Д.П. Қожамжарова. ХІХ ғ. 50 жылдарындағы Ресейдің әскери-әкімшілік билік орындары және Жетісу халқы
ХІХ ғасырдың 50 жылдарында Ресей империясы шешуші әскери қимылдар арқылы Жетісу өлкесін жаулауға көше бастайды. Алғашқы әскери жорығы өте сәтсіз аяқталған соң, келесі жылы тікелей орыс патшасының бақылауымен Тойшыбек бекінісіне қарсы қайтадан мол әскер жасақталады. Бұл әскердің құрамында 883 жаяу әскер, 663 казак, 16 зеңбірек пен 100 ракетасы бар 170 зеңбірекші болып, қамал бұзатын ауыр зеңбіректерін Санкт-Петербург пен Брянскідегі қару сақтайтын қоймадан алдырады 1, 40-45 п.
Орыс патшасының қаһарлы мол әскери күшті Ұлы жүз қазақтарына қарсы жіберудегі мақсаты Тойшыбек бекінісін талқандап қана қоймай, көтеріліс жасаған қазақтарды жазалап, орыс қаруының беделін қазақтардың арасында көтеру болды. Сібір корпусының штаб бастығы әскери экспедицияның бастығына берген №31 құпия нұсқауында былай дейді: «Тойшыбек бекінісін алған соң, оны жермен-жексен етіп тегістейсіз. Сонымен қатар, әскеріңізден жеңіл жасақтар құрып, былтыр көтеріліс жасаған қазақтардың ең басты деген басшыларын жазалаңыз. Мүмкіндік болса, Тойшыбек, Әжеке, Тілеуберген билерді, Құдайменді сұлтанды және Рүстемнің туысқандарын ұстап алып, Омбыға жөнелту үшін Қапалға алып келіңіз» 2, с.33.
ХІХ ғасырдың 50 жылдарында Ресей империясы шешуші әскери қимылдар арқылы Жетісу өлкесін жаулауға көше бастайды. Алғашқы әскери жорығы өте сәтсіз аяқталған соң, келесі жылы тікелей орыс патшасының бақылауымен Тойшыбек бекінісіне қарсы қайтадан мол әскер жасақталады. Бұл әскердің құрамында 883 жаяу әскер, 663 казак, 16 зеңбірек пен 100 ракетасы бар 170 зеңбірекші болып, қамал бұзатын ауыр зеңбіректерін Санкт-Петербург пен Брянскідегі қару сақтайтын қоймадан алдырады 1, 40-45 п.
Орыс патшасының қаһарлы мол әскери күшті Ұлы жүз қазақтарына қарсы жіберудегі мақсаты Тойшыбек бекінісін талқандап қана қоймай, көтеріліс жасаған қазақтарды жазалап, орыс қаруының беделін қазақтардың арасында көтеру болды. Сібір корпусының штаб бастығы әскери экспедицияның бастығына берген №31 құпия нұсқауында былай дейді: «Тойшыбек бекінісін алған соң, оны жермен-жексен етіп тегістейсіз. Сонымен қатар, әскеріңізден жеңіл жасақтар құрып, былтыр көтеріліс жасаған қазақтардың ең басты деген басшыларын жазалаңыз. Мүмкіндік болса, Тойшыбек, Әжеке, Тілеуберген билерді, Құдайменді сұлтанды және Рүстемнің туысқандарын ұстап алып, Омбыға жөнелту үшін Қапалға алып келіңіз» 2, с.33.
Патша өкіметі жазалаушы экспедицияның бастығына қазақтарды жазалауда талай рет сыннан өткен, қазақ даласы мен тілін, дәстүрін жақсы білетін подполковник Карбышевты тағайындайды. Жазалайшы экспедицияның әскери жорығын даярлай отырып, орыс әскери әкімшілігі жорықтың жағдайын өте құпия жағдайда ұстайды. Іленің арғы бетіне аттанатын әскерді жорыққа даярлау туралы бұйрық 1851 жылы 7 наурызда беріледі. Ал әскер болса 1851 жылы 18 мамырда Қапалдан аттанады 1, 31 п.
Тойшыбек қорғанына келесі екінші жорықты даярлай отырып, Сібір әскер басшылығы бұл іске жергілікті халықтың басқарушы тобын тартып, сол арқылы өз міндетін жеңілдетуден үміттенді. Өз ретінде Үлкен Орда Приставы капитан Перемышльский 1851 жылғы 27 наурыздағы 15, 16 және 17 жолдауымен аға сұлтандар Сөк, Әли және Тезектің әрқайсысына экспедиция үшін 150 түйе және 25 аттан даярлауды тапсырады [3, 29-30 пп].
