Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 8844 57 пікір 23 Қазан, 2017 сағат 10:17

Қырғыз ханды соғыс кезінде ғана сайлаған, ханы болмаған ел

Жақында көршілес Қырғызстанның бұрынғы басшысы Алмазбек Атамбаевтың қазақ халқының бетіне басқан сөздерінің бірі: “Қазақ халқын Шыңғыс хан ұрпақтары билеген” деген сыны еді. Бірақ бұл шынында сынға жататын сөз бе екен? Қазақтың хандары текті болғандығы еш ұят нәрсе емес. Хандар билігінің институты – қазақ халқының тарихындағы саяси жүйесінің негізі еді. Бұл біздің ел болғанымыздың белгісі.

Ортағасырдағы Еуропа мемлекеттері болсын, Азия елдері болсын – оларды әр түрлі әулеттерден шыққан патшалары, монархтары билеген. Еуропада Габсбургтар, Бурбондар, Валуалар болса, түрікті Османдар, Қырымды Гирейлер басқарса, Қытайда Мин, Цин, Цзинь әулеттері бір-бірін ауыстырса, бізді, қазақты Шыңғыстың ұрпақтары билеген. Мұның еш жамандығы жоқ, керісінше бұл – біздің мақтанышымыз. Шыңғыс хан өзі жаман-жақсы болсын, бүкіл әлем таныған ұлы тарихи тұлға. Дүние жүзінде ресми түрінде
өткен мыңжылдықтың нар тұлғасы болып саналған адам. Көшпенді тайпаларын біріктіріп, басын қостырған көшбасшы еді. Дала өркениетінде оның аты Мөде, Аттила (Еділ), Күлтегін аталарымыздың арасында аталады. Шыңғыс ханның әділ билік жүйесі, даналығы сан ғасырлар білімді адамдарын таң қалдырды. Қазақ халқы түгіл, Қытай Шыңғыстың ұрпақтары басқарған мемлекет болғандарын мақтан тұтады.

Шыңғыстың немересі Хубилай хан ХІІІ ғасырдың аяғында Қытайдың императоры болып, Юань әулетінің негізін қалаған. Інісі Хулагу болса Иранды басқарып, Ильхан әулетінің негізін қалаушысы еді.

Иранда өз тарихынан қашпайды, ұялмайды. Ал қазақты Шыңғыс хан ұрпақтары ең ұзақ басқарған. Басқа елдер төре тұқымынан бас тартқанда, қазақ халқы төрелерге берік болды. Текті төрелеріміз де
елдің ыстығына күйіп, суығына тонып, жау келсе қол бастаған, бейбіт заманда ел басқарған.

Қазақты төрелер басқарғаны – біздің Алтын Орданың (нақты айтқанда Жошы ұлысының, Ақ Орданың) саяси дәстүрінің мирасқоры екенімізді білдіреді. Тарихта Алтын Орда деген атауымен қалған (бұл терминді негізі тарихшылар сынап жатады, алайда ел арасында кең жайылған атау болған соң “Алтын орда” деп жазып жатырмыз Жошы ұрпақтары басқарған мемлекет заманауи Ресейдің де саяси жүйесін қалыптастырды.

Орыс (Мәскеу) патшалығының саяси дәстүрінің түбінде Киевтік Русьтің, Византия және Алтын Орданың саяси дәстүрлері жатқаны айдай анық. “Иго” деген сөзінің өзі “игі”, “игілік” деген
сөзінен шыққан емес пе? Қырғыздың Арыс Айнал деген билеушілері кезінде Шыңғыс ханға ақ сұңқар жіберіп, құрметін білдірген ғой. Кейін қырғыздар Моғолстанда тұрып, Моғолстанның таулы аймағының арыстандары аталып Шағатай ұрпақтарына бағынды емес пе? Алайда, Шағатайлар, Шайбанилер, Аштархан әулеті қазіргі өзбек, татар, сібір татар халықтарының ата-бабаларын билеп, екі-үш ғасырдан кейін тарих сахнасынан кетті.

Қазан, Аштархан мен Сібірді Ресей жаулап алып өзінің құрамына қосса, Орта Азиядағы билеушілер қарадан шығып хан болғандармен ауыстырылды.

Тек қазақ қана басқалардай емес, Жәнібек пен Керей хандардың ұрпақтарына берік болып қалды.

