Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әріптестің әңгімесі 5264 6 пікір 14 Қазан, 2017 сағат 15:29

Мәскеу күнделіктері (басы)

Ең алғашқы әсер: шопырдың әңгімесі

Біздің әуе кемеміз Мәскеуге келіп қонды. Күпті көңілімді сәл де болса сейілту мақсатында, әрі ұлттық компанияны қолдайын деп, билетті «Аэрофлотқа» емес, «Эйр Астанаға» алған болатынмын. Өзіміздің қазақтардың ішінде, өз бортсеріктерімізбен барсам, жүйкеме азырақ салмақ түсе ме деген дәме. Неге екені белгісіз, әйтеуір осы Мәскеуге бару керекпін деген кезден бастап мазам қаша бастады. Бұл не деген түсініксіз қобалжу? Қазақтың хан, болыс, билерінен бастап, бертінгі ойшылдарының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, әрбірден кейін өз атам мен әжемнің, әкем мен шешемнің ізі қалған Мәскеу емес пе еді? Бірақ неге екенін білмедім, жүрегім дүрсілдеп, көңілім алабұрта берді. Бәлкім, ата-бабамның тағдырына қатысты қатыгез шешімдер осында қабылданғанын білген соң ба, әлде  мыңдаған қазақ зиялыларының өмірін қию туралы бұйрықтар осында шығарылып, оның біразы дәл осы қалада орындалғандықтан ба, әйтеуір әлемнің түкпір-түкпірін рақаттанып тамашалап жүрген мына менің қызыл алаңды қызыл Мәскеуге бүйрегім бұра қоймайтын... Бірақ жазған құлда жазық жоқ, докторантурамның ғылыми конференциясына тікелей қатысып, баяндама жасауым керек болған соң, әрбірден кейін еліме тиіп тұрған көршінің астанасын тым кешіктіре бермей көру үшін, Мәскеуге де ұшып келіп қалдық...

Конференция ұйымдастырушылары уәде бергеніндей, Николай атты таксист  күтіп  тұр екен. Қара ескі «Волгасын» әуежайдың автотұрағына қойып, сөмкемді алуға қасыма келді. Көлікке отырдық. Терезеден Мәскеу көшелеріне қарап отырмын: айналадағы ғимараттың аттарының бәрі кириллицада жазылыпты.Тіпті «Макдональдс», «Тойота» сынды әлемдік брендтерді де тек өз қаріптерінде жазған, латынша бір әріп көрінбейді.

Шопыр жігіт сөзшең екен, маған Мәскеуді таныстыруды бірден-ақ бастап кетті. Артқы қатарда отырып, әңгімесін тыңдап келем. Көбіне өзі айтып, өзі қойып жатыр, арасында бір сұрақ қойып немесе сұрағына қысқа жауап қатып қоям.  Көлігінің іші «спецификалық  иіспен» бұрқырап тұрған соң ба, ол тамсана айтып келе жатқан «керемет қала Москва» туралы әзірге аса әсерлене алмай отырмын. Оның үстіне алдыңғы айнаның астынан әдемілеп тұрып орын алған, шаң басқан георгий лентасы ішімді аздап мұздатып қоя берді. (Бұдан кейінгі күндері де бұл лентаны бірнеше рет көрдім, түсінгенім: жергілікті ұлттың ұлттық рухын демеуші символы тәрізді мәнге ие болыпты). Оның үстіне: «Басында бір ел едік қой, неге ғана бөліндік?..» деген сарындағы «зар заман әдебиетінен» бір үзік сырының шеті ашылып, оның арғы жағында аюдың апан аузындай болған сұр ниетті көріп, денем мұздап қоя берді... «Менің Москвам керемет қой! Әр бұрышының өз тарихы бар. Соғыс кезінде  жауларымыз  мына кірпі сияқты темір ескеткішке дейін келген, сонда Мәскеудің орталығына сәл-ақ қалғанда тоқтатқан ғой, оларды! Осындай керемет тарихы бар қаламды қазіргі әкім Соб... Соб... жарайды ары қарай қалай атайтынымды айтпай-ақ қояйын, қысқасы, сол әкіміміз әзір көңіл көншітпей тұр». Е-е-е,  бұл Коля тек біржақты тамсануды ғана емес, әкімін сынауды да біледі екен ғой, жаман емес!..

