Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8127 18 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 07:19

Шаханов 75 жаста. Астана не дер екен?

Кеше ғана, Оңтүстік Қазақстан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мырза бас болып Мұхтар ағаның 75  жасын дүрілдетіп облыс көлемінде тойлап берді.

…Кім ұлтқа тас лақтырса, сол билікке ұнай ма?
Ұлтын сүймеу, қарсы шығу емес пе бұл Құдайға?
Енді біздің көнбіс қазақ оңға, солға ойқастап,
Өз халқының іштен шыққан жауларымен шайқаспақ.
Рухын тартыс тоқтысы еткен қаптап кетті көкпарлар,
Бұл қорлықты көрген сайын намысыңды от шарлар.
Қызметінің ыңғайымен ұлт мүддесін сатқандар,
Сендерге де есеп берер күн келеді, тоқтаңдар…
М. Шаханов

Бүгіндері 75 жасқа шығып отырған Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетінде, қазақ мәдениетінде, жалпы, өркениетінде мүлде оқшау, өзгеше құбылыс. Қазақ ұлтының жалғыз қорғаны болып тұрғанын қоспағанда, тас жарған табиғи дарыны биліктегі қаншама ұлтсыздар мен ақын-жазушылардың ішін өртеп қызғаныш деген қызыл итін қыңсылатты. Ақиық ақын, наркескен азаматтың  қаламынан туған кез-келген шығармасын: мейлі сезім буған лирикалық өлеңдерін, мейлі ой толғатқан әлеуметтік поэмаларын, шер толқытқан философиялық балладаларын, астарлы да асқарлы монолог-драмаларының қай-қайсысын да алып қарасаңыз, мүлде өзгеше. Жазу тәсілінің өзі ешқандай стандартқа, қалыпқа сай келмейді…

... Әлқисса, сонымен тарихқа оралсақ осыдан бес жыл бұрын Шахановтың жетпіс жылдығын үкімет «ұмытып» қалғанын халық біледі. Бірақ, Астаналық Ж. Шымшықов, Қ. Бекпатшақызы бастаған ұлтшылдар өткізіп бергенін естіп, бес жыл бұрын болған оқиғаны зерттеп көрдік.

-... «М. Шахановтың шығармашылық кешіне  билет сатылған жоқ» - деп кесіп айтты кешті ұйымдастыру тобының жетекшісі профессор Жангелді Шымшықов, маған сол кездегі шыққан мақаланы көрсетіп. Газет тілшісі «Қазақ қаламгерлері неге «сұраншақ?» деген мақаласында: «Жақын арада ғана Астана қаласындағы Конгресс Холл залында ақын Мұхтар Шахановтың кеші болып өтті. Сол күні Фейсбук әлеуметтік желісінде отырған Мұхаңның шығармашылығын пір тұтатын жастардың бірі: «өзім қатты құрметтейтін Мұхтар ағамның кешіне бармақ болып, телефон соғып билет сұрап едім, билеттердің сатылып кеткенін айтты. Бірақ, кешті ұйымдастырушылар пәтер сыйлап, көлік мінгізіп, шапан жабатын ойыңыз болса, арнайы бөлінген 200 билеттің бар екенін, келісуге болатынын айттты» дегенін оқығанда, тіксініп қабылдадық. Мұндай сорақылықтан Мұхтар ағамыздың өзі бейхабар болар, ұлт жанашырының атын жамылған төңірегіндегі өз ұпайын түгендегісі келетін нөкерлерінің ісі шығар деп жорамалдадық. Мұхтар ағамыз естімесе естісін, айналасында абырой беделіне нұқсан келтіретін адамдардың жүргенін білсін деген ниетпен әдейі жазып отырмыз. Әйтпесе пәтер мен көлік түгілі, соңғы кезде сырқаты қайта-қайта мазалап жүрген Мұхтар ағамыздың сол күні жүрегі тағы да сыр беріп, жедел жәрдеммен аурухананың жансақтау бөліміне әупіріммен жеткізіліп, кеш авторсыз өткізілді емес пе?- деп жазғанын оқып беріп сөзін жалғады.

Біріншіден, біз оның қасында жүрген нөкерлері емеспіз. Біз Астанада тұрамыз. Қазақ халқының сүйікті ұлы болғандықтан «Сарыарқадан тарту» деп ылғи Астаналықтар ол кісіге жасаған тартуымыз болсын деп кешін өткізіп беруге бел байладық. Біздің жанымызға қатты батқаны билік өкілдері оның кешін өткізбек түгілі елемей де отырған соң өз қолымызға алған едік. Мына тілші шын ниетімен жақсы көріп құрметтесе «менен не көмек керек» деп басқалар сияқты шырылдап келмей ме? Қаншама қарапайым жандар ақиық ақынын аялап, жан ұшыра көмектесіп жүрді.

