Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 6185 6 пікір 14 Шілде, 2017 сағат 10:16

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен мерекелік шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысты, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Сондай-ақ, құрметті қонақтардың қатарында республиканың күш және құқық қорғау құрылымдарының, министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен бірге, шетелдік елшіліктер делегацияларының жетекшілері, шетелдік арнаулы қызметтер өкілдері мен ардагерлері болды.

Жиында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын, 1992 жылдың 13 шілдесінде Ұлт­­тық қауіпсіздік комитетінің құ­рылуымен елі­міздің қауіпсіздігін қамта­масыз ететін берік жүйе қалып­тасқанын атап өтті.

– Сіздер Отанымыздың тұтастығын қамтамасыз етуге, тәуелсіздікті ны­ғайтуға және халқымыздың тыныш­тығын сақтауға 25 жылдың ішінде елеулі үлес қостыңыздар. Арнаулы қыз­меттегі адамдардың бәрі, құқық қорғау органдары, әскерилер, соның ішінде сіздер де көзге көрінбес майданда күн-түн демей, ел үшін абыройлы да жауапты жұмыс атқарып келе жатырсыздар. Осы жылдар ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті көптеген қауіптің алдын алып, талай лаңкестік әрекеттердің жолын кесті. Бұл жұмысқа біліктілігі мен даярлығы жоғары, білімі бар, сезімі бар, отансүйгіш жүрегі бар адамдар ғана қабылданады. Олар алаңсыз әрі адал қызмет етуі үшін мемлекет тарапынан да барлық жағдай жасалған, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін құрбан еткен ҰҚК қызметкерлерінің еңбектерін ерекше атап өтіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды.

Мемлекет басшысы Достастық елдерінің қауіпсіздік органдарының жетекшілеріне Қазақстандағы әріптес­тер­і­мен тығыз байланыс орнатып, өзара жемісті іс-қимыл жасап келе жатқаны үшін алғыс айтты.

Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарындағы жетістіктеріне тоқталған Президент Қазақстанның әлемдік қо­ғамдастықтағы беделі де артып келе жатқанын, биыл еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуы соның бір көрінісі екенін жеткізді.

– Біздің алдымызда әлі де ауқымды міндеттер тұр. Еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық саланы жаңғырту жүргізіліп жатыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудамыз. Оның мақсаты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына ену. Біз цифрландыру әлеміне еніп, дүние жүзінің барлық елдерінде өтіп жатқан техникалық прогреске ілесе алуымыз қажет. Бұл – күрделірек міндет және бұрынғы жаңғыруға ұқсамайтын мүлде басқа деңгей. Сондықтан барынша жұмыс істеуге тура келеді. Алдағы мақсатқа табысты қол жеткізудің басты кілті – төңірегімізде бейбіт өмір мен тыныштықты қамтамасыз ету, ішкі саяси тұрақтылық пен келісімді орнату, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, әлемнің қазіргі барлық сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұру үшін ҰҚК қызметкерлерінің кәсіби қабілеті мен біліктілігін жетілдіру қажет.

– Жыл басында Ұлттық қауіп­сіздік комитеті мен оның ведом­ство­ларының жаңа құрылымы бекітіл­ді. Өзара іс-қимыл жасау мен күш-қуат­ты қайта орналастырудың жаңар­тылған жүйесі мейлінше тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қыз­меткерлері алдағы уақытта да Ота­нымызға мінсіз қызмет етіп, елімізді көркейту және ұлттық мүддемізді қорғау жолында өздерінің барлық күшін, білімі мен тәжірибесін жұм­сайтынына сенімдімін, – деп сөзін түйіндеді Президент.

Соңында Елбасы қызметтік па­рызын орындауда ерлік пен жан­кештілік көрсеткен ұлттық қауіп­сіздік органдарының үздік қызмет­керлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен «А» арнаулы мақсаттағы қызметінің орталық нұсқаушысы, майор, марқұм Ерғанат Көшербаев наградталды және осы орденді ҰҚК 2-ші департаментінің басқарма бастығы, майор Әмір Сарықұлов кеудесіне тақты. Ал «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен ҰҚК қызметкерлері – Д.Ба­зарбаев, А.Қожабеков, А.Лұқпанов, Ж.Омариев, Ә.Тастамбеков, Е.Үсе­нов марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты концерт өтіп, осы саланың тарихы мен қазіргі сәттерін бейнелейтін деректі фильм көрсетілді.

Қатысушылар лебізі

Болат ЗӘКИЕВ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері:

– Бір елдің тарихында 25 жыл деген қысқа мерзім. Бірақ әр мекеменің өз саласындағы жеткен жетістіктері уақыт­пен өлшенбейді. Қазақстанның Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің ширек ға­сыр ішінде атқарған жұмыстары ауыз тол­ты­рып айтарлықтай. Арнаулы мем­ле­кет­тік орган еліміздегі тыныштық пен тұ­рақтылықты сақтауда елеулі еңбек етіп келеді.

Мен 41 жыл бойы осы салада жұмыс істедім. Соның 15 жылында Шекара қызметін басқардым. Сондықтан осы сала маған жақынырақ. 1992 жылы Қазақстанның Шекара қызметі құрылған кезде біз Қытаймен шектесетін 1600 шақырым жерді ғана күзетіп отырдық. Содан бері еліміздің шекарасын, яғни 15 мың шақырымды күзету үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мысалы, шекара бекеттерін салу, оларды білікті кадр­лармен қамтамасыз ету, заңдарды қабылдау әрі көрші елдермен бейбіт байланыс орнату секілді көптеген шаруалар еңсерілді.

Осы орайда, рухы мықты, жүрегінде отансүйгіштік сезімді ұялатқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің арқасында осындай толайым табыстарға қол жеткіздік. Бұл салада кілең елін сүйген мамандар жұмыс істейді. Олар өмірін қатерге тіге жүріп, еліміздің тұрақтылығы мен тұтастығын адалдықпен қорғай білді. Әріптестерімнің ерлікке пара-пар еңбегі расымен де еленуге тұрарлық.  Арнаулы мемлекеттік қызметтегі барлық азаматты кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Олардың еңбектеріне табыс тілеймін. Халқымыз  аман, еліміз тыныш болсын!

Әмір САРЫҚҰЛОВ, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері:

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл толуына орай Елбасының қолынан мемлекеттік марапат алып жатқаныма шын жүректен қуаныштымын. Мұндай марапат маған бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік жүктейді. Өзім 2000 жылдан бері қауіпсіздік саласында жұмыс істеймін. Содан бері арнайы органның қызметіне деген Елбасының қолдауын әрдайым сезініп келеміз. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қауіп-қатерге қарсы тұруға қауқарлы барлық қажетті ресурстары мен құрал-жабдықтары бар. Президенттің бастамасымен арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны жаңғырту, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Демек, біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге барлық жағдай бар деуге болады.

Қазіргі жаһандық жағдайда күллі әлемнің алдында көптеген сын-қатерлер тұр. Осындай сынақ кезінде біз елімізді тиісті деңгейде қорғап, қауіп-қатер туындағанда шұғыл әрекет ете алуымыз керек. Әрі Елбасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер жүктеп, әсіресе, киберқылмыстың алдын алуды, оған тосқауыл қойып, «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін қалыптастыруды тапсырды.  Біз осындай ауқымды міндеттерді адал  атқарып, Отанымызға қызмет етуге әрдайым дайынбыз!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Abai.kz

 

 

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435