Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2358 0 пікір 9 Желтоқсан, 2010 сағат 07:01

Ардабек Солдатбай. Гиперкеңістіктен әркім керегін іздейді

Қазақтілді интернет айдынына тағы бір интернет басылым қосылды. «Masa.kz» интернет газетінің шеф-редакторы Ардабек Солдатбай қазақша сайттардың бүгіні мен келешегі жөнінде «Дидармен» ой бөліскен еді.

Қазақтілді интернет айдынына тағы бір интернет басылым қосылды. «Masa.kz» интернет газетінің шеф-редакторы Ардабек Солдатбай қазақша сайттардың бүгіні мен келешегі жөнінде «Дидармен» ой бөліскен еді.

- Қазақ тілді тағы бір сайт ашуға не түрткі болды? «Masa.kz»-ның, мәселен, өзің алдында істеген «abai.kz» сайтынан артық­шылығы немесе өзгешелігі неде?
- Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған мына заманда қазақ тіліндегі сайт­тардың көштен қалып қойғаны - елдігімізге сын. Тағы бір сайт дегенің дұрыс болмас. «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін дамыту қоры» «Абай.кз» сайтымен бірге қа­зір «Шоқан», «Тарих», «Әдебиет», «Ай­мақ­­тар» және «Маса.кз» сайттарын іске қосып отыр. Сондай-ақ ғаламтордың әр же­рінде шашылып жүрген қазақ блог­герлерін бір арнада тоғыстыратын «Ойтөбе.кз» атты сайт ашылды. Өзге сайттардың аттары айтып тұрғандай, нақты бағыты, міндеттері бар. Ал «Маса.кз» сайты келер жылы жарық көргеніне 1 ғасыр толатын Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағының құрметіне солай аталды. Қаршадайынан халқының қамын жеп өскен Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың «Ма­са» атты жинағы - халықты өз тағдыры үшін күреске шақырып, бейқам ұйқыдағы жұртты оятқан дабылды еңбек. Қалғып кеткен халқын ең болмағанда маса болып оятайын деген абзал азамат ұлы мақсатты көздеген еді. 1911 жылы Орынборда ба­сылған осы кітабында сары маса болып ызыңдаған өзі екенін Ахаң былай жет­кізеді:
- Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,
Жыланды пәле дедік аңдып жатқан,
Пәленің түрін көрген мен сары маса,
Халықты оянсын деп сөзбен шаққан.

