Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 13990 13 пікір 15 Маусым, 2017 сағат 09:57

Ұлттық код отбасында басталады

Елбасы жариялаған рухани жаңғыру, оның ішінде ұлттық кодты қалыптастыру туралы мақаласы болашақ ұрпақты тәрбиелеуге арналған нақты бағдар болды.

Ұлттық код дегенге кейбіреулер «мұнысы немене тағы» дегендей тіксіне қарап жүр. Ұлттық кодты қарапайым тілмен айтқанда «қазақи тегіміз, қазақи діліміз, қазақи санамыз бен болмысымыз» деуге болады.  Мен 45 жыл ұстаздық еткен жанмын. Баланы оқытып, тәрбиелеп, тұлға ғып қалыптастырудың қызығы мен шыжығын іштен, өз басымнан өткеріп, танып білген адаммын. Сондықтан шын мәніндегі ұлтжанды, елін сүйетін ұлттық коды бар Азамат қайда, қалай қалыптасатыны туралы өз пікірімді ортаға салмақпын.

Жалпы дүниеге келген әр адамның бойындағы, қанындағы қасиеттері оның шыққан тегіне байланысты екені ешқандай дау тудырмайды. Алайда оларды ары қарай бағдарлап дамыту ата-анасына, отбасына, өскен ортасына тікелей байланысты. Отанын сүйгіш, ұлтжанды ақын ағамыз М.Шахановтың сөзімен айтқанда, әр адам туған анасынан басқа да өзінің тағдырын тамырсыздықтан қалқалап, өміріне мәңгі астана болар құдіретті 4 Ананы танып-біліп, қадірлеп-қастерлегенде ғана өз ұлтының шын мәніндегі толыққанды өкілі бола алады.  Ал ұлттың ең негізгі және бірінші көрсеткіші ол – тілі. «Тілі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов үлкен ескерту жасап кетті. Біздің дана халқымыз немерелерін ата-әжесіне бақтырып, тәрбиелетіп үлкен көрегендік жасаған. Себебі жас отау иелері күнделікті бар күйбең тірлікті өз мойындарына алып, қарттардың  қолдарын босатқан. Ал ата-әжелер немерелеріне бесік жыры, ертегі, қисса-дастандарды айтып, тыйым сөздерді құлақтарына сіңіріп, өздерінің қолдарынан келетін өнерін олардың бойына сіңіріп отырған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осыдан қалған. Ал қазақ халқының ауыз әдебиеті тұнып тұрған өсиет, насихат екені баршаға аян. Батырлық та, елжандылық та, отбасыға, үлкенге құрмет те, кішіге ізет те, қонақжайлылық та, қысқасы, бүкіл жақсы адами қасиетті дәріптеу осында. Осыларды құлағына сіңіріп, бойына жиып, санасына түйіп өскен баланың жаман әдеттен аулақ, тәрбиелі  де ізетті адам болары хақ. Біздің халқымызда отбасының әр мүшесіне қатысты мақал-мәтел бар. Бұл мақал-мәтелдер отбасының әр мүшесінің орнын, қызметін, олардың өзара қарым-қатынас сипатын нақты анықтап, ашып жеткізеді.  Оларға аналог басқа ешбір тілден табылмайды. өзге тілдерде тіпті «нағашы-жиен» деген атау да жоқ. Қазақ мақал-мәтелдерін, тиым сөздерін жаттап, жадында ұдайы сақтап жүрген адамның тілі бай әрі шешен, ойы ұшқыр, адамгершілігі мол болмақ.

