Б.Құрманбеков. Талантты тарихшы, ғұлама ғалым
Әбу Сақтағанұлы Тәкенов 1930 жылы 20 ақпанда Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келді. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік дипломмен бітірген соң Ақтөбе облысы, Қобда ауданына жолдамамен жұмысқа жіберілді. Осы ауданның орталығы Новоалексеевка селосында орта мектепке мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып 5 жыл жемісті қызмет атқарды.
Әбу Сақтағанұлы педагогтық қызметпен қатар ғылыми жұмыстармен айналысып, Қобда ауданының тарихына байланысты көптеген материалдар жинап, осы деректер негізінде аудан оқытушыларының тамыз мәслихаттарында өте қызықты ғылыми баяндамалар жасады, аудандық газетке мақалалар жариялады.
Осы кезде аудан территориясында орналасқан «Абат Байтақ» кесенесі, Исатай, Қобыланды батыр жерленген жерлер туралы республика жұртшылығының назарын аударған іс-шаралар ұйымдастырды. Сол кездің өзінде-ақ Әбу Сақтағанұлы Ақтөбе облысының тарихымен тығыз байланысты Әліби Жангелдиннің Маңғыстау арқылы Шығыс майданға қару-жарақ әкелген экспедициясы туралы, азамат соғысының шешуші кезеңіне айналған Ақтөбе майданының ақ гвардияшылармен шайқасы туралы тың деректер жинады.
Әбу Сақтағанұлы Тәкенов 1930 жылы 20 ақпанда Ақтөбе облысының Темір қаласында дүниеге келді. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін үздік дипломмен бітірген соң Ақтөбе облысы, Қобда ауданына жолдамамен жұмысқа жіберілді. Осы ауданның орталығы Новоалексеевка селосында орта мектепке мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып 5 жыл жемісті қызмет атқарды.
Әбу Сақтағанұлы педагогтық қызметпен қатар ғылыми жұмыстармен айналысып, Қобда ауданының тарихына байланысты көптеген материалдар жинап, осы деректер негізінде аудан оқытушыларының тамыз мәслихаттарында өте қызықты ғылыми баяндамалар жасады, аудандық газетке мақалалар жариялады.
Осы кезде аудан территориясында орналасқан «Абат Байтақ» кесенесі, Исатай, Қобыланды батыр жерленген жерлер туралы республика жұртшылығының назарын аударған іс-шаралар ұйымдастырды. Сол кездің өзінде-ақ Әбу Сақтағанұлы Ақтөбе облысының тарихымен тығыз байланысты Әліби Жангелдиннің Маңғыстау арқылы Шығыс майданға қару-жарақ әкелген экспедициясы туралы, азамат соғысының шешуші кезеңіне айналған Ақтөбе майданының ақ гвардияшылармен шайқасы туралы тың деректер жинады.
Қысқа мерзімнің ішінде Ә.Тәкенов Қобда ауданының еңбекшілерінің үлкен құрметіне бөленеді. Сондықтан аудан орталығының тұрғындары оны Новоалексей селолық Кеңесінің депутаттығына сайлады. Әбу Сақтағанұлының жемісті еңбегі үкімет тарапынан «Тың және тыңайған жерлерді игергені» үшін медалімен бағаланды.
Педагогикалық салада аз уақытта үлкен жетістіктерге жеткен Әбу Сақтағанұлына аудандық партия комитеті тарапынан лауазымды қызметтер ұсынылғанына қарамастан, ол әке-шешесі, өмірлік жары Сара және үш баласымен алда тұрған тұрмыстық қиыншылықтарды біле тұра, ғылым жолына түсу үшін Алматыға көшті. Аспирантурада оқыған кезде Әбу Сақтағанұлына ғылыми жетекші болып, қазақтың тұңғыш кәсіби тарихшысы Ермұқан Бекмаханов бекітілді.
Ғұлама ғалым мен алғыр шәкірттің ғылыми одағы тез арада-ақ өзінің жемісін берді. Сөйтіп Әбу Сақтағанұлы 1964 жылы 16 наурызда «Еңбекшілердің 1918 - 1919 жж. Ақтөбе майданында ақ гвардияшылармен күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты.
