Үкіметте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды
Үкіметте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысы қаралды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері қаралды.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 2017 жылы 484,2 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Қаражат көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымды дамыту, жылумен-, сумен жабдықтау және су тарту, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту, ХҚҰ-мен жобаларды ортақ қаржыландыру секілді бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға бөлінеді.
ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек автожол жобаларын іске асыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту жұмыстары, сондай-ақ, темір жол әрі әуе көліктерінде жүк және жолаушылар ағынын ұлғайту шаралары туралы баяндады.
Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды кеңінен жүзеге асыру тасымалдардың жылдамдығын ұлғайтуға, көлік шығындарын төмендетуге, транзиттік әлеуетті іске асыру мен сервисті жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өнімділік пен іскерлік белсенділіктің артуына оң ықпал етеді.
Отырыста ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө. Шөкеев, ҚР қаржы вице-министрі Т. Савельева, «Бәйтерек» холдингі төрағасының орынбасары А. Арифханов, Жамбыл және Ақмола облыстарының әкімдері К. Көкірекбаев пен М. Мырзалин сөз сөйледі.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ҚР Қаржы министрлігімен және бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, бюджеттік қаражаттардың уақытылы орындалуы мен жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Abai.kz