Сенбі, 23 Қараша 2024
8678 32 пікір 7 Қараша, 2017 сағат 11:10

Шынжаңдағы өктемдік: одан қалай қорғану керек?..

Шынжаң бүгінгі қытайдың негізгі аумағы болғанымен ежелдің ежелінен көп байлықты басып қалған өгей баланың күйін кешіп келеді. Байлығы қызық болғанмен, бағы ашылмаған түртінді сияқты. Байлығын ғана ойлағандар сол аумақты және оның халқын «алтын артқан есек» сынды көреді. Алтыны – қазынасы көп; халқы өгей немесе «есек» сияқты. Сол себепті де осы өлкеге ат басын тіреген әрқандай қытай әміршісі жергілікті байлықты барынша пайдалануды ойлайды. Қара тұяғынан хал кеткенше тонауға кіріседі. Оған кедергі келтірген тума халықты ту-талақай тозыдырғысы келеді. Қарсы шықса қанды қасапқа ұстайды. Байлығын дос, халқын жау көреді. Сол себепті де бұл өңірдің жер дауы және зорлықшыл өктем ұлт пен жергілікті халық арасындағы қайшылығы еш толастаған жоқ.

Жалпы қытайдағы қазақтарды басқаратын биліктік жүйе және автономия сөз болғанда 1949-1950 жылдан кейін ресми түрде Қытай Коммунистік партиясының басқаруына өткен қазақтар өмірінде көптеген өзгерістер болғаны анық. 1966 жылдан 1976 жылға дейінгі шалыс қадамын «төрт кісілік төбенің лаңы» немесе «мәдени төңкеріс» деп атаған қытайлар қазір «бір елде екі түзім» немесе «жұңгоша ерекшелікке ие соцсиализм» дегенді өзінің басқару бағыты етіп, комунистік режіммен жұмыс істеп келеді. Деседе «Жұңғоша ерекшелікке ие» деген анықтауыш қосуы қағаз жүзінде коммунистік партияның басқаруындағы соцсиалистік түзім дегенді білдіргенімен іс жүзінде капитализмнің экономикалық бағытын ұстанатын ел дегені.

Қытай мемлекетінің қазақтарды басқару саясаты алғашқы ширек ғасырдан астам уақыт бойы автономия түзімі арқылы іске асқан еді. Қазақтар қоныстанған – Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты өзек еткен Іле Қазақ автономиялы облысы, Санжы хұйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданы, Құмыл аймағына қарасты Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Гансу өлкесіне қарайтын Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар. Бұларға автономия 1954 жылы берілген.

Қытай халық республикасының ұлттық территориялық автономия заңы ҚХР 6- кезекті мемлекеттік Халық Құрылтайының 2-мәжілісінде 1984 жылы 31-мамырда мақұлданып, 9-кезекті мемлекеттік Халық Құрылтайы тұрақты комитетінің 20-мәжілісінің 2001 жылғы 21-ақпандағы «Жуңхуа халық республкасының ұлттық территориялық автономия заңына өзгеріс енгізу туралы қаулысына сай» өзгерістерге ұшыраған екен.

Автономия заңында автономия алған ұлтқа қаратылған төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

9-тармақта «...әрқандай ұлтты кемсітуге және езуге тиым салынады, ұлттық ынтымақты бүлдіретін және ұлттарды бөлшектейтін әрекеттерге тиым салынады» делінсе, 10-тармақта: « ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары өз жеріндегі ұлттар да өз ұлтының тіл-жазуын қолдану және дамыту бостандығы, өз салт-сана, әдет-ғұрыптарын сақтау немесе өзгерту бостандығы болуына кепілдік етеді» делінген. Ал 11-тармақта:  «Ұлттық автономиялы жерлердің автономия органдары әр ұлт азаматтарының діни сенім бостандығына кепілдік етеді» делінсе, 17-тармақта: «автономиялы районның төрағасы, автономиялы обылыстың бастығы, автономиялы ауданның әкімі территориялық автономия алған ұлттардың азаматтарынан болады» делінген. Тіл мәселесіне келгенде, 21-тармақта: «Өз қызметінде жалпылық қолданылатын бірнеше түрлі тіл-жазуды қатар қолданатындар территориялық автономия алған ұлттардың тіл-жазуын негіз етсе болады» - деген сияқты көптеген тиімділіктер болған.

Шын мәнінде қытай реформасының тереңдеуіне байланысты автономия саясатындағы «автономия құқын алған жерлерде сол ұлттың тіл, жазуы қолданылады. Сол ұлттың өкілі негізгі басшылық орында болады», «дініне құрмет етіледі» дегендері күн санап әлсіреп, сиыр құймышақтана түскен. Жыл өткен сайын аз (шағын) ұлттардың мүддесін қорғайтын баптарды ақырын-ақырын азайтып келеді.