Бұл кезде Қазақстан тарихы бойынша ғылым кандидаттары өте аз болатын. Әбу Сақтағанұлы осы аз шоғырдың арасында Е.Бекмахановтың түлегі ретінде университетте ұстаздық қызметпен тұрақты айналыса бастады. Осы кезден Ә.Тәкеновтің ғылымдағы қиындық пен қызыққа толы өмір жолы басталды.
Ғалымның ғылыми ізденісінің нәтижесінде зерттеу обьектілерінің ауқымы кеңейді. Қазақстан тарихында бұрын зерттелмеген тың тақырыптар: қазақ халқының интернационалистік байланыстары, тарихи деректеме, аймақтық тарих мәселелерінің көп қабатты күрделі проблемалары ғалымның терең ғылыми жұмыстарының өзегіне айналды.
Ерекше атап өтетін нәрсе, Ә.Тәкенов сол тұстағы көпшілік тарихшы ғалымдар сияқты тарих ғылымын саясаттандырып, коньюктуралық уақытша маңызды тақырыптарды қаузап, ұсақталуға бой ұрмады.
Әбу Сақтағанұлының осы қасиеті туралы академик Манаш Қозыбаев: «Біздің тарих деген ғылымымыз жатқан мұхит. Оған көптеген жылғалар, өзендер келіп құяды. Мұнсыз мұхит болмайды. Әбудің тарих ғылымының деректеме саласына көңілі түсті. Осы салада қыруар жұмыс істеді», - деп атап көрсеткен болатын.
Әбу Сақтағанұлы қазақ халқына қиын кезде қол ұшын берген интернационалистер туралы көптеген материалдар жинап, олар туралы ғылыми жинақтар мен журналдарға көптеген мақалалар жариялады, кітаптар жазды. Сол интернационалистердің бірі В.И.Шпрайцердің ұлы В.В.Шпрайцер 1987 жылы Әбу Тәкенов ұйымдастырған «Әліби Жангелдиннің Қызыл керуен ізімен» деп аталатын тарихи ғылыми зерттеу экспедициясының құрамында бізбен бірге болды. Ол өзін «Қаракесек Володямын» дейтін және Әбу ағаны кәсіби тарихшылығы мен жоғары интеллект иесі, азамат ретінде құрметтейтін. Әбу Сақтағанұлына интернационалистер Мате Залка, Маречек, Шпрайцер ұрпақтары бас иіп тағзым етеді.
Кеңес үкіметі Ұлы Октябрь революциясының тарихына ерекше көңіл бөлген балатын. Осыған байланысты «Иностранная военная интервенция и гражданская война в Средней Азии и Казахстане» деп аталатын құжаттар мен материалдар жинағы дайындалып, Ә.Тәкеновке «Ақтөбе майданы» деген тарауды дайындау тапсырылды. Ғалым осы тарауды Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Алматы қалаларындағы мұрағат пен мұражайлардан жеке өзі жинаған деректер негізінде жазып, ғылыми ортаға жаңа қырымен танылды, тарихты сүйіп оқитын оқырмандар Ә.Тәкеновтің ғылыми қуатын, шығармашылық жаңашыл ізденісін өте жоғары бағалады. Бұл 33 жасар ғалымның тамаша ғылыми табысы еді.
Ә.Тәкенов докторлық диссертациясын өте тыңғылықты даярлады. Кезекті ғылыми дәреже алғанға дейін диссертациялық жұмысының мазмұнын ашып, ғылыми жаңалықтарын көпшілікке таныстыру мақсатында Әбу Сақтағанұлы зерттеуші И.Д.Очагпен бірге 1974 жылы «Интернациональный отряд (к истории экспедиции А.Джангильдина)», «Интернационалистер Октябрь жеңістерін қорғауда» (Алматы 1977 ж.), К.Нұржаубаевпен бірге «Отряд А.Джангельдина в Мангышлаке» (Щевченко 1980) деген кітаптар жазды. Бұл кітаптар кезінде ғылыми жұртшылықтан өте жоғары баға алған болатын. Онда Ә.Тәкенов Қазақстанның Ұлы Октябрь революциясы кезіндегі тарихымен бірге аймақтық тарихын бұрын көпшілікке белгісіз мұрағат құжаттарының негізінде жазып, жаңа деректерді ғылыми айналымға қосудың үлгісін көрсетті. Осы кітаптардағы ғылыми жаңалықтар кейінірек Қазақстан тарихы кітаптарына енгізіліп, оқырман қауымның игілігіне айналды.
