Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 7497 8 пікір 27 Шілде, 2017 сағат 11:01

Жақсыбеков пен Мәсімов "жүгіріп" қайда барады?

Астанадағы көп саябақтың бірінде ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов жүгіріп жүрген көрінеді. Оны белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев байқап қалып, селфиге түскен. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты жазды.

Жақсыбеков пен Мәсімов қана емес, бұ жүгіргендердің арасында Қазақстан Даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев пен  Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәурен Жақсыбек те бар. Осыншама шендінің таңғы алтыдан тұрып жүгіруінде не мән бар? Бұл жүгіріспен олар нені дәлелдемек?

Осы бір сұраққа өзімізше жауап беріп көрсек...

Біздің шенділер елге жақындауды шайтанарба тізгіндеу немесе жүгіру деп түсінетіні бар. Алаяқ адам аталып, екі түрлі шұлық киіп марафонға қатысқан Мәсімовтің жайын ел ұмыта қойған жоқ. Жақсыбеков те зейнет жасына келсе де ара-тұра қою шаңның арасында далақтап қоятыны бар.

Бұл біріншіден, біздің әлі де күш-жігеріміз орнында деген емеурінді білдіреді. 52 жасқа енді келген Мәсімовтің әлі ентікпей талай асуды бағындырары сөзсіз. Ал, Жақсыбековтің қайратының алдағы 5 жылда кемімейтінін Елбасының өзі болжап, өкілеттілігін 2022 жылға дейін ұзартты. Осындай кезде Елбасының алдында өзінің әлі жас екенін бір дәлелдеп қою керек болған сияқты. Бірақ, медальдің екінші беті бар емес пе? Ол бетті біз ашпасақ та көре қойдыңыз, білем...

Екіншіден, олар "салауатты өмір салтын насихаттадық" деп ойлайтын болса керек. Жақсыбеков пен Мәсімов таңғы алты отызда жүгіреді екен деп бүкіл ел спорттық киіммен көшеге шығып кетпесі анық. Салауатты өмірді насихаттаудың төте жолы - мынау. Жақсыбековтің туыстары еліміздегі "Цесна банктің" һәм Ресейдегі "Плюс банктің" (басқа да байлықтары жетерлік) иесі болып саналады. Мәсімовтің бауырына басқан байлығын санамай-ақ қоялық. Сол мол дүниенің жүзден бір бөлігін өз еріктерімен спорттық кешендер салуға берсе, онысын насихат жасаса "салауатты өмір салтын ұлықтау" деген сол емес пе? Әйтпесе, қиыннан қиыстырып, таңғы алты жарымда басқамен емес, белгілі бизнесменмен кездесіп қалуы кімді болсын күлдірері хақ.

Үшіншіден, ресми Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мен Президент Әкімшілігінің басшысысы таңғы алтыда неге, не мақсатпен бірге жүр? Бұл достық қатынас па, әлде саяси мүдделік кездесу ме? Мұндай екі қошқардың әр басқосуының астарында мән жатуы керек. Бұлардың жай ғана тілдесуін, ол тілдесуде не айтылып, не келісілгенін Елбасы біліп отыруға тиіс. Екеу емес, бұл жерде бес бірдей қошқар бір-бірімен мүйіздеспей қалай қатар жусап жүр. Бәрі де - қалталы қошқарлар. Олар жай ғана жүгірді ме, жоқ, алға қойған мақсаттарын пысықтап алды ма?

Төртіншіден, "бұл өздеріне жасалған жарнама болар" дейтіндер табылады. Жақсыбеков пен Мәсімовтің жарнамасын жасайтындардың қиялының соншалық таяздығына налуға болады. Себебі, олар "Жақсыбеков пен Мәсімов "жүгіріп" қайда барады?" деген сұрағымызға жауап бере алмасы анық. Шенділер жүгірді. Жүгірген екен бір жерге баруы керек қой. Бәлкім Президенттің үйіне бара жатқан шығар. Егер солай болса, қандай ниетпен бара жатыр екен?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048