Зайырлы елде заң сөйлесін!
ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың назарына
Оқырманы кілең ақын-жазушы, журналистер мен зиялы қауым өкілдерінен құралған, ұлы Абай атамыздың атындағы «Abai.kz» ақпараттық порталы ана тілімізде ақпарат тарататын еліміздегі бірегей сайт десек артық болмас. Халқына қамқор осы сайт арқылы халқына қамқор тұлғаларға жан-айқайымызды жеткізіп, датымызды айту дағдымыз. Сондай «датымыздың» бірі 2017-жылдың 1-шілдесі күні «Тоспа су» толассыз сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді» деген атпен Бас прокурор Ж.Асанов, Жоғары сот төрағасы Қ.Мәми мырзалардың атына ашықхат түрінде жарық көрген еді. Сол ашық хаттың нәтижесі де көріне бастағандай.
Алматы қаласы Бостандық аудандық соты 5 шілде күні сот шешімін жариялап, 18-шілде күні түпкілікті нысанда шығарылды. Сот шешімі менің талап-арызымды қанағаттандырусыз қалдырды. Алайда, Мемлекеттік мекемеміз деп мемлекеттің атын жамылған Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының шаруашылық жүргізу құқындағы «Тоспа Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (әрі қарай – «Тоспа Су») іс әрекеттерінде заңсыздықтың бар екенін анықтаған сот шешіммен бірге «ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ» шығарды. Соттың айтуы бойынша шығарылған «ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ» негізінде Бостандық аудандық прокуроры тексеріс жүргізіп, тексеріс нәтижесінде іс анықталса біздің талап-арызымыз бойынша қайта шешім шығарылады екен. «ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ» жайдан-жай шығарылмағаны белгілі. «Тоспа Судың» жалған АКТ, жалған дәлел, тіпті, сот барысындағы дәлелдемелерді бұрмалау фактілері біз ұсынған іс материалдарында көзге көрініп тұр. Тек тергеу-тексеруді дұрыс жүргізсе болғаны істің беті ашылары анық. Ал осы істі қарау жұмысы енді прокуратураның құзырына берілді. Өз инженері сот барысында өзі жазғанын мойындаған, «Тоспа Судың» мөрі басылған АКТ-тың өзін «бізде ондай АКТ тіркелмеген, өздерің жазып отырсыңдар» деп далаға сөйлеп отырған «Тоспа Судың» қарап отырмасы анық. Қарсы тарап апелляциялық шағым түсіруі әбден мүмкін.
Құрметті Бас прокурор! Өзіңіз осы құзырлы орынның тізгінін қолыңызға алған кезде мемлекеттік мекемелермен соттасқан азаматтардың 80-пайызы жеңіліс табатынын тілге тиек етіп, сынға алған едіңіз. Міне сондай мемлекеттік мекеменің бірі бізбен бетпе-бет белдесіп жатқан жайы бар. Зайырлы елде заңның тұғыры берік, туы биік болуы керек. Азаматтық қоғамда ақиқаттан аттамаған адамның құқын қорғайды деп құзырыңызға хат жолдап құлағдар қылып отырмын. «ЖЕКЕ ҰЙҒАРЫМ» шығарылды. Енді ол қарсы тараптың қарсылығына қарамастан кері қайтарылмай істің ақиқаты ашылуы керек. Үмітіміз өзіңізде. Бұл істі тіпті, ІІБ-на да тапсырмастан өз құзырыңыздағы Бостандық аудандық прокуратурасы жан-жақты, әділ тексерсе деген өтінішімізді жерге тастамайды деп сенеміз.
Бірлік ТОҚАЙ
Abai.kz