Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Билік 6239 0 пікір 26 Маусым, 2017 сағат 12:40

Жетісуда «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» атты жоба жүзеге асуда

«Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» атты арнайы жобасы жүзеге асуда. Осы ретте аталған партия  облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Көксу ауданының бірнеше шаруа қожалығына барып, ондағы мал бордақылау алаңдарының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды облыстық "Жетісу" газеті.

Ғалиасқар Төлендіұлы алдымен Еңбекшіқазақ ауылында орналасқан «Жанат» шаруа қожалығына барды. Ұжым өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеке шаруа қожалық болып тіркеліп, мал бордақылауға 6 млн. теңге несие алған. Қазірде 28 бас ірі қара бордақылау алаңында бағылуда. Бұл туралы кездесуде аталмыш қожалық басшысы Асхат Қапшағаев айтып,  партиялықтарға өз алғысын жеткізді.

– Мемлекеттік бағдарламаның көмегі зор, осындай қомақты қаражат алуымызға партиялықтардың ақыл-кеңесі себепкер болды. Бүгінде ойға алған шаруамыз ілгері басуда, – дейді кәсіпкер азамат.

Осыған орай Ғалиасқар Сарыбаев  та мал бордақылап, одан табыс табудың оңай шаруа емес екенін тілге тиек етіп, шаруаларға «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» атты партиялық жобаның мақсатын таныстырды.

– Жоба аясында өңірлерде мал, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуіміздің басты себебі – ауылдың әл-ауқатын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашып, жастарды кәсіп игеруге ұмтылдыру, – дейді «Нұр Отан» партиясы  облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Өз кезегінде Көксу аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанар Байұзақова аталмыш партиялық жоба аясында ауданда 29 азамат несие алғанын, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 21 адам жіберілгенін атап өтті.

Бұдан соң жұмыс тобы Көксу ауданы, Балпық би кентінде тұратын Нұркелді Мазмақынның жеке шаруашылығына ат басын бұрып,  ондағы шаруашылықты көріп қайтты.

Қозыбай ҚҰРМАН

Abai.kz

0 пікір