Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 5047 2 пікір 21 Тамыз, 2017 сағат 09:37

Қостанайда балалардың сауықтыру лагерлері жабылғалы тұр

Бұрын Қостанайда балалардың жазғы сауықтыру лагерлері ойдағыдай жұмыс істеп, оқушылардың осы маусымда еркін бір демалып, ойнап-қунап қайтуына жақсы жағдай жасалатын. Оған балалармен қатар ата-аналар қуанып қалушы еді. Балалар болса, жаз бойы денсаулығын түзетіп, мектепке шаттана оралатын.

Алайда қазір бұлардың бәрі де көз бұл-бұл ұшқалы тұр. Осындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне көңіл бөлінбей, кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмей, билік басындағылардың мұндай «ұсақ-түйекке» көңіл бөлмегендігінен бұлардың барлығы дерлік жабылғалы тұр. Мұндай келеңсіз жайтты облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Дауымованың өзі де мойындап отыр. Мәселен, облысымыздағы Әулиекөл және Қарабалық аудандарындағы лагерлер дабыл көтерерліктей. Мұнда көптен бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, құлаудың сәл алдында тұр. Сондай-ақ Лисаков қаласындағы «Алый парус», Денисов ауданындағы «Солнечный» лагерлерлері де осындай күй кешіп отыр. Ал облысымыздың аса ірі қалаларының қатарындағы Қостанай мен Жітіқара қалаларында сауықтыру лагерлерінің атымен жоқтығы ешкімнің де шымбайына батып тұрған жоқ. Дәл осындай жағдай Қостанай, Сарыкөл және Таран аудандарында да орын алған. Оған осы аталмыш қала мен аудандардың басшылығының селт етер түрі байқалмайды. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы шығар.

Бізді әсіресе облыстың қала сыртындағы «Алтын гүл» лагерінің жайы қатты алаңдатады. Ол негізінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сауықтыруға арналған. Міне, бұл лагердің де жөндеу жұмыстарын көрмегелі көп болды. Бүгінгі жайы адам шошырлық.

Бұл шаруа дер кезінде қолға алынбағандықтан, ол созылмалы аурудың жағдайына айналып кетті. Бюджетте оны көтеретін қаржы жоқ. Оған бөлінген қаржы дым мардымсыз. Бар үміт бұған мемлекеттік-жеке серіктестікке тарту еді. Бұған кәсіпкерлердің онша ынтасы болмай отыр. Осындай ары итеріп, бері жығудың салдарынан облысымыздағы балаларды сауықтыру лагерлерінің басына бұлт үйіріліп тұр. Бүйте берсе, ол лагерлерден мүлдем айырылып қалатын жағдайымыз бар.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5374