Екіншіден, Ол кісі Алматыда тұрады, сонда жұмыс істейді. Мен жылына 3-4 мәрте көруім мүмкін маған көмектесіп жүргендердің ішінде  жылына бір ретте көрмегендер бар. Осындай кештерде ғана көреді. Тілші Мұқаңа нағыз жаны ашыса, басқа тақырыппен зерттеп, зерделеп мен сияқты «алаяқты» әшкерелеп, Мұхаңды біз сияқтылардан сақтандырып шындықты шырылдатып жазар еді. «Қазақ қаламгерлері неге «сұраншақ?» деген мақаласының атымен-ақ оның Мұхаңды кемсіту үшін жазғаны түсінікті.

Үшіншіден, билет саттырмағаным абырой болды. Тілші: "Нөкерлері, Мұхтар Шаханов келеді» деп алдап билет сатып, ақшасын жиып алды" - деп қаралап жазар еді. Өнер иелеріне мыңда бір алғыс Мұхаң үшін ақысыз, пұлсыз бар шеберліктерін халыққа көрсетті. Тек сарай мен оркестрдің ақысын жаны жомарт жігіттер өздері төлеп берді. Біздің қолымызға бір тиын да түскен жоқ.

Төртіншіден, менен билет сұрап қоңырау шалғандар болды. – Билет сатылмайды бірақ, 200 шақыру қағазы бар дедім. Бірінші кезекте шақыру қағаздарын, Мұхаңның өзі шақыр деген депутаттар мен билік өкілдері, туған-туыс, құда-жекжат, құрбы-құрдас, зиялы қауым мен алыстан келетін қонақтарға тараттық. Сосын қалғанын Мұхаң үшін шапқылап жүргендер, оның жырын сахнада жатқа оқитын қаншама жастар, оқушыларға, кештің сәнін келтіріп бар талантын тегін силайтын өнер шеберлеріне, әжелер хорына, Мұхаңа сый-сияпат жасайтындарға тараттық. Мұхаңа, ат мінгіземін, қолөнер бұйымын сыйлаймын, шапан жабамын деген адал ниетті жандарға неге шақыру қағазын беруге болмайды?

Бесіншіден, Мұхаңды біраздан бері білемін, «Мұхаңа пәтер сыйла, көлік мінгіз» деп айтқаныңды естісе кешті болдырмай тастайды. Халықтан бірдеңе дәмету оның табиғатына жат. Жек көреді, мені де сол қылығым үшін кешпес еді. Бұрын да қаншама жандар қымбат сый-сияпат жасағанда солардың көзінше алып, рахметін айтып залда отырған бөгде жандарға таратып бергенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұхаңның арқасында пайда тауып қаламын - деп ойлау ақымақтық. Мұхаңа пәтер сыйлап тұрып,  оны маған беретін ол қандай ақымақ демеуші.

Тілшінің «...Мұндай сорақылықтан Мұхтар ағамыздың өзі бейхабар болар, ұлт жанашырының атын жамылған төңірегіндегі өз ұпайын түгендегісі келетін нөкерлерінің ісі шығар деп жорамалдадық. Мұхтар ағамыз естімесе естісін, айналасында абырой беделіне нұқсан келтіретін адамдардың жүргенін білсін деген ниетпен әдейі жазып отырмыз» – дегенін Мұхаң оқып басын шайқады. Мұхаңның кешін өткізгенімізге өлердей қарсы болғандардың тапсырсымен жазылған мақала шығар деп түйдік. "Мүмкін ұлтын сүйген ұланын біз арқылы бір сүріндіргісі келген шығар" деді ашулы кейіппен Жангелді ағамыз.

«Алаш аманаты» қоғамдық қорының төрайымы Қ. Бекпатшақызы: "Биыл да 75 жылдығын тойлап берейік деп Мұхтар ағаға хабарласқан едік. – Адал ниеттеріңізге Алланың нұры жаусын үкімет өзіміз өткізіп береміз, – деді деп сыпайы алғысын білдірді".

Иә, батыр аңғал келеді.... Билікке сенгіміз келеді. Астана не дер екен?.

Халық болып күтеміз.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Abai.kz

                                                                                       

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349