Момышұлы мойындаған қазақ
Əлеуметтік желіде лентаны сырғытып отырсам, ескі сурет шыға келді. Жап-жас жігіт. Астына: «Қазір көбі біле бермес. Бірақ, бұл – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Қазақ КСР-ының үш дүркін чемпионы Шоқыр Бөлтекұлы», – деп жазылыпты. Бұрын неге естімегенмін деп таңдандым дағы, интернеттен ол кісі туралы мəлімет іздей кеттім. Шоқыр Бөлтекұлы – Қазақстанға боксты əкелген, 223 рет рингке шығып, оның 199-ында жеңіске жеткен, қазақ жастары арасынан тұңғыш КСРО спорт шебері атанған қазақ боксының баһадүрі екен. Мықты суретші де болған.Жары Нұрсұлу Тапалова болса, қазақтан шыққан тұңғыш прима балерина. Аңыз адамдар туралы материалдарды оқи келе, «қос тұңғыштың» ұрпағымен кездесіп, əңгімелесуге, естелік тыңдауға асықтым.
Шоқыр Бөлтекұлын жолдастары Шоқ деп атайды екен. Шоқ атаның Тоты есімді қызы бар. Бүгінде жасы 57-де. Журналистерді аса жақтыра бермейді дегенді естіп алсам да, тəуекел деп қоңырау шалдым. Ə дегеннен «нөмірімді кім берді?» деді. «Журналистерден алған едім» деймін қиылып. «Əй, сұқбат беретін сыңайы жоқ-ау. Қазір бас тартып, тұтқаны тастай салса не істеймін? Не деп көндірсем екен?» деп уайымдап тұрмын ішімнен. «Ұланнан» екенімді айтып, өзімді таныстырған соң апамыздың дауысы жұмсарайын деді. Соны пайдаланып, қазір қайда екенін сұрап алдым. Апам да саспайды. «Кеңсайдамын. Əке-шешемнің қасында жатырмын», – дейді. Алматыға жақында ғана келген мен Кеңсайда тек мазар бар деп ойлайды екенмін. Қапелімде не дерімді білмей қалдым. Тоты апай да соны сезген болуы керек, күліп: «Жоға, өліп қалғам жоқ. Осы жақта, тауда тұрамын. Қалаға барсам, ауырып қаламын», – деп түсіндірді. Апамызды Ақтауда деп естуші едім, Алматыда тұратынына қуанып кеттім. Қуандым да əңгімелескім келетінін жеткіздім. Басында сұқбат бергісі келмей, сеніңкіремей тұрған Тоты апай ақырында келісті. Келесі апта кездесетін болып, тұтқаны қойдық.
Ақ кимешек киген əжелерді тек Наурыз мерекесінде көруші едік, Тоты апамыз кимешегін киіп келіпті. Таңданып, бір жағы ішім жылып қалды. Журналистермен кездесіп үйреніп қалған болуы керек. Əкесі туралы əңгімені өзі-ақ бастап кетті.
– Əкем 1916 жылы Маңғыстау облысының Жармыш ауданында дүниеге келіпті. Серікқали деген ағасы болған. Соғыстан оралмады. Арзу деген əпкесін көрдім. Бірақ, оның қандай туыс екенін нақты білмеймін. Əйтеуір, əкем Арзуды туған апам, менен он төрт жас үлкен дейтін. Қиын заманда үйін өртеп, үш бауырдың ауылды тастап кетіп бара жатқан суретін де салған. Əкем туылғанда а тамыз Бөлтек сирек кездесетін бекіре тұқымдас шоқыр деген балықты ұстап алған екен. Əжемізге қалжа болыпты. Туыстары жақсылыққа балап, баланың есімін сол балықтың атымен атапты. Əкемнің балалық шағы өте ауыр өткен. Ашаршылық жылдары қарашешек ауруынан əке-шешесінен жастай жетім қалып, тоғыз жасында Форт Шевченко қаласындағы балалар үйіне өткізіледі. Құжатында 2-3 жасқа үлкейтіліп жазылғанын жəне шын туған күні шілде айында екенін айтқаны есімде. Ал төлқұжатында бірінші қаңтар деп көрсетілген. Балалар үйіне түскен барлық баланың туған күнін бірінші қаңтар деп жазады екен. Сол қаладағы жетіжылдық мектепте оқып жүргенінде суретке икемін байқаған ұстаздары Бакудегі көркемсурет училищесіне түсуге кеңес береді. Оны үш жыл оқып, 1934 жылы Киевтегі көркемсуретшілер дайындайтын академияға түсіп, суретшіліктің дипломын алып шыққан.
