада бір жағынан тайпалық бірліктің болуын қажет ететін жағдайлар болса, екінші жағынан бөлінуді жақтайтын күштер қалыптасады» [10].
Рулар мен тайпалардың араласуы, бір-біріне сіңісуі үнемі жүріп отырған. Бұл процестердің қорытындыларын С.Аманжолов былайша түсіндіреді: «...ерте кездерде жеке ру немесе тайпа белгілі бір территорияда өмір сүріп, өзіне «өзгелерді» енгізбеуге және басқалардың қол астында қалмауға тырысты, бірақ та өзара араласу процесі олардың еріктерінен тыс жүріп отырады. Міне, сол себепті де біз қазір оңтүстіктегі тайпалардың арасынан солтүстіктің тайпаларын көреміз және керісінше де байқалады» [11]. Тарихи деректер бұл айтылғандарды растай түседі.
Кезінде Н.Аристов тайпалардың бөлінуі мен бірігуіндегі ағымдар арасындағы күрестер туралы былай деп жазды: «Бір-біріне қарама-қарсы ағымдар арасындағы күрестерді тайпа ішіндегі рубасылары мен белгілі адамдар арасындағы бәсекелестіктер күшейтіп, шиеленістіріп отырды. Олардың бірі өзі басқарып отырған рудың тұтастығын қорғап, күшін сақтап қалуға тырысса, екіншілері бөлінетін ру тармақтарына басшы болуы үшін ыдырауға күш салады. Әр кезде бөлінуге деген ұмтылыс жеңіп отырды, бірақ бөлінудің тиімсіздігін байқаған әлсіз және аз санды рулар ірі рулық бірлестіктердің құрылуына итермелейді. Мұндай бірлестіктер рудың тіпті тайпаның әр түрлі бөліктерінен құралады. Бірақ та қандастық-туыстық қатынастар әлсіз болған мұндай одақтар тез және оңай ыдырап кетіп отырды» [12].
Сонымен жазба деректер жұтаң болып келетін ортағасырлардағы түркілердің ру-тайпалық құрылымдарындағы ерекшеліктерді толық, терең және жан-жақты зерттемей, олардағы рулық таңбалар мен ұрандардың шығу тарихына баса назар аудармай толыққанды тарихты қалпына келтіре алмаймыз. Тоталитарлық қоғам тұсында осындай маңызды мәселеге көңіл аударудың өзі де аса қауіпті болып, аталмыш мәселемен айналысатын ғалымдар еңбектері рушылдық көріністері ретінде біржақты сипатталды. Мұның өзі әсіресе түркітілдес халықтардың байырғы, бай тарихын толық ашып көрсетуге мүмкіндіктер бере қойған жоқ. Бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ тәрізді түркі халықтарының зерттеушілері осыны ескеріп, біз көтеріп отырған мәселені зерттеуге баса назар аударулары тиіс деп ойлаймыз.
«Қазақ тарихы» журналынан