Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Билік 4144 0 пікір 14 Тамыз, 2017 сағат 06:20

Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісін бірлесіп қолға алмақ

Бүгін Астанадағы  ЭКСПО қалашығының аумағында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Астана қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері, «Оператор РОП» ЖШС мен Қазақстанның экологиялық ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Кездесуде Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев сөз алып, бүгінгі күні тұрғындарының саны 1 миллионнан асқан бас қала үшін аталмыш келісімнің маңызы зор екенін атап өтті. Сол сияқты Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев те əріптестік байланыстардың өзектілігін тілге тиек етті.

Осы басқосуда Алматы облысының əкімі Амандық Баталов өңірдегі қоқысты жинау мен өңдеу жағдайы, алдағы жоспарлар жайына тоқталды.

- Алматы облысы халқының саны 2 миллионға жетті. Оған қоса облыс Алматыдай үлкен мегаполиспен іргелес орналасқан. Сондықтан қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау, өңдеу ісін жолға қою - біз үшін аса қажет шара. Біз «Алматы облысында қалдықтарды басқарудың аймақтық жүйесінің» ТЭН-ін əзірледік. Онда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдану арқылы 14 аймақтық кешендердің бірыңғай операторын құру қарастырылады. Атап айтқанда, соның аясында 16 қоқыс сұрыптау кешені, 13 қоқыс тиеу станциясы, 16 полигон, 3 қоқыс өңдеу зауытының құрылысы жүзеге асырылуы тиіс. Осының нəтижесінде 500 жұмыс орны құрылып, 2025 жылға қарай тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтар шығаруды ұйымдастырумен 100 % қамтылады деп жоспарланып отыр. Оған қоса бұл қалдық жоюды арттырып, полигондар санын азайтуға ықпал ететін болады. Осы жобаны қалдықтарды жою жөніндегі біздің өңірдегі бірлескен пилоттық жоба ретінде қарастыруды ұсынамын жəне қол жеткізген нəтижеге сəйкес жобаны еліміз бойынша таратуға болады деп есептеймін, - деген А. Баталов сөзінің соңында осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған ҚР Энергетика министрлігіне ризашылығын білдірді.

Жалпы «Оператор РОП» ЖШС-ның қоқыс өңдеу саласындағы əріптестік байланысқа Астанамен қатар  Алматы агломерациясы аумағындағы ауқымды облысты тартуына Парламент Сенатының ұсынысы, сонымен қатар жыл сайын жинақталатын қоқыс көлемінің артуы ықпал еткен.

«Оператор РОП» ЖШС-ның Бас директоры Светлана Коротенконың айтуынша, ынтымақтастық негізгінде қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесін құру мен оны одан әрі дамыту, жеке және заңды тұлғалардан тұрмыстық қатты қалдықтарды жеке жинақтауды енгізу, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға шақыруды жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын спутниктік навигациялық жүйелердің мәліметі бойынша бақылап отырудың ақпараттық жүйесін ұйымдастыру және жүргізу қолға алынбақ. Оған қоса тараптар алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту шеңберіндегі келісімдерді қарастыратын болады.

Жалпы Алматы облысында жылына 1,2 млн. тонна қалдық жинақталады. Соның 640 мың тоннасы облыс аумағына Алматы қаласынан шығарылады. Облыстағы елді мекендердің тұрмыстық қалдықтарды шығарумен қамтылу көрсеткіші 67%, ал қалалар мен ірі елді мекендердің қамтылуы 100%.

Abai.kz

0 пікір