Қайран Ахаң! Халқын ояту үшін ол не істемеді? Бір өзінің бойына түрлі ғылымды тоғыстырып, қазіргі білдей институттардың жұмысын бір өзі атқарды. Елінің санасын көтеру үшін алдымен сауатын ашты. Әліп­биін түзіп берді. Сосын салмақты ойларын қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштары «Айқап» пен «Қазақ» га­зе­тінің бетінде жариялап, жұрттың сана­сында сілкініс жасады. Қазақ журналистикасының атасына айналды.
Өзінен бұрынғы Абайдың ақындығы, Ыбырайдың ағартушылығы, Шоқанның ғалымдығы, оның бір өзінде бар еді. Үш қасиет бірдей болды. Өлеңін Абайша түр­леп, адам бойындағы надандықты шенейді, саналылыққа, ел болып бірігуге шақы­рады.
- Бұл неткен жұрт ұйқышыл,
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам жым-жырт жай
-деп күйінеді.
Ахаңның туындыларының ауқымы уақытпен шектелмейді. Ахаң қаққан да­былдың үні әлі құлақта. Өйткені оның рухы өлмек емес. Алаштың ардақтылары көк­сеген ұлы мұрат қазақ халқының ер­кін­дігі, елдігі, бірлігі болатын. Бұларға төн­ген қатер бұлты әлі сейілген жоқ. Демек, маса­ның тыншып, тынығып, ызыңдамай қалуы мүмкін емес. Ахаң газетті «халықтың көзі мен құлағы» деген еді. Елді маса болып ояту, енді БАҚ-тардың еншісінде болып отыр. Осы мақсатта қалам тербеп жүрген қазақ баспасөзінің қатарына қосылған «Маса.кз» интернет-газеті Алаш ардақтылары салған сүрлеумен жүреді.
- Дегенмен сайтта жарияланған ма­териалдарды қарап отырып, одан белгілі бір партияның саяси мәлімдемесін немесе сол топқа жақын адамдардың сұхбатын кездестіруге болады. Яғни «masa.kz» кезекті саяси науқан алдындағы саяси жоба емес пе?
- Бұл сайт бұрынғылардан өзгерек. Өзгешелігі сол - ешкімге бас имейтін еркін, қара қылды қақ жарған әділ, тау суының мөлдірлігіндей ашық, білім мен білікке ұштасқан батыл ойлы, айшылық алыс жерлерден жұрттан бұрын хабар алғызған жылдам, елдің егемендігін әспеттеп, ұлттың рухын ұлықтайтын газет болмақ. Билік пен халық, үкімет пен әлеумет, экономика мен саясат, нарық пен салық, ғылым мен білім саласындағы ең соны да объективті мақа­лаларды бізден оқи аласыздар.
«Маса.кз» ешқандай саяси жоба емес. Бұл - ұлттық мүдде жолында бас қосқан ұлтшыл азаматтардың, Алаш идеясын жалғастырушылардың бастамасымен қолға алынған кезекті жоба. Әрине, біз елдегі саяси оқиғалардан, саяси науқандардан тыс қаламыз десек, өтірік айтқан боламыз. Бірақ белгілі бір топтың сойылын соғып, сөзін сөйлеуден аулақпыз. Біздің пікір алаң­қайы­мыз бәріне ашық. «Маса.кз»-да кез келген саясаткер ой-пікірін ортаға салып, ха­лықпен тікелей тілдесе алады.
- Бұған дейін өзің мемлекет бақылауын­дағы ақпарт құралдарында жұмыс істеп көрдің... Жалпы, Қазақстанда тәуелсіз ақ­парат құралын жасау мүмкін бе?
- Иә, бұған дейін мен «Хабар» агентігінің 7 жылдай тілшісі болдым, «Заң газетінің» бас редакторы болып та қызмет атқардым. Мемлекеттік БАҚ-тарда жүрген журна­листердің барлығы шідерлеулі аттай болып, шығармашылық еркіндігі тұйықталып қалатыны белгілі. Бірақ оларға сәл еркіндік берсең, іштегі шерін бір-ақ сәтте ақтарып тастауға дайын тұрады. Мемлекеттік БАҚ-тардан кейін шығармашылық еркіндігі бар басылымдарға келген журналистерді кейде танымай қаласың.
Ал тәуелсіз ақпарат құралдарын жасауға әбден болады. Біздің сайттар оның айқын мысалы. Ең бастысы, бойда ерік-жігер мен елдің ертеңіне деген жауапкершілік болу керек. Тәуелсіз басылым болу осы екен деп ауызға келгенді айта беруге, әрине, бол­майды. Бүгінде өздерін тәуелсіз басылымбыз деп айдай әлемге жар салып жүрген кейбір ақпарат құралдарының ар жағында белгілі топтар, саяси партиялар тұрады. Сосын біржақты пікірлерін оқырманға тықпалап әбден мезі етеді. Әрине, олардың аттарын атап, түстерін түстеп жатудың қажеті ша­малы. Көзіқарақты оқырман өзі-ақ біледі.
Сондықтан тәуелсіз ақпарат құралын жасауды қолға алған азаматтар халықтың мүддесін бірінші кезекке қойса ғана ойларын жүзеге асыра алады. Ал қалтаның қамын, жеке бастың мүддесін алдыңғы орынға шығарған ақпарат құралы сәлден кейін біреудің басыбайлы құлына ай­налғанын байқамай қалады.
- Кез келген ақпарат құралы қомақты қаржыны талап етеді. Интернет жобаны жүзеге асыруға қанша қаржы кетеді? Мұндай медиа түрі өзін-өзі ақтай ала ма?
