Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 6397 5 пікір 21 Қыркүйек, 2017 сағат 12:30

Қазақ жерінде құжатсыз қазақтар жүр...

«Нұр Отан» партиясы

Төрағасының Бірінші орынбасары

М.А.Құл-Мұхаммедке

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Төрағасының орынбасары

З.Қ. Тұрысбековке

Ашық хат

Құрметті Мұхтар Абрарұлы!

Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы! 

11 қыркүйек күні «QAZAQSTAN» Ұлттық арнасынан берілген «Қаракет» хабарының  тұңғыш түсірілімі шетелден оралған қандастарымыздың құжаттану мәселесін көтеріпті.

Хабарға қатысқан үш ананың үшеуі де Өзбекстан Республикасынан көшіп келген ағайындарымыз екен. Алдының келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай, құжатсыз жүргеніне 17 жыл болыпты. Сол құжатсыздықтың кесірінен Роза атты әйелдің балалары мектепке де бармаған. «Қаракет» хабарына түсіру қарсаңында үш баласы бірден мектеп партасына отыру мүмкіндігін алған. Үлкен қызы 13 жасқа келгенде бірінші сыныптың босағасын аттап отыр.

Екінші ана балаларының туу туралы куәлігін рәсімдете алмай дал.

Үшінші ананың балаларының азаматтығы жоқ...

Хабар барысында үш ананың сөзінен түсінгеніміз мынау болды:

Бұл ағайындарымыз құжат аламыз деп, құзырлы мекемелердің есігін бір-екі мәрте қағып көрген көрінеді. Жұмысы бітпеген соң, ары қарай ақша беріп делдалдардың көмегіне жүгінген. Ал, тәртіп сақшылары тексеріс жүргізіп, құжаттарын сұраса, тиын-тебен беріп, құтылып отырған секілді...

Қазақ көші басталған 27 жылға таяу уақыт ішінде көшіп келіп, азаматтық ала алмай сарсаңға түсіп жүрген қандастарымыздың саны осы үш әйелмен шектелмейді. Көп. Өте көп! Ол тағы бір Өзбекстан Республикасынан көшіп келген қазақтар емес, басқа елдерден келгендерден де баршылық. Сол құжатсыздықтың салдарынан, Көші-қон қызметі полициясы жағынан хаттама толтырылып, соттың шешімімен келген еліне қайтарылып жіберген қаракөздеріміз қанша ма?! Өз еліне қайтарылып жібергеннің  кесірінен бөлініп-жарылған отбасы қанша ма?!

Тәуелсіздік жылдары Атажұртқа көшіп келіп, құжаттана алмай қалып қойған, көрінгенге жем болып жүрген,  осы қандастарымыздың тағдыры қабырғамызға аяздай батады. Бұл жайт Сіздерді де бей-жай қалдырмасы анық!

Енді өткен іс – өтті. Біз біреуді кінәлаудан, жауапқа тартуды талап етуден аулақпыз.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы Далада Мәңгілік Ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі болып табылады. Жүрегінің түбінде осыны ұстасын!»-деді.

Құдайға шүкір, Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен Парламентте тоғыз ай бойы талқыланып, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қайта қабылданған, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бері қолданысқа енген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының мұндай сергелдеңге түскен жандарды құжаттандырып, өз Отанының азаматы етіп қалдыруға толық мүмкіндігі бар.

Ол үшін, алдымен ҚР Ішкі істер министрлігі арнайы рейд жүргізіп, олардың аты-жөнін, тұрған жерін, жалпы санын, тұрақты тіркеуге тұру үшін қандай құжаттардың керектігін  анықтап, мәліметтер қорына енгізуі тиіс.

Ол рейд алыстан келген ағайынды жиып алып, топырлатып келген еліне қайтарудың емес, қамқорлық көрсетудің, құжаттандырудың рейді болуы тиіс!

Олардың Құқық қорғау органдары мен алаяқтардан онсыз да қатты қағажу көргені, морльдық тұрғыдан еңселегені, өздерін қоғамның ең бір керексіз адамдары санай бастағаны, үміттерінің үзілгені анық көрініп тұр.

Сосын, туған балаларға анықтамалар алу үшін Денсаулық сақтау  министрлігімен; некеге тұру, туу туралы куәліктер алу үшін Әділет министрлігімен;  мерзімі өтіп кеткен төлқұжаттарды жаңалау, келген елінен тіркеуден шығару, сотталған-сотталмағаны жайлы анықтама туралы сұраныстар жіберу үшін Сыртқы істер министрлігімен; «Оралман» мәртебесін алу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен  сәйкесе отырып, жыл соңына дейін шеттен келіп құжатсыз жүрген қазақтың бірде-бірін қалдырмай,  «Қазақстан Республикасының азаматы» деген мәртебеге жетізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Құрметті Мұхтар Абрарұлы!

Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы!

Ұлы Дала Елінде рухани жаңғыру, ұлттық болмысты қалпына келтіру процесі жүріп жатқан осынау тарихи кезеңде «Нұр Отан» партиясы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы осы мәселені өз қарауына алып, аталған төрт министрліктің бірлесе, сәйкесе отырып, сол құжатсыз қалған қандастарымыздың 2017 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болуына ықпал етуін сұраймыз.

Құрметпен,

«Отандас-Ел» Респубиликалық қоғамдық бірлестігі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383