Бұл шопыр осы Мәскеуде туған, Мәскеуде өскен қарапайым шаруаның баласы екен. «Жағдайым аса мәз болмаса да, өз елімнің бір бөлшегі болып тырбанып жатқаныма бақыттымын» деді. Не деген сөз! Елі мен жеріне деген сүйіспеншілігіне риза болып, енді ішім жылып сала берді. Біздің көп қандасымызда жоқ шүкіршілік, құрмет пен қанағат оның рухын асқақтатып, көңілін тоқ ете түсетіндей көрінді. Қанша жерден шовинистік көзқарасы қылаң беріп тұрғанымен, өз қағынан безінбеген көрші елдің азаматы сыйлауға лайық еді. «Келдік» деді, Коля. «Аллаға шүкір» дедім мен, іштей. Лифтімен көтеріліп бара жатқанда, бетіме енді ғана үңіле қарап: «Орысқа ұқсайды деп еді, кәдімгі азиатка екенсіз ғой!» деп күңк ете қалды, Николай. Қапелімде не дерімді білмей, күліп жібердім. Ә-ә-ә, күтіп аларда шатастырып алмас үшін, менің түр-тұлғамды оған сипаттап  бергенде, орысқа ұқсайтын сары деп айтса керек. Не дейін, Коляның үмітін ақтай алмағаным өкінішті-ақ. Бірақ Қазақ арасында «орысқа ұқсауға», еуропалықтар арасында «қытайға ұқсауға» бойым үйренген жан ретінде орыстар арасында  «қазаққа ұқсағаныма» шын  жүректен қуанышты болдым.

 Мәскеу таңы және қырғыздар

Мәскеудің таңы атты. Қаланың дәл орталығында орналасқан пәтердің терезесінен Қызыл алаңға деген көрініс әдемі екен. Көшеге шыға салысымен, кешегі Коля айтқан Соб... Собянин мырзаның әйелі иелік ететін зауыт шығаратын плиталардың төселуіне куә болдым. Жолдың жиегінің бәрі қоршаулы. Адамдар көліктер жүретін жолға шығып, жиектеп жүруге мәжбүр. Қап! Қала бойынша үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан шақта келген екем. Қоршау, құрылыс заттары, топ-топ құрылысшылар, техника... Бұның бәрі қаланың толық тұрпатын көргендегі алғашқы әсеріме аса «пайдасын» тигізе қоймағаны рас. Бұйырғаны осы болар. Менде жаяу жүргіншілердің соңынан еріп, «сақтансаң сақтаймын» деген ұстанымды серік етіп, мұқият жүріп келем.

Айналама қарап қоям. Көп естіген «скинхедтердің» біреуі жапатармағай бас салмасын деп үрейленіп қоям. Амалым қанша? Олар туралы әбден қанық болған соң,  санамда белгілі бір стереотип қалыптасып үлгерген екен.  Бірнеше жыл бұрын осында магистратура оқыған жақын жолдасымыздың: «Метроның дәл алдында  скинхедтер тұрғандықтан, әуежайға бара алмай,  досымның дәрісін самолетке сала алмай, бірнеше күн жүріп қалдым» дегені әлі  есімде.

Қарсы алдымнан қазақ секілді бірнеше адам жолықты. Сәлден соң тағы да сондай бірнеше адам өтті. Байқаймын, бұлар қырғыз секілді. Бұл қалада олардың саны әжептеуір көп пе деп қалдым. Бір қарағанда кейбіреуі тура қазақ сияқты, жүздері жылы көрінеді. (Бірнеше күннен соң ажырата алатын болдым.Осындағы Айшат  әпке айтқандай, қырғыздар мен қазақтарды Мәскеуліктер оңай ажыратады. Біріншіден, қазақтар бір-бірімен орысша, ал қырғыздар өз тілінде сөйлеседі, екіншіден, қазақтар үнемі сәнді киінеді, ал қырғыздар көбіне күнделікті жұмысқа ыңғайлы, қарапайым киінеді екен). Ал жалпы, кейіннен білгенімдей, бұл жақта қырғыздар өте көп. Олардың біраз бөлігі –  кезіндегі азаматтық алуды өте жеңіл қылған кезде Ресей азаматы статусын иеленіп алғандар. Мәскеудегі қырғыз бауырлар өте ұйымшыл, ауызбірліктері мықты деп естідім. Бірін-бірі қолдап, қолпаштап жүреді екен. Онымен қоймай, елшіліктерінің мықты қолдауының арқасында қырғыздарға арналған ондаған дәмхана, жекелеген емхана, тіпті моншаларға  дейін ашып алған екен. Өз елінде тұрмыс жағдайы мәз болмаған соң, эммиграция қарқыны күшті екені айтпаса да түсінікті. Өздері еңбекқор, тілдік барьер жоққа тән, орташа айлыққа қанағат ететін оларды халыққа қызмет көрсету орындарынан көптеп кездестіруге болады. (Олар осыншалықты көп болған соң, былтыр біздің мәдениет министрі де әжетхана талалаушысы болған қырғыз әйелі туралы  өз ойын «шыдамай»  айтып қойып, еларалық жанжал болып кете жаздады емес пе?) Ал 2016 жылдың тамызында Алтуфьев шоссесіндегі типографияда болған өрт кезінде қызыл алаудың құрбаны болған өрімдей 17 қырғыз қызының қайғылы оқиғасы Ресейдегі, оның ішінде әсіресе қырғыздардың әлеуметтік мәселелері бірте-бірте күн тәртібіне жиі шыға бастайтынының айғағы деп білемін.

 МГУ, Журфак  және Засурский

Бірінші барған жерім Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультеті болды.  1784-1786 жылдары салынған бұл тарихи ғимарат өзінде талай құпияны бүгіп, талай дүниеге куә болып тұрған Қызыл алаңның қапталында орналасқан ерекше корпус екен. Ақсүйек офицер П.Пашковтың усадьбасын ауториялық корпус етіп  бейімдеген 1839  жылдан бері бұл жерден қаншама мың түлек қанат қағып ұшып шықты екен?.. Бірақ Мәскеу университетінің Журфагы бұл жерде 1952 жылы жеке факультет болғалы бері, соңғы 65 жыл ғана иелік етсе керек. Сол тарихи себептерге байланысты ма екен, Моховой көшесіндегі бұл сәулетті, бірақ өте ескі ғимаратқа кіргенде бейне бір музейге кіріп кеткендей әсерде болдым. Бір қызығы, мұндағы студенттер біздің елдің ЖОО-дағыдай уақыты мен иесі көрінетін прокси-карталармен емес, қарапайым студенттік куәлікті көрсетіп өтіп жатты. Қауіпсіздікке тексеретін құрылғы  металлодетектор –  сол жердегі жаңа заманның жалғыз үлгісіндей көрінді.

Зәулім, биік ғимараттың холы да сырт келбеті сияқты салтанатты екен. Аздап Еуропаның опера театрларын еске түсіреді, ол замандардағы бастыстық стильге еліктеп салынғаны көрініп тұр. Осы сән мен салтанат табалдырықтан аттағаннан-ақ студентке рухани биіктік пен зор жауапкершілік жүктеп тұрғандай. Осындай тарихи әсерді мұрынды жарып бара атқан кофе иісі бөліп жіберді. Байқауымша, төменгі қабатта кофехананың бірнешеуі бар сияқты. Тепкішекпен екінші қабатқа көтерілдік. В.Жуковский, А.Грибоедов, Ф.Тютчев, В.Белинский, М.Лермонтов, И.Тургенев, А.Островский сынды ұлттық мақтаныштары оқып, Д.Розенталь, Е.Прохоров, А.Бочаров, А.Западов, Г.Белая сынды журналистика марғасқаларының ізі қалған бұл корпуста кімдер оқығаны туралы арнайы тақтайша ілініпті. Оны жағалай журналистика тарихынан хабар берер экспонаттар орын теуіпті. Бұл коммуникация құралдарының әрқайсысы жас буынға: міне, сен қазіргі көріп жатқан журналистика мынадай эволюциялық жолдардан өткен деп сыбырлап тұрғандай.

Халықаралық журналистика және әдебиет кафедрасына кірдік. Берісі жиырма жыл, әрісі қырық-елу жыл өткен газет-журналдың тігінділері ретсіз, тау-тау болып үйіліп жатқан кафедраның столдары да, орындықтары да өте-мөте ескі екен. Қанша жерден раритет болса да, мына жерді кішкене икемге келтіріп қояюға болмас па еді деп ойладым, себебі шаң-тозаңның иісі тынысымды тарылтып барады. Төбе өте биік болғандықтан ғана ауа жетіп тұр, әйтпесе... Қабырғада суреттері қатар-қатар болып тізіліп тұрған осы кафедрада жұмыс жасап, қазір о дүниелік болып кеткен ғалым-оқытушылардың бейнесіне қарап, бойымды бір мұң биледі.

Шетелдік кеңесшім аңыз болған атақты ғалым, әдебиетші Я.Н.Засурскиймен таныстырам деген. Жасы тоқсанға таяп қалса да, өмірінің саналы бөлігін орыс журналистикасы  мен оның білімді сарбаздарын тәрбиелеуге арнаған бұл атамды көріп, танысу бір арман еді. Ол қазір факульеттің деканы емес, бірақ президенті! Үлкенге құрмет танытып, осындай қызмет түрін ойлап тапқан оқу орнының басшылығына қалай риза болмайсың? «Мына қыздың есімі – Алма. Қазақстаннан, Астанадан келген» деді, апайым бүкірейіп, мүгедектер арбасында отырған атаға. Засурский болса басын жәймен ғана көтерді де, ұсынып тұрған оң қолымды алып, нағыз джентельмендерше сүйіп, ілтипатын білдірді.

 

Қазақтарды жақсы білетінін, бірнеше рет Алматыда болғанын, сол қаланы бәрінен де ыстық көретінін айтып жатты. Не деген мәдениетті, биязы, зиялы адам. Қанша қартайса да санасы тың, сыны кетсе де, сыны кетпеген тұлға ғой!.. деп ойлап қоям. Менің зерттеу тақырыбыма да қызығушылығын білдіріп жатқаны да оның жоғары мәдениетін көрсетіп тұрғандай еді.  Бір кезде... Бәрін құртты. «Менің  әкем бір кездері Алматыда жұмыс жасаған. Мен ол кезде баламын. Сол заманда қазақтарда қазіргідей қала болмайтын. Тіпті әжетханалары да жоқ болатын. Жәй, былай далаға бара салатын...» деп селк-селк етіп күле бастады. Таңданыстан не айтарымды білмей, аңтарылдым да қалдым. Соншама құрметім, алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылды да қалды. Қанша дегенмен, «старческий маразм» деген нәрсе бар ғой. Бұрын кейбір тәкәппар ойларын білімі мен этикалық тұжырымдармен басып отырса, ал қатты қартайғанда, алжу белгілері қосылып, арам ойларын тізгіндей алмай қалатын сәттер болатынының айқын дәлелін көріп тұрмын-ау, шамасы... Негізі, сол сәтте Николай Некрасовтың «Кому на Руси жить хорошо...» деген поэмасындағы орекеңдердің «табиғи тіршілігі» жайлы, қарапайым шаруалардың арақпен суғарылған бейшара өмірі туралы деректер айтуыма болушы еді. Бірақ оным қарабайыр пікірталасқа ұласып кетер деп, әрі үлкен кісімен тайталаспа деген тәрбие тетігін қосып, өзімді өзім бастым. Оның айтқанынан ешкім тағынан тайып қалмайды. Әби атты тарихшы ағайымның сүйікті сөзі бар еді, «Жыртық тесікке күліпті» деген. Заманына қарай адамы. Президентіміз айтқандай: «Қазақтың тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ». Алжудың сәл алдында тұрған, қаусырап құр сүлдері қалған қарияға ренжіп нем бар? Бұл айтса, өзге елдің азаматы, ал өз ішімізде отырып, өз қағынан өзі жерініп, қазақ болғаны үшін «намыстанатын», тамырын шауып тастағысы келіп отырған замандастырымыз қаншама? Мықты болсақ, солардың санасын, соларың осы тәрізді түсінігін дұрыстап, туған тарихымызды соларға  сыйлатып алайық, деп түйдім өзіме...

Қызыл алаң және Ленин елесі

Журфактан шығып, Қызыл алаңға бой түзедім. Жерасты өткелінен өтісімен, шауып бара жатқан аттар бейнеленген ерекше фонтан алдымнан шықты. Нағыз астаналық сәулетке тән ерекше стиль туындысы буырқанған пафосымен тәнті етті.