Оған қоса Шоқыр Бөлтекұлы дене тəрбиесі институтын бітірген.Əсіресе, боксқа қатты қызығады екен. Мақсатына жетуде алдына жан салмайтын жас жігіт И.Ива новтың секциясына жазылып, жарты жылдың ішінде Киев, Харьков, Донецк, Львов секілді ірі қалаларда студенттердің «Буревестник» қоғамдық спорт жарыстарында үнемі жеңіске жетіп жүреді. Шəкіртіне сүйсінген Иван Константинович деген бапкері тағы екі-үш жыл Киевте жаттығып, Бүкілодақтық бəсекеге дайындалуды ұсынады. Бірақ, елін сағынған Шоқ ата Алматыға қайтып, суретшілікпен айналысады. Абай атындағы опера жəне балет театрында, Қазақфильм киностудиясында суретші болып жұмыс істейді.
1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен алғаш рет бокстан Алматы қаласының біріншілігі өтеді. Оған 50 спортшы қатысқан. Алайда, соғыс басталып кетіп, Шоқыр Бөлтекұлы өзі сұранып, 1941 жылдың шілдесінде Батыс майданында əуелі зеңбірек көздеушісі, кейін оның командирі болған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталып, «Қызыл ту» медаліне ұсынылған. Қызының баяндауынша, спортшылардан дайындалған арнаулы топтың құрамында шайқасып, бір түнде отыз адамнан тек екі жауынгер аман қалған. Оның бірі – аяғынан жараланған татар жігіт. «Мені тастап, өзің құтыл» дегеніне қарамастан əкесі оны екі күн бойы қалың қармен сүйреп, қар астындағы үсіген өсімдік пен шөптің тамырын талшық етіп, басқа жауынгерлерге аман-есен жеткен екен.
«СӨЗБЕН СОЙЫП САЛАТЫН»
– Əкем соғыстан аяғына снарядтың жарықшағы тиіп, жараланып қайтқан. Өмірінің соңына дейін сол аяғы ауырып өтті. Елге келген соң əкемді көп тексеріпті. Сол себепті де майдан туралы сөз қозғамайтын. Əкем тегін Бөлтеков емес, Бөлтекұлы деп жаздырған алғашқы қазақ. Тексерушілер де фамилиясына қадалып, «неге Бөлтекұлы?» деп сұрай береді екен. «Неге болушы еді? Бөлтектің ұлы болғандықтан», – деп жауап беретін. Бауыржан аталарың: «Мен білетін нағыз екі қазақ бар. Бірі – мен, екіншісі – Шоқыр», – дейтін. Өйткені, ол кісі де тегін Момышұлы деп жаздырған ғой.