Бұл алымдарды сұлтандардан алғаннан кейін, патша әкімшілігі Ұлы жүз сұлтандарына тағы да қосымша алым салады. Әсіресе, орыс әкімшілігі Тезек төреге ерекше үміт артады. Осыған байланысты Үлкен Орда приставы Перемьшьлский экспедиция бастығы Карбышевке 19851 жылы 11 мамырда былай деп мәлімет береді: «Корпус штабының бастығы Г.Кагальниктің тапсырмасы бойынша мен экспедицияны жарақтандыру үшін қарауымдағы Ұлы жүз қазақтарынаң 400 түйе, 100 жылқы және оларды алып жүретін 80 адам беруге тиіс едім. Қазіргі уақытта 263 түйе, 71 жылқы және 69 адам жинадым. Ал қалғанын қытайда көшіп-қонып жүрген Тезек сұлтан әкелуге тиіс еді. Бірақ Тезек сұлтанның жайылымы алыста болғандықтан ол кешігіп жатқан шығар» [3, 49-50 пп].
Іленің арғы бетіне аттанатын экпедицияны жарақтау ісі Қапалда жүрді. Оны басқару Батыс Сібір генерал-губернаторы генерал-адьютант Анненковтың бұйрығымен 6-шы казак полкының командирі подполковник Карбышевқа жүктелді. Экспедицияға қажет көлік малдары және оларды күтуші адамдар көкек айының соңына қарай Қапалға келіп жиналды.
Осы атқарылған даярлықтың логикалық жалғасы ретінде капитан перемышльскийге 1-мамырға қарай, яғни генерал-адьютант Анненковтың келуіне орай Қапалға экспедиция ісіне тартуға белгіленген сұлтандар мен билерді жинап, оларға экспедициямен бірге жүретіндігін хабарламай, генерал-адьютантпен кездесуге шақырылдыңдар деген сылтаумен Қапалда ұстау тапсырылады. Басқаша айтқанда орыс билігіне сенімді адам ретінде белгіленген Жанғазы, Жошы, Әбілез, Тезек сұлтандар, Сары және Жайнақ билер Тойшыбек қорғанын алуға аттанған экспедициямен оның сәтті аяқталуын қамтамасыз ететін кепілдік ретінде бірге жүруге тиіс еді. Жоғарыда белгіленген тізімдегілерден кездесуге келгендері Жанғазы, Жошы және Әбілез сұлтандар еді. Тезек сұлтан бұл кездесуге Қытай жақтағы бетте болуына байланысты келмей қалады.Тезек сұлтанның орнына Дүралы сұлтан шақырылады [3, 52-53 пп].
Тойшыбек бекінісіне жеткен орыс әскері бекіністің бос тұрғанын көреді. Орыстардың мол әскермен шығайын деп жатқанынан хабардар болған Тойшыбек бастаған рубасшылары мен қыпшақтар, жақсы қаруланған басқыншыларға төтеп бере алмасын біліп, бүкіл елін жинап, Шудың арғы бетіндегі қоқандықтардың иелігіне көшіп кетеді. Орыс әскерінің Тойшыбек бекінісін алуы Жетісу өлкесіне Ресей билігінің орнағанының белгісіне айналды. Патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарының қайтадан бас көтеруінен қорқып, жазалаушы әскердің бір бөлігін қалдырып кетеді. Жетісу өлкесінде Ресей билігін күшейтуді көздеген Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорд өлкеге бекініс салып қана қоймай, бұл жерге Ұлы жүз қазақтарының Приставын көшіріп, оның қасында әскер ұстауды ұсынады. 1853 жылы шілде айында Қапалдан майор Перемышльский бастаған орыстардың бір рота жаяу әскер және екі жүз казагі бар әскер келесі бір жорыққа аттанады. Мақсаты қырғыз манабы Ормон Ниязбековтың Ресей билігіне әту туралы өтінішін қанағаттандыру, ал түпкі ойы Іленің арғы бетінде нақты тірек болатын бекіністің орнын анықтап, патшалы Ресейдің билігін біржола орнату болып табылды 4, 11 п.
Іленін арғы бетіне өткен орыс әскеріне қазақтар барынша қарсылық көрсетеді. Өлкедегі қазақтардың қарсылығының күшейгені соншалықты, Перемышльский әскерінің бір бөлігімен Есік өзенінен Қаскелең және Шамалған өзендерінің батысына, Ұзын Қарғаш өзенінің бойына жорықтар жасап, қазақтардың малдарын тартып алуға мәжбүр болады. Перемышльский бұл туралы берген мәліметінде былай дейді: «орыстарды тек атақты қазақтар ғана қолдады, ал жалпы халық бізге жаулық ниет көрсетті» 5, с.75-76.
1854 жылы орыстар Ұлы жүз қазақтарының қарсылығына қарамастан Алматы деп аталатын қазақтардың ертеден келе жатқан қорғанының орнына Верный бекінісін тұрғызады. «Орыстар Жетісуға келгенде Ұлы жүздің дулат руының егін егетін жерінің ортасынан Верный бекінісінің негізін қалады. Бекініс жергілікті халық үйіндісін «қамал» деп атаған ескі Алматы қаласының орнына салынды»,-деп көрсетеді профессор А.Н.Бернштам [6, с.17].
Гасфорд Ұлы жүз қазақтарында да, қырғыздардың арасында да руаралық талас-тартысты күшейтіп, оларды бірімен-бірін атыстырып, шабыстыру арқылы оларды әлсіретіп, орыстардың билігіне мойынсынуына қол жеткізуге ұмтылды. «Жабайылардың іскерлігін жойып жіберу үшін Гасфорд әртүрлі рулар өкілдерінің намысына тиісе отырып, олардың арасына от тастауға ұмтылды, - деп жазады М.А.Терентьев, - Мысалы, олардың біреуіне екіншісін жеңуде әскери көмек беруге уәде берді, бірақ есесіне Гасфорд олардан бір-ақ нәрсені - бізге жау руларды шабуылдап, барымталауды талап етті. Сонымен қатар ол бізге іш тартқан рулар мен билеушілерін мол сыйлық пен офицерлік шендерге қарық қылды. Тағы ротмистрлер мен полковниктердің шапандарын безендірген әшекей погондар (эполеттер) дала ұлдарының менмендігін ғана емес, біздің жағдайымыздың да қиындығына куә еді» [7, с.232].
Расында орыс отарлаушыларының айдап салуымен Жетісудағы сұлтандардың, билердің өзара бірлігі бұзылып, рулар арасы шиеленісе түсті. Мысалы, Тезек төреге қарайтын албандардың 200-ден аса ауылы орыстардың бұйыруымен Іленің сол жағасына көшіп, Тезектің қол астында 100-дей-ақ ауыл қалады [8, 41 п].
Бұл жағдай албандар мен дулаттардың өзара шабысуына, албанның қызылбөрік тармағының Қайшыбектің малдарын барымталауға, ал Адамсарт сұлтанмен, Әли сұлтанмен және Тойшыбек бастаған қазақ-қырғыздың Іленің сол жағасындағы Тезектің билеуіндегі албандар ауылын шабуына алып келеді.
Тезек төренің Үлкен Орда приставы Перемьшлскийге жазған хатынан албандардың жағдайы қандай ауыр халде болғанын көрсетеді. «Дулаттар,-деп жазады Тезек төре, - албандар мен суандардың көптеген малдарын тартып алғаннан кейін, олар дулаттардан қауіптеніп қашуда. Біз көптен бері патшаның билігіндеміз, бірақ дулаттардан біз өте азбыз, егерде сіз көмек бермесеңіз, онда дулаттар бізді тірі қалдырмас. Өйткені олар малды былай қойып, әйелдер мен балаларды тартып алуда. Тәртіпсіздіктердің басында Диқанбай тұр. Ал малдарымыздың көпшілігі Диқанбайдың бауырлары Қарабек пен Тастанбектің иелігінде» [9, 35 п].
Өз кезегінде албандарда дулаттардың аулдарын шауып, малдарын барымталап кетіп отырған. Оған дулаттардың биі Туғанбай Қойгелдиннің приставқа жазған өтініші дәлел бола алады. Онда былай делінген: «Аға сұлтан Тезек Нұралинге қарасты албандардың 70-80 адамы Мүкір шыңындағы жаныстардың жайылымына қоныстанған 25 ауылына бас салып 97 түйесін айдап кетеді. Сізден өтінерім Тезек сұлтан осы малдарды қайтарып берсе екен» [9, 39 п].
Орыстардың дем беруімен болған Ұлы жүз қазақтарының арасында руаралық қақтығыстар бүкіл Жетісу өлкесін шарпыды. «Албандар мен дулаттардың жауласқаны соншалық, Алматы мен Талғардың арасындағы жолмен жолаушылар жүре алмай қалды» [10, 12 п], - деп хабарлайды орыс шенеунігі. Жетісу өлкесінде жолаушылар ғана емес, саудагерлер де шабуылдарға ұшырады. Бұл жағдайды Тезек төре де растайды. «Өзіңіз естігендей, дулаттар жалғыз бізді ғана емес, саудагерлерді өлтіріп, олардың малдарын өздеріне алып қоюда» [9, 39 п].
Ұлы жүз қазақтарының Шудың арғы бетіне ығысуынан олардың көршілері - қырғыздар да жайылымдық жерлердің тапшылық көріп, қазақтар тарапынан жасалған барымтаның зардабын тартты. Оны қырғыздың бұғы руынан малын албандардың тонап алуына байланысты түскен арыз-шағымға орай Тезек М.Д.Перемышльскийге 1855 жылы берген жауабынан көреміз: «Ұлы жүз үйсін, албан, суан, дулат, жалайыр,қырғыз-қазақ құзырындағы полковник пристав Премышльскийге!
Ұлы жүз албан, суан елін билеп тұрған аға сұлтан Тезек Нұралыұлынан:
Сіздің жазған хатыңызды алдық. Қырғыз Қайшыбек туралы бізге жазған екенсіз. Енді мен сіздің құзырыңызға бағынамын.Сіз Ұлы жүз үйсін, суанға қырғыз-қазақтардың пристав полковнигісіз. Мен бұрын өзімізді албан-суан деген елге аға сұлтан деп білуші едім. Бүгінде қырғыз Қайшыбек пе, әлде ноғай Файзолла ма? Сіздің құзырларыңызға арызымыз, ұсынысымыз мынау: біздің албан деген елдегі қырғыз Қайшыбектің малын алып бер деген екенсіз. Бүгінде өзім бек аурумын. Біздің албан деген елде Қайшыбектің малы болса, бітіріп алып бергеніңіз бек жақсы болар еді» [11, 30 б].
Нәтижесінде патша өкіметі Жетісу өлкесін мекендеген қырғыздардың да ішкі ісіне араласып, жер дауы арқылы бір-біріне қарсы қойып, әлсіреген қырғыздарды өз жағына шығарып отырған. Жетісу өлкесін мекендеген қырғыз руларының сол кездегі негізгі жері Ыстықкөлдің аумағы мен Күнгейдің солтүстігі және Теріскейдің оңтүстігіне дейін созылып жатты 12, с.10.
Жетісу қырғыздарындағы жер дауы негізінен ірі рулардың арасында жүріп, оның ішінде сарыбағыштар мен бұғылардың жер үшін талас-тартысы көптеген қырғыздардың өліміне алып келген. Тезектің замандасы Боромбай манап өзінің орыс билік орындарына жазған хаттарында өмір сүрген уақыты туралы былай деген еді: «Бұл жерлерге қоқандықтар да, қытайлықтар да келсе де еш нәрсеге шамасы жетпейтін». 13, с.8.
Сарыбағыштардан бірнеше рет жеңіліп, әлсіреген бұғылар орыс әкімшілігінен көмек сұрап, Ресейдің билігіне өтуге ниеті бар екенін айтады. Бұғылардың шешімін қанағаттандырған патша өкіметі оларды сарыбағыштардан қорғау үшін казак әскерлерін жібереді. 1856 жылы 13 тамызда есаул Бутаков бастаған 200 казагі, 1 рота жаяу әскер және зеңбірегі бар орыс әскері Қастек асуы арқылы сарыбағыштардың қоныстарына тұтқиылдан басып кіріп, жайылып жүрген барлық малдарын айдап кетеді. Бірақ сарыбағыштар естерін тез жинап алып, асуға көтеріле берген орыс әскерін жан-жақтан қоршап алып, табанды түрде шайқасады. Сарыбағыштардан бұны күтпеген орыстар, айдап келе жатқан малдарын тастай сала, қаша соғысады. 20 тамызда 8 адамы өліп, 30 адамы жараланған орыс әскері көп шығынмен Верныйға оралады 5, с.462.
