ФСБ Мәскеуде теракті жасамақ болғандардың ұсталғанын хабарлады
Ресейдің Қауіпсіздік жөніндегі федералды қызметі (ФСБ) Мәскеудің сауда орталықтарының бірінде теракті жасамақ болған топтың ұсталғанын мәлімдеді деп хабарлайды "Интерфакс".
Агенттік таратқан ақпаратқа қарағанда, төрт адам ұсталған. Сот Тәжікстанның үш азаматын екі айға қамаған. Олар жарылғыш заттарды дайындаған деген күдікке ілінген. Ұсталғандардың біреуі сотта кінәсін мойындаған. Тағы біреуі Ресей азаматы. Оның қамалғаны жөнінде әзірге мәлімет жоқ.
Арнайы қызмет ұсталғандардың ішінде "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының эмиссары және екі "жихадшы" бар дейді.
ФСБ осыған дейін де Ресейде және Петербургте теракті жасамақ болған деген күдікпен бірнеше адамның ұсталғанын хабарлаған. Сонымен бірге шілде айында Орталық Азиядан шыққан жеті адамның, 2016 жылдың қараша айында 10 адамның ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан.
Abai.kz