Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5986 0 пікір 4 Қыркүйек, 2017 сағат 10:48

«Туған жер» бағдарламасы аймақтарда қалай жүзеге асып жатыр?

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы еліміздің шалғай аймақтарындағы ауыл-ауылдардың тіршілігіне тыныс бергендей болды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек»  деген еді. Біз бүгін Қазақстаның әр аймақтарындағы, соның ішінде қазыналы Оңтүстік Қазақстан облысы, киелі Маңғыстау облысы, ақ күріштің отаны Қызылорда облысы мен арқаны жайлаған, көмірлі аймақ Қарағанды облыстарында атқарылып жатқан жұмыстардың кейбірін мысалға келтіргенді жөн көрдік.

Оңтүстікте «Туған жер» бағдарламасы аясында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында шырайлы Шымқалада «Туған жер-алтын бесігім» облыстық фестивалі өтті. Бұл туралы сайтымыздың Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Шадияр Молдабек хабарлады.

Жақында Шымкентте Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Шара аясында Мемлекет басшысының «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде атқарылған игілікті істер жұрт назарына ұсынылды.

Оңтүстіктің шығыс қақпасы саналатын Түлкібас өңірі бір күн бойы Шырайлы Шымкент халқына өз өнерлерін паш етті. Фестивальде  ауылшаруашылық  жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан шаруалары 45 тонна жеміс және бау шаруашылығы бойынша өнімдерін ұсынды. Оның ішінде ауданның брэнді болып табылатын алма бауына халықтан сұраныс көп болды.

Фестивальдің жалғасы облыстық Отырар кітапханасында жалғасып, «Туған жерге туын тіккен қаламгер» тақырыбында Түлкібас ауданынан шыққан ақын-жазушылармен кездесу өтті. Кездесуде жазушы –журналист М.Байғұт, сатира саңлағы А.Боранбаев сынды ақын -жазушылар өз шығармаларынан үзінділер оқып, оқырман сауалдарына жауап берді. Тұшымды ой айтты.

Фестивальде алаштың жоғын жоқтап, мұңын арқалаған қазақ халқының ұлы перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Т.Рысқұлов жайында фильм көрсетіліп, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін, әдеп –ғұрыптарынан көріністер көрсетіліп, аудан өнерпаздары өнердің бірқатар жанрлары бойынша өз өнерлерін көрсетті.

Фестивальде аудан әкімі Н.Тұрашбеков сөз сөйлеп, барша халықты фестивалды тамашалауға шақырды. Іс-шараға 1500-ге жуық көрермен қатысты.

Қарағандыдағы қарқынды жұмыс

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы Қарағандыда да қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Президенті Ернар Күлпейісов «Abai.kz» ақпараттық порталына сұхбат беріп, «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап берді.

«Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұқсас алаңның болмағанын атап өтеміз. Және кішігірім уақыт аралығында Кеңес беделді ұйымға айналып үлгерді. Бүгінде оның құрамында мемлекеттік органдардың және депутаттық корпустың өкілдері, танымал заңгерлер мен адвокаттар, кәсіпкерлер бар», - деді палата басшысы.

ҚОКП Президенті Ернар Күлпейісовтің айтуынша, бизнес субъектілерінің заңды мүдделеріне қысым жасауға қатысты нақты жағдайларды шешу жолдары қарастырылады.

«Кәсіпкерлер палатасы – қолында аз-маз қаржысы бар кәсіпкерлерге қолдау жасайтын алаң. Осы алаңда бизнес-қауымдастық өкілдері тікелей мемлекеттік органдарға жүгінуге, оларға өз мәселелері бойынша нақты сұрақтар қоюға мүмкіндіктері бар. Әр отырыстың соңында оған қатысушылар бизнестің мүддесін қорғауға бастама болатын шешім қабылдайды, және оның негізінде, Палата кәсіпкерді қорғау және қолданыстағы жүйелік мәселелерді шешу үшін тиісті қадамдар жасайды», - дейді Ернар мырза.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында 2015 жылдың 25 ақпанынан бастап Кеңестің 29 отырысы өтті, оның ішінде 2 отырыс Жезқазған қаласында және Қарағанды облысы прокуратурасы алаңында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, осы аралықта 69 мәселе қаралып, 44 жеке, 16 жүйелі маңызы бар және 9 ақпараттық сұрақ талқыланды.

Кеңестің қарау нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің пайдасына 33 мәселе шешілді. Бұл мемлекеттік сатып алу заңнамаларын бұзу, заңсыз тексеріс жүргізу, қандайда мәселенің сот орындарында ұзағынан қаралуы және басқа мәселелер.

Кеңесте талқыланған барлық көкейтесті мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жарияланып тұрады, әр отырыс ашық алаң түрінде өтеді және оған келемін деушілерге есік әрдайым ашық.

Кәсіпкерлер палатасының маңызды артериялық жүйелерінің бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес болып табылады. Кеңес-бизнестің өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға көмектесетін жедел органдарының бірі болып табылады.

     Жастар ауылға тарту жасауды дәстүрге айналдырды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек»  деген еді. Осыны негізге алған Маңғыстау облысының СайӨтес ауылының жастары да туған ауылдарына тарту жасауды ұйғарды.

Өтес орта мектебі - Сайөтес ауылындағы жалғыз білім ордасы.  Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл оқу орнының түлектері соңғы 3-4 жылда туған ауылына тарту жасауды дәстүрге айналдырған.

2007 жылы Өтес орта мектебін аяқтаған жастар өздерінің туған жеріне Яғни, Сай Өтес ауылына осындай 4 бірдей аялдаманы өз қаражаттарына салып, туған ауылдарына сыйға тартты.

Жомарттық танытқан түлектер құрылыс заттарына 400 мың теңге жұмсаған. Қолынан өнер тамған олар аялдаманы өз қолдарымен салыпты. Сайөтес ауылдық округінің әкімі Насуха Ұлықпанов  аялдаманы бюджет қаражысына салған болса, 4 млн.-дай ақша кетер еді.  Осы түлектердің арқасында сол ақшаларымыз үнемделгенін айтады.

Былтыр мектеп оқушылары үшін ауыл ішіне қатынайтын автобус қолданысқа берілген. Енді қыста қардан, жазда шақырайған күннен қорған болар аялдама салынып, сауапты іс жасалды. Ауыл мектебінің түлектері жасаған игі іске тамсанған Тәттігүл Меделханова аялдама салып берген ағаларына алғыс айтып, алдағы жазда  сыныптастарымен бірге ауыл маңайына гүл егіп, абаттандыруды жоспарлап отыр екен.

Туған жеріне тағзым етушілер тек бұлар емес. 2005 жылы мектеп бітірген түлектер ауыл ішіне 20-ға жуық отырғыш салып, тұрғындардың демалысына жағдай жасады. Ал, 2006 жылғы түлектер ауылдың кіре берісіне киіз үй пішіндес аялдама мен ауылдың аты жазылған тұғыр тұрғызды. Жалынды жастардың ғибратты ісі көпке үлгі болып отыр.

Филантроп Ералиев нағилықтарды тағы қуантты

Еліміздегі бетке ұстар елдімекендердің бірі Нағи Ілиясов ауылында спорт кешені мен стадион пайдалануға берілді. Жаңа нысан мемлекеттік әріптестік негізінде жеке кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен жүзеге асып отыр. Мұнан бөлек елдімекенде тағы да бірқатар нысандар жаңғыртылған. Нағи ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аймақ басшысы арнайы барды.

Тағылымды ісімен, еңбекқор тұрғындарымен танылған Нағи ауылы – қазір өңірдің ғана емес, еліміз бойынша үлгілі елдімекенге айналды. Оның көркейіп, жаңаруына Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің қосқан үлесін айтпау мүмкін емес. Ол бүгінгі күнге дейін туған ауылын көркейтуге 1,5 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Көңіл қуантарлық атқарылған жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Спорт кешенінің жалпы құны 380 млн. теңгені құраса, соның 200 млн. теңгесі «Абзал и К» толық серіктестігіне тиесілі. Кешеннің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен ауылда жаңадан абаттандырылған тағзым алаңына гүл шоқтарын қойып, жаңа мешітпен танысты.

Ауыл ақсақалдары филантроп азаматқа баталарын беріп, алғыс білдірді:

«Бұл еңбектің барлығы ауылым – алтын бесігім деп туып-өскен жерін ардақтаған, жеке мүддесінен ортақ игілікті жоғары қойған нағыз азаматтың ерлігі, таза қамқорлығы. Бүгін есігін ашқан спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына күмән жоқ. Ошағынан от, белдеуінен бесті ат кетпеген Нағи ауылында елге үлгі боларлық бірлік бар. Дән патшасы,­ ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев «қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» демекші, ауылымызды сол берекеден айырмасын».

Кейбір қалаға бергісіз мұндай ауылда тұру зор мәртебе, үлкен қуаныш. Абзал Ералиев Нағи ауылына қыруар қаржы құйып, мектеп пен емхананы, мәдениет үйін, тағзым алаңын мемлекетпен бірлесе отырып жөндеді. Су бұрқақтарын қойып, ауыл көшелерін жөндеп, жарықтандырып, гүлмен көріктендіріп қойған. Бұл ауылым – алтын бесігім деп туып-өскен жерін ардақтаған, жеке мүддесінен ортақ игілікті жоғары қойған нағыз азаматтың ерлігі, таза қамқорлығы. Еңбегі елеусіз қалған жоқ шара барысында облыс әкімі Абзал Ералиевке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.

Меценаттың өзі : «Ауылымызға жасап жатқан жұмыстарымыздың ең негізгі мақсаты – перзенттік парызымызды өтеу. Ауылдастарыма барынша қолдау көрсету. Ал жаңа спорт кешені ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді өткізіп, оларды білімге, имандылық­қа бастайды деп ойлаймын. Олар болашақта елдің үмітін арқалар азамат болса деген ой. Мүмкін дәл осы ауылдан талай чемпиондар өсіп шығар» деген үмітін барын айтып, ағынан жарылды.

Бұл спорт нысаны ірі спорттық шараларды қабылдай алатын өңірдегі алдыңғы қатарлы спорт ғимараттарының біріне айналатынына сенім мол. Соның бір дәлелі спорт кешенінің ашылуына орай жаңа алаңда «Қайсар» мен «Ақтөбе» командалары қосалқы құрамдарының ойыны өтті. Екі күнге созылған шарада таэквандодан халықаралық турнир де ұйымдастырылды.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Облыста да бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Қызылорда қаласында бокс орталығы мен ипподром және аудандарда дене шынықтыру, сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұндай шаралар Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» Жолдауындағы туған жерге, елге деген азаматтардың қамқорлығын арттыру мақсатында өзгелер үлгі болары сөзсіз.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357