Сарыбағыштар мен бұғылардың арасында болған руаралық жанжалға Тезек төре де белсенді араласқан Үлкен Орда приставының Корпус командиріне берген мәліметінде қырғыз руларының арасында болған аяусыз соғыспен қатар Тезек төреге байланысты деректер келтіріледі.
Онда былай делінген: «Орман өлгеннен кейінде, - деп баяндайды пристав Перемышльский генерал-губернаторға, - сарыбағыштар мен бұылардың арасында тағы да қақтығыстар болып, онда бұғылардың 50 адамы өліп, бүкіл егіндері тапталып, көптеген дүниелерінен айрылады. Қазіргі уақытта Орманның балалары бұғыларды жою үшін Жантай манапқа қосылған және сұлтылардың манапы Жанғараштан көмек сұрауда. Осы жағдайлардан соң Боромбай маған Қайшыбек манап арқылы хат жіберген. Хатта ол албандардың сұлтаны Тезектен қысым көріп жатқанын жазып шағымданыпты. Хатты алғаннан кейін мен Тезек сұлтанның қырғыз руларының ісіне араласуы туралы сіздің бұйрығыңызды оған жеткізіп, албандардың бұғыларға жасап жатқан тәртіпсіздіктерге тиым сал деп нұсқау жібердім. Сонымен қатар Боромбайға Орманның балаларымен Жантай және Жанғараштың араларындағы одақты бұзуға, яғни, дәлірек айтсақ Ұлы жүз қазақтарының сұлты және сарыбағыштарға қарсы жауластықты қолдауға уәде бердім. Өйткені осындай жағдайда ғана олар бұғыларға қарсы шыға алмайды. Ал егерде Ұлы жүз қазақтары сұлты және сарыбағыштармен жауласпай, бейбіт тұрса, онда бұғыларға үлкен қауіп төнген болар еді. Маған белгілі болғандай Тезек сұлтан бұл жанжалдарға ашық түрде қатыспаса да, құпия жағдайда Орманның балаларын қолдауда. Сұлтан Тезектің бұл іс-әрекеттері біздің жоспарымызға үлкен нұқсан келтіруі мүмкін» 14, 1-2 пп.
<!--pagebreak-->
Патша өкіметінің бұғыларға көмек берудегі түпкі мақсаты - қырғыздардың руаралық араздығын өз мүддесіне пайдаланып, бұғылар арқылы Шу алқабындағы қырғыздарға билігін орнату болды. Батыс Сібір генерал-губернаторының Алатау дуандығының бастығына берген №816 нұсқауына назар салсақ, онда: «Шу бойындағы қоқандықтарды ығыстырып, оған толық бекініп алғанша бұғыларды қорғауға уақытша әскер жіберіңіз. Сол арқылы бүкіл қырғыз руларын бағындырамыз» делінген 15, 3 п. Дегенмен қырғыздардың арасында болған азамат соғысының ушыққаны соншалықты орыстар қырғыздың ішкі мәселелерін шешуде дәрменсіздік көрсетті. Мысалы, Үмбетәлі Орманұлының албандар үстінен айтқан шағымына қарай Колпаковский оның өзін неге сарыбағыштарды жеңіп кеткен бұғыларға шағым айтпады деп кінәлайды, содан соң Үмбетәліні албандарға жақынырақ көшіп келуге шақырып, албандар арқылы Үмбетәліні жазалаудың сәтін іздейді. Колпаковский сарыбағыштар мәселесін шешуге араласып, оларға іш тартқан Тезек төрені де кінәлап, қоқандықтарға қарсы отряд келгенде керек болар деп, жазалауды кейінге қалдыра тұрайық деген тоқтамға келеді. Ал қырғыздың Үмбетәлісін жазалауда Тазабекке, Малайға, ішінара дулаттарға және Сұраншыға сенемін дейді [15, 10-11 пп].
Патша әкімшілігінің бұғыларды қорғаудағы екінші мақсаты - егер де сарыбағыштар қырғыздардың ірі руы және бірден-бір бәсекелесі болып табылатын бұғыларды толық өздеріне бағындырса, онда сарыбағыштар қырғыздардың басын біріктіреді деп қауіптенеді. Сондай-ақ орыстар қоқандықтардың бұғыларды өздеріне қарай тартқанын естіп, 1859 жылдың күзінде қырғыз рулары мекендеген Ыстықкөлге тыңшы қылып, Файзулла Ноғаевты аттандырады. Оның міндетіне қоқан-қырғыз қатынастарындағы байланыстарын білу кірді [16, 7-8 пп].
