Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 10522 23 пікір 3 Қазан, 2017 сағат 12:07

Гүленшілер - тыңшылар... тыңшылар емес...

Facebook әлеуметтік желісінде Фазылбек Әбсаттарұлы еліміздегі Қазақ-түрік лицейлерінің ұстаздарын қаралаған жазба жариялады. Ол жазбаға белгілі журналист Марат Тоқашбаев өз тарапынан жауап берді. Біз осы екі жазбаны оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

Фазылбек Әбсаттарұлы. Гүленді ұлықтаған кезде Абай, Мұхтарларымыз шаң қауып қалды

Ұстаздар күні құтты болсын!

Түркияның президенті Р.Ердоғанға ризамын, қанша жерден уақыты болмаса да, "шəкіртіңіз келді" десе жолығуға уақыт табады.

Əр жолыққан сайын саяси тақырыптарға кірмеуге тырысамын. Себебі саяси көзқарастарымыз сəл келіңкіремейді. Одан қалды, бет жүзің бар демей айтып тастайтын əдетім бар.

"Саясатқа келсей. Əлемдегі белді саясаткерлерге сөзім өтеді, əйтеуір далада қалмайсың"... осы тектес əңгімелер болады. Мен əрдайым қабылдамаймын. Себебі жаныма бизнес жақын. Ешкімге тәуелді болмауға тырысамын.

Əрине, ол фето тақырыбын қозғайды. Бірақ мен тақырыпты бұрып жіберемін. Президенттің сөзін бөліп жібергеніме қасындағылар тыпырлап қалды.

Жалпы ол туралы ойым: мәселеге біржақты қарамау керек жəне Қазақстанның мүддесі бірінші кезекте тұруы керек.

Қазір екі жақ бір жақты пропаганда жүргізіп жатыр. Мен үшін екі жақтыкі де дұрыс емес. Қолдамаймын. Себебі екі жақтың түпкі саясатында Қазақстанның мүддесі жоқ.

Мысалыға, тәуелсіздікті жаңадан алған орталық Азия елдерінде Ресейдің ықпалын азайту мақсатымен АҚШ Түркияның қолымен кіргені шындық. Əйтпесе ол кездегі Түркия экономикалық та білім беру жүйесі жағынан да бізге көмектесетіндей жағдайда емес еді. Ол кездегі Түркиядағы білім беру саласының шындығын айтсам көңілдеріне келіп қалады. Керісінше біздің Кеңестік білім беру жүйесі күшті болатын жəне əлі күнге дейін білім беру саласының мамандары Кеңестік білім берудің мықты екенін мойындап келеді. Нағыз жаны ашыса, əбден орныққан осы жүйеге ақша салулары керек еді. Ол кездері банк жүйелері орнықпаған, шетелден ақша аудара алмайтын кездері, ұшақпен чемодандап Америкадан келген ақшаларды "ұстаздардың" қалай тасығанын білеміз. Алғашқы уақыттары тыңшылық əрекеттері үшін біразы ұсталды. Бірақ белгісіз себептермен іс жабылды. Одан кейін олар темірперденің ішіндегі жағдайға тез үйреніп, ұсталмайтын болды. Өзбекстан мен Ресей "ұстаздардың" тыңшылар екенін анықтаған соң лицейлерді жауып тастады.

Ал олар бізге тереңінен кіре берді. ДА деген платформа арқылы Қазақстанның зиялыларын "қармаққа" іліп жатты. Ақын-жазушыларымызды жыл сайын Түркияға тегін қыдыртып, кітаптарын бастырып, түрікшеге аудартты. Ықпалын күшейтті. Соңында солардың сөзін сөйлейтін "зиялылар" пайда болды. Алматыда Гүленнің халықаралық конференциясын өткізді. Гүленді ұлықтаған кезде Абай, Мұхтарларымыз шаң қауып қалды. Одан кейін билікке ықпал етуде тез жетістікке жетті. Барлық облыс əкімдерінің орынбасарлары лицей түлектері болу керек, сосын облыс əкімі болу керек еді. Шетінен орынбасарлыққа қонжиып жатқан кезде жағдай өзгеріп, ол процесс тоқтады. Əйтпесе дерлігі отырып үлгерген еді. Осының барлығын Хизмет деген ұйым реттеп отырды...

