Шетелдік БАҚ Елордадағы ЭКСПО туралы не дейді?
2017 жылдың басты оқиғасы сөзсіз «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. Халықаралық шараның шымылдығы ашылды. Өткенде ғана көрме ұйымдастырушылары 2 миллионыншы қонақты дүркіретіп қарсы алды.
Сол көрменің ашылу салтанатында көршілес Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, сондай-ақ өзге елдің 8 президенті қатысқаны белгілі. Еліміздің және шетелдік БАҚ-тың екі мыңнан астам өкілі ақпарат таратты. Ашылу салтанаты туралы 2997 мақала жарық көрсе, оның 718-і шетелдік басылым екенін осыған дейін жазған ек.
Сонымен шетелдік басылымдар Елордадағы ЭКСПО көрмесі туралы не жазып жатыр?
Америкалық «FORBES» журналы халықаралық көрме туралы бірнеше жазба жариялапты. Біріншісі, «Астанада өтіп жатқан көрмеге барудың 5 себебі». Онда қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен бөлек, әлемнің жасыл технология саласында жеткен жетістігімен танысуға болатындығы айтылған. Сондай-ақ, «Астана көрмені өткізіп отырған таңғажайып қаланың бірі» деп баға берілген. Аз ғана уақытта, футурустік стилде жаңа қала бой көтерді. Мақала автор қала тұрғындарының қонақжайлылығын ерекше атап өткен. Осы журналда жарияланған тағы бір материал – «EXPO 2017 Қазақстанның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» – деп аталады.
Англиялық «DAILY MAIL» басылымы еліміздің «Астана «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне өте жақсы дайындалғанымызды атап өткен.
Ал америкалық «CNN INTERNATIONAL» Елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деп баға берді. Сондай-ақ Астананың көркем ғимараттарымен қоса әр нысанның анықтамасын да көрсетіп өткен екен.
«Болашақтың қаласы – ғарыштан қарағанда , Жер ғаламшарының кереметі іспетті көрінуі ғажап емес. Жергілікті халық өз атауымен атайтын нысандар да баршылық. Соңғы жылдары Қазақстан астанасы футуристік архитектураның да көркем үлгісін жасау үстінде» депті агенттік.
«Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» қытайлық үздік кәсіпорындарын таныстыруға мүмкіндік береді», -деп жазады «RUSSIAN.CHINA.ORG.CN» сайты.
Ал қытайлық «CGTN»: «Астанадағы ЭКСПО көрмесі көптің назарын аударып жатыр. Әсіресе болашақ тәуелсіз энергетиканы жасыл технологиямен байланыстырған елдерді. Қақ ортадағы «Нұр әлем» атты нысан «Болашақ энергияның музейі» ретінде таныстырылды», депті.
Түркияның «TRT Haber» агенттігі аталған көрмеге қатысты өз тәжірбиелерін бөлісуді жөн көріпті. Көрме ашылған күні Түркия павильонының да салтанатты ашылу рәсімі өткен еді. Павильоның ашылуына Астанадағы ЭКСПО Түркия комиссары Тарык Сөнмез, еліміздің инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Түркияның Астанадағы елшісі Невзат Уянык қатысқан. Мақала авторы сөз соңында көрменің ашылуына жоғары баға беріп, ерекше әсер қалдырғанын айтқан.
Беларусиялық «BELTA.BY» сайты «ЭКСПО көрмесі – Қазақстандағы соңғы жылдарда ұйымдастырылған ең ауқымды шараның бірі», деп жазады. «Көптен күткен ұлы тойдың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Мұндай іс-шараны тамашалайтын қонақтың саны Олимпиада мен футболдан әлем чемпионатына келетін туристермен пара-пар» дейді әрмен қарай.
Ал украиналық «DAY.KYIV.UA» сайты Украинаға инвестиия таруда Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің берері көп екендігін айтыпты.
«Украинаға инвестиция тарту, сондай-ақ соңғы үлгідегі технологияны әкелу үшін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндігін пайдаланамыз. Украинадан көрмеге 100-ден аса кәсіпорын қатысады. Біздің мақсатымыз – еліміздегі өндіріс деңгейін көтеру үшін көрме барысында өзге елдермен байланыс орнату», делінген сайт жазбасында.
Әзірбайжанның мемлекеттік «AzTV» арнасы Елордадағы көрме туралы бірқатар сюжет дайындаған. «EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінің әлемнің экономикалық дамыған жетекші елдерінен кейін Қазақстанда өтуі энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ары қарай дамып, қатысушы елдерде жүзеге асырылған жаңа технологиялардың алмасуына мүмкіндік береді» депті әзірбайжандық журналистер. Келесі EXPO-2025 халықаралық көрмені өткізуге Ресей, Франция және Жапониямен қатар Әзірбайжанның да үміткер екендігі баса айтылды.
Түйін: Осылайша көрмеге қатысып жатқан 100-ден астам елдің баспасөз құралының «Астана ЭКСПО-2017» туралы жазғанын мысал ретінде келтіре беруге болады. Себебі осы уақытқа дейін біздің назарымызға іліккен мақала, сюжеттің саны мыңнан асады. Сыннан гөрі салмақты, сараптама басым. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі болды.
Abai.kz