Мурка – қылмыс әлемінің көшбасшысы болған
Кеше «КТК» телеарнасынан көрсетілген деректі фильмде куәгерлер (Мұхаметқали Оспанов, Ермек Шаяхметов, Баймұрат Сақтағанов, Сергей Непропекин) Мұратхан Тоқмадидың алаяқтық жасау, адамдарға қоқан-лоқы көрсету, рэкеттік, рейдерлік жолмен басқа біреулердің бизнесін тартып алып, байығаны туралы жасырмай айтты.
Мысалы, М.Тоқмадидың күзетшілерін дайындаған Мұхаметқали Оспанов бір күнде екі-үш жерге «разборкаға» баратындарын әңгімеледі. Ол кейінірек Мұратханмен ат құйрығын үзгеніне шүкірлік етеді.
Ермек Шаяхметов – қарапайым жүргізуші. 8 жылға жазықсыз сотталып, түрмеге отырып шыққан Ермек өзін соттағандарға Мұратханның тапсырыс бергенін ашық айтты. Ал алып базаның бұрынғы қожайыны Баймұрат Сақтағановқа М.Тоқмади: «Егер өзіңнің, отбасыңның амандығын ойласаң, құжатқа тез қолыңды қой!» деп қоқан-лоқы жасаған. Б.Сақтағанов базасын қорыққанынан Мұратханға беруге мәжбүр болады. М.Тоқмади бұл жерден «ҚазСтройСтекло» атты еліміздегі үлкен шыны шығаратын зауыт ашады.
Алайда, бұл зауытқа Мұратханның досы – Сергей Непропекин 1 млн. АҚШ долларынан астам қаржысын салады. Зауыт аяғынан тік тұрған соң, ол бар үлесінен қағылып, жер сипап қалады.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz