Жұма, 2 Желтоқсан 2022
3917 4 пікір 21 Қыркүйек, 2017 сағат 13:26

Давыденовканың дауы басталғанда ешбір әкім қарасын көрсетпеді

Қостанйда қазақтан өзгелердің елден ерекше бір қасиеті бар. "Қасиеті" дегеннен гөрі не болса да біздің айтқанымыз болады деген қырсықтық мінезі деу шындыққа жақындау келер. Тәуелсіздігімізді алып, әлем танығалы ширек ғасырдан асса да, әлгі қырсықтар мен кертартпалар жер-су аттарын, елді мекен атауларын өзгертуге мүлдем қарсы. Келтіретін уәждері баланың былдыры секілді «Ойбай, бұл біздің тарихымыз. Сондықтан оған тиісуге болмайды» деген шалдыр-шатпақ бірдеңе. Бұл қырсық ұғым олардың әбден санасына сіңіп, миына біржолата тастай қатып қалған сыңайлы. Біздің Қостанайда Гашек көшесін Қобыланды батыр атына, ал қызыл большевик Таран атын Тәуелсіздікке өзгертуге келгенде де дәл осындай ойбайға бергісіз айқайды бастан кешкенбіз. Талай айтыс-тартыстан соң әйтеуір дегенімізге жеткенбіз. Бекер қуаныппыз. Жаңаға, жаңаруға деген қарсылық әлі де дүлей күшінде екен. Мұны жақында осы қала маңындағы Қостанай ауданына қарасты Давыденовка деген селоның атын Еңбек деп өзгертуге талаптанғанда тағы да көзіміз айқын жетті.

Жалпы бұл Давыденов деген адам кім? Ол сонау 1886 жылы Ресей империясының «қазақтың даласында жер жетерлік. Барыңдар да, алыңдар» деген арам пиғылды ұран етіп, осы Қостанайға келген бір келімсек. Келген бойда қазақтардан мол қамтып жер алған да егін мен балық өсірііп, қазақтың қанын теспей сорып, әбден байыған қарапайым қарашекпеннің бірі. Ал енді осы келімсекті мұндағы өзге халықтың өкілдері басына хан етіп көтеруге пейілді. Обалы не, осындай жағдайларды алдын ала сезген болар, қаладан белгілі ғалым да, тарихшы да, тіпті белгілі спортшы да барып, қырсықтарды үгіттеп бақты. Олардың Столыпин реформасы кезінде орталық Ресейден орыстардың жаппай көшіп, қазақтардың жерін ешбір рұқсатсыз алғандығы жайлы толымды ақпараты да, біздің өңірде жер атауларын өзгерту өзгелерге қарағанда тым сылбыр жүріп жатқандығын, оның мысалы ретінде бүгіндері осы Қостанай ауданында небәрі 9 пайыз ғана елді мекеннің атауы өзгергендігі туралы айтылған ғылыми тұжырымдамасын да құлаққа ілген ешкім жоқ. Бейне бір саңыраулармен сөйлесіп отырғандай әсер алады екенсің. Және де бұлардың ынтымақтығы елден ерекше. Осы Давыденовканың атының өзгеретіндігін естіген бұрын осында тұрып кеткен, қазір Қостанай қаласында тұратын бір топ зейнеткерлер де жанталасып жетіпті. Әншейінде «ешқайда бара аламаймыз, жол ақысы мүлдем қымбаттап кетті» деп көз жасын көл қылатын бұл зейнеткерлер жаңалыққа қарсы шығуға келгенде ақшаны апямайтын көрінеді. Мұны айтасыз әншейінде «ойбай, енді құжаттарымыздың бәрі де өзгереді. Оларды қалаға шапқылап жүріп қалай өзгертеміз? Бұл қыруар шығын емес пе?» дегендердің де аузына құм құйылды. Бұл сауалға аудандық әділет басқармасының бастығы жергілікті тұрғындардың бұған еш алаңдамауын, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері осында келіп, құжаттарды өздері әзірлеп беретіндігін айтып, тыныштандырғандай болды. Онысын кім тыңдасын. Тіпті олардың арасында «Мұның бәрі өтірік» деп қырын тартқандар да кездесті.

Ал енді 85 жастағы зейнеткердің «мен ертең өліп қалсам, мені кім қайдан тауып алады» деген сөзі дені дұрыс адамның аузынан шықпасы анық. Тек белгілі ғалым Аманжол Күзембайұлының  «Біз ол дүниеге ешбір құжатсыз барамыз» деген сөзі ол қарияға жетті ме, жетпеді ме, білмедік. Әй, 90-ға таянғанға дейін санасына сіңіп қалған қисық пікірдің өзгере қоюы оңай болар деймісің?..

Қош, ақыры әйпіріммен әзер дегенде Давыденовканың ауылының атын өзгертуге шешім қабылданды. Мұны қаладан арнайы барған ғалым мен тарихшы секілді ұлтжанды азаматтардың тарихты тереңнен қозғап,  қазақ жерінің бұрын қалай қолды болып кеткендігін бұлтартпас дәлелмен келтірген жалынды сөздерінің ықпалы тигендігі сөзсіз. Бірақ әлі де сеңі қозғалмай жатқан сандаған елді мекендердің атын өзгертуге ғалымдарымыз бен тарихшыларымыздың шамасы жете берер ме екен. Ал барлық деңгейдегі әкімдеріміздің қай-қайсысы да осы мәселеден мүлдем аулық жүреді. Сірә, «Аш құлақтан тыныш құлақ» деген принципті қатаң ұстанса керек. Бұл жерде тек біздің зиялы қауым ғана жаманатты атанады.

Жайберген Болатов

Қостанай.

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 1373
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 657
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 835