Сонымен қатар бұғылардың Ресей ықпалынан шығып, қоқандықтардан пана іздеп кетпес үшін және оларды өздеріне тартуда Ұлы жүз басшыларын пайдалануға кіріседі. Өйткені 1846 жылдың ортасына қарай Кенесары мен қырғыздардың арасында болған соғыс кезінде екі жақ уақытша бітімге келіп, біраз тыныштық орнайды.
Тарихи деректердің мәліметтерін саралап, салыстырып, талдап қарағанда, еларалық татулыққа қырғыз манаптарымен қатар, дулаттардың басқарушысы Әли төре, Рүстем төре, Тезек төре, Сыпатай би, Бөлтірік шешен, Сарыбай би, Диқанбай би, Тойшыбек би және Ұлы жүздің батырлары сияқты қырғыздармен бұрыннан жақсы достық қатынастары бар белгілі кісілері мұрындық болған еді. Әсіресе, патша әкімшілігі бүкіл Жетісуға танымал Тезек төрені беделін пайдалануға тырысып баққан.
Осыған байланысты 1856 жылдың екінші жартысында Тезек төре ауылында орыстың атақты саяхатшысы П.П.Семенов болады. Орыстың саяхатшысы П.П.Семенов Тезекпен 1856 жылы албан-дулаттардың сиезінде танысып, онда Тезек төре оны өзінің төлеңгеттерімен бұғы руының манапы Боромбайдың Ыстықкөлдің жағалауындағы қонысына апарып тастауға келіседі. Семенов ресейлік бодандыққа бас иген бұғы руын Қоқан хандығының қамқорында болған сарыбағыш руымен татуластыруды мақсат етіп қояды. Тезек Тянь-Шань маңындағы билік үшін күресте Верный, Қапал қалаларындағы орыстардың отаршыл билік орындарының көмегіне сүйенбек болды. Тезектің орыс әкімшілігіне деген адалдығы соншалықты, ол Петербордағы Бас штабтың арнайы тапсырмасымен саяхат жасаған Семеновты қорғап, оны алып жүруге шешім қабылдайды.
Бұл туралы П.Семеновтың өзі былай деп жазған болатын: «Менің Тезекпен жақынырақ араласуым ерекше тез болды, себебі ол, өзін тән ақылымен оның рөлі қай жерде басталып, қай аяқталатынын жақсы түсінді және өзіне пайдалы жағын ала отырып, Боромбайдың иелігінде болған кезімде өзінің салтаттыларын менің қарауыма толығымен берді». 17, с.161.
Шындығында, Тезек Боромбайды сарыбағыштардың тұтқынынан босатып алып шығуға, сонымен қатар оның Теріскей Алатау және Заукен алқапындағы жерлерін қайтарып беруде көмегін аямайды. Тезектің еріп жүруге таңдап алынуы бірнеше себебтен тұрды: 1. Ол қазіргі Алматы облысында көшіп жүрген рулардың қоныстарына иелік жасау үшін Ресейдің көмегін арқылы жүзеге асыруды ойлады. 2. Көрші қырғыздың бұғы руымен және жеке Боромбайдің өзімен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан. 3. Тезек Ұлы жүзде ықпалды билеуші болды және батыр, шешендігімен елге танылып, әртүрлі дауларда әккі төреші ретінде өзін көрсетті. 4. Оның әскері 1500 салт аттыдан тұрды. «800 салт аттысымен Сұлтан Тезек,-деп жазады П.П.Семенов тянь-Шаньский,-шыныменен орыстармен бірге бұғыларға көмекке келеді. Нәтижесінде сарыбағыштардан бұғылардың жері ғана емес, бүкіл Теріскей босатылады. Тезектен қашқан сарыбағыштар қоқанның қамалдарына барып тығылады» 18, с.266.
Сонымен Тезектің көмегімен Ресей өз жағына қытай императорының тәуелділері болып саналатын және қоқандықтардың ықпалына өтпек болған бұғыларды тартып алды. П.П.Семеновке Алатау округі приставы М.Д.Премышльский өзге емес дәл Тезекті Тянь-Шаньға барар сапарда серік етіп таңдап беруі оның бүкіл Жетісуға, сонымен бірге көршілес қырғыздарға аты танымал, әрі сыйлы тұлға екендігін, 1500-дей жеке жасағы бар қуатты сұлтан екендігін, Шоқан Уәлиханов секілді саяхатшының алыс та болса, ағайындас туысы екендігін де ескерсе керек.