Соның салдарынан бүгінгі Шынжаңда ұйғыр, қазақ сынды автономия иесі саналатын ұлттардың тағдыры барынша «ойыншыққа» айнала бастаған. Ал заң бойынша автономия саясаты атқарылмайды дейін десеңіз әлі күнге дейін «Шынжаң ұйғыр автономия районы», «Іле қазақ автономиялы облысы» сынды атаулар заңдық күшін жойған жоқ.

Қытай заңы бойынша қай қырынан алып қарасаңызда ақылға сыймайтын, адам және заң құқықтарының бұзылып отырғаны жайында айғақты дәлелдер өте көп.

1950 жылдардан басталған аз ұлттарды басқару саясатынан қарағанда Мау Зыдұң, Жоу Ынлай, Лию Шаучи, Дың Шияу Пиң сынды басшылары қанша қатты қолдылық жасады деседе, аз ұлттар өміріне қауіп-қатер мен қысым түсіретін арандатушылықтарға барған емес. Сол кезеңдегі Мау Зыдұң сөздерінде: «Зор ханзушылдыққа (қытайшылдыққа) қарсы тұрайық!» деген бірнеше баяндамалары болған. Бұлардың жаны мұсылман болмасада атқарып отырған түбірлі саясатында «социялизим», «комунистік идеяға» деген таза құрметі мен адами келбеті болды.

Ал кейінгі дәуірде, әсіресе биылғы жылы жүз берген шу-шұрқанды келеңсіздіктерді ойлағанда, олар өздері ту еткен сол «социялистік ел», «комунистік партия» ұғымын аяқ асты етіп, «ұлттық териториялы автономия заңына» пысқырыпта отырған жоқ. Мау Зыдұң өзі алға қойған «зор қытайшылдықтың» көкесі төбе көрсетіп, шағын ұлттардың шаңын қағуға, бас көтергенін қырқып тастауға ұмытылған қанпезерлер көбейді. Осының бәрін бүгінгі қытай заңдарының баптары мен халықаралық заңдардың баптарына сәйкестіре қопаратын көсем саясаткер шықса, қытайдың не бір сұмдықтары ашылып, өз заңын өздері құрмет етпейтін талай қылмысы табылар еді.

Демек, бұдан туатын ой – ұйғыр, қазақ сынды ұлттар арзан шуға, даңғазаға үйір болғанша барлық заңдық дәйекті басышлыққа ала отырып, адам құқықтарының бұзылғанына нақты айғақтар тауып, әділетті арыздарын көтеруі қажет деген сөз. Қытай төрағасына, партия орталық комитетіне, құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға қарша боратқан арыз түсіру керек. Онсызда бас көтерер зиялыларды бірін-бір, екісін екі қыспаққа алып, ұл-қыздарын құрдымға жіберіп жатса енді аянатын несі бар. Ол үшін саяси ереуіл емес, қаламды қару еткен күресті бастау керек. Қытайларда «қытайлықтар түгелімен жүйелі сөзді түсінеді» дейтін мәтел бар. Ел болып, зиялы қауым өкілдері болып, осындай ортақ ниетке келгенде ғана ұлт мүддесін қорғауға ықпал ете алады.

Қытай заңының баптарын толығынан меңгерген адам өзіне қалқан боларлық талай дәйектемелі тіректер тауып алар еді. Өз заңын өзіне қарсы пайдаланып, шындықты шымбайына жеткізе айта алсақ, олардың да осал тұсы көп. Қытай өзге елге, өзге ұлтқа өз өктемдігін, саясатын жүргізуде ең әуелі қарсы жағының бостығын, әлсіз тұсын іздейді. Иненің жасуындай болса да азғантай мүмкіндік тапса сол жерді кеулеп жол ашқысы келеді. Ендеше бізде сондай ұрымтал тұстарды тауып өзіне шабуылдасақ, бізге жақшы болуға өзге түгілі, қытай ұлтының өкілдері де табылар еді. Олар сырт көзге алып империядай берік қамал көрінгенімен басқа бет-перде жамылған бүгінгі компартияны сүймейтін, оның көзін құртқысы келетін талай қытай зиялысы бар.

Өзгені құртпай-ақ, құлатпай-ақ қоялық, бірақ өз мүддеміздің аяқ асты болуына ешқашан жол бермеуміз керек. Біз қару күресін қолданған кезде олар бізге қарсы көп жағдайда қалам күресімен, тәтті сөздерімен, жуасыған пиғылымен қарсы тұрып еді. Сөйтіп, біздің әлсіреумізге жолдар тапты. Біз бүгінгі олар қарумен айғұлақтанған кезеңде, тура сол саясат бойынша қаламды қару еткен бейбіт, тоқтаусыз күресті бастаумыз керек. Және де жеңістің әділеттілік жағында, біз жағында болатынына сене отырып, ешқашан екі ойлы болмауымыз қажет. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп өз береке-бірлігімізді бекемдесек алмайтын қамал болмайды. Тарихтан бері ылғи да көп халық жеңіске жеткен логика еш жерде жоқ. Аллаға деген ниетіміз ақ, қандасқа деген бауырмалдығымыз терең болса қайсар түркілердің басын ешкімде ие алмайды!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340