Қырғызстанға қазақ көмірі жеткізіле бастады
Қырғызстанда көмірмен қамту мәселесі шешіле бастады. Қырғыз вице-премьері Дүйшенбек Зилалиев қараша айының соңына дейін Қазақстаннан 100 мың тонна көмір түсетінін мәлімдеді.
"Соңғы мәліметке қарағанда, көмір жеткізіле бастады. 1 қарашада 6 вагон көмір түсті, бүгін 9 вагон жетті. "Луговая" станциясында көмір тиелген 25 вагон тұр. Айдың соңына дейін 100 мың тонна көмір аламыз", - деді вице-премьер.
Қыстың қарсаңында Бішкекте көмір бағасы тоннасына 4 мың сомға (60 доллар шамасында) дейін көтеріліп кетті. Сатушылар қымбаттаудың себебін Қазақстаннан көмір импорты тоқтағанымен түсіндірген.
Дүйшенбек Зилалиев 2 қарашада Жогорку Кеңеште сөйлеген сөзінде көмір бағасын реттейміз деп уәде берген.
Abai.kz