Қырғыздың қолынан қаза тапқан хан Кенемізге дейін сан ғасыр қазақтың хандары, төреден шыққан билеушілеріміз халқымыздың ажыратылмайтын бөлігі еді, тәуелсіздігіміздің, ұлттық болмысымыздың, елдігіміздің, қазақ болғанымыздың нышаны еді.

Хандарымыз шексіз монархтар емес, дала демократиясының, көшпеді, әскери демократиясының өкілдері еді. Хан төрелердің арасынан шықса-дағы, ханның тағы әрдайым атасынан баласына мирас болып қалған емес. Билікке баладан даналығы, ерлігі асқан бір туған бауыры, немере-шөбере ағайын, керек болса төре әулетінің мүлдем басқа тармағынан шыққан адам келе алатын еді. Хан болуға жарамайтын ханынан ел көшіп кете алатын еді. Елі тастап кеткен хан хандықсыз қалатын еді. Ханталапай да болатын еді, ханды ант ұрсын деп тағынан қуу да мүмкіншілік болатын еді.

Керек болса қырғыздың өзі де Есім ханымызды мойындап, қазақтарға қосылып Тұрсын ханды шапқан ғой, қазақ-қырғыз бірігіп 1628 жылы Ташкентті алды емес пе? Бұл қазақ-қырғыз қосынын басқарған да Шыңғыстың ұрпағы төре Есім хан емес пе еді?

Ал енді қырғыздың манаптарына, қарадан шығып өздерін хан деп санағандарына қарайық. Шоқан Уәлихановтың жазбаларына сүйенсек, манаптардың билігі шексіз еді (айта кетейік, “Манасты” қағазға түсіріп, қырғыздың тарихын, салтын, тұрмысын зерттеген Шоқан да Атамбаев тіл тигізген төренің тұқымы). Манаптар өз елінен яғни қарадан шықса-дағы құтырған ерке шонжарлар еді.

Мұны социалистік Қырғызстанның билеушісі Жүсіп Әбдірахманов та жазды. Мысалы, Үмбетәлі деген манап бір кезде “Үмбетәлі” деп баласын шақырған әйелдің даусын естіді. Байқаса, кішкентай баланың атын Үмбетәлі деп қойған екен. “Жер бетінде екі Үмбетәлі симайды” деп, ашуы қызған манап бейкүнә баланың басын қылышпен шауып тастаған. Қырғыздың дәстүрі бойынша хан соғыс кезінде ғана сайланған, оны рубасылар – манаптардың арасынан таңдаған. Қарадан шығып хан болып сайланған манаптар елді өз руына тартқан, өзімшіл, рушыл болып, жеке және өз руының мүдделерін жалпыұлттық мүдделерінен жоғары қойған. Мысалы. Орман хан бүкіл қырғыздың ханы бола тұрып, өзінің Сарыбағыш руының мүдделерін асыра биік тұрғызып, Бұғы деген руын шауып, оны тұздай құртайын деп жүрді. Ақыры өз қырғызының қолынан қаза тапты.

Біздің төрелеріміз болса жүзге, руға жатпаған соң бүкіл елді бірдей көрді, тең көрді. Әділетті билік жүргізіп, бір рудың мүддесін басқадан жоғары қойған жоқ.

«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», - деп айтқан Алаштың көшбасшысы
Әлихан Бөкейханов та Шыңғыс ханның, Әз Жәнібектің, төрелердің тікелей ұрпағы. Әттең, заманымыздың Әлихандары, Алаштың туын тіккен Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жақып-Әлімхандары, Райымжандары қайда? Сол төреден шыққан Әлиханға, қазақ Алаш зиялыларына ерген қырғыздың Ишанғали, Әбдікерім, Қасымдары емес пе еді? Арабаевтың, Сыдықовтың, Тыныстановтың тырнағына да татымайды екен Алмазбек мырза...Сонда қырғыздың да зиялылары 100 жыл бұрын төреден шыққан Әлиханға бағынғаны
сынға жататын сөз бе? Қысқасы, төрелеріміз, хандарымыз – тарихымыз, бабадан қалған шежірелі асыл мирасымыз.
Алмаз мырзаның қырғыз саясатымен айналысып, қазақ тарихына, қаһарман хандарымызға, ұлттық намысымызға тиіспей, тарихымызды саясат пен халықаралық қатынаспен араластырмағаны жөн-ақ.

Асқар Дайырбек

Abai.kz

57 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349