Ұзақ жылғы ғылыми ізденістерінің қорытындысы ретінде Ә.Тәкеновтің «Узы интернациональной дружбы (интернациональные связи трудящихся Казахстана и зарубежных стран в 1917 - 1937 гг.) деген кітабы 1980 жылы Алматыда «Кітап» баспасынан жарық көрді. Осы еңбектері арқылы Ә.Тәкенов елге танылды, жұртшылықтың құрметіне бөленді.
1980 жылы Әбу Тәкенов Қазақстандағы азамат соғысының тарихына байланысты деректі, танымдық сипаттағы мақалалар жариялағаны үшін, республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының лауреаты атанды.
1984 жылы университеттегі ғылыми-педагогикалық қызметі үшін Әбу Тәкенов «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.
Көп жыл бойы тынбастан жүргізген шығармашылық еңбегінің арқасында Ә.Тәкенов 1988 жылы «Қазақстан еңбекшілерінің (1917 - 1937 жж.) социализм құрылысы кезеңіндегі интерноционалдық байланыстарының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпқа тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін жазған диссертациясын сәтті қорғады.
Елімізде қайта құру процесі жүзеге асырылып, Қазақстан тәуелсіздік алған шақта қазақ халқының тарихын жаңа көзқарас негізінде жазу мүмкіншілігі пайда болды. Осы мүмкіншілікті Әбу Сақтағанұлы елімізде тарих ғылымын дамыту бағытында тиімді пайдалана білді. Сөйтіп оның бастамасымен тарихи оқиғалар мен тұлғаларды жаңа көзқараспен бағалау тұрғысында көптеген келелі іс шаралар жүзеге асырыла бастады.
Ә.Тәкенов Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс тарихының мәселелерін бұрынғы коммунистік партия идеологиясы емес, қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қайта жазу қажеттігін өзінің проблемалық мақалалары мен телесұхбаттарында негіздеді. Ол қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдау үшін 1986, 1991 және 1996 жылдары өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларды ұйымдастырушылардың алдыңғы тобында болды.
Мен Ә.Тәкеновтің ұсынысымен «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт - азаттық көтеріліс тарихының мәселелері (Батыс Қазақстан материалдары негізінде)» деген тақырыпқа профессор Ж.Қасымбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Сол сияқты Еркін Ермаханов «Дала облыстарындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихының мәселелері» деген кандидаттық диссертация қорғады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихын оқытудың ең өзекті мәселесі - деректану ісінің әлі де жолға қойылмағандығы. Ә.Тәкенов осы мәселені шешу бағытында көп еңбек атқарды. Ол өзі оқыған қазақ мемлекеттік университетінің тарих және этнология факультетінде алдымен мұрағат қызметкерлерін дайындайтын қазақ бөлімін, ал 1991 жылы «Деректану және архивтану» кафедрасын аштырып, осы кафедраны өзі басқарды. Осы бөлімді бітірген 50-ден астам студент Қазақстанның әртүрлі облыстарында білікті маман ретінде қызмет етуде.
Ә.Тәкеновтің деректану мәселелеріне арналған ғылыми ой-пікірлері әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жарық көрген «Ғылым көкжиегі» деген жинаққа енгізілді.
Сол сияқты Ә.Тәкенов дайындаған Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша 20 баспа табақтан тұратын құжаттар мен материалдар жинағы (профессор Қ.Қаражановпен бірге) 1998 жылы «Санат» баспасынан жарық көрді. Сонымен қатар Ә.Тәкенов аспиранттарға «Қазақ мемуары - тарихи дерек ретінде», «Қызыл Қазақстан журналы - тарихи дерек ретінде» деген диссертация тақырыптарын беріп, жетекшілік жасаған болатын. Сөйтіп ол қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи деректану ғылымының негізін салған ғалымға айналды.
Еліміз тәуелсіздік алған шақта Ә.Тәкенов Кеңес өкіметі қайта басып шығаруға, студенттерге жоғарғы оқу орындарында оқытуға тыйым салған қазақ тарихшыларының еңбектерін оқушы қауымымен қауыштыруға орасан зор еңбек сіңірді. Кітапханалардан алынып тасталып, өртелген М.Шоқай, Е.Бекмаханов, С.Асфендияров, Т.Шонанов және С.Қожановтың еңбектері Ә.Тәкеновтің редакциясымен және алғысөздерімен бірінен соң бірі тәуелсіздіктің көктемінде тәуелсіз елдің тарихи санасының алғашқы қарлығаштарындай болып қазақ оқырмандарымен қауышты. Сөйтіп ел тарихын шынайы сүйетін қауым, көп жылдардан соң, нағыз тарихшылардың ғылыми тұрғыдан жазған тарихи еңбектерімен танысуға мүмкіндік алды. Бұл Әбу Сақтағанұлының ұстаздар алдындағы өз парызын орындауы және азаматтық ерлігі еді.
Ә.Тәкенов жоғарыда айтылған тарихи тұлғалар еңбектерінің деректанымдық сипаты мен тарихи құндылықтарын насихаттайтын бірнеше ғылыми мақалалар да жариялады. Осы жылдары Әбекең қаламынан туған «Санджар Джафарович Асфендияров и его история ...», «Инженер и историк М.Тынышпаев», «Елуінші жылдардың басында қазақ тарихы қалай қыспаққа алынды?», «Ғасыр сынынан өткен ғалым (Е.Бекмаханов)», «Телжаннан қалған телегей мұра», «Сұлтанбек Қожановтың қасіреті» деген мақалалар республикалық ғылыми жинақтар мен журналдарға және газеттерде жарық көріп, қалың оқырман қауым Әбу Тәкеновті жаңа қырынан таныды.
Осы жылдары Ә.Тәкенов Кеңес үкіметі мен комунистік партия аттарын атауға тыйым салып, кітаптарын өртеп жіберген Мұстафа Шоқай, Зәки Валиди, Баймырза Хайт есімдерін және олардың еңбектерін Қазақ халқымен қайта қауыштырды.
1993 жылы Ә.Тәкеновтің алғысөзімен Мұстафа Шоқайдың «Туркестан под властью Советов» деген кітабы қайта басылып шығарылды. Ғалым Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұраларын халық арасында кеңінен насихаттап, оның қызметіне компартияның берген теріс бағасын жоққа шығарып, «Мұстафа Шоқай өмірінің кейбір қырлары», «Түркістан легионы және Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?», «Мұстафа Шоқайдың соңғы жазбалары» деген мақалалар жазды. Ә.Тәкеновтің арқасында Мұстафа Шоқай мен оның әйелі Мария Шоқайдың естеліктері «Биография Мустафы Чокаева» деген атпен (10 баспа табақ көлемінде) жарық көрді. Сөйтіп Ә.Тәкенов қазақстандық Шоқайтану ғылымының негізін салушылардың бірі болды.
Кеңес үкіметінің тұсында халықтың жадынан өшірілген түрік халықтарының рухани көсемі болған Зәки Валиди, Баймырза Хайт туралы терең ғылыми зерттеу жүргізген ғалым Әбу Тәкенов болғаны ешқандай талассыз ақиқат. Бұл тарихи тұлғалар туралы Әбу Тәкеновтің «Зәки Валиди кім болған?, «Баймырза Хайт Алаш қозғалысы хақында» деген мақалалары тарихшылар үшін де, былайғы оқырман қауымға да танымдық тұрғыдан көп мәліметтер беретін өте құнды еңбектер болып табылады.
Әбу Тәкенов жан-жақты тарихшы. Оның осы қасиеті Қазақ Совет энциклопедиясына арнап жазған материалдардан да сезілетін. Ол осы энциклопедия үшін тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы 100-ден астам мақала жазды.