Қазақ боксының дамуына бас болған Шоқыр аталарың туған Жармыш ауылынан кезінде «халық жауы» деген жаламен көп адам ұсталған. Сондықтан да Шоқыр Бөлтекұлы туыстарымен көп араласпапты. Қайбір жылдары Арзу апасы іздеп келгенде де «мен сені танымаймын» деп қайтарып жіберген екен. Сөйтсе, үстінен тексеру жиі болатындықтан, «туыстарыма зияным тимесе екен» дейді екен. 1943 жылы екінші дəрежелі мүгедек болып елге оралып, 1944-1947 жылдар арасында өзі де жаттығуын үзбей, «Динамо», «Спартак» ерікті қоғамдарының Одақтық жарыстарынан жүлдегер атанып жүреді. 1947 жылдан бастап шəкірт тəрбиелейді. «Шоқтың шəкіртіміз» дейтіндердің қатарында Е.Хасанов, А.Үсенов, Н.Титов, А.Кадетов, С.Əбденəлиев, А.Құлыбаев сынды ринг төрінде атой салған азаматтар бар. Кішкентайынан Шоқ бапкерінің тəрбиесінде болған Серік Əбденəлиев бүгінде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада төрешісі. Серік ағамыз Шоқыр Бөлтекұлы туралы естелігімен бөлісті:
– 1954 жылы Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа оқуға түстім. Сегізінші сынып оқимын. Мектепте боксқа көп көңіл бөлінді. Боксқа баратын бала қалғандарынан биік тұратын. Интернатта оған ешкім тиісе алмайтын, қоқаңдамайтын. 1955 жылы жігіттермен ілесіп, Шоқыр Бөлтекұлына бардым. Мені алмай қойды. Бойымтыриған, қырық үш келімін. Есік ашық тұрды. Іштен Шоқтың жігіттерге көрсеткенін мына жақтан қайталаймын. Көзіне түсіп қалдым ғой деймін. Бір жетіден кейін «бері кел» деп шақырып алды да, бір баламен жұдырықтасуға шығарды. Ол да жұдырығын сермейді, мен де төпеп жатырмын. Қайтпадым. Ана бала шыдамай кеткен соң бізді тоқтатып, мені қалдырды. Қалалық жарыстарда жүлдегер атана бастадым. Бір жылдан соң Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы біріншілікке қатыстым. Қарасам, қарсы бұрыштан аяқ-қолы балғадай, бойы қысқа орыс жігіті шығып келе жатыр. Жалтақтап қоям. Ішімнен «мынау бір ұрса, мені қатырады ғой» деймін. Жұдырығын тигізбей жүрмін. Екі минут өтіп, бұрышыма барып отырып едім, Шоқ ішімнен түртіп қалды. «Неғып билеп жүрсің, ə? Неғып билеп жүрсің?» – деп ашуланды. «Əй, қолына қарай бермей басына қара. Басы тұр ғой қақиып», – деді. Шықтым дағы, қарсыласымның дəл мұрнын көздеп, бір ұрдым. Екінші раундтың аяғына таман тоқтатып тастап, төреші менің қолымды көтерді. Сол біріншілікте екінші орын алдым ғой деймін. Сондай кез болмаса, Шоқ бізді ұрмайтын. Бірақ, сөзбен сойып салатын. Жеңілсең, қалай жеңілгеніңе қарайтын. Қорқып жеңілсең, жағдайың қиын. Шоқтың бір рет қарағаны неге тұрады?! Басыңнан ұрғанмен бірдей. Ал не үйретсе, соны істеп, сонда да жеңіліп қалсаң, қателіктерімізді айтып, түзетуге жаттықтыратын.
Тоты апай енді əңгіме ауанын шешесіне аударды. Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Атасының шын есімі Мейірман екен. Бойы аласа болғандықтан, ел-жұртқа Тапал атанып кетіпті. Прима балеринаның анасы Мақпал, нағашы апасы Ақырыс, туған əпкесі Жұмаш та Ойыл мен Орал театрларында би билеген, əртіс болған. 1929 жылы туған інісі Нұрғали Опера жəне балет театрында хор əртісі болып қызмет еткен.
– Ол заманда Ахмет Жұбанов сынды өнердегі тау азаматтар ауыл аралап, талантты балаларды іздейді екен. 1934 жылы Ақтөбені аралап жүріп, шешемнің талантын байқап, Алматыға оқуға шақырған. Бірақ, Мақпал əжем шешемнің əртіс болғанын қаламай, жібермей қойыпты. Екі жылдан соң Ақырыс апам шешемді Алматыға пойызға салып жіберген.
Алматыға келген соң Абай атындағы академиялық опера жəне балет театры жанындағы би мектебінде аяқтың ұшымен билеудің қыр-сырын үйренген. Шара Жиенқұловамен өте жақсы араласыпты. Үйіне жиі келіп, мəре-сəре болып шəй ішеді екен.Нұрсұлу Тапалова «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Шараны алмастырады. Тұңғыш прима балет бишісі өз естелігінде би мектебіне түсіп, Күлəш Байсейітованың қамқорлығында жүріп, Шара апайының көмегін көп көргенін жазған. А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Кобалова сияқты əлемдік деңгейдегі өнер иелерінің де биші болып қалыптасуына көп əсер еткенін баяндаған. 1938 жылы кордэбалет əртісі, балет бишісі, ал 1945-1953 жылдары осы театрдың прима-балеринасы болып жұмыс істейді. Оның балерина ретінде сомдаған шетелдік классикалық опера жанрындағы Зарема, Жизель, Адана, Тао Хао, Глиэра, Великанова сынды тұлғалары, «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан-Сара» сынды қазақ операларындағы билері сол кездегі мықты мамандардан да, көрерменнен де жоғары бағаға ие болған. Жиырма шақты фильмге де түскен екен. 1947 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі» құрметті атағын иеленіп, Алматы қалалық кеңесінің депутаттығына сайланған. 1958 жылы Мəскеуде өткен қазақ əдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып «Біржан-Сара», «Назугум», «Дударай» операларын биімен өрнектеген Нұрсұлу Тапалова қазақ өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Оны өте сұлу болған деседі. Қызы: «Небір суретшілер қазақ қызының портретін саларда менің анамның сымбатты мүсінімен салыстырып алып кірісетін еді», – дейді.
