Жылойлықтар тағы да лас судың зардабын шегіп жатыр
Атырау облысы аумағындағы «Жылой су» басшысы Ыбыраев Балтабай кезекті демалысынан соң 12-шілдеде үйреншікті қызметіне қайта оралды. Расында да бұл сүлікше жабысқан орны болды. Хош! Араға екі күн салмай жатып «тра-ха-ха» әніне қайта басты, яғни үйреншікті әдетін және қайталады. Ол не әдет дейсіңдер ме? Ол қайтадан экологияға орасан зор зардабын тигізіп, халық денсаулығына соғыс жариялады. 2017, шілденің 14-жұлдызында ГКНС-тегі су айдайтын мотор істен шығып, Балтабайдың бұйрығымен Құлсары қаласының лас суларын тапа-талтүсте қайтадан КРНУ маңына айдап жіберілді. (Бұл жөнінде сағат 8:20 да арнайы түсірілген бейнетаспа бар).
Ыбыраевтың риясыз сенген оператор машинисі Рысқали өз кезегінде бөтелкесін құшақтаған удай мас күйінде үйінде тырайып ұйықтап жатты. ГКНС иесіз қаңырап бос тұрды. Бірақ, мотордың істен шығуына оператор емес, маскүнем операторды жұмысқа алған Балтабай кінәлі. Мұндай нөкерлері бар Ыбыраев Балтабай расында қас батыр болды, әрі елді балталауын қоймайтын болды. Балтабай ешкімнен қорықпайды болмаса билік тұтқасын ұстағандармен әмпей-жәмпәй, демек, расында да сыбайлас, мафия, клан! Балтабайдың ойынша халық мал ма? Әлде жұрттың бәрін сотпен қорқытып үйренген бе? Балтабайдың алдыңғы экологияны бұзғанына айыппұл төледі ме жоқ па, ол жағы әзірше беймәлім.
Ал шындығында халық бар нәрседен хабардар болуы тиіс. Бұның өзі халықты менсінбегеннен, халықпен санаспағаннан туындап отырған жайттар. Лас сулар қала маңына айдалып жатқан күні қалалық әкім, жергілікті полиция, ҰҚК, «Нұр-Отан» секілді орындарға арнайы қоңыраулар шалынды. Мақсат – заңсыз, қасақана айдалып жатқан лас суларды ел басқарушы тұлғалардың көздеріне көрсету. Себебі, «көргенді көт деген жеңеді» дегендей, Балтабай мұндай нәрселерді ертеңгі күні ешуақытта мойындамайды. Арнайы ГКНС-тің ішіне кірдік. 6 метрдей тереңдіктегі шахта лас судан лық толы болды. Балтабайдың халықта ала алмай жүрген кегі бар ма? Халықпен не үшін ерегеседі?
Жылой халқына және әкім-қараларына өз дегенін істететіндей Балтабай кім еді сонша, тым талтаңдай беретіндей кімнің шежіресі еді? Бұлар мынандай бір қулықты аса меңгеріп алған. Мысалы, экологияға бұл қылығы себепті Балтабайдың үстінен шағым түсірейік делік. Экология Балтабайдың жеке басына емес, мекемесіне зор айыппұл салады. Бұл жерде кімнің несі кетті? Айыппұл Балтабайдың болмаса қызметкерлерінің қалтасынан шықпайды. Айыппұл мекемеге ілінеді де, әйтеуір бір күні құтылады. Бұл жерде экологияның қазынасының бүйірі қампаяды да «Жылой су» мекемесінің халықтан жиналған ақшасы мен халыққа тиесілі судың ақшасы құрдымға кетеді. Соңында мекеменің халық игілігіне жұмсауы тиіс қаржысы кемиді де зардабын қара халық көреді. Бұл үйлесе ме?
Бұл жерде қала маңын ластауға бұйрық берген, пәтуа шығарған Балтабай ғой, не себепті айыппұл Балтабайдың жеке өзіне салынбайды? Не себепті біреудің қырсығынан өзге біреулер жапа шегу керек? Әрине, басшылардың жеке басына, жеке қалтасына салмақ түспегесін бұлар елді сасытуын қоймайды. Сондықтан да, бір емес, бұл істі «Жылой су» мекемесі құрылғалы жылда қайталап келе жатқан мекеме басшысы Ыбыраев Балтабай заң алдында қатаң жазалансын деген ниетіміз бар.
Тұрар Шапқара
Abai.kz