Олардың былықтары бір кітапқа арқау. Немесе француздық (қателеспесем) доктор Балджының "Гүленнің Орталық Азиядағы миссионерлік саясаты" деген ғылыми еңбекті оқыңыздар...

Ал менің бұл жазғандарым құпия емес көпшілік білетін, дəлелденген, куəгерлері бар.

Бұлардың шетелдегі іс əрекеттері емес, Қазақстанға қатысты жерін жаздым.

Ал Ердоған туралы көп жаза алмаймын. Себебі: Қазақстанға саясатын жүргізуге енді талпынып жүр. Жүргізуіне қарсымын да. Ал түрік "ұстаздарға" қатысты белден басу əрекеті дұрыс емес. Бір елдің ішкі ісіне қол сұғу болып саналады. Кезінде кіріп кеткен сыртқы бір қолды басқа қол жұлып жатыр. Демек, біздің ішкі істерімізге кез келген ел араласа алады деген сөз. Өз саясатымыз жоқ. Сыртқы күштердің қуыршағы болып бір бірімізбен қырылыспайық. Біз бір елдің азаматымыз. Азаматтық санамыз жоғары болса ғана ел боламыз. Əйтпесе өз азаматтары бір бірін қырып мемлекеттігінен айырылып жатқан елдердің кейпін киеміз.

Қазақтың Қазақтан басқа досы жоқ! Бұл біздің пароліміз.

P.S. Бəрін көріп, біліп отырып шындықты жазбау арыма сын. Қоғамдағы манипуляцияларға, қоғамдық пікірді əркім өз жағына бұрып жатқандарға шыдамай жаздым.

Марат Тоқашбаев. Ердоғанның суреті жылт етті, Фазылбек інім мүлт кетті

Жаңа ғана Fazylbek Absattaruly ініміздің ұстаздар күніне байланысты, алайда, Қазақстандағы түрік ұстаздарын, ҚТЛ оқу орындарын күстаналаған жазбасына көзім түсті. Жалпы Фазылбек ініме өз басым үлкен құрметпен қараймын. Көптеген тұщымды ойларына тәнті боламын. Бірақ дәл осы жолы «Акела» мүлт кетті!

Ініміздің Тайип Ердоғанмен бірге түскен суреті, Түрік президентінің оны «саяси қызметке шақыруы» Фазылбекке Қазақ-түрік лицейлеріне қатысты теріс пікір айтуына еш құқық бермейді. Айтып отырған ойлары мүлде жаңсақ. АҚШ Қазақстанға Түркия арқылы кірді дегені еш дәлелсіз құры субьективті пікір. АҚШ сонда қазақ жастарының терең білімді болуына, Қазақстанда мұсылманшылықтың қанат жаюына мүдделі болып па? Қашаннан бері?

АҚШ чемоданмен ақша беріп тұрды дегені де әншейін бір тұспал. Фазылбекке чемодандағы ақшасын көрсетіп АҚШ-тан алдық деп жүрген қай ақымақ?! «Алғашқы уақыттары тыңшылық əрекеттері үшін біразы ұсталды» дейді. Олар кімдер еді? Аты-жөнін атамай солай соға беруге бола ма? Кімнің «заказымен» жазылғанын білмеймін, алайда біржақты жазбадан «өзін саясатқа шақырған» Ердоғанның авторитарлық саясатының иісі мүңкіп тұр.

Фазылбек өзін біздің Ұлттық қауіпсіздік қызметінен мықтымын деп есептей ме білмеймін. Түрік елінің тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген бауырлас елге білім саласындағы көмегін шпиондыққа балау ұят емес пе?! Есте болсын, ҚТЛ бітірген түлектердің ішінен шыққан бірде бір террорист жоқ! Лаңкестік ұйымдарға кірген бірде бірі жоқ. Бәрі дерлік төрт тілде сөйлейтін, білімді, бүгінгі Қазақстанның игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтар.
Ал Фазылбек сияқты оқыған, тоқыған белгілі азаматқа аққа қара жағу жараспайды!

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377