Шаңырақ көтергеніне 2-3 жыл толғанда Жамбыл мен Амангелді көшелерінің қиылысында «Əртістер үйі» салынады. Нұрсұлу Тапалова сол үйдің пəтерлерін əртістерге бөлуге жауапты болыпты. Бір күні əріптесі: «Əй, қызым, өзге əртістерді үйге көшіріп жүрсің, өзіңнің басыңда баспанаң жоқ. Сол пəтерлердің бірін алып алмайсың ба?» – дейді.«Олай да бола ма?» деп таңырқаған балерина басшылыққа барады. Оған пəтер берілетін болады. Сонда Нұрсұлу Тапалова 18 шаршы метрлік бір бөлмелі үйді таңдаған. Жұрттың «бала-шағаң бар, келім-кетім адамың көп, екі бөлмеліні алсаңшы» дегенін тыңдамай, сол үйді де қанағат еткен екен. Сонда өмір бойы тұрыпты. Атағы КСРО-ға жайылған адамдардың сонша қарапайым болғанына таңғаласың. Жоғарыда балеринаның депутат болғанын да айттық. Екі бөлмелі тұрмақ, бірнеше бөлмелі үй сатып алуына болатын еді ғой деп ойлайсың. Тоты апайдың айтуынша, ол кездегі адамдар дүние жинауды білмеген екен. Əрі ата-анасы қарапайым кісілер болған. Əкесі тілшілерді жолатпайды екен. Газетке бір журналистің «Бокстың королі» деп жазғанына қатты ашуланып, «олай айтпаңдар!» депті.
– Шешем алдында тұрмыста болып, Айсұлу əпкемді дүниеге əкелген. Əкеммен қосылғанда ол жеті жаста болған. Əкем де бірінші əйелінен ажырасып кеткен. Айсұлу əпкеммен нағыз бауыр болып өстік. Ол анамның жолын жалғастырып, кəсіби əнші болды. Əкем шешемді алғаш кездесуге шақырғанда шешем көйлегім жоқ деп бармайтын болыпты. Оны естіген театрда бірге істейтін əріптестері қоярда-қоймай сахнадағы шымылдықтың кішкентай жерін кесіп алып, анама бір жарым сағаттың ішінде көйлек тігіп береді де, кездесуге жібереді. Əкемде жалғыз ғана шалбар екен. Оны үтіктеп шықпақшы болады. Қалай дейсің ғой? Қолына түкіріп алып, шалбардың бойымен қайта-қайта жүгіртіп, қырын шығарады. Шалбары əбден ескіріп кетсе керек, тура тізесіне келгенде жыртылып кетіпті. Енді қайтпек? Басқа шалбары жоқ. Амал жоқ, сол күйінше қызбен кездесуге шығады. Фонтанның қасына екеуі екі жақтан келіп тұр. Ортада жарық. Анам көйлегімнің пердеден тігілгенін біліп қала ма деп бір қырынан тұрады. Əкем газетті алып алған. Қолына орап ұстап, тізесін жасырып келе жатыр. Жарықтың қасына келіп, екеуі бір-біріне «мұнда кел» деп ымдайды. Жарыққа келсе, екеуінің де киімі көрініп қалмақшы ғой. Болмаған соң əкем: «Қазір сол жерде тұра тұр», – деп жарықты айналып өтіпті. Анам əкеме шығуға келісімін бергенімен, нағашы əжем көнбей отырып алыпты. «Қайдағы бір қайыршыға қызымды бермеймін» деген көрінеді. Бір күні əкем сыптай киініп алып, қолына тəтті-мəттісін, үнді шайын алып, анамның қолын сұрауға барады. Əжем «тұратын жерлеріңді көріп алайын» деген соң бір бөлмелі шағын пəтеріне апарады. «Е, өмір сүріп кетеді екенсіңдер» деп əжем де рұқсатын берген екен. Шешем қолына ақша тиісімен базарға барып, толтырып азық-түлік алатын. Оны