Қостанайдағы Ыбырай кесенесін «Сакраль» сақтап қалды
Қостанай –халқымыздың ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленген талай-талай азаматтардың кіндігі кесілген қасиетті өлке. Солардың бірі ғана емес, бірегейі де көрнекті ағартушы, ұлы ұстаз, талантты ақын,тәлімді жазушы Ыбырай Алтынсарин атамыз екендігіне дау жоқ. Алайда бір өкініштісі, туған жеріміздің даңқты ұрпағына деген құрметіміз ойдағыдай болып отыр деп айта алмас едік. Оның баяғыда бой көтерген ескерткіші әбден тозған, әр жері шытынап, мүлдем ескірген. Заман талабына да сай келмейді. Бүгінгі күннің рухына сай жаңадан бір зәулім ескерткіш тұрғызуға ешкімнің де мойны жар берер емес.
Ал енді осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы кесененің жайын айтсақ жанымыз ауырады. Бүгінде ол да әбден азып-тозған. Қаңғыбастардың мекендейтін орнына айналған. Кейбір дарақы жастар осында келіп ақаңды сіміргенді ұнататын көрінеді. Өзі облыс орталығының дәл іргесінде тұрғандықтан ит пен құс та әуес. Олай болатын себебі, оның нақты иесі жоқ. Сондықтан да ешкімнің да басы ауырмайды, балтыры да сыздамайды. Обалы не, бұл жайды айтып, дабыл қаққан зиялы қауымның бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Алайда, осында облысты басқаруға келген өз өлкеміздің түлегі де, не болмаса шеттен келгені де бұл мәселеге тіпті де назар аудармады. Жұртшылықтың дабылына құлақ та аспады.
Осылайша кесене жөнделіп, халық игілігіне жарайды-ау деген үмітіміз үзілер шақта, қуанышты хабар естідік. Кесенені түбірімен қайта жаңғырту жұмыстары басталып, тіпті жақын арада аяқталатын көрінеді. Ол біткен соң бұл кесене аршыған жұмыртқадай әп-әдемі болатын түрі бар. Жөндеу-сметалық құжатты дайындауға ғана 4,5 миллион, ал оны жүзеге асыруға 60 миллионнан астам теңге бөлініпті. Келешекте бұл кесенені өз меншігіне алатын қожайын да табылыпты. Бұл ескерткіштің көркін ашу үшін Маңғыстаудан мәрмәр тас алдырылып, сәулетіне сәулет қосуға барын салып жатқан жайы бар.
Бөркімізді аспанға атып қуандық. Осылайша Ыбыкеңнің аруағы риза болатын игілікті істің атқарылғанының куәсі болып, көңіліміз бір жайланып қалды. Билік басындағылар халыққа бір табан болса да жақындай түскен екен деп ішіміз де жылыған.
Алайда, талай жылдан бері күтім көрмеген бұл кесененің аяқ астынан жаңартылып, жаңғыртылып сала беруінің өзіндік сыры бар екен. Елімізде маңызды жерлерге апаратын туристік маршрутты қамтитын «Қазақстанның сакральды географиясы» атты жоба қабылданыпты. Оған облысымыздан осы кесенесімен қатар Кейкі батырдың кесенесі, Аманкелді Имановтың зиратының басындағы ескерткіші, Торғайдағы геоглиф тәрізді ескерткіштермен қатар осы Алтынсарин кесенесі де енгізілетін көрінеді. Мінекей, көптен бері қисыны келмей жүрген бұл шаруаның ың-шыңсыз әрі жедел бітуінің бір сыры осында жатқан секілді.
Қалай болғанда да Қостанай жұрты Ыбырай атасының кесенесінің қайта түлеп, жаңадан ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.
Кесенедегі жөндеу жұмыстарынан көрініс
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz