Жұма, 22 Қараша 2024
Дін мен тін 5888 1 пікір 27 Шілде, 2017 сағат 11:26

«Дін мен дәстүр» сауда орталықтарында насихаттала бастады

Нарық заманында сауда нүктелері халық ең көп аралайтын орындарға айналып, сауда-саттық болғандықтан, ол жерлерде адам қарасы да қалың болатыны белгілі. Сондай-ақ, соңғы уақытта базарларда жат ағым өкілдері де қаптап жүргені ел аузында жиі айтылып, БАҚ беттерінде де әлсін-әлсін жазылып жүр. Қазіргідей діни ахуал күрделі заманда саудагерлермен қатар, базарлардан керек-жарағын сатып алып жүрген тұтынушылар да өз қауіпсіздігіне алаңдайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайда сауда орындарында ағартушылық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңызы зор.

Осыған орай «Ел-Шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен бірлесіп, ағымдағы жылдың шілде айында қаладағы бірқатар сауда орталықтарында «Дін мен дәстүр» тақырыбында насихат жұмыстарын жүргізді. Ондағы мақсат – базарлардағы сыртқы кейпі жат ағым өкілдеріне ұқсас, қысқа балақты шалбар киіп, мұртсыз ұзын сақал қойған, сонымен қатар тұмшаланып киінген саудагерлерге қазақтың исламда өз жолы бар екенін, дәстүрлі исламның басқа елдердің исламынан ерекшеленетін тұстары көп екенін, мұсылман болу араб болу дегенді білдірмейтінін түсіндіру. «Тастақ», «Көк базар», «Car City», «Болашақ» базарларындағы саудагерлермен сұхбат жүргізген дінтанушы ғалым Асылтай Тасболаттың айтуынша, көптеген діндар бауырларымыздың түсінігінде дін мен дәстүрді қарсы қоюшылық бар. Олар құран мен сүннетте жоқ кез келген әдет ғұрыпты бидғат (адасу) дейді. Олардың ойынша бидғат атаулының бәрі харам және ширк.

– Кейбір әсіредіншіл бауырларымыз музыканы және музыка аспаптарын қолдану дінге қайшы деп санайды. Біздің домбыра сынды бүкіл жыр термелерімізді сүйемелдейтін аспапты қалай харамға жатқызамыз. Негізі шариғатта музыка харам деу үшін, музыканың мазмұнына қарау керек. Отанға, ата-анаға және Аллаға деген ғашықтықты, адамгершілікті насихаттайтын ән-жырларды тіпті мешітте де айтуға болады.

Сүгір Бегендікұлы:

«Өнеге шашқан жыршылық,                                                                             

Құдайға бұл да құлшылық», деп жырдың мазмұнының тереңдігі, Иләһи сырларға, шариғатқа сай болуы тіпті құлшылыққа саналады, деп есептейді. Мысалы Аралбай ахунның:

«Ұлық Алла есмімен

Бісмілладан бастадым

Пайғамбар хақ, Құран шын.

Алланы бір деп жадқа алың

Тәуекелсіз, тәубесіз

Мұтлақ харам тапқаның

Таң намаздан бейхабар

Күн шыққанша жатқаның

Үстің көрпе, астың құс

Ойласаң ұйқы жаман іс

Ғаламат болар көрген түс

Дәреже көріп жүрсіңдер

Шайтанның сыйлап баққаның

Періштелерді қуарсың

Дүниені харам қыларсың

Ғұсылсыз қадам басқаның», – деп дін-шариғаттың үкімін қалың жұртшылыққа жыр жолдарымен жеткізген. Бұл да дәстүрлі құндылықтарымыздың Ислам ақиқатын жеткізудегі орнын көрсетсе керек, – дейді А.Тасболат.

Базарлардағы діндар саудагерлер бізбен әрқилы әңгімелесті: бірі насихатымызды ұйып, бірі селқос тыңдады, бірі қарсы сұрақ қойды, бірі ойымызбен бірден келісті, бірі өздерінің ұстанымдарын ортаға салды, енді бірі әңгімелесуден мүлдем бас тартты. Ең бастысы насихатымызды оң қабылдағандар көп болды.

Қ.Ибрагим

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279