Көзіммен айналамды шолып өттім. Бұл 10 гектардай жерді алып жатқан атақты Александр бағы екен. Кутафья мұнарасы, Романовтарға құрмет сынды бірнеше ескерткіштерден, жоғарғы, ортаңғы, төменгі деп аталатын бөлімдерден тұратын бұл үлкен саябақтың бас жоспары тас пен темірге қашалып жазылып, жерге таңылып қойыпты. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғысқа арналған арнайы еске алу алаңдары да осында орналасқан екен. Көзіме бала кезде теледидардан  жиі қайталайтын көрініс қылаң берді. Иә, қазіргідей сенсорлы экрандар жоқ, кішкентай ғана түрлі-түсті корей телевизорлары елдімекендерге жетіп, әр көрген телебағдарламаға тұшынып  жүретін шақ еді, ол кез. Мәңгілік алау тұрған алаңда әскери міндетін өтеп тұрған қарауыл сарбазды анасы  көріп қалып,  «Дима, я тебе варенье принесла!..»  деп қоймай айқайлай берген соң, баласы «Көрдім анашым» дегендей, саусағының ұшымен қозғалтатыны бар еді ғой? Тура сол әлеуметтік роликтің фонын шынайы өмірімде араға жиырма бес жыл салып көріп тұр екенмін.

Белгісіз солдаттың денесі жерленген бұл жерді анау-мынау емес, президенттік полктың сарбаздары әр сағат сайын ауысып күзетеді екен. «Есімің белгісіз, ал ерлігің өшпейді» деп жазылған бұл ескерткіштің астында бәлкім үйіне қара қағаз келген мыңдаған қазақ сарбазының бірінің  денесі жатқан болар, кім білсін?..

Мәңгілік алауға гүл қоймақшы болып, кезекте тұрғандардың ішінде шетелдік турист те, жастар да, қариялар да, бүлдіршіндер де  бар. Маған ерекше ұнағаны, бір топ бірінші сынып оқушыларын екі ұстазы жетектеп әкеліп, сап түзетіп тұрғызып, екі-екіден бөліп, қолдарындағы бір-бір тал гүлдерін ерекше құрметпен, аталар рухына құрмет еткізіп қойдырып жатты. Қандай әдемі көрініс! Қандай өнегелі әрекет! «Аталарың жауды қорғап, сендер үшін жанын пида еткен!» деп сынып ішінде айтқан бір бөлек те, ал арнайы уақыт бөліп, қолдарына гүлдерін ұстатып осылайша ізет жасатқанның жөні мүлдем басқа емес пе?..

Қызыл алаңға кіре беріс жерлердің барлығы қоршалыпты. Қауіпсіздік мақсатында. Әр қақпада екі-үш милициядан тұрып, алаңға қарай өтіп жатқан адамдардың сөмкесінде жарылыс тудыратын заттың бар-жоғын анықтап жатыр.  Ол тексерістерінен өтіп, алаңның қақ ортасына қарай аяңдадым. Міне, ұзындығы 330 м, ал ені  75 м жерді алып жатқан  Қызыл алаң... Соңғы патшалары ІІ Николай таққа отырған алаң. 1905-те бірінші төңкеріс болып, бірақ артынша бәз-баяғы қалпына түскен жер.1917-де біреулер революция деп, екіншілер қандықол қылмыскерлердің билікті күшпен тартып алуы деп суреттейтін саяси оқиғалардың өрбіген жері. Жетпіс жыл елес арманмен күй кешкен жасанды одақтың талай пафосты парады өткен жер. Тоқсан бірінші жылдың жазында ойламаған жерден тамыз бүлігі болған жер... Иә, негізі бұл қоңыр-қызыл, үнсіз қабырғалар өте көп жайтқа куә…

