Мырзан Кенжебай. «Асыранды иттер»
1. Сотталмайтын патша сотқар болады
Митингіге шыққандарға мылтық оқтар болады
2. Егер патшаның арғы тегінде патшалық құрған, ең болмаса ел басқарған ешкім болмаған болса, ондай патшаның басына он түрлі тәж кигізіп, пәленбай елдің ордендерін түгел тізіп тағып қойсаң да ол өзінен сәл ғана басымдау әлдекімдердің итаршысы болып қала береді. Ондай патша өлгесін оның кесірі ұзақ жылдар бойы өз ұрпағына, қала берді шыққан тайпасына, руына тиетін болады.
3. Қазіргі қазақ әдебиеті мен өнерінде бәйгеден есек озып келетін заман туды.
4. Өндіретін мұнайы көбейсе, қазақтың Құдайы көбейеді екен.
5. Тыныштық үшін бәріне көнетін ұлт – өлетін ұлт.
6. Кеш білдім, тағдыр мылқау екен ғой, көнемін,
Өміріммен қазір өкпелес, мұңдас өлеңім.
Сормаңдайлығымды көрмесінші деп малғұндар
Кеудемнің қанын қос қолдап басып келемін.
7. Сүреңсіз өткен өмірден
Тәттілеп көрген түс артық
8. Біз әуелі – Алланы, сосын Құран мен Пайғамбарды, сосын қазақ деген ұлтымызды, сосын Заңды және ең соңында Елбасын сыйлауымыз керек.
9. Лингвистикада ұлтаралық қатынас тілі деген тіл жоқ. Оны ойлап тауып, орыс тілін ұлтаралық тіл деп жүрген тек Қазақстан басшылары ғана.
10. Жерінен, тілінен, байлығынан айрылып жатса да, қысқасы жаны шығып жатса да үні шықпайтын жалғыз-ақ ұлт бар. Ол – қазақ! Қазақтардың миына ол төзімділік, толеранттық деп сіңірілуде. Бұл төзімділікке де мәдениеттілікке де жатпайды. Оның аты – қанға сіңген құлдық! Құлмінез!
11. Билік басында жүргендер өзіне Алланың нұры түскеннен гөрі басшысының нұры түскенін қалайды.
12. Егер тақта отырған адам заңсыз ақша, заңсыз қазына-байлық жинаған, өз ұлтының тіліне, салт-дәстүріне жаны ашымайтын адам болса, ол ұлтына жаны ашитын, білікті, білімді адамдарды билікке жолатпайды. Керісінше, өзінің айналасына, үкіметке, парламентке ұры-қарыларды, жағымпаз ақсақалдарды, алаяқтарды, қылмыскерлерді жинайды. Өйткені, ондайлар қара басының амандығын ғана ойлап билік не айтса соны ғана істейтін асыранды иттер сияқты болады.
13. Қазақстанда «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақыл сөз жоғарыдағылар не айтса соны орында, сайлау кезінде қарғаны сұңқар деп, тұғырды-тұлпар деп басшылыққа ұсынып жатса да қарсы пікір айтпай қос қолыңды көтеріп дауыс бер дегенді білдіреді.
14. Айтысқа қатысып ақша, көлік ұтып алып жүрген адамдар ар-намыс дегеннен айрылғандар ма деп қорқамын. Өйткені, анада Жүрсін Ерманов айтысты бизнеске айналдырып болып, Президентке «Айтыс ақындарын арқасынан қағып қойсаң болды, сайрай береді» деген қорлау сөзіне олар қалай шыдап жүр десейші?
15. Патша тексіз болса, туысы бетсіз болады.
Abai.kz