Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6095 6 пікір 24 Қазан, 2017 сағат 14:50

Тіл үйрету: әдіскерлер тәжірибе алмасты

Күні кешеге дейін қазақ тілін үйретудің жаңа әдістемесі жоқ, әдістемелер ескі, тілді үйрету ісінде жаңа технологияларды игеру дәстүрге енбеген деп келдік. Осы олқылықтың орыны қазір жыл өткен сайын толып, тілді игеру тәсілі жаңалықтармен баю үстінде. Сөзімізге дәлел: жуырда Өскемен қаласында «Мемлекеттік тілді үйрету: әдіс, тәжірибе, инновация»  тақырыбында көптен бері ұйымдастырылып жүрген кезекті семинар өтті. Жиында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған әдіскерлер  тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды қолданудың инновациялық жолдарымен танысты.

Аталған семинарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Семинарда бүгінде өзекті мәселеге айналған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жөнінде ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбек баяндама жасап, әліпбиді жан-жақты түсіндіріп, жаңа реформаның фонетикалық тұрғыдағы қажеттілігіне тоқталды:

- Бүгінгі латын әліпбиіне ауысуды – жазу реформасы деп түсіну қажет. Қазіргі емле ережесінің біршама жаңсақ тұстары бар. Сөздердің үндесім әуезділігі бұзылып жатыр. Сөздің морфем құрамы және буын тұрқы да бұзылуда. Орфографиядағы тасымалдың өзі дыбыс емес, әріп тасымалына айналды. Сондықтан осы латын әліпбиіне ауысу барысында осындай қателерді түзетіп алған жөн.

-Қазақ тіліне тән 9 ғана дауысты дыбыс бар. Дауыссыз дыбыстарға келер болсақ, мұндағы у (w) дыбысы бүгінде қоғам арасында кері пікір тудырып жатыр. Бірақ бұл дыбысты кирилл әліпбиінде қосарлы дыбыс деп беріп, өзіміздің арамызда шатасу бар. Яғни бірде дауысты, бірде дауыссыз қолданылып жүр. Дегенмен бұл дыбыс қазақ тілінде дауыссыз у дыбысын береді. Себебі қазақ сөзінің ішінде «буын дауысты дыбыстан басталмайды»(А.Байтұрсынұлы) деген ереже бар. Мәселен, суы сөзінің буын құрамы су-ы болып, алғашқы буын дауысты удыбысына аяқталып, келесі буын дауысты ы дыбысынан басталып тұр. Ал бұл жерде «қазақ сөзінің ішінде екі дауысты қатар тұрмайды» деген ережені қалай дәлелдейміз?! Мінекей, көріп отырғандарыңыздай, біз қазақ тілінің емлелік ережелеріне сәйкес келмейтін у дыбысына тоқталып отырмыз. Осы дыбыстың дауыссыз қолданылуына келер болсақ, яғни әрқашан у дыбысының алдында ұ немесе ү дыбысы қатар жүріп, бірдей естіледі. Мәселен, оқұу (oquw), жазұу (jazuw), сұу (suw), құуаныш (quwanysh), күлу (ku’lu’w). Яғни у дыбысы дауыссыз дыбыстарға тікелей жалғанбауы керек. Бүгінде қолданылып жүрген су, бу, ту, ілу, құру, жүру, бару сынды сөздердегі у дыбысы дауыссыз дыбысқа тікелей жалғанбайды. Осы дыбысқа қатысты «Бағы жанбаған бір дыбыс» деген мақала дайындап жатырмын.

Тіл үйретудегі түйінді мәселелерді тиімді тәсілдермен шешудің жолын ұсынған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Phd доктор, қауымдастырылған профессор Арай Қанапияқызы қазақ тілін оқытуда қолданылатын инновациялық технологиялар жөнінде баяндама жасап, қажетті ақпараттармен бөлісті:

-Оқу үдерісінде білім алушылардың білім, білік, дағды әрекеттерін, сондай-ақ, еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың өзінің туған тарихы мен тілін құрмет ететін, атамекенін ардақтайтын, әдет-ғұрпын сүйетін азамат болып қалыптасуын мақсат ететін тапсырмалар қажет.

Білім алушы, ең алдымен, мәдени кеңістікте өз орнын табуы тиіс. Бұл үшін білім беру үдерісінде қол жеткізетін нәтижелердің басымдылығына назар аударылып, тілдің теориясы мен тарихын әдістемелік негізге сабақтастырғанда ғана білім алушы пән мазмұнын жетік түсініп, тапсырмаларды орындауда жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.

Оқытудың жаңа мазмұнын меңгерту қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихында жылдар бойы жинақталған әдіс-тәсілдермен қатар жаңа инновациялық технологияларды пайдалануды көздейді. Атап айтсақ, жаңа мазмұнда оқытудың жеті модулінің жекелеген стратегиялары мен тәсілдерінің пайдаланылуы:

1.Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер.

2.Сыни тұрғыдан ойлауға оқыту.

3.Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.

4.Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.

5.Талантты және дарынды балаларды оқыту.

6.Оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты оқыту және оқу.

7.Оқытудағы басқару және көшбасшылық.

Сонымен қатар әр оқулықтың өзіндік мазмұнын тереңінен ашатын хрестоматиясы, аудио, видео қосымшалары болуы тиіс...

Семинар барысында Шығыс Қазақстан облысы Тілдер жөніндегі басқармасы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушылары мен әдіскерлері шеберлік сабақтарын көрсетті. Аталған орталықтың оқытушысы Ақнұр Сағатова А1 (қарапайым) деңгейі бойынша «Ересектерге қазақ тілін оқытуда ойын технологияларын қолданудың тиімділігі» тақырыбында, орталықтың әдіскері Арай Мурсалимова В1 деңгейінде, Бақыт Шөкеева орта деңгей бойынша «Мәтінмен жұмыс түрлерін ұйымдастыру» тақырыбында және Ләйлә Әбілмәжінова ортадан жоғары деңгей бойынша инновациямен қаруланған жаңа сабақтарын өткізді. Ал С1 (жоғары) деңгейі бойынша Гүлнұр Құрманғалиева сөйлеу әрекеттеріне дағдыландыруға құрылған топтық жұмыстарды ересектер арасында ұйымдастыруға арналған ерекше сабақтың түрін көрсетіп, өзінің оқытушылық, әдіскерлік шеберлігімін аудиторияны баурап алды.

P.S. Қамшыланған қамал алады деген - осы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған бұл шара семинар шеңберінде қалып қоймай қоғамдық ортада кеңінен қолдау табады деп сенеміз.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354