Бұл жерде негізінен тарихи музей, шіркеулер, некрополь және Кремль орналасқан. Олардың салыну жылы әртүрлі, бірақ негізінен қою қызыл-қоңыр түспен боялған оларда тарихи  рух пен христиандық мәнер байқалады, ол заңды да. Әрине, бұлардың ішіндегі біздің назарымызды өзіне еркісіз аудартатыны – Лениннің мавзолейі. «Бұл –  Ленин бабамыз, бұл –  Ленин данамыз» деп бақшада әндеткендердің соңғы өкілі ретінде осы мавзолейді бала араманымызға таңитыны есімде...  Ленинді үлгі етіп қаншама коммунистік елдің (Ангола, Моңғолия, Қытай, т.б.) күн көсемдерін бальзамдап, көмбей, ел жұрт алдына қойып қойғанын тарихтан білеміз... Осыдан бірнеше жыл бұрын: «Мавзолей жабылып қалды, енді Ленинді көруге ешкімді кіргізбейді»; «Оны көміп тастапты»; «Ленин деп қойғаны жәй ғана муляж екен» деген сияқты біраз сыбыс естіген едік. Жабылмапты. Бірақ маған көру де бұйырмады. Күзетте тұрған сарбаздардан сұрағанымда тек аптасына бес күн ғана, түске дейін кіріп көруге болады екен.  Бағыма орай көре алмадым ба, әлде өкінішке қарай көре алмадым ба білмедім, бірақ қайырлысы осы болар дедім. Өз басым қатты бір өкінішті сезініп тұрғаным жоқ. Муляжы жатса да, шын өзі жатса да, жүз жылға уақыт бойы оны рухы жай таппай, өзі салған авторитаризмнің, жеке басқа табынушылықтың «күн көсемдік» дертінің ең сорақы құрбаны өзі болғаны анық. Жамбасы жерге тимеген әруақ екі дүние ортасында қалып қояды естуші едік, кім білсін?..

Ленин демекші, жыл сайын оған қатысты жаңа  деректердің шеті шығып жатады. Мәселен, Франциядағы қазақтар қауымдастығының жетекшісі,  қоғам қайраткері Берлин Кенжетайұлы Иришевтің айтуынша, Владимир Ильич Ресейден қуғындалып, шет ел асып жүрген кездерінде бірнеше  жыл Францияда, оның ішінде Порник деген қалада тұрыпты. Оның бұл дерегінің ашылуына кезінде Мәскеуге барған Франция делегациясының мұражайдағы суреттерінен Порникте түскен суретін танып қоюы түрткі болыпты.  Берлин Кенжетайұлы сол қалаға барып, Ленин мен оның әйелі тұрған үйді көзімен көрген, бірақ орыстардың құлшылық орнына айналып кетпес үшін қала әкімдігі нақты үйдің дерегін жасыруға тырысады екен. Ең қызығы, Ленин жолдас өзінің құпия өсиетхатында өзі өлген соң сол Порникте жерлеуді тапсырған деген дерек бар. Өзінің  табынушылардың құрбаны боларын іштей сезіп, қауіптенсе керек... Жарайды, бұл деректің мән-жайын анықтауды тарихшылар мен зерттеушілерге қалдырайық та, саяхатымызды одан әрі жалғастырайық.

 Құрбымның үйінде

Мәскеуге барамын дегеннен-ақ бір жанды көргім келді. Ол –  университетте төрт жыл бірге оқыған, кейін Мәскеу мемлекеттік университетіне  магистратураға  оқуға барып, оқуын тәмәмдап, елге қайтқалы жатқанда өмірлік серігін тауып, Мәскеуде қалып қойған Әсел. Әсел өте ақкөңіл, кішіпейіл, білімге құштар қыздардың бірі болды. Мәскеуде қызмет жасайтын қазақтың бір лайықты азаматының етегінен ұстаған ол бүгінде екі ұл, бір қыздың аяулы анасы. Көрмегеніме он жылдай уақыт болғандықтан, оны жүзбе-жүз көріп, қауышқым келді. Бұл ниетімді Астанада жүрген кезімде  жеткізгенімде, ол бірден үйге келесің деп, төтесін айтты. Әрине, бұлай айтпаса, біздің Әсел Әсел бола ма? Қазақтың қыздарының кеңпейіл қонақжайлылығы, жылышырай бауырмалдығы Әселге де тән еді. Міндетті түрде соғып, жағдайын біліп, елден арнайы алып барған отандық өнімнен тұратын базарлықтарымды табыстау керекпін деп жоспарлап қойдым.

Коньково станциясы. Метромен жүйіткіп, аталған станцияға келіп түстім. Әсел ауласына шығып, күтіп алды. Сол баяғы жайдары қалпы, бір-біріміздің ыстық құшағымызға еніп кеттік. Бірнеше қабаттан тұратын жаңа үйдегі көппәтердің біріне кірдік.  Алдымыздан Бауыржан мен Рақымжан жүгіріп шықты. Артынан кішкентай Жәния қызымыз да келіп амандасып жатыр. Білдей екі батырымыздың атын қос ұлына қойып, болашақ қаһармандарды тәрбиелеп отырған өнегелі шаңырақта қонақ болу бұйырған екен. Біздің Әсел әдемі келіншек болыпты. Жәудіреген көздері таза жан әлемінен сыр шертіп тұрғандай. Екеуміз әбден сағынысып қалыппыз. Шұрқырай жүздестік. Шерімізді тарқаттық. Қос журналист отбасылық, қалалық, республикалық мәселенің шеңберінен шығып, жалпыадамзаттық құндылықтар мен қоғам дерті тақырыбына қалай ойысып кеткенімізді аңғармай қалыппыз.

«Біздің елде діни нанымыңды білдіруге тыйым салынып жатыр екен ғой. Имандылыққа толық бет бұрған адамға жұмыс жоқ деп естиміз. Сонда бұл қалай болғаны?» деді бір кезде құрбым мұңайып. Бес уақыт намазын жанына серік еткеніне бірнеше жыл болған құрбымның бұл алаңдаушылығын бір адамдай түсініп отырмын. Сырт жақта жылдар бойы жүріп, үш баланы дүниеге әкеліп, реті келгенде елге ораламыз деп жүргенде, әлгіндей хабарлар жеткенде, әрине  уайымдамасқа шара жоқ. Бірақ бұл имандылыққа шектеу емес,  діни еркіндік деп діни фанатизмге түсіп кеткен бір топ әлеуметтің күннен күнге күшейіп бара жатқан радикалды іс- әрекеттеріне зиялы қоғамның сақтанушы әрекеті екенін қалай жеткізсем екен?.. Сонда біздің ел сырт көзге имандылықтың жауы болып тұрғандай ғой? Ал негізі қазақ қоғамы имандылықпен емес, соның атын жамылып, азғындықты, ұлтсыздықты  ту еткен екіжүзділермен ымырасыз күресті  бастап кеткен еді ғой... Осыдан он бес жыл бұрын намаз оқимын деген адамға құрметпен қараса, қазір ондай сөзді естігендер салафит емес пе екен, вахаббист емес пе екен, отбасымен араласады ма, әлде бәрін тәрк еткен бе, «браттарымен» кеңесе ме, «сестралары» үшінші күйеу тауып беріп жатқан жоқ па екен, әлде жамағатты сыйлап, түзу жолмен жүре ме екен деп алаңдайтын болды емес пе, Әсел-ау... Бұл күрмеуі мол қатпарлы мәселеде сенімге селкеу түсірмей, жылдар бойы қалыптасқан ұлттық бет-әлпетті бұзып алмай, имандылықты күшейту жолын табу оңай шаруа болмай тұр ғой...

«Бұл жақтағы жастардан қорқамын, – деп сөзін жалғады, Әсел. –  Он екі, он үшке жаңа толған қыздары жартылай жалаңаштанып, темекісін шегіп, жігітпен жүреді. Ата-аналары бірер күнге қаладан кеткенде, үйінде дереу жынойнақ кештерін жасайды. Сен мұнда келгенде аздап қорықтым деп отырcың. Ал мен орыстарды аяймын. Жыл сайын демографиясы құлдырап бара жатқан оларда ұлт ретінде азаю, азғындалу сияқты  бәсеңсу факторалары қатты  байқалады.  Шешен, қырғыз сияқты ұлттардың балалары кемінде төрт-бесеуден болса, оларда бір отбасында  әрі кетсе бір-екі баладан ғана, олардың өзі әртүрлі ортаға ерте түсіп кетіп жатады. Сондықтан бұлардың жағдайы алаңдаулы дер едім...»

Құрбымнан Засуркий туралы да сұрадым. Қанша дегенмен, кезінде Алматыдан Мәскеуге келгенде қарсы алып, тәлімін берген ұстазы ғой. «Оның қарапайымдылығы ұнайтын. Бәрімізді «коллеги» деп  атайтын. Әріптес ретінде кеңесін айтып, әріптес ретінде ойымызды өрбітетін. Шығарма жазғанда, ойын ерекше  жеткізген болашақ журналистерге бөлек назарын бұрып, оның ұтқырлығын өзгемізге өнеге ететін», деді. Иә, Я.Засуркий мырза осыдан санаулы жыл бұрын ғана қарапайымдылық, өзара сыйластық келбетін сақтаған екен...

(жалғасы бар)

Алма Сайлауқызы, журналист

 

6 пікір