- Жұмсалатын қаржының көлемі әр жобаның ауқымына қарай белгіленеді. «Маса.кз» сайты аса қымбат сайттардың қатарына жатпайды. Бірақ сайттың дұрыс жұмыс істеп тұруы үшін, белгілі деңгейде нәтижеге жетуі үшін қажетті қаражат бө­лінді деп айта аламын. Ал жұмсалған қар­жының өзін-өзі ақтауы жоспардың дұрыс құрылуымен байланысты ғой. Бұл да - кәсіптің бір түрі. Бүгінде интернет мол та­быс табудың көзіне айналды емес пе?! Егер пайдаланушылары көп болса, жұрттың ықыласына бөленіп жатса, өзін-өзі толық ақтайды. Ал іске қосылғанына бір ай ғана болған «Маса.кз» сайтының әзірге беталысы жаман емес. Қазірдің өзінде біздің оқыр­мандарымыз әлемнің әр елінен табылып жатыр. Оған сайтқа кіріп, арнайы есеп­тегіштер арқылы көз жеткізе ала­сыздар.
Жалпы, Үкіметіміз де интернет сайт­тарын дамытуға айрықша назар аударып отырғанын білесіздер. Бұл мәселе Байла­ныс және ақпарат министрі Асқар Жұма­ғалиев­тiң жіті назарында. Ол қазақ ин­тер­нетін дамыту бойынша іргелі істерді қолға алып жатыр. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, қазақ журналис­терінің барлығы жұдырықтай жұмылып, қолдауы­мыз керек деп ойлаймын.
- Бізде көптеген қазақ тілді сайттардың ашылғанынан жабылғаны тез немесе кейбір қазақша сайттардың «аты бар да, заты жоқ». Мұндай сәтсіздіктің себебін қайдан іздеу керек?
- Қазақ интернет кеңістігі енді ғана дамып келеді. Осыдан 1-2 жыл бұрын қазақ тіліндегі интернет сайттары саусақпен санар­лықтай ғана болатын. Шынын айту керек, қазақ интернетіне жаңа леп әкелгендер: Айдос Сарым мен Дәурен Қуат ағалары­-мыз. Мұны тіпті дәлелдеп жатудың да қажеті шамалы. Басқасын айтпағанда, «Абай.кз» сайтын қазір Үкімет мүшелері де, Парламент депутаттары да оқиды. Бұрын қазақ тіліндегі ешқандай сайт мұндай нәтижеге жетіп көрмеген.
- Мұның сыры неде?
- Меніңше, ең басты жетістік - сайттың елдің, жұрттың көкейінде жүргенін айта білуінде. Міне, нағыз тәуелсіз ақпарат құралы осындай болу керек. Билік өкілдері сайтты «мені сынап жіберген жоқ па?» деген үреймен қарап отырса, қарапайым оқырман «қазақтың халі не болып жатыр?» деп қарайды. Өзге қазақ тілді сайттардың сәтсіздіктерінің басты сыры осыны білмеуде ме деп ойлаймын. Аудиторияның сұра­ны­сын анықтап алмай, оқырманға не қажет екенін білмей тұрып, ақпараттық сайт ашу бос әуре болмақ. Оның үстіне тағы бір бас­ты себеп - қазақтілді сайттардың тех­ни­калық тұрғыдағы кемшіліктері. Жақсы нәрсенің қашан да құны жоғары болады. Ал біздің көптеген ағайындарымыз бес-он тиынға сайт жасатып алады да, сосын қазақ интернет қарамайды деп әңгіме айтады. Бүгінгі қазақ - оянған қазақ. Қазір, әсіресе, қалада тұратын қазақтардың бәрінің үйінде интернет бар десек артық емес. Гипер­ке­ңістіктен әркім өзіне керегін іздейді. Егер өзің ешкімге керексіз болсаң, сәтсіздікті басқа жақтан іздеудің еш қажеті жоқ.
- «Masa.kz» сайтын пайдаланушы кім? Өз оқырманыңды қалай сипаттар едің?
- Сайттың негізгі оқырмандары - өз отандастарымыз. Дегенмен интернеттің тұ­тынушылары тек қазақстандықтар де­сек, қателесеміз. Google сайтының сараптама­лық парақшасындағы анықтамалыққа қара­ғанда, біздің сайтымызды соңғы апта­лардада оқығандардың алғашқы «жиыр­малығына» мына елдер кіреді: Қазақстан - 1662, АҚШ - 48, Қытай - 38, анықталмаған - 32, Ресей - 27, Өзбекстан - 23, Түркия - 14, Жапония - 12, Моңғолия - 12, Ұлыбритания - 9, Германия - 6, Тайвань - 5, Оңтүстік Корея - 5, Греция - 2, Иран - 2, Әзірбайджан - 2, Тунис - 1, Малайзия - 1, Испания - 1, Ита­лия - 1 және т.б. Сайттың тұрақты оқыр­мандарының негізгі бөлігін 16-35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Біздің оқырмандарымыз - өте сауатты, көзі ашық әрі дүниеде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын азаматтар. Болашақта «Абай.кз» сайты қазақтың рухани әлеміне айналады десек, «Маса.кз» сайты ақпарат­тық иммунитеті болады. Оған еш күмәніңіз болмасын.
- Осы интернет жобаның келешегіне қатысты өзіңнің ең оптимистік және пес­симистік болжамың қандай?
- Мен «Маса.кз» интернет газетінің ғұмыры бір күндік болмайтынына сенемін. Ал өз басым өте оптимистпін. Ертең қалай болар екен деген қорқынышпен өмір сүру адамды рухани дағдарысқа ұрындырады. Біз сайтымыздың бас парағында жазып қойған Ахаңның «Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін» деген қанатты сөзін өмірлік кредомызға айналдыра алдық.

Әңгімелескен Нұржан ЖЕҢІС

 

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480