П.П.Семенов Тезек жөнінде құрметпен: «Жетісуда өзінің ақыл және батылдығымен белгілі ... бүкіл Қырғыз даласына танымал ... айлакер сұлтан. Бүкіл Үлкен Ордада батыр атанған Тезекпен жақынырақ танысқаннан кейін, мен шынында да атақты адаммен кездескенімді түсіндім. Тезек 40-тан сәл асқан, ұзын бойлы, ашық келбетті, ақсүйек қырғыз пішінді, «ақ сүйек» мәнерлі адам. Оның шығу тегі, туа біткен таланты, жас кезіндегі жақсы жағдайлар одан шын мәніндегі атақты адамды жасап шығарған... Менің Тезекпен жақындасуым өте тез болды, өйткені ол өзіне тән ақылдылығымен өз рөлінің қай жерде басталып айдан аяқталатынын түсінді, және мен Борамбайда болған кезде өзін салт аттыларымен қоса менің толық билік етуіме беруді пайдалы санады» 17, с.167.
П.Семенов өзінің басты міндеті Тянь-Шань аумағының географиялық түсірілімін жүргізу Тезек төре мен оның жасақшыларының көмегімен жүзеге асқандығын жазады: «Тезекпен жақсылап танысқаннан кейін мен мұндай одақтаспен өзімнің ең басты арманым - Орта Азияның түкпіріне, осыған дейін география ғылымының қолы жетпеген Азия құрлығының орталық таулы жүйесінің - Тянь-Шаньға Ресей жағынан жол салуды жүзеге асыратынымды түсіндім» 17, с.168.
Осыған байланысты П.Семеновтың жазбаларында Тезектің бейнесіне көп көңіл бөлгендігіне таңдануға болмайды. Өйткені өзінің атақты Тянь-Шаньға саяхатында оны ертіп жүруге және қорғауға келіскен Тезектің көмегімен ғана мүмкін болғандығын П.П.Семенов өте дұрыс айтқан. Орыс география ғылымына көрсеткен ақысыз қызметі үшін П.П.Семенов Тезекке ризашылығын білдірген.
Сөйтіп, Тезектің көмегімен П.П.Семенов Петербор Бас штабыныңТянь-Шаньға-Орталық Азияның түкпіріне бойлай саяхат жасап және әскери маңызы бар мәліметтер жина деген тапсырмасын мүлткісіз орындап шығады, әрі осы сапарына дән риза болып, қайтар жолында Омбыдағы генерал-губернатор Гасфортқа Шоқанды Қашқарға жіберу керек деген ой тастайды және оның бұл ойын Шоқан табысты жүзеге асырады.
Аға сұлтан Тезек те орыс отряды көмегімен кіші сұлтан Тазыбекті өзіне салық төлеп тұруға көндіріп, екіншіден, қырғыздардың бұғы руының манапы Боранбайдың сарыбағыштар тартып алған жерін қайтарып алуына жәрдемдесіп, бұл үшін Боранбайдың сый-сияпатын қоса алып қайтады.
Бұғы руы арасында орыс ықпалының күшеюіне де септігін тигізеді. П.П.Семенов айтпақшы, Тезек төре «өзінің рөлі қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын жақсы білді».
Тянь-Шаньдағы өз зерттеулерін аяқтаған соң П.П.Семенов Тезектің аулына соққанда оны құрметпен қарсы алады. Бұл жөнінде Семенов өз естеліктерінде былй деп жазады: «... маған өзінің отбасын, оның ішінде өзі мақтан тұтатын ұлын таныстырды. Оның басына мен сыйға тартқан, қазанда жасалған өте бай, алтынмен тігілген, барқыт тақияны кигізген. Ол Тезектің үлкен басына тар болған сияқты. Біз түстен кейінгі уақытта бірге болдық және Тезектің үйінде қондық» 18, с.165. Саяхатшыға еріп жүрген томскілік суретші П.М.Кошаров Тезектің суретін салған. Ол жылы әрі бай шапанда, әдемі шалбармен, құндыз бөрікпен салынған. Көздерінің жанары өткір. Мұртты және аздаған сақалы бар. Ақылды әрі табанды адамның бет пішіні. Оған деген екі жақты пікірге қарамастан ол еріксіз ұнаған. 1858 жылы поручик әскери атағына және күміс семсер мен қару асынатын алтын белбеуге ие болады. Поручик әскери шені Тезек төреге «Хоментовский мен Семенов Тянь-Шаньскийдің жер зерттеу партиясына көрсеткен көмегі үшін» Батыс-сібір генерал-губернаторы Гасфорттың бұйрығымен берілген 19, 3-4 пп.
