Мына заман қазаққа сыртын берді...
Зар жылап та, заманнан қалжырап та,
Кешір, Алла, бет бұрсам сандыраққа!
Сен кессең де тілімді, ешбір патша
Кесе алмайды шідерлеп, қарғылап та.
Жаз дәуреннің жүргенде сәнін бұзбай,
Арамзадан алданған ару қыздай
Сенімімді жоғалтып өз еліме
Мына өмірден түңілген жаным мұздай.
Тәнімді асқақ арманның қаны кезген,
Мырзан едім әні де, жаны да өзге.
Елдігімнен айрылып, еңсем түсіп,
Бір жан болдым үміттің нәрі безген.
Шындық іздеп, текке өтіп есіл күнім,
Кесапаттан тілегім кесілдің мың.
Мына жердің бетіне келгеннен-ақ,
Жазамды өтеп жүрген жан секілдімін.
«Жат жұрт таптап бағымды тұрған гүлдеп,
Қанішер мен қарақшы жырғап жүр тек», –
десем, күледі парықсыз пақырларың,
«Зарлауы ғой баяғы Мырзанның», – деп
Серік қылып жаныма қайғы асырап,
Жыр жазамын өзімше «жайғасып ап».
Мен де өзімше күлемін біреулерге:
«Мәз болады, – деп – тапқанға пайдасымақ».
Солар озып, бос сөзің құрысын деп
Кеткенімен шаруам жоқ, жұмысым жоқ.
Жұбатпақшы боламын кейде өзімді,
«Біріншінің» сөзінен дұрыс іздеп.
Есімде жоқ «уақытпен үндескенім»,
Қадамыма көргем жоқ «гүл де өскенін».
Ақ періште болсын деп, баламның да
Қаламаймын дәл менше күн кешкенін.
Күле бер, жұрт, кеп тұрса күлкің де енді,
Сүйретумен келемін құр сүлдемді.
«Есі кірмес, ержетпес ұлт екен», – деп,
Мына заман қазаққа сыртын берді.
Болмайтынын білсең де жаза жеңіл,
Айтқызбасты айтқызар нала көңіл,
Біз қимайтын бір нәрсең қалды ма екен
Кім көрінген кемсіткен мазақ өмір?
Мырзан Кенжебай, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі
Abai.kz