Қырғыз-қазақ шекарасында әлі де кезек бар
Қырғыз-қазақ шекарасында әлі кезек бар, бірақ бұрынғыдан аз. Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі хабарлады.
Мекеменің баспасөз хатшысы Салкын Абдыкариеваның айтуынша, «Ақ жол – автожол» тексеру-өткізу бекетінде ешкім кезекте тұрған жоқ, бірақ шамамен 50 көлік жолда тұр. «Ақ-Тілек» және «Чон капка» бекеттерінде 300 және 184 үлкен жүк көлігі тексеруден өтіп жатыр.
"Қазақ тарапы сағатына бес көліктен өткізеді. Бірақ адамдар кезегі жоқ. Мысалы, "Ақ жол - автожол" тексеру-өткізу бекетінде бір аптадан бері кезекте адам тұрған жоқ. Түске таман мұнда шамамен 100 адамдай жиналады. Басқа уақытта кезек байқалмайды".
Оның айтуынша, «Чалдовар», «Кенбулун» және «Токмок» тексеру-өткізу бекеттерінде жағдай бірқалыпты, кезек жоқ.
10 қазанда Қазақстан шекара бақылауын күшейтіп, соның салдарынан мемлекеттік шекарада ұзын-сонар кезек пайда болған еді.
Abai.kz