Әбекең еліміздің ғылыми педагогикалық өмір саласында өте белсенді қызмет атқарды. Ол Қазақстан өлкетанушылар қоғамының төрағасы болып көп жылдай бойы жемісті еңбек еткен болатын. Сонымен қатар 1989 жылдан бастап Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде ашылған «Отан тарихы» диссертациялық Кеңесінің мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы ғалымдар Кеңесінің төрағасы, «Қазақ тарихы» журналының ақылдастар алқасының мүшесі болып, педагог-ғалым ретінде көп жылдар бойы абырой биігінен көріне білді.
Әбу Сақтағанұлы жаны жайсаң, ақын жанды еді. Әбекеңнің осы қасиеттері туралы профессор Кеңес Нұрпейісов: «Әбу Сақтағанұлы туған халқының көп салалы мәдениетін, әсіресе оның ауыз әдебиетін жетік білетін және сүйетін. Ол көңілі түскенде өзі дүниеге келіп, азамат болып қалыптасқан, еліміздің батыс өңірінің ақын-жыраулары мұрасының інжу-маржандарын жатқа айтып, әнші-күйшілердің өмірлерінен көпшілік біле бермейтін жәйттер жөнінде қызық әңгімелер шертуші еді.
Әбекең өзі де өлең шығаратын. Ол өлеңді жазып та, реті келгенде суырып салып та (импровизация) айта беретін. Ол қайтыс болардан бір-екі ай бұрын Тәкеновтер әулеті жөнінде өзі жазған шежіре-толғауды маған оқып берген еді. Әбекеңнің той-томалақта, дастархан басында немесе бірге жолаушылап сапар шеккен кездерде дос-жарандарына арнап әзіл өлеңдерді аяқ астынан шығарғанына сан рет куәгер болдым», - деп жазған болатын.
Ақынжанды Әбу Сақтағанұлының халықтың алдында, тарих ғылымының алдында ары таза еді. Оның кіршіксіз таза жан екендігі туралы курстас досы, ғылымдағы үзеңгілес жолдасы, академик Манаш Қозыбаев былайша тебіренген еді: «Әбудің көп жақсы қасиеттері бар еді. Ол біріншіден, өте қарапайым болатын. Одан ауылдың исі аңқып тұратын. Шәкіртке дегенде адал еді. Бар өнерін, білімін жеткізуге құштар болатын. Бұл жағынан алғанда, ол шын мәнінде ұстаз-педагог еді. Әбу ел арасынан шыққан еді. Мен оны көргенде, елім есіме түсетін. Ауылдың қаршадай баласы, соғыстан кейінгі ауыр жылдары оқып білім алып, ғылым докторы, профессор болуы шын мәнінде елге де, халыққа да үлгі болар іс. Әбу өмірі - өнегелі өмір. Оның Отан алдында, халық алдында, Қазақ мемлекеттік университеті алдында ары таза».
Әбу Тәкенов «Ақтөбе» энциклопедиясын шығару туралы идеяның авторы және осы энциклопедияның тұңғыш ғылыми бас редакторы болды.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді халқымыз. Осы тұрғыдан алғанда Әбу Тәкенов нағыз ұстаз-ғалым еді. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық аймағында жемісті қызмет етуде. Тек ғана Ақтөбе өңірінен шыққан тарихшылар Г.Нұрғалымова, М.Тәжібаев, Ұ.Ысмағұлов, Е.Медеубаев Әбу Тәкеновті өздерінің рухани ұстазы ретінде санайды, оның есімін әрқашан ілтипатпен еске алып отырады.
Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы жоғарғы оқу орындарында қызмет істейтін тарихшы ғалымдар: Г.Ізбасарова, Қ.Сәрсембина, Г.Көбенова, Б.Әбенова және Д.Әбеновтер студент-шәкірт ретінде Әбу Тәкеновтен тәлім-тәрбие алғандарын әркез мақтанышпен айтады.
Әбу Сақтағанұлы Тәкенов талантты тарихшы, ғұлама ғалым ретінде елдің есінде қалды. Оның есімі Қазақ Совет энциклопедиясына, Ақтөбе энциклопедиясына енгізілді, Темір қаласында Әбу Тәкенов атындағы көше бар. Ең бастысы Әбу Сақтағанұлының ғылыми еңбектері ел игілігіне айналды. Осы тұрғыдан алғанда «Ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы шынымен жүзеге асты деп толығымен айта аламыз.
«Қазақ тарихы» журналынан