Асанов міз бақпады, енді арызым Елбасының құлағына жетсе деймін
Abai.kz порталы 21 шілде күні Самалгүл Есенғазиева атты азаматшаның "Күйеуім мемлекет қаржысына қол салған жоқ" деген ашық хатын жариялаған еді. "Құқық қорғау органдарының теперішіне шыдамай шейіт болған Өмірбек Жампозовтың басындағы жағдай менің күйеуім Шәріпов Ермек Исаұлының басына да туып отыр" деп шырылдаған келіншектің жанайқайына ҚР Бас Прокуроры Жақып Асанов құлақ аспаған соң, енді тікелей Елбасыға шағым түсірмек. Әділдік іздеп шарқ ұрған шынашақтай қазақтың қызы Abai.kz ақпараттық порталына тағы хат жазып жіберіпті. Хаттың бір әрпін де өзгертпей оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Мәселе түпкілікті түсінікті болуы үшін сілтемедегі мақаланы да оқып шығуларыңызды өтінеміз.
Abai.kz ақпараттық порталы
Менің айтайын дегенім тек қана шындық, жай шындық емес барлық сөздеріме дәлелдер бар.
Менің жұбайым Шарипов Ермек ешқандай қылмыс жасаған жоқ және басқа адамдар жасаған қылмысқа ешқандай қатысы жоқ.
Біздің Қазақстанның құқық қорғау және сот органдарында әділеттілік жоқ екеніне толықтай көзім жетті.
Басынын бастап айтатын болсам, келесілерге көз жеткізуге болады:
1. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің жұмысы: ресми тіркелген 28 адамнан тұратын жедел топ қаншама ай бойы артынан аңдып, барлық жүріс-тұрысын, сөйлескен сөздерін жазып жүріп қандай да бір қылмысқа қатысы бар дәлел таба алмауының өзі менің куйеуімнің қылмыс жасамағанын дәлелдейді.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінен бастап қылмыстық қудалау жедел тобының жетекшісі ұ/қ полковнигі Ө.Жасұзақовтың мақсаты куйеуім Шариповты қалайда осы қылмыстық іске қатысы жоғына қарамастан, тікелей еш дәлел болмаса да қылмыстық жауапқа тарту болды.
Кімнің тапсырысы бойынша істеп жүргені бізге беймәлім.
3. Қылмыстық іс әуел бастан Шарипов, Жұмказиев, Гапировпен алдын ала сөз байласып кәсіпкерлерден тікелей және пара алу барысында ұсталды делінген.
Қылмыс жасауға күдікті ретінде ұсталған кезден бастап Жұмқазиев, Гапиров және кәсіпкерлер Молдабекова, Сартаева өз жауаптарында және қылмыс барысын анықтау барысында Шариповтың қандайда бір заңсыз әркеттері жайлы айтпайды немесе ешбір куә ол туралы көрсетпейді. Ешбір адамнан Шарипов арасында оның кінәсін әшкерлеу бойынша беттестіру өткізілген жоқ.
Сот отырысы негізінде де Шарипов қылмысқа қатысы бар деген бірде-бір адам болған жоқ және айыптау жағы Шариповтың қылмысын дәлеледейтін бірде-бір дәлел ұсына алмады (Сот отырысының бейне және аудио жазбаларын толықтай Abai.kz порталына жіберіп отырмын).
Осындай нақты мән-жайларға қарамастан сот А.Каиров тағылған айып еш дәлелін таппаса да айыптау үкімін шығарып Шариповты 10 жылға соттады.
Сот Каировтың шығарған үкімі тек Сартаеваның көрсетпесінің негізінде құралған.
Сол Сартаеваның өзі сот отырысы барысында Шариповпен ешқандайда бір ақша немесе конкурс туралы туралы келіссөз жүргізбегенін және оның алдыңғы көрсетпелеріндегі Шариповтың фамилиясын тергеушінің өзінің қосқанын, ал Сартаева Шарипов туралы ештеңе айтпағанын айтты (Сот отырысының бейне және аудио жазбалары бар).
Мемлекеттік айыптаушы Бакиров ҰҚК тергеушісі Ө.Жасұзақовтың қиялынан туындаған айыптау актісін қайталап оқып шықты және сот Каиров сол айыптау актіні толықтай үкімге көшіріп жазған.
Осыған қарағанда, біздің Республикамызда Сот органдары және прокуратура органдарында ҚР ҰҚК-не бағынышты, не болмаса қорқады деген шешім жасауға болады.
Осы қылмыстық іс бойынша куә ретінде 72 адамнан жауап алынды, алайда осы жауап алынған адамдардың барлығы Шариповтың қылмысқа қатысы бар екенін көрсеткен жоқ.
Қылмыстық іс бойынша Шариповты Жұмқазиевпен және Гаппировпен алдын-ала сөз байласып пара алды делінген.
Бірақ сотқа дейінгі тергеу және сот отырысы барысында бұл айыптары ешқандай дәлел таппады. Айыптау жағының ұсынған дәлелдері мен куәлары тек қана Шариповтың кінәсіз екендігін дәлелдейді.
Біздің Республикамыздың құқық қорғау органдары кінәсіз адамдарға жала жабумен айналысса бұл болашақта ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Адамдарды, халықты ашындыруға әкеледі.
Халықтан билік басшыларына деген сенім кетеді.
Менің өзім қазір ашынып, әділеттілікке қалай қол жеткізерімді білмей қиналып жүрген жайым бар. Әлі де болса еститін құлақ табылар деген ойдамын.
Әділеттілік үшін күресу жолында барымды саламын және ештеңеден тайынбаймын.
Менің бұл күресуім тек өзім үшін емес, болашақта менің басымдағы жағдай басқа адамдардың басына тумаса екен деп ойлаймын.
Тағы да айта кететін жай, ҰҚК-нің қызметкерлері әлі күнге дейін менің басқан ізімді аңдып жүр. Арттары қуыс болғаннан кейін жандары шығып, мені не айтады деп бағып жүр.
Бүкіл ақпарат құралдарын маған жақындатпай қойды.
Бар ойым осы айтқандарым біздің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың құлағына жетсе деймін, мүмкін құқық қорғау органдарының заңсыз істеріне тоқтау болар еді-ау.
Президентіміздің адал да әділеттілігіне сенемін, бірақ жалғыз өзі барлығына бірдей жетпейді ғой...
Соңында айтайын дегенім, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы: осы қылмыстық іс бойынша 100-ден артық адам қатысты, оның ішінде 72 адам куә ретінде, 30-дан артық адамдар қорғаушылар, 11 адам сотталушылардың барлығы бір ауыздан Шарипов Ермектің қылмысқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтты, ал бірде-бір дәлелдемесі жоқ, қылмысқа қатысты бірде-бір істі Шарипов істеді деген сөзі жоқ айыптау актісін жасаған тергеуші Жасұзақов, сол айыптау актіні сот отырысында еш өзгеріссіз оқып шыққан прокурор Бакиров және сол айыптау актіні толықтай көшіріп үкім шығарған сот Каировтер ақылды болып, басқа 100-ден артық адамдар ақымақ болғаны ма? Осы арасын түсіне алмай отырмын.
Самалгүл Есенғазиева
Abai.kz