Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6295 6 пікір 22 Тамыз, 2017 сағат 10:31

Қаз дауысты Қазыбегім

Қарағандыда Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бастап, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау айтты. Еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт қойылды. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сынды спорт сайыстарына ұласты.

Қаз дауысты Қазыбегім

Қаңқылдаған қазым едің,

Жарқылдаған жазым едің,

Саңқылдаған сұңқарым ең,

Қаз дауысты Қазыбегім.

 

Жеті жаста билік айтып,

Ел алдында көрініп ең,

Он төрт жаста билік айтып,

Төр басында төгіліп ең.

 

Əз Тəукенің заманында,

"Жеті жарғы" жазып едің,

Қазағымның бар тарихын,

Шежіре боп қазып едің.

 

Ұлытауға шақырып ап,

Əйтеке мен Төле биді,

Маңдайыңа бақ жазылып,

Таңдайыңа өлең үйдің.

 

Бар қазақтың бірлігіне,

Қызмет еттің ғұмыр бойы,

Тəуелсіздік тірлігіне,

Өзің айтқан тірілді ойы.

 

Сарқылмайтын сазым едің,

Айтылмайтын назым едің,

Қасқайып сен тұрсың тірі,

Қаз дауысты Қазыбегім.

 

Қазағымның ұраны боп,

Шырқалатын жыр əні боп,

Берекенің тұрағы боп,

Ырыс-құттың шырағы боп,

Жанып тұрған сазым едің,

Қаз дауысты Қазыбегім.

 

Қалмақпенен шайқасқанда,

Ел ғып кеткен қайран бабам,

Жоңғарменен айқасқанда,

Жер ғып кеткен қайран бабам,

Орыспенен бітістіріп,

Бел ғып кеткен қайран бабам,

Қытайменен тіл табысып,

Төр ғып кеткен қайран бабам.

 

Абылайға қорған болған,

Қаракесек орман болған,

Сыр бойында туып едің,

Қаратауда тарлан болған,

Арқаға кеп алты алашқа,

Атың сенің арман болған.

 

Атығайым, Қарауылым,

Баяндағы бар ауылым,

Шыңғыстау мен Абыралы,

Қарқаралы - нар ауылым,

Ақмолада дара нұрым,

Жаңаарқада Жаңа ауылым,

Шет пен Кентім, Балқантауым,

Сарарқада сан ауылым,

Басын иді бүгін саған,

Тағзым етіп дара ұлым,

 

Жезқазғанмен Қарағанды,

Жауыртау мен Нұрадағы,

Балқаш пенен Сарышаған,

Мөлдір-мөлдір Тұмадағы.

 

Торғай менен Семейдегі,

Қыздырды елің Арқа төрін,

Қалды сөзің көмейдегі,

Қалды бізге қамқа тоның.

 

Кереку мен Көкшетауым,

Атбасар мен Ақшатауым,

Қызылжар мен Ақтоғайым,

Тарақтылар ноқтадайын,

Бүгінгі күн тарихымда,

Жазылып тұр хатқа ағайын.

 

Бүкіл қазақ тағзым етіп,

Əруағыңа бас иетін,

Түркістанда жəннат көрген,

Қайталанбас қасиетім.

 

Бастауымды сенен алдым,

Байбөріден тарағанмын,

Қаратеке ұраным бар,

Мойынымда тұмарым бар,

Қойынымда құраным бар.

 

Сенің дауысың сияқтанып,

Қаз дауысым қаңқылдаса,

Бір түйіршік қаның бүгін,

Сұңқардайын саңқылдаса,

Сенен қайнар жырын алам,

Сенің арқаң ұлы бабам.

 

350 жыл тірісің,

Қазағымның бір пірісің,

Қолда баба əруағыңмен,

Жас ұлыңның ұмтылысын,

Жас еліңнің бұлқынысын.

 

Шомыламын шұғылаңа,

Тəуелсізбін дулығаға,

Елім бүтін, жерім түгел,

Сен тұрғанда Ұлы баба,

Қаз дауысты Қазыбегім.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП. Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының жəне М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371