көтеріп алып жатақханаларды аралайтын. Қолындағысын сондағы студенттерге тарататын. Ол кезде Қазақконцертте репетитор болған. Сонда студенттер аш жүреді деп аяйды екен ғой. Əкемді айтқанда тек боксшы деп жүреді. Оның мықты суретші болғаны ауызға алына бермейді. Əкемнің өзі салған көп портреті болатын. Бірақ, дініміз бойынша адамның суретін салмау керек екен деп бəрін өртеп тастады. «Тым болмағанда ана суретті, мына суретті қалдыру керек еді. Қателесіппін. Сурет деген – өнер ғой», – деп кейінірек өкініп қалды. Əкемнің ауырып жатып қалғанын бір-ақ рет көрдім. Соғыстан аяғы жараланып келді ғой. Сол аяғы ауырып, 3 күн 40 градусқа дейін қызуы көтеріліп жатып қалды. Тура үш күннен соң тұрып кетті. Денсаулығы мықты болатын. Өзі дұрыс тамақтану мен дене шынықтыруға қатты мəн беретін.
«ЕШҚАШАН КӨКІРЕК КӨТЕРМЕ» ДЕЙТІН
Кейіпкеріміз үш жасынан бастап жарнамаларға түскен. Мектепте орыс тілі мен физиканы сүйіп оқыпты. Фортепиано, виолончель аспаптарында ойнап, мəнерлеп сырғанаумен айналысқан. Тек шаңғыны жек көреді екен. Кішкентай кезінде анасы мен əкесіне еріп жүре беретін көрінеді. Анасының дайындықтарынан, əкесінің бокс залынан шықпапты. Шоқыр Бөлтекұлы өзін
мақтағанды, газетке жазғанды ұнатпапты. Кітап жазам деп барғандарды қуып шығады екен. Қызын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орыс тілі филологиясы мамандығына оқытқызыпты. «Мен туралы бір жазса, қызымнан басқа ешкім жазбасын», – депті. Ал анасы біршама жыл ауырып жатқанда Тоты апай медицина саласын оқып алып, медбике болып жұмыс істеген екен. Алғашқы мамандығы бойынша қызмет қылмаған. Анасы төсек тартып ауырып жатқанда Шоқыр Бөлтекұлы: «Қазақтың бірінші боксшысы бола тұра, сүйікті жарымды қалай сақтай алмадым?» – деп күйзеліпті. Тоты апайдың Бауыржан, Санжар есімді ұлдары бар. Екеуі де өнер саласында.
– Қазір біраз басылымдарда əке-шешем туралы жалған ақпараттар жүр. Сол себепті де журналистерден аулақ жүруге тырысамын. Көпшілік ортаға жиі бара бергім келмейді. Бірақ, əкемнің артындағы осымен оныншы жыл ұйымдастырылып келе жатқан бокс турниріне барып тұрамын. Əкем абыройлы бол дейтін. «Қандай табысқа жетсең де көкірегіңді көтерме, айналаңа мұрныңды шүйірме. Олар – ең нашар қасиеттер. Қанша биікке мінсең де, өз халқыңнан биік емессің. Адамдарға атақ-дəрежесіне қарап құрмет көрсетпе. Бəрімен бірдей сыйлас. Үйге кім келсе де, дастарқаның жаюлы тұрсын» дейтін. Əкем əрбір адам дарынды деп сенетін. Əр адам өмірге келгенде тек сол жан ғана атқара алатын міндеті барын айтатын. Ал шешем болса менен кіші болсын, құрдас болсын, бəрібір үйдегі бас болар жан ер кісі екенін қайталап отыратын. Сіздің басылымыңыз балаларға арналған ғой. Жас өркендер де əке-шешемнің ақылын естерінде сақтаса екен…
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
«Ұлан» газеті, №43