Мақалада: «Замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп   өте тура айтылған. Қазақстанның Ресейдің бодандығында болған 74 жыл, басты назар экономикаға аударылған егемендік алған 25 жыл – жалпы алғанда ұлттық идеологиясыз өткен бір ғасырда орта есеппен тіпті үш ұрпақ  ауысты дегенде,   қазіргі ұрпақтың бойында қазақи қасиеттің, яғни ұлттық кодтың тек 30 пайызы қалды деп топшылауға болады. Бұрындары «іштен шыққан шұбар жылан ғой» деп, өз баласының бар кінәсін де, күнәсін де мойнына алып, ол үшін жауапты болатын аналардың орнына қазіргі «көкек аналардың», өз бала-шағасы тұрмақ аталас елдің жесір-жетіміне қамқор болатын азаматтардың орнына намыссыз, жауапкершіліксіз жігіттердің, бейкүнә нәрестелерге зорлық жасайтын есерсоқ еркектердің, жүз теңге үшін жақынын да аямайтын жауыздардың  қаптап кетуі осының дәлелі. Өз баласы тұрмақ, өзгенің баласына көз қырын салып, тәрбиелей, жөнге сала жүретін  қазағымыздың «ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым» деген сөзі естен шығып, ұмытылғалы қашан. Қазіргі жастарға ескерту жасамақ түгілі, беттеріне қарауға жүрексінеміз. Осы жүз жылдықтың орта буыны біздер Қазақстан тарихынан мүлде мақрұмбыз,  ештеңе білмейміз. Бұрынғы тарихты білетін ата-әже кезінде кішкентай болдық, әке-шешелеріміз күндіз-түні соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты, экономиканы қалпына келтіреміз деп тер төгумен болды, ал мектепте және жоғары оқу орнында ерте дүние мифтерінен бастап, бүкіл әлем тарихы мен Коммунистік партияның барлық съездері мен пленумдарының тарихын оқып өстік, ал қазақтардың Қазан төңкерісіне дейінгі тарихы біз үшін қымтап жабылған қазан болды.  Біз  Қобыландыны қазақ жырынан, Жәңгір деген хан болғанын Махамбеттің өлеңінен, Әбілқайыр, Абылай, Хан Кенені І.Есенберлиннің  романдарынан ғана оқыдық. Өмір сүрген, еліне, халқына сіңірген қызметін саралап оқымағандықтан, олар бізге тарихи тұлғалар емес, тек әдеби шығармалардың кейіпкерлері болып қана елестейтін. Ал өз елінің, өз тегінің тарихын білмеген адам өзгелердің алдында ештеңесін айтып, көрсетіп мақтана алмайды, еңсесін көтеріп, өзін асқақ ұстай алмайды.Өкінішке орай, біз сондай ұрпақпыз.

Менің өзімнің аз да болса қазақи қасиеттерімді сақтап қалғаным – ауылда туып, өскенім, атам мен апамның тәрбиесінде 8-9 жыл болғаным, ата-ене мен келіннің сыйластығын, шешен, орыс көршілермен татулықты, жолай ат басын бұратын құдайы қонақтарды да жылы қарсы алуды  көргенім, ақсақалдардың жиылып отырып айтқан әңгімелерін, шежірелерін тыңдағаным, келген елге күн демей, түн демей, қабағын шытпай жүріп шай беретін келіннің ізеттілігін  байқағаным болса керек.

Бұл рухани жаңғыру бағдарламасы елжанды, ұлтжанды ақынымыз М.Шаханов айтқандай,  «компьютер басты жарты адам»  болып өсіп келе жатқан қазіргі ұрпаққа, оларды тәрбиелеп жүрген отбасылар мен ұстаздарға  кешігіп болса да  жеткен өте қажетті бағдаршам болды. Бұл бағдарламаны іске асыруға  бағытталған тиянақты да ауқымды іргетас 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырту, 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттеу арқылы қаланып қойды. Енді әр жеке тұлғадан бастап үкіметке дейін, барлық деңгейдегі ұжымдар мен ұйымдар жаппай ат салысып, талмай еңбектенсе, болашақ ұрпағымыз «ұлттық санасы кемелденген, елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алған, біртұтас ұлы ұлттың перзенті» болып шығары хақ.

Қарт ұстаз, бала өсірген ана, немере сүйген әже ретінде айтарым, егемен елімізде өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз өз ана тілінде таза сөйлеп, ежелден «ер» деген даңқы шыққан, намысын таптатпаған, туған жердің топырағын сүйгенде болмаса, ешкімге басын имеген, ешкімнің алдында тізесін бүкпеген ата-бабаларының тарихын, салт-дәстүрін біліп өссе, өз елі мен халқының тек малын жемей, қамын жейтін, туған жерін, аулын аялап, сақтап, қорғайтын, рухани шыңдалған, бәсекеге қабілетті, жаһандану үрдісіне жұтылып, өзін жоғалтып алмайтын халықтың лайықты Азаматы болып шығады деген сенімдемін.

Ақмаржан Ақыжанова, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ассоциативтік профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

 

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449