ХІХ ғасырдың І жартысында басталған Ресей империясының Жетісу өлкесінде жүргізген отаршылдық саясаты Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың жағдайын күрт нашарлатып, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық жер иеленудің маңызды жақтарын қиратты. Патша өкіметінің әлсіз немесе Ресей билігін мойындаған руларды тәуелсіз көшіп жүрген ірі руларға айдап салып, жер дауын қолдан жасап немесе ушықтыруы, отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, рулық-қауымдық жерлерді жаппай тартып әкелуін тудырды. Осының салдары шаруашылық қатынастардың мықтап бұзылуына, сұлтандар мен билердің беделі мен ықпалының күрт құлдырауына әкеп соқтырды. Нәтижесінде Ресей империясының Жетісу өлкесін жаулап алуына жол ашып, оның отаршылдық саясаты іске асады. Сонымен қатар патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарын емін-еркін билей бастайды. Оған себеп болған бірінші жағынан сұлтандар және билердің өзара араздығы мен ауыз біршілігі болмаса, екінші жағынан патша әкімшілігінің ептілікпен жүргізген әккі айла-әрекеттері еді. Мұндай саясатты орыс әкімшілігі жергілікті жердің тарихи ерекшелігін, қазақтардың тілі мен әдет-ғұрпын зерттеу арқылы жүргізіп отырған. Жетісу өлкесінің Ресейдің құрамына кіруі патша өкіметінің басқыншылық саясатының күшеюіне жол ашып, Жетісу өлкесінде әскери бекіністердің көптеп салынуына, орыс казактарының лег-легімен қазақ жеріне ағылуына және қазақ жайылымдарының күштеп тартып алынуына және тағы басқа саяси жағдайларға алып келіп, Ұлы жүз қазақтары Ресей империясының толық отарлық езгісіне түсті.
Яғни, Ресей Жетісу жеріне таза отарлаушы күш ретінде қадам басып, келесі басқыншылық жорықтарға дайындық жүргізуге көше бастайды. Осы мақсатқа жету үшін патша өкіметі Жетісу өлкесін әскери орынға айналдырып, Верныйды қазақ даласындағы ең ірі бекініс етіп жасайды. Онда сол замандағы ең озық соғыс техникаларымен жасақталған мықты гарнизон орналасты. Бұл гарнизонның міндетіне өлкедегі орыс билігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез-келген уақытта Орта Азияға басқыншылық жорықтарын жасау кірді.
-----------------------
1. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 240-іс.
2. Гейнс А.К. Собрание литературных трудов. Т. I. - СПб., 1897. -589 с.
3. ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 2-іс.
4. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 239-іс.
5. Леденов Н. История Семиреченского казачьего войска. Б.м.Б.г.
6. Бернштам А.Н. Прошлое района Алма-Ата. Историко-археологический очерк. -Алматы, 1948. -170 с.
7. Терентьев М.А. История завоевания Средней Азии. Т.3. - СПб., 1906. - 496 с.
8. РФ ООММ. 366-қ., 1-т., 205-іс.
9. ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 332-іс.,
10. РФ ООММ. 3-қ., 1-т., 1235-іс.
11. ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 33-іс.
12. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т.2. - Алматы: Главная редакция казахской советской энциклопедии, 1985. - 416 с.
13. Хафизова Ш. Султан Тезек и его время // Вестник университета "Кайнар". 2002. №1. - С.3-14.
14. ӨР ОММ. 715-қ., 1-т., 24-іс.
15. ӨР ОММ. 715-қ., 1-т., 61-іс.
16. РФ ООММ. 3-қ., 1-т., 1670-іс.
17. Семенов-Тянь-Шаньский П.П. Путешествие в Тянь-Шань в 1856-1857 годах. -Москва: Полиграфкнига, 1946. -256 с.
18. Семенов П.П. История полувековой деятельности императорского Русского Географического общества. - СПб., 1896.- 506 с.
19. ҚР ОММ. 3-қ., 1-т., 196-іс.
http://www.